Қазақ тіл білімінде таным теориясының қалыптасуы
Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу жолында ХХ ғасырдың бас кезі, әсіресе осы кезеңнің алғашқы онжылдық уақыты , ерекше атап өтуді қажет етеді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында нақты лингвокогнитивтік нысаналары белгіленіп арнайы зерттеле бастады. Ал оғанға дейінгі жалпы теориялық мәселелері қазақ тіл білімінің негізін салушы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов секілді ғалымдардың еңбектерінде арнайы сөз болмағанымен тілдің танымдық қасиеті мен адамға қатысы туралы ой ұшқындарының орын алғандығын көруге болады. Жоғарыда аталған қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалымдардың еңбектерін кезең-кезеңге бөліп, тілтанымдық тұрғыда арнайы зерттеген Э.Оразалиева былайша талдап көрсетеді: «А.Байтұрсынұлының сөз өнері туралы айтқан пікірлерінің тоғысында тілтану мәселелері когнитивтік лингвистикалық негізде қарастырылады. Ғалымның «Әдебиет танытқыш» еңбегінде тіл, сөз ұғымдарына логикалық-танымдық тұрғыдан келгені байқалады. Ақыл ісі, қиял ісі, көңіл ісі деген философиялық, психологиялық категорияларды басшылыққа ала отырып, тілді адаммен бірге, антропологиялық парадигмада алып қарайды. Тілдің шын мәніндегі «құрал» болу қасиетін «ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығаруда» деп көрсетуін таза лингвистикалық тұрғыдан берілген анықтама деп түсінуге болмайды. «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» дей келіп, тілді анықтауда таным теориясының теориялық және эмпирикалық таным деңгейлеріне ерекше мән береді. Тілді зерттеуде ғалым тіл мен сөйлеу ұғымдарының дихотомиясын, олардың ойлаумен қатысын басшылыққа алған. «...Айырыңқы, яки талдама оңтай – нәрсені бұтарлап, мүшелеп, ұсақтай түсіндіргенде қолданылатын оңтай», «жиылыңқы, яки терме оңтай –нәрсенің мүшесін жинастыра, құрастыра, іріктей түсіндіргенде қолданылатын оңтай» деп, логикалық ойлаудың әдістерінің сөйлеуге әсерін, сөйлеудің логикалық мазмұнын басты назарға алған. Сонымен қатар, «сөз айтудың» ерекшелігін пайымдауда да зейін, пайым, пікір, ақыл, қиял мен қиыс т.б. психологиялық ұғымдарды басшылыққа ала отырып, сөйлеудің психолингвистикалық мәніне көңіл бөледі. А.Байтұрсынұлының тіл туралы пайымдаулары қазақ тіл білімінің когнитивтік лингвистика, этнолингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттаным, қазақ көркем сөз мәдениеті мен поэтикасы т.б. арналарын құрайды деп айта аламыз. Сайып келгенде, ғалымның тұжырымдары антропологиялық лингвистиканың негізіне алынады . Қазақ тіл білімінің теориялық тұрғыдан өрістеп дамуы Қ.Жұбановтың зерттеулерімен тығыз байланысты. Жалпы ғалымның зерттеулеріннен тілдің адамға қатысы туралы мәселелерді мынадай пікірлерінен кездестіруге болады. Ол: «сөз деген – зат біткеннің бәрінің аты емес, әр елдің өзінің білген затының, білген құбылысының аты ғана. Ел-елдің білгені де, білмегені де толып жатыр. Мәселен, шөптер мен жәндіктердің көбісінің аты тілімізде жоқ. Өйткені олар бізге аса көп кездеспеген, кездестірсек те елемегенбіз... Айталық, шөптердің ішінде мал жейтіндерін, отын болатынын, бояу болатынын, ем болатынын, не у болатындарын біледі де, соларға ғана ат қояды. Танымаған кісінің атын білмегеніміз сияқты, білмеген нәрсенің аты да тілімізде болмайды» деп сөздің атауыштық, танымдық және қатысымдық қасиеттеріне құндылық бағдары тұрғысынан нақты лингвогносеологиялық анықтама береді. Э.Оразалиеваның зерттеулерінде жалпы қазақ когнитивтік лингвистикасының қалыптасуы мен дамуын тұтастықта ала отырып, оның диахрондық және синхрондық сипатына талдау жасап, хронологиялық тұрғыдан арнайы көрсеткіші ғылыми тұрғыда беріледі. Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік теорияның дамуы, тілтаным теориясының әдіснамалық негіздері, тіл біліміндегі таным теориясының универсалды сипаты бағытындағы жүйелі талдаулар мен тұжырымдар ғалым зерттеуінде теориялық тұрғыдан талданады. Ғалымның зерделеуінде, қазақ тілтаным ғылымының даму кезеңдері негізгі бес парадигмаға бөлініп, оның хронологиялық дамуына сипаттама беріледі:
1- кезең: «тілтану» парадигмасының қалыптасуы – ХХ ғасырдың 20-45 жж. Негізгі өкілдері: А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов т.б.
2-кезең: тілдік бірліктердің танымдық парадигмасы – ХХ ғасырдың 45-70 жж. Негізгі өкілдері: Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев, М. Балақаев, І.Кеңесбаев т.б.
3-кезең: тілтанымдық қағидалардың жалпы теориялық парадигмасы –ХХ ғасырдың 65-85 жж. Негізгі өкілдері: К.Аханов, Т.Қордабаев, Ә.Хасенов т.б.
4-кезең: тілтанымдық этюдтер парадигмасы – ХХ ғасырдың 70 жылдары мен аяқ шені; Негізгі өкілдері: Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Ә.Болғанбаев, Е.Жанпейісов, Т.Жанұзақ, С.Исаев, Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Ж.Манкеева т.б. 5-кезең: қазіргі когнитивтік парадигмалар – ХХ ғасырдың аяғы мен бүгінгі күндер .Сонымен қатар зерттеуші соңғы кезде өріс алып, зерттеу нысанына айнала бастаған когнитологияның мынадай мәселелерін көрсетеді:
- тілтаным теориясының концептологиялық негізі;
- семантика мен таным теорияларының байланысы;
- тіл мен таным одағының лингво-мәдени сипаты;
Когнитивтік лингвистиканың жеке ғылым саласы ретінде танылуы пән ретінде қалыптасуы үшін оның негізгі ұғымдары, өзіне тән негізі категориялары мен бірліктері болуы шарт. Қазақ когнитивтік лингвистикасының мәселелерімен айналысып жүрген белгілі ғалым Ж.Манкеева тілдің когнитивтік негіздеріне қатысты мынадай негізгі үш ұстанымды ерекше атап көрсетеді:
1. Қоғамдық тәжірибеге негізделу, яғни дәстүр жалғастығы танымның
қазыналық сипаты;
2. Таным модельдерінің символдық түрлері, яғни тілдің қызметі -ақпарат беру емес, бейнелеуге мүмкіндік жасау. Осыған қатысты мына пікірдің мәні ерекше: «Лексема, вопреки принятому мнению, не переедет информаций как таковой, она лишь актуализирет, возбуждает в сознании слушающего уже имеющиеся у него лексические понятия и тем самым создает базу для передачи информации». Басқаша айтқанда – тіл арқылы бейнелілік пен дүниедегі обьективті шындықты субьективті түрде, яғни символдар арқылы беру;
3. Таным модельдерінің жүйелі сипаты, сабақтастығы. Яғни ол-таным моделінің құрылымдарының тұтасуынан тұратынын сипаттайды. Байқап отырғанымыздай, жоғарыда көрсетілген тіл қызметінің когнитивтік негіздерін айқындайтын үш сипатының да ортақ қасиеті-тұтастырушылық, тұтас күйдегі таным тудыру. Сондықтан осы қасиеттерге сүйенбей, адамның ментальдық қызметі мен тәжірибесінің қалыптасуы мен сақталуын, ұрпақтан ұрпаққа берілуін қамтамассыз ету мүмкін емес. Таза тілдік тұрғыдан ол тілдің кумулятивтік қызметімен тікелей байланысты. Ол өз кезегінде қабылдау, ойлау, жад сияқты психологиялық ұғымдармен тығыз байланыста болып, тұтас күйіндегі когнитивтік парадигма құрайды – деген тұжырымдама жасайды
Адам баласы дүниені біртұтас тануға ұмтылған бүгінгі заманның таным бағыты өзіне сай ғылым парадигманы талап етті. Сонымен антропоцентризмнің тіл біліміндегі басымдығына байланысты психолингвист-ғалым А. Леонтьевтің пікірінше: «70-80-жылдаржа «таза» тіл білімі, оның жүйелі-құрылымдық парадигмасы сахнадан түсті» дегенді айтады. Қазақ тіл білімінде антропоцентристік бағыттағы ғылым саласының бір бұтағы – этнолингвистика болып табылады. Бұл ғылым саласының қазақ тіл біліміндегі іргесін қалаушы ғалым, академик Ә. Қайдардың да негізгі көзқарасы «тіл халықтың өзін қалыптастырады» (Ф. де Соссюр), «тіл мен ұлт біртұтас» т.с.с. тұжырымдармен өзара сәйкес келеді. Ғалымның этнолингвистика саласының алдына қойып, анықтап отырған мәселесі де-этносты танудың жеке бір жағы емес, оны кешенді түрде тұтас тану. Демек, ол – этностың тұтас бейнесін, ішкі-сыртқы тұрпаты мен болмысын анықтау. Ал оған қажет этнос туралы, толық мағлұмат тек оның тілдік қазынасында ғана сақталады. Осыған байланысты ғалымның этнолингвистикаға қатысты қалыптастырған бірнеше негізгі ұғымдарын атап өтуге болады. Олар этностың тұтас бейнесін анықтаумен байланысты этностың сонау балаң кезеңінен бастап бүгінгі ұлттық дәрежеге дейінгі басынан өткерген өмір-тіршілігінің айнасы, тілі мен жады арқылы сақталған рухани-мәдени қазынасын анықтауды мақсат етумен байланысты қолданылған-этностың болмыс және «тіл әлемі» ұғымдары. Тіл мен ой немесе таным, тіл мен ұлт т.б. мәселелер, айналып келгенде, ұлтты, ұлттың танымын өзінің терең құрылымдары арқылы тілдің табиғатын анықтауға байланысты қазіргі тіл білімінде жаңа бағыттардың айқындалып, қалыптасып, дамып келе жатқанын көруге болады. Оның көріністерін қазақ тіл білімінің даму күйінен де, соңғы жылдардағы антропоцентристік бағыттағы зерттеулерден де көруге болады. Жалпы тіл біліміндегі ғылымдар арасындағы интеграция процесінің негізінде туындаған когнитивті лингвистика ғылымы соңғы жылдары (өткен ғасырдың 90 жылдарынан бастап) қазақ тіл білімін зерттеуші ғалымдардың да назарын өзіне аударуда. Бұл сала бойынша қазақ тіл білімінде соңғы жылдары когнитивтік лингвистика мәселелеріне ерекше көңіл бөліп зерттеу нысанына айналдырған Р.Сыздық, Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.Копыленко, Г.Гиздатов, Н.Уәли, Қ.Жаманбаева, Ж.Манкеева, Э.Сүлейменова, Г.Смағұлова, Б.Момынова, А.Салқынбай, Г.Сағидолда, Э.Оразалиева, Б.Ақбердиева, К.Күркебаев, Г.Снасапова, Ф.Қожахметова, Н.Айтова, А.Әмірбековалар секілді аға буын, орта буын жас буын мөлшерін құрайтын зерттеушілер бұл мәселені лексикология, этнолингвистика, когнитология, лингвомәдениеттану салалары тұрғысынан қарастырып зерттеу үстінде. Қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистикаға қатысты зерттеулер соңғы он жылдықта ғана қолға алына бастады. Академик Ә.Қайдардың этнолингвистика саласына қатысты ойлары қазақ тіл біліміндегі жаңа ғылыми бағыттардың қалыптасуына негіз болды. Дәлірек айтсақ когнитивтік бағыттағы зерттеуде Г.Гиздатовтың еңбегін атап өтуге болады. Зерттеушінің «Сөйлеу қызметіндегі когитивтік модельдер: типологиясы мен динамикасы» атты докторлық диссертациясы осы бағыттағы қазақ тіліндегі алғашқы зерттеу болып табылады. Ғалымның зерттеу жұмысында адам санасындағы білімнің көріну деңгейі, берілу тәсілдері, құрылымы мен динамикасы қарастырылған. Когнитивтік модельдер универсумдар ретінде қарастырылады. Және осы бағыттағы іргелі еңбектердің бірі ретінде Қ.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері» атты монографиясын жатқызуға болады. Бұл еңбекте зерттеуші тілдік сананың құрылымын анықтап, гештальт теориясынның негізін жан жақты ашып көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |