Мемлекеттік қызметкерлер
1816 жылы Финляндия Ресейдің құрамына кірген кезде, келісімшарт бойынша, Финляндия мемлекеті жаңадан Ата заңдарын қабылдап, осы заңға сәйкес Сейм, яғни, финдердің Ұлт Мәжілісі бірнеше құқыққа ие болды. І Александр өз баяндамасында Ресей қол астына кірген финдерді жаңадан қабылданған Ата заң шеңберінде басқаратынына және өзінен кейінгі болатын Ресей басшылары да осы атазаңмен әрқашан санасатынына сөз берді.
Ұлт мәжілісінің ашылуына орай, мемлекеттік қызметкерлердің конгресі ұйымдастырылды. Бұл конгреске Снелман да қатысып, өз кезегінде Финляндиядағы шведтер заманынан бастау алатын қызметкерлердің тарихнамасын түсіндіріп, баяндама жасады.
Снелман аталған конгресте:
«Шведтер өте намысқой, бақытты, керемет сұлу, терең ойлы және парасатты халық. Өз басым шведтерді жақсы көремін, олардың арасында менің көңілімді жықпай, сыйласатын достарым баршылық. Швед азаматының кез келген салада жетістікке жеткенін шын көңілден қалаймын. Әйтсе де, тағдыр тәлкегіне түсіп, жетімсіреп қалған туған өлкеміздің шведтерден егемендік алғанына, өте қуаныштымын. Шынымды айтсам, өз басым, ұлтымның Швед мемлкетінен емес, Швед қызметкерлерінен құтылғаны үшін өзімді бақытты сезініп тұрмын.
Себебі, Финляндиядағы швед қызметкерлері Финляндия үшін де , Швеция үшін де – екі жаққа бірдей кесірін тигізді.
Швецияның мемлекеттік қызметкерлері еңбекқор, ақылды, тәрбиелі адамдар. Бірақ, бұл жердегілер (финляндиядағы шведтер) мүлде басқаша. Швед мемлекеті де көптеген басқа мемлекеттердің жасаған қателіктерін қайталап, қызметкерлерді жетілдіру саласында біршама келеңсіздіктерге жол берді. Олар ең сапалы, тәжірибелі қызметкерлерін үлкен қалалар мен орталықтарға орналастырып, шалғай орналасқан аудандар мен қыстақ, елдімекендерге тәжірибесіз мамандарды жіберетін.
Барлық ұлттарда кездесетіні сияқты, кейбір бай швед отбасыларында да жалқау, қабілетсіз, ешқандай жұмысқа жарамсыз , ішкілікке құмар жастардың толқыны пайда болған. Барлық білім ордаларынан шеттетілген, ешбір қызметке қабылданбаған, саудамен де айналысуға ебі жоқ, қара басына пайдасы жоқ, еңбек етуді қаламайтын, тіпті талпынбайтын мұндай жастар ата-аналарының жиып-тергенін оңды-солды шашып, ақыры болмағасын, әке-шешелері билікке сөздерінің өтімділігін пайдаланып, қолдарынан түк келмейтін балаларын таныс арқылы Финляндиядағы жоғары қызметтерге орналастырып келді.
Осындай жолмен, елімізде қызмет тізгінін ұстап отырған мыңдаған, тіпті одан да көп мамансымақтардан болашақта қандай жетістік пен нәтиже күтуге болатынын өздеріңіз де іштей сезіп отырған боларсыздар?!
Орта мектепті жартылай «әупірімдеп» жүріп бітірген надан және тәрбиесіз мамандар уақытының көбісін қызмет орнында емес, құмарханалар мен мейрамханаларда өткізетін.
Бұл қызметкерлер жұмыс істеуге құлықсыз, тіпті жұмыс істегілері келсе де, оның көзін тауып істей алмайды. Өздерінің міндеттерін толық түсінбегені былай тұрсын, жауапкершілікті сезінбейтін мұндай адамдар қарапайым халықпен бетпе-бет келе қалса, тәкаппарланып, өздерін халықтан жоғары ұстауды ғана біледі. Күнделікті жұмыстарына кеш келіп, ерте кетеді. Жұмыс уақытында достарымен бас қосып, кофе ішіп, шылым шегіп, газет оқып, қала берді, өздерін қызықтыратын бір тақырыпты тауып алып, бос әңгімемен уақыт өткізгенді жақсы көреді.
Бір мәселенің шешімін іздеп келген адамдарды бірнеше сағат бойы есіктеріне телміртіп қояды. Хатшылары кезек күтіп отырған адамдарға:
«Бастық қазір бос емес. Жиналыста. Күте тұрыңдар!» - деп, зекиді. Қарапайым халық күні бойы күтуден әбден жалығып, мезі болады. Олардың сол сәттегі түрлеріне қарасаңыз, құтты түйеқұс сияқты, көздері қызарып, амалы құрып, жігерлері құм болған. Қойшы, әйтеуір не керек, бірнеше сағатқа созылған телміруден соң, бастықтың қабылдауына кіреді. Дегенмен, бұл қабылдаудың осыншалық сарылып күтуге татымайтынын бастықтың алдына кірген кезде ғана түйсінеді. Себебі, кірген адам енді ғана келген себебін айта бастағанда, бастық:
Бүгін менің уақытым тығыз. Ертең кел, - деп қысқа қайырады.
Өтінемін, мен алыстан келіп едім. Мүмкін өтінішіме құлақ асарсыз, - десе,
Не деген сөзге түсінбейтін адамсың. Айттым ғой, ертең кел! – деп ашуланады.
Әлгі адам:
- Шынымды айтсам, мен күнде келе беруге жолақысына төлейтін ақшадан да қиналамын, көп күтетін уақытым да жоқ - деп, жағдайын түсіндіруге тырысқанымен, бастықсымағымыз:
- Сізге ертең кел дедім ғой ! Неге сөзге түсінбейсіз? Тезірек бөлмені босатыңыз! – деп, шығарып салады.
Сонан соң, қызмет бөлмесінен шығып, бір жерге көңіл көтеруге барып, қымбат шараптарды судай сіміріп, сұлу әйелдермен уақыт өткізеді. Сөз жоқ, мұндай қайғысыз-қамсыз өмір кешу үшін көп қаражат қажет. Осы себепті көптеген мемлекетке қатысты маңызды мәселелер құмарханалар мен көңіл көтеретін орындарда жүрдім - бардым қаралатын болды. Ел арасында билік басындағы қызметкерлер жайлы түрлі алып-қашпа әңгімелер тарап, халық болашағынан түңіліп, өз араларында:
«Мұндай адамды Стокгольмнан мынадай жауапты қызметке қалай жіберген? Бұл масқара қанша уақытқа созылады? – деп, жоғары жаққа шағымданады. Жергілікті басқарушыларға көңілі толмайды, оларға наразы. Бірақ, халықтың үнін еститін құлақ жоқ. Ақыр соңында халық та мезі болып:
«Мемлекет қызметкерлерінің өзі түрлі заңсыздықтарға жол беріп отырғанда, біздікі бос әурешілік қой. Ендеше, біз де мүмкіндікті қалт жібермей, қара басымызды күйіттеп, қандай жолмен болса да, өз мақсатымызға қол жеткізуіміз керек, - деп, осының салдарынан қоғамда түрлі заңсыздықтар белең ала бастайды.
Снелман сөзін былайша сабақтады:
Қазіргі таңда, салыстырмалы түрде, біз - бақытты адамдармыз. Себебі, күн өткен сайын біртіндеп, жер-жерде өзіміздің фин ұлтының оқыған өкілдері түрлі салада қызмет тізгінін ұстап отыр. Мамандар жетіспеген жағдайда шведтердің тәжірибелі, сапалы мамандарын таңдап ала аламыз.
Әрқайсыңыз, маман ретінде, қызмет орындарыңызда мейлінше жаңа жүйемен жұмыс жасаңыздар, ескі жүйенің сарқыншақтарын тазалап, жаңа әдістерді енгізіп, іске асырыңыздар. Ескі жүйенің ешбір ізі қалмайтын болсын. Халқымыз әрбір маманның өз еліне, туған өлкесіне адал қызмет ететінін сезінетін болсын. Қандай да бір істің шешімін табу үшін көмек сұрай келген адамға сізді шағып алатын жәндікке қарағандай, үрке қарамаңыздар. Қолдарыңыздан келгенше, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, оларға жәрдем беріп, жылы жүзбен қарсы алып, шығарып салыңыздар. Егер бір отандасымыздың талап-тілегі орындалмаса, ол сіздің көмек қолын созбағандығыңыздан емес, заңға қайшы болғандықтан, жүзеге аспағандығына халық күмәнсіз сенетін болсын.
Болашақ ұрпақ тәрбиесінде мұғалімдер қаншалықты жауапты болса, мемлекет қызметкерлері де халықты тәрбиелеу жолында соншалықты жауапты екендіктерін түйсініп, соған сәйкес қызмет атқару керек.»
Осы сөздерден кейін, Снелман мысқылдай күліп, өзін тыңдап отырған көпшілік қауымға:
Елімізде кең етек жайған заңсыздықтың ұстаздары кім, білесіздер ме? - деп сауал тастады.
Артынша өз сұрағына өзі былай жауап берді:
«Олар - заңды шығарып, оны қабылдайтын мемлекет қызметкерлері. Халыққа заңға бағыну керектігін үйретушілер. Сондықтан, құрметті мемлекет қызметкерлері, жаңа Финляндия мемлекетінің атынан сіздерге мынадай өтінішім бар: Ұлтымыз бен заңымызға құрмет көрсетудің үлгісі болыңыздар. Қарапайым халықпен мейлінше шынайы әрі әділ болып, екіжақты сенімге қол жеткізіңіздер.»
Бұл Снелманның халық алдында алғашқы да соңғы да сөз емес еді. Ол қай жерге барса да, сәті түсе қалса, қызметкерлерге осы сынды тақырыптарда сөз қозғайтын. Оның бұл еңбегі нәтижесіз қалған жоқ. Біртіндеп, халықтың мемлекет қызметкерлеріне деген сенімі оянып, оларға құрмет көрсетіле бастады.
Арада біраз жылдар өткен соң, Фин қызметкерлерінің жалындаған жап-жас, жаңа буыны пайда болды. Олар білімі, тәрбиесі, терең түсініктері мен парасат – пайымдарымен жан-жақты дами отырып, күллі әлемге өздерін мойындатып, өзгелерге үлгі бола білді. Қазіргі таңда Финляндия халқы өз мемлекет қызметкерлерін мақтан тұтады.
Казарма
Финляндия Швецияның қоластында болған кезде, Финдердің өздерінің Атазаңы, «Сейм» деп аталатын Ұлттық Мәжілісі және ұлттық валюталары болған. Сондай-ақ, шектеулі әскери күшке ие болған.
Финдер Ресей қоластына өткеннен кейін де бұларды сақтап қалды. Шведтер басқарып тұрған кезде Ұлттық мәжіліс пен әскери күш және ұлттық валюта қорын швед ұлтының өкілдері басқарған. Осы тұрғыдан алғанда, Финдер Швед мәдениетінің өміршең болып, дами түсуі үшін қолданатын жанды құралы болған.
Финляндия Ресей қоластына кірген күннен бастап – ақ, Финдер жоғарыда аталған бірлестіктері мен қорларын өз меншігіне алып, туған өлкесінің шын мәніндегі иесі болу жолында күресті бастап кетті. Олар ең алдымен, бастауыш, орта және жоғары білім ошақтарындағы швед мұғалімдерді алып, орнына фин мұғалімдерін тағайындады. Сонан соң, өз ұлт өкілдерінің арасынан дәрігерлер мен мемлекет қызметкерлерін дайындауға кірісті. Кіші Фин әскерінің құрамы да жергілікті ұлт өкілдерінен жасақтала бастады. Шведтер заманында қатардағы әскер құрамында бірең-сараң фин өкілдері болғанымен, қолбасшылық шендегілер барлығы дерлік швед ұлтының өкілдері болатын.
Шведтер - қаһарман халық. Реформа кезінде Густав Адольф және Үлкен Петро заманында ХІІ Шарль Швед әскерінің даңқын бүкіл Еуропаға танытқан болатын. Десек те, ол кезде шведтердің әскери күші ақсүйектердің қолында болған. Олар өзгелерді (мемлекет қызметкерлері мен саудагерлерді, өзге де қоғамның зиялы қауым өкілдерін) мұрындарын шүйіріп, менсінбейтін. Әскери күш құрамында да қарапайым отбасынан шыққан әскерлерге ерекше қатал тәртіп орнатылған.
Офицерлер болса, өз әскери міндеттерін өтеуге құлықсыз. Бар болғаны әскерлерді сапқа түзеп, әскери жиындар өткізіп, казарма өмірімен ғана шектелетін. Басқа пайдалы ешнәрсемен айналыспай, есесіне бос уақыттарында ішкілік ішіп, домино ойнап немесе би билейтін болған. Олардың көбісінің әскери білімдері жеткіліксіз, орта мектептен кейін, білімдерін жетілдірмеген. Өздері үлгі тұтатын идеалдары да болмаған. Бар білгендері, қылыштарын айға білеп, бос әңгіме айту. Ақшаларын оңды-солды шашып, шыттай болып киініп алып, қыдырып, би билеуде алдарына жан салмайтын, ікшілік пен құмар ойындардың жанкүйерлері болған. Әскерлерге жекіп, ауыр сөздер айтып, оларға «казарманың өгіздері» деп, келемеждеп, әлімжеттік жасайтын болған.
Снелманның бастамасымен, Финляндияның жас зиялы қауым өкілдері мемлекеттің әскери күшіне ерекше көңіл бөле бастады. Әсіресе, Отан алдындағы борыштарын өтеп жүрген сарбаздардың білімі мен біліктілігіне, тәрбиесіне жан – жақты назар аударылған соң, күн санап ұлттық армияның да деңгейі өсе бастады. Нәтижесінде лицейлердің озат , үлгілі түлектері, тіпті университет түлектерінің өзі , әскери мектептерге барып, білімдерін жетілдіретін болды. Олар бір жағынан әскери борыштарын өтеп, екінші жағынан өздерін ер азамат ретінде жан-жақты дамыта білді. Снелман әскер құрамындағы жастардың үнін халық пен билікке жеткізуде олардың ең жақсы "аудармашысы» бола білді. Ол әрдайым өзі қатысқан жиналыстар мен жазған мақалаларында төмендегі пікірлерді тілге тиек ететін:
«Сырт көзге мәдениеттің шыңына қол жеткізгендей болып көрінген ұлттар мен ұлыстардың өзі түсіністік пен бейбітшілікте өмір сүру үшін қажетті мәдениет пен парасаттың жоғарғы сатысына қол жеткізе алмаған. Мұның айқын дәлелі, әлі күнге дейін айуандық пен кек алу сияқты жабайылық адамзат қоғамында жалғасын тауып келеді. Мұндай қорқынышты толқындарға кеуделерін тосқан адамдар өз құқұқтарын қорғау үшін қарсы шығып, осылайша қоғамда түрлі қақтығыстар белең алады. Отанды қорғау үшін жанын пида етуге даяр тұратын әскери күшті басқару оңай емес. Ондай күш сөзсіз, аса қадірлі әрі қымбат. Мемлекет шекарасына жүзін бұрып, кірпік қақпастан міндетін орындайтын әскерлеріміз - туған халқының тыныш ұйқысы мен бейбіт тіршілігінің кепілі.»
Снелман, әскери күш жайында:
«Әскерилер өздерін дін жолында құрбан етуге дейін баратын дәуріштер сынды. Біз әскер емеспіз, сол себепті Отанымызды түрлі қауіптен қорғайтын «жанды қорғандар» – сарбаздарымыздың қадіріне жете алмай келеміз. Бұл «жанды қорғанды» тұрғызуда қолданылған әрбір кірпіш пен құмның түйірі бір-бір адам баласы. Олар - біздің өмірімізге қауіп төне қалған жағдайда, өз бастарын өлімге тігуге дайын жандар.
Көшеде, дүкендерде немесе шайханаларда әскерлерді кездестіре қалсам, оларға:
«Менің әзіз бауырларым! Сендер менің және туған халқымыздың азаттығын қорғау үшін, осындай ауыр міндетті арқаладыңдар. Құдай сендерге жар болсын!» – деп айтқым келіп тұрады.
Казармадағы әскердің әрқайсысын жарқылдаған жанды алмасқа теңер болсақ, жыл сайын борыштарын өтеп болған соң, мыңдаған «алмас» отбасына жарқылынан айырылып, жүздері сынық болып қайтады. Яғни, мыңдаған сарбаздарымыздың әскери борышын өтеу кезінде денсаулықтарына зиян келетіні де шындық. Осылайша бүтін алмастарымызды өз қолымызбен сындырып алып жатамыз. Бұл біздің мемлекетімізге үлкен сын,» - дегенді жиі айтатын.
Снелманның бұл үндеуін естіп, оқыған офицерлер:
«Біздің Ұлттық Қарулы Күшіміздің жаңаруы керек. Әрбір әскери борышын өтеп жүрген сарбаз казармада бордақыланып жатқан мал емес! Олар біздің өмірде көргені аз, тәжірибесіз інілеріміз, бауырларымыз деп қарауымыз керек. Отанымыз оны білімі мен тәжірбиесін жинақтасын деп, әскер қатарына жіберген. Бұл сарбаздарымыз әскери борыштарын өтеп болған кезде, Отанымыз бізге: « Сарбаздарды қалай дайындадыңдар? Сендерге аманат ретінде берілген жүз мыңдаған жас жеткіншекті қалай тәрбиеледіңдер? –деп сұрайды.
Офицер сарбаздар оның мұғалімі әрі тәрбиешісі, қажет болса, ақыл-кеңесін аямайтын арқа сүйер ағасындай болу керек. Олардың әрқайсысы - офицерлерге берілген аманат. Әрбір офицер - қарамағындағы әскерлердің денсаулығы мен барлық мұқтаждықтарына жауапты адам. Сарбаздардың ойлау жүйесінің дұрыс қалыптасуына ықпал ететін де, жүрегінде отансүйгіштік қасиетті оятатын да, олардың биік парасатты, тәрбиелі болып, туған халқына мейіріммен қарайтын сүйіспеншілік сезімін бойына сіңдіретін де – офицерлер» - деп, осындай жаңа міндеттер жүктелген фин халқының жас офицерлері үлкен жауапкершілік талап ететін үлкен міндеттемелерді орындауда жүрексінбей, керісінше:
«Біз тек соғыста ғана емес, бейбіт күнде де туған өлкемізге пайдалы бола аламыз,» - деп, жігерлене түсетін.
Ертеректе әскери казарма деген кезде халық тіксініп қалатын. Көпшілік жиналған жерде тәртіпсіздік орнай қалса, «Мырзалар, сіздер казармада тұрған жоқсыздар ғой», «Мына жерден казарманың иісі шығады», «Байғұс казармада болып келіп, бұзылып кетіпті» деген сияқты жағымсыз пікірлер жиі айтылатын. Жаңа жүйемен білім алып, тәрбиеленген жас офицерлер бұл сөздерді естіген сайын, намыстанып, өздерінің кәсіби деңгейлерін дәлелдеуге тырысып бақты. Олар:
«Жаңа әскери казармалар жаңалыққа толы болады! Біз барлық әскери казармаларды халықтың ең сенімді білім орнына айналдырамыз. Тіпті, бұл казармалар әскерде болған әрбір ер азаматтың өмір бойы сағынышпен еске алатын, жастық шағының ең жарқын сәттеріне айналатын болады. Уақыты келгенде ел аузында казарма туралы: «Құдайға шүкір,әскерге барып, нағыз азамат болып келіпті.» «Ол бұл тәрбиені казармадан алған.» «Әскерге барып намысқой, еңбекқор, жоғары мәдениетті болуды үйреніпті» деген жылы лебіздер ғана еститін боламыз.» -деп жігерлене түсетін.
Осындай мақсатты ұстанған жас офицерлер оған қол жеткізу үшін түрлі жаңа әдістер ойлап тауып, казармадағы ескі жүйені түбегейлі өзгертуге білек сыбана кірісті.
Финляндия Шведтердің қол астында болған кезде казармалардың іші өте лас, қолқаны қабатын қоңсыған иіс әбден сіңіп қалған, жағдайы өте нашар болатын. Әскелердің киімі жұпыны, олардың күнделікті ішіп-жем тамақтары да тойымсыз, дәрумендері өте аз тағамдармен қоректенетін болған. Татымы жоқ тағамға тәбеттері болмаған сарбаздар дұрыс тамақтанбағандықтан, түрлі ауруға шалдығатын болған. Офицерлер мен өзге де әскери шенділер курсанттардың ішіп жемі мен киім-кешектеріне бөлінген қаражатты үнемдеп, оларды адам құрлы көрмейтін. Өз араларында ауыздарына келгенді айтып, қалай болса, солай сөйлеу сарбаздар үшін үйреншікті жағдайға айналған.
Қазіргі кезде бұл жайттар түбегейлі өзгеріп, ең алдымен, казарманың дуалдары боялып, ауасы тазарып, бақшасына гүл отырғызылып, терезелеріне перде ілініп, босағада кіреберіске төсеніштер төселіп, сарбаздардың барлығы күн сайын мәжбүрлі түрде моншаға баратын болған.
Жеке бас гигиенасы мен қоршаған орта тазалығына үйренген соң, сарбаздардың ішкі рухани тазалығы қолға алынды. Шведтердің тұсында Финляндияда қит етсе, «Швед сияқты маскүнем адам!» «Швед еркегі сияқты ұрысады!» деген сөздер халық арасында кең тараған еді. Мұның себебі де жоқ емес. Шведтер заманында көбінесе маскүнем еркектер, әскерилер, генералдар - барлығы дерлік қуанышын да, ренішін де жамансөзбен жеткізу әдетке айналған. Бүгінгі жағдай мүлде басқаша. Себебі, фин халқының жаңадан жасақталған жас сарбаздары қолдарын жуып, адал ас ішіп, күнделікті тіс тазалығына мән беретін болған. Тіс тазалығына әдеттенген соң, тілдерін де тиып, былапыт сөздер қолданбай, өз араларында барынша мәдениетті болуға талпынады. Ертеректе тек әскерлер ғана емес, офицерлердің өзі дауыс көтеріп сөйлеуді қаһармандыққа балап, мұны казарма өмірінің бір бөлшегі деп қарап, неғұрлым боқауызды көп қолданса, сонысын өздерінше жетістік көретін.
Қазіргі фин офицерлері болса, казармаға мүлде жаңа леп алып келді. Олар:
«Казарма - біз үшін қасиетті ұғым. Поп үшін - шіркеу, мұғалім үшін мектеп қаншалықты қымбат әрі маңызды болса, біз үшін казарма соншалықты қымбат. Сондықтан да, біз бұл жерде барынша тәрбиелі болып, басқаларға үлгі болуға міндеттіміз!
Казарманы маскүнемдер мекеніне немесе боқауыз сөз айтылатын жерге айналдыруға ешкімнің қақысы жоқ. Казарманың ішінде кез келген жерге түкірмей, төсек жабдықтарына зиян тигізбей, жаман сөздер айтпай, ауыздарыңа ие болып, өзгелердің де құлақтарын кірлетуші болмаңдар. Қалай болса солай сөйлеу иттің үргенінен де жаман естіледі. Бұл - рухани мәдениетсіздіктің белгісі! Нағыз жігіт екендіктеріңді дәлелдеудің басқа да лайықты жолдары бар. Мәселен, жүзуді, күресті, т.б үйреніп, спортпен шұғылданыңдар.
Көпшілік жиналған жерде өздеріңді мәдениетті ұстаңдар, пайдалы кітаптарды көп оқыңдар .Оқығандарың мен тыңдағандарыңнан нәтиже шығарыңдар» - деп, сарбаздарды жақсылыққа баулитын.
Осындай тәрбие мектебінен сусындаған жас сарбаздардың әрқайсысы уақыт өте келе, бір-бір білімді ұстаз болып шықты. Күнделікті дәрістерден бөлек әрбір офицер қарамағындағы әскерлерді тәрбиелеу үшін күніне арнайы бір-екі сағат көңіл бөлетін. Оларға түрлі ойындар мен қызықты курстарды, түнгі кітап оқу сағаттарын ұйымдастырды.
Әскерлік борыштарын өтеп, елге оралған азаматтарға қандай іспен шұғылдануға болатыны жайында кеңестер беріліп, осы жайлы баяндалған кітаптар оқытылып, сарбаздарды үлкен өмірге дайындайтын.
Олар әскерден қайтқан сарбаздар үшін қарапайым өмірдің мәнін ұғынуға жол ашатын пәлсапалық көзқарастарын қалыптастыра білді:
«Болашақта барған жерлеріңде құдды басын топыраққа тығып алған түйеқұс сияқты, өзгені тыңдауға құлықсыз адамдармен кездесесіңдер. Олар адам сияқты өмір сүрудің не екенін толық түйсінбеген, көргені тым аз, тіпті кітаптан да оқымаған болуы мүмкін. Сендер де бір кездері сондай орталардан шықтыңдар. Қайтадан олардың қасына барып, баяғы қалыптарыңа түсер болсаңдар, өздеріңді де, бізді де ұятқа қалдырасыңдар. Ол жерлерге жаңа өмірдің жаршысы болып барыңдар. Шалғай жерлерде өмір сүріп жатқан адамдардың рухын сілкіндіріп, оятыңдар. Онда жаңа түсіністік пен бейбіт өмірді, мәдениет пен еңбекті ту еткен қоғам құрыңдар.
Әр қоғам мен буын өкілдерінің арасында батырлығымен, қайсарлығымен ерекшеленген тұлғалар болған. Қазір де олардың ұрпақтары арамызда өмір сүріп жатыр. Ондай текті жандар қажет болса, ел басына күн туған кезде қасық қандары қалғанша күресуге сөз бере алатын қаһармандар. Бейбіт күнде Отанымыздың жарқын болашағы үшін қызмет ету оның азаттығы үшін соғысумен пара – пар. Сол себепті еліміздің келешегі үшін аянбай еңбек етуіміз керек.
Топырақты қалай игересіңдер? Дәнді-дақылдарды қалай егесіңдер?
Жан-жануардың еті мен сүтін, орманның ағашын қалай пайдаланасыңдар?
Ер азаматтар мен әйелдер қалай тіл табысады?
Ата-аналар өз балаларын қалай тәрбелейді?
Өмір сүру салтын жүйелі түрде қалыптастырған ұлттар мен ұлыстарда бұл сұрақтар қалай шешім тапқан? Бір байқап көрейік. Ағылшындардың маталары, чехтердің әйнектері, ирландияның қойлары, француз шараптары, Данияның сарымайы, Брюссельдің қолөнер туындылары, орыстардың тондары, шведтердің сіріңкесі неліктен дүниежүзінде жоғары сұранысқа ие? Себебі, бұл бұйымдардың ең сапалысы осы елдерде шығарылады. Біз болып, сіз болып, болашақта әлем мойындайтын сапалы бұйымдар шығарып, еліміздің даңқының шығуына үлес қосуға міндеттіміз.
Әйтсе де, ондай жетістіке жету үшін халқымыздың көзін ашып, жол көрсететін адамдар қажет –ақ. Олар кімдер болмақ? Ол үшін өлкеміздің шалғайларында батпаққа батып жатқан ормандарға дейін барып, жанкештілік танытатын жандар бар ма?».
Әскерлердің көңілін елең еткізіп, рухтарын оятқан бұл сауалдардың жауабын офицерлер өздері беретін:
«Сіздер! Иә, бұл бастамаларды алғашқы болып сендер жасайтын боласыңдар! Міне, сол кезде ғана отбасыларың, ауыл-аймақ пен Отанымыз сендердің ұзақ уақыт казармада өткізген уақыттарыңнан ұтпаса, ұтылмайтын болады. Керісінше, сендердің осында үйренгендеріңнен олар да үйреніп жатса, біздің кеңесіміздің бір кәдеге жарағаны. Сіздер казармаға алғаш келген кезде өңделмеген темір сынды болсаңдар, қазір, балқытылып, белгілі бір қалыпқа енген, жүрегінің жалыны бар жігерлі жас болып қайтасыңдар!»
Табиғаттың сыйынан мақрұм қалған Финляндияның батпақдаласында фин халқының жас офицерлері бар ынта-жігерлерімен туған өлкелеріне қалтқысыз қызмет ететін білімді, күшті де қайратты жастарды осылайша тәрбиелеп шығарды.
Әскерлер өздерінен жасы үлкен офицерлерді мақтан тұтып, құрметтейтін. Әскерлік борыштарын өтеу барысында оларды ренжітіп алмас үшін, барынша мұқият болуға тырысып – бағатын.
Олар өздерінен әлсіздердің әрекеттерін қадағалап, өзгелерге де зияны тиіп кетпеу үшін, бір-біріне қамқорлық көрсететін.
Сарбаздар борыштарын өтеп, елге оралғаннан кейін де, офицерелерімен хабарласып, оларды жиі еске алып, хат арқылы елде болып жатқан жаңалықтармен бөлісіп отыратын.
Туған ауылдарындағы жаңа, жарқын өмірдің бастауы жайлы айтып, өздерінің болашаққа жоспарларымен бөлісіп, офицерлерден ақыл-кеңес алып отыратын.
Шалғай жерлерге жете бермейтін жаңа басылымдарға жазылып, жаңа шыққан кітаптарды жіберулерін өтінетін.
Офицерлер мен сарбаздардың бірігіп қолға алған жұмыстарының нәтижесінде шалғай жатқан елдімекендер мен әскери казармалардың арасында екіжақты шынайы байланыс орнады. Осылайша Финляндияның түкпір-түкпірінде денсаулық пен мәдениетке шақыратын жаңа өмір салты жан-жақты насихаттала бастады.
Әскери казарма халықтың түсінігінде қорқынышты жер емес, керісінше, мақтауға лайық жақсылықтың жаршысына айналды. Финляндияның түкпір-түкпірінде отбасында бұзықтық жасай қалған балаларына ата-аналар:
«Тезірек әскерге баратын жасқа жетсең, казарманың тәрбиесін алсаң, нағыз адам болар едің!»- дейтін болды.
Мұны естіген көршілер де, құптап:
«Иә, әскерге барса, жақсы болары сөзсіз. Мұндай тәртіпсіздерді казарма адам қылып шығарады. Көрдің бе, Пеко Юксон, Руди Антонен де әскерге барып, нағыз азамат болып келді. Олардың бұрын қандай болғанын бәріміз де білетінбіз. Тіпті адам болмайтын шығар деп ойлайтынбыз. Сіздің балаңыз да солар сияқты әскерге барып, жөнделіп, әлі –ақ нағыз азамат болады. Себебі, әскери казарма біздің балаларымызды бізден жақсы тәрбиелейді.» - дейтін болды.
Ауылдың ақсақалдары да осы пікірді қолдап:
«Иә, иә, ол рас. Бұрындары біз қалай байқамағанбыз? Өмірде көп қателіктерге бой алдырыппыз. Қазіргі жастарымызға қарап, шүкір дейміз. Олар өмірдің мәнін жастайынан ұғынып өсіп келеді.
Жастарымызды осындай тәрбиелі әрі білімді етіп шығарған әскери казармалар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда өркендеп, дамыған» - дейтін.
Достарыңызбен бөлісу: |