Латынша қазақ әліпбиі: талдау, таңдау, даралау Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жшс «Мемлекеттік тілді дамыту институты»


І БӨЛІМ ЖАЗУДЫҢ ХАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ОРНЫ



бет3/37
Дата16.10.2022
өлшемі2,53 Mb.
#43427
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37
Байланысты:
treatise110635

І БӨЛІМ


ЖАЗУДЫҢ ХАЛЫҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ ОРНЫ


Қазақ жазуының тарихы, қалыптасуы
Ф.ғ.к., доцент Исхан Б.Ж.

Бүкіл дүниежүзі халықтары көне замандардан бері бір-бірлерімен әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынаста, рухани-мәдени байланыста тұрмыс-тіршілік етіп келеді. Онсыз адамзат өркениетінің жалпы дамуы мен бүгінгі күнгі қалпын көз алдымызға елестете алмаймыз.


Әрине, белгілі бір уақыт ауқымында әлемдік өркениеттен таса қалып, оның ықпалына ұшырамай, өз алдына тұрмыс-тіршілік кешкен жекелеген ұлт-ұлыстардың, тайпалардың біздің ғаламшарымыздың түкпір-түкпірінде өмір сүргені рас, бірақ олардың да ертелі-кеш басқа халықтармен қарым-қатынасқа түсіп, жалпы адамзат дамуының көшіне ілескеніне тарих куә.
Көптеген ұлттар мен ұлыстар қоныстануының географиялық жағда-йына қарай, белгілі бір территорияны ұзақ уақыт мекендеп, бір-бірлерімен көрші тұрып, тіршілік етті. Осындай тарихи объективті себеп-салдарлардың нәтижесінде олардың арасында әлеуметтік-экономикалық тығыз байланыс орнады. Ал ондай байланыс өзінің ықпал ететін түрлі тетіктері арқылы олардың тұрмыс-тіршіліктеріне әсер етіп, сан алуан ортақ ұқсастықтардың пайда болуын ғана туғызып қоймай, өзіндік ерекшеліктерінің қалыптасып дамуына да, өзіндік мәдени, рухани құндылықтарының өркендеуіне де ықпалын жасады.
Бірінен екіншісіне ауысқан тұрмыстық-материалдық және рухани-мәдениеттік жетістіктер өзінің барған жерінде қанат жайып, одан әрі өркендеп дамыды. Қабылдаушы елдің өзіндік әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен ой-санасының әсерінен жергілікті мәдениетке сіңісіп, ассимиляцияға ұшырады. Жаңа жағдай мен ортаға бейімделіп, өзгеше сыр-сипатқа ие болды. Сөйтіп, ұлттық бітім-болмысы мен ұлттық ерекшелігі бар мәдениет пен өркениеттің өзіндік өзгеше үлгісі ретінде жалпы адамзат өркениеті мен мәдениетіне ұласып жатты. Сондай-ақ бір-бірінен алыс отырған түрлі елдер де әлеуметтік-экономикалық жақтан селбелесе байланысып, тұрмыс-тіршілігін түзеп, өмір сүріп, бүгінгі күнге келді.
Кез келген ұлттық өркениеттің кемелденуі жазба әдебиеттің, демек жазудың қалыптасып дамуымен тығыз байланысты екені шындық. Оның пайда болуына адамзат өркениетінің дамуы себеп болды. Өркениеттің дамуы барысында ауызша қарым-қатынас жасау жеткіліксіз болып, бір-бірімен алыстан хабар алмасу, ауызша айтылған пікірді мәңгілікке қалдыру сияқты қажеттілік пайда болды. Соның себеп-салдары ретінде жазу өмірге келген еді.
Жазуды қолдану, жазба тілге көшу – тіл дамуының жаңа кезеңінің бетін ашатын құбылыс. Жазу – адам баласының зор жетістігі, тілінің кемелденіп, жаңа деңгейге көтерілгенінің айғағы. Жазусыз адамзат өркениеттің дамуын елестету де мүмкін емес. Себебі бүкіл адамзат жазудың арқасында ғана бүгінгі ғылым мен технологияның қарыштап дамыған заманына жетіп отыр.
Ұлттық тіл мен әдебиеттің жаңа деңгейге көтеріліп, кемелдікке жетуі көне заманнан бері көптеген ойшылдарды толғандырып келе жатыр. Ұлттық әліпби мен жазуды дамыту арқылы жаңа сапаға ауысу, жаңа сипаттағы әдебиетке көшу – саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік т.б. көптеген факторлармен де тығыз байланысты. Оған түрлі ел-жұрттың өзара әдеби-мәдени және тілдік байланысы да кіреді.
Жазу арқылы тілдік қолданыстар, сөз саптау түрлері жаңғырып, әдеби нормалар бір ізділікке түсіп бекиді, тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметі (стилі) жіктеледі, әр тараптанады, жалпыхалықтық сипат алып, қолданыс ауқымы кеңейеді.
Тіл – тарихи категория. Ол өзінің ішкі даму заңдылығы бойынша өсіп өрбиді, дамып жетіледі. Солай бола тұрса да, оған белгілі бір дәуірдегі саяси-әлеуметтік құрылыстың да, өзге елдермен болған әлеуметтік-экономикалық байланыстың да ықпалы ерекше болады.
Тіл әрбір заман-дәуірде өз халқының өмірімен бірге өседі, онымен біте қайнасып, бірге күн кешеді. Ел басынан өткен өзгерістер тайға таңба басқандай болып есте сақталып, жазылып қалады. «Тіл – халықтың тарихы, халық – тілдің анасы» деп бекер айтылмаған.
Тілдің ішкі даму заңымен қатар, сыртқы сан алуан себептердің (саяси-әлеуметтік құрылыс (формация), өзге елдермен болған әлеуметтік-экономикалық байланыс т.б.) ықпалынан ұзақ уақыт өте келе, кез келген тіл өзгеріске ұшырайды немесе жаңа сапаға ие болып, дамып өркендейді. Сондай сыртқы әсерлердің сан алуан ықпалын басынан өткеріп, дамып жетілген тілдердің бірі, ешқандай даусыз, қазіргі қазақ тілі екені рас.
Қазіргі қазақ тілі бүгінге жеткенге дейін түрлі алмағайып замандарды, талай тарихи кезеңдер мен оқиғаларды өткеріп, дамып жетілді. Әр замандағы саяси-экономикалық құылыстың, қоғамдық қарым-қатынастардың, түрлі елдермен болған әдеби-мәдени байланыстардың ықпал-әсеріне қарай, түрленіп, сан алуан бағыт алып дамыды. Әр заман өз ізін қазақ тіл тарихында қалдырды.
Адамзат тілінің жазу тарихы өте ерте замандардан басталады. Жазудың қалыптасып даму тарихына шолу жасасақ, ең алғашқы пиктографиялық (суреттік) жазу түрі б.з.д. 3300 жыл бұрын Шумер мемлекетінде пайда болыпты. Одан кейін идеографиялық (иероглиф) жазу, буын жазуы, әріп (дыбыс) жазуы деген сатылардан өтіпті. Бұлардың атқаратын негізгі қызметі бір болғанмен, бір-бірінен түр-тұрпатына, қолданылу кезеңдері мен біртіндеп кемелденуіне қарай ерекшеленеді.
Кез келген халық мәдениетінің, өркениетінің деңгейін анықтайтын басты белгілердің бірі – оның жазуы екені даусыз. Көп уақыт бойы еуропалықтар жабайы санап келген түркі халықтарының төл жазуының болғандығы ХІХ ғасырда Дания ғалымы Вильгельм Людвиг Петер Томсен көне түркі жазба ескерткіштерінің құпиясын ашқанда ғана белгілі болды.
Көне түркі (Орхон-Енисей) дәуірі – түркі тілдері жазуы тарихының алғашқы кезеңі ретінде саналып жүр. Көне түркілік жазба мұралардың таңбалық емлесі руналық (сына, бітік) жазуға жатады. Жазба мұралар V-VІІІ ғасырларға тиесілі. Бұл дәуірде қазіргі Орталық Азия жерін тұтастай және Шығыс Еуропа мен Батыс Моңғолияның бірталай жерін қамтыған аралықты түркілік ру-тайпалар мекендегені және олардың басын біріктірген Ұлы Түрік қағанатының билік құрғаны тарихтан мәлім.
Осы дәуірдің сақталған көне жазбалары қазіргі кезде табылған жерле-рінің атауымен Орхон-Енисей-Талас жазба ескерткіштері деп аталады. Бұл жазбалар қазіргі бүкіл түркі жұртына ортақ мұра болып есептеледі. Сондықтан қазақ жазуының да бастау көзі болып саналады.
Әлбетте, бұл – қазақ әдеби тілінің қалыптасып даму барысында, яғни даму тарихында көне түркілік жазуға дейін ешқандай жазу түрлері болмады дегенді білдірмейді. Оған дәлел – Қазақстан өлкесі бойынша табылған үңгірлердегі, тас-жартастардағы, археологиялық қазба жұмыстары арқылы әйгіленген көне дәуірдің дүние-мүліктердегі (артефакт) түрлі пішіндегі суреттер мен таңбалар (пиктографиялар) болып саналып келсе, белгілі түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы 2013 жылы 20 қыркүйекте «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында түркілік көне жазудың тағы бір түрі болғанына тың деректер келтіреді. Ол Алтай тауының Моңғолияға қарасты Кіші Ойғыр немесе Ақсай деп аталатын жеріндегі әрбір тастың бетінде б.з.б. XIV-XII мың жылдыққа, б.з.б. VI-IV мың жылдыққа, б.з.б. ІІІ-І мың жылдыққа, б.з.б. VIII-I ғасырларына және б.з. XI ғасырына дейінгі дәуірге тиесілі суреттердің аса мол екенін айтады.
Алексей Окладников дейтін атақты археологтың 1965 жылы Қобда аймағының Солтүстік-Сеңгір үңгірін зерттеп, сол үңгірден 13 топ суретті фотоға түсіргенін, сол суреттерді біздің жыл санауымыздан 30-25 мың жыл бұрынғы суреттер екенін дәлелдеп, Еуропа өнертанушыла-рының «әлем сурет өнерінің атасы Еуропа» деген тұжырымдарын жоққа шығарды. «Осылайша, алып Алтай, ұлы Алтай әлем мәдениетінің, өнерінің алтын бесігі екенін дәлелдеп, түркі тектес халықтардың рухын көтерді» деп атап көрсетеді.
Қаржаубай Сартқожаұлы осы сұхбатында қазақ жазуының тарихына қажетті тағы да мынадай тың дерек ұсынады: «Ғылымда сақтар мен ғұндардың жазуы болды ма, жоқ па деген мәселе талас тудырып жүрген. Қытай, Еуропа деректері арқылы «бұларда жазу болды» деген болжам жасалғанымен, қандай жазу екені белгісіз еді. Осы жолы біз сурет галереясы тұрған екі тау саласынан сақ, ғұн дәуірінің үш мәтінін тауып әкелдік. Мәтін бітік (руна) жазуының көне түрімен жазылған. Мұндағы таңбалар, графикалардың белгіленуі өте көне. Орхон жазуының жүйесімен оқуға келмейді. Енді осының методологиясын жасауымыз керек. Содан кейін барып ежелгі сақ, ғұндарды сөйлете аламыз» [15]. Ғалымның осы пайымдауын ескерсек, қазіргі қазақ жазуының тамыры тым тереңде жатыр деп айта аламыз.
ІХ-ХV ғасырлар қойнауында қолданылған ұйғыр жазуы (кейде соғды жазуы деп те аталады) да көне түркілік руникалық жазудың (Орхон-Енисей-Талас) заңды жалғасы болып табылады. Өйткені бұл жазу казіргі ұйғырлардың ғана емес, бүкіл түркі жұртына ортақ жазу болған еді. Аталған кезеңдегі Тоғыз оғыз бірлестігінің (Х-ХІ ғғ.), Оғыз мемлекетінің (Х-ХІ ғғ.) және Қарлұқ қағанаты (756-940 жж.) мен Қараханид мемлекетінің (940-1212 жж.) жазба тілі еді.
Бұл мемлекеттік құрылымдардың құрамында қазіргі ұйғырлармен қатар түркілік ру-тайпалардың көпшілігі болды. Көне ұйғыр жазуы арқылы XІ ғасырдың жазба мұрасына жататын Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастаны (1069-1170 жж. Көне ұйғыр тіліндегі нұсқасы Вена қаласындағы Корольдік кітапханада, ал араб әрпіне көшірілген екіншісі, үшінші нұсқасы Каирдың Кедивен кітапханасы мен Ташкенттегі Шығыстану институтының қорында сақтаулы тұр) бізге жетті. Зерттеушілердің айтуынша, кейінірек ХІV-ХV ғасырлардағы Мауараннахрдың атақты билеушісі Ақсақ Темір әмірлігінің де, сондай-ақ Алтын Орда хандығының да араб жазуымен қатар қолданған жазба тілдерінің бірі – ұйғыр жазуы болыпты.
VІ ғасырда Ұлы Түркі қағанаты ыдырап, оның орнына Батыс Түркі қағанаты (603-704 жж.) және Шығыс Түркі қағанаты (682-744 жж.) орнады. VІІІ ғасырда бұл қағанаттар да тарих сахнасынан кетіп, түркі тайпалары немесе түркілік ру-тайпалар негізінде құрылған мемлекеттік бірлестіктер сол кезеңдегі күшейген Араб халифаты үстемдігінің ықпалына түсе бастады. Сөйтіп, түркі халықтарының дәуірі жүріп тұрған кезеңнің руналық жазуы олардың басынан бақ тайып, арабтардың үстемдігін мойындағаннан бастап бірте-бірте қолданыстан шығып, ұмытыла бастады.
Ислам дінін тарату мақсатында мектеп, медреселер ашқан арабтар өз жазуын пайдаланып, өз сөздерін қолданды. Қандай да болсын оқыту (діни, ғылыми, біліми, әдеби, мәдени т.б.) тілі араб жазуына негізделгендіктен, түркітілдес халықтар арасына араб, парсы сөздері кеңінен тарай бастады. Араб-парсы тілінен олардың тіліне тек діни сөздер ғана емес, ғылым мен білімге, мәдениет пен әдебиетке, дүниетанымға, мемлекеттік-әкімшілікке басқаруға қатысты да көп сөз енді. Өйткені сол кездегі араб ғылымы мен білімі, араб әдебиеті мен мәдениеті – дүниежүзі бойынша озық болатын.
Алайда аталған кезеңнің алғашқы ғасырларында араб жазуы арқылы сауат ашқандар жалпы халықтың өте аз мөлшерін ғана құраған еді. Көпшілік халық оқу-жазуды білмейтін. Сол себептен араб-парсы сөздері көшпелі халыққа, негізінен, ауызша тарап, түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ ру-тайпалары тілінің ішкі заңдылықтарына бағынып, олардың сөздік құрамына дыбыстық-құрылымдық жағынан өзгеріп енді.
Ал сан ғасырлар бойы көне ұйғыр және араб жазуымен түркіше жазылған Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік (Құтты білім)» (1069 ж.) атты дастанын, араб жазуымен түркіше жазылған Махмұт Қашқаридың «Диуану лұғат-ат түрік (Түрік тілі сөздігі)» (1072 ж.) атты еңбегін, Ахмет Югнакидің «Һибат-ул хакаик (Ақиқат сыйы)» атты дидактикалық поэмасын (ХІІ ғасырдың соңында жазылып, 1444 жылы соңғы көшірмесі жасалған), Қожа Ахмед Яссауидің «Диуани хикмет (Даналық кітабы)» (1060-1063 жж.) шығармасын, «Кодекс куманикус (Қыпшақ сөздігі)» (1303 ж.) тарихи жазба ескерткішін, Мұхаммед Хорезмидің «Мұхаббат-наме» (1353 ж.) атты дастанын, Сейф Сараидың «Гүлстан бит-түрки» (1391 ж.) атты поэмасын, Қадырғали Жалаиридың «Жамиғ-ат таурих» (1598-1600 жж.) атты тарихи шығармасын, Әбілғазы Баһадурдың «Шежіре-и түрік» (1640 ж.) тарихи шежіресін және осылар секілді басқа да көптеген жазба мұраларды тек арабша хат танығандар ғана оқып түсінген. Олардың таралымы да мардымсыз болған. Себебі ол заманда баспахана ісі онша дами қоймағандықтан, көбінесе қолмен көшіріліп, санаулы данамен тарайтын. Бұқара халықтың кейбір сауатты өкілдері ғана болмаса, көпшілік оларды жаппай тұтына алмайтын. Оқығандардың көмегімен жалпы мазмұнымен таныс болып, жадында сақтағандар жыр-қиссалар, аңыз-әңгімелер т.б. ауыз әдебиеті жанрларының өзге де түрлері арқылы ауызша таратып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған.
Түркі әлеміне кең тараған араб жазуы моңғол шапқыншылығына байланысты ХІІІ ғасырдың екінші ширегінен бастап түркілік сипат ала бастады. Себебі Шыңғыс ханның екі ұлы – Жошы хан мен Шағаттай хан билеген ұлыстар қазіргі Қазақстан мен Орталық Азияның жерін қамтыған болатын. Олардың билігіне қараған халықтың басым бөлігін түркілік ру-тайпалар құрады. Моңғол шапқыншылығы дегеннің өзін де шартты түрде қабылдау қажет сияқты. Себебі Шыңғыс хан қолының құрамын негізінен түркілік ру-тайпалар құрағаны белгілі. Тіпті Шыңғыс ханның өзі де түрік тілінде сөйлеген деген ғылыми болжам бар. Бұл жөнінде Хасен Қожа-Ахмет өзінің «Ана тілі» газетінің 2013 жылғы 14 қарашасында жарияланған «Ұлы қаған қай тілде сөйлеген» деген мақаласында нақты деректермен таратып жазады.
Орта ғасырлық Қазақстанның мешіт-медресесі бар қалалары орналасқан оңтүстік өлкесінде Шағаттай ұлысының билігі жүрді. Сондықтан да арабша түркілік жазу біршама отырықшылық кәсіпке негізделген осы ұлыста айтарлықтай дами түсіп, «шағатай» жазуы деген атауға ие болып кең тарады. Алайда екі ұлыстың арасындағы саяси-мәдени байланыс, сауда-саттық сияқты қарым-қатынас тығыз болды. Негізінен көшпелі түркі (қазіргі қазақ) ру-тайпаларынан құралған Жошы хан ұлысы (кейінірек Алтын Орда деп аталды) да араб жазуын пайдаланды. Тіпті Араб халифатының Египеттегі ел биліктін тартып алған мәмлүктер (қыпшақтар) мемлекетінің құрылуына (ХІІ- ХІV ғғ.) және «Алтын Орда» хандығы (ХІІІ-ХІV ғғ.) билігінің күшеюіне байланысты араб жазуына негізделген түркілік жазу кеңірек өріс алып, өркендей түсті.
Еуразия ауқымында түркі тілін білу қажеттігі туындап, араб жазуы негізінде «Кодекс куманикус» (Қысқаша қыпшақ сөздігі. Авторы белгісіз. Бұл еңбек «қыпшақ жазуының» жәдігері. Сөздік армян жазуымен де жазылып, мұра болып қалған) сияқты еңбектер де жазыла бастады. Жоғарыда аталған жазба мұралардың көпшілігі осы дәуірге тиесілі, яғни орта түркі жазба ескерткіштері болып саналады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «шағатай» жазба әдеби тілі қазіргі халықтар мен ұлттардың жазба әдеби тілі сияқты жалпыхалықтық емес, хат білетін сауатты адамдарға ғана арналды. Оны сауатты адамдар ғана оқып қолдана алатын болған. Сондықтан да оны кез келген қарапайым адам күнделікті сөйлеу тілі сияқты емін-еркін пайдалана алды десек, артық айтар едік. Алайда ол жазу тілі болғандықтан, әрине, оның өзіне тән емле ережелері мен хат жүзінде қалыптасқан үлгілері, дағдылы дәстүрлері болды. Ол ережелерді көркем шығарма не хат-хабар, ісқағаздары, тағы басқадай дүниелерді жазатын адамдар мен оқитын адамдар ғана жетік біліп, мұқият сақтап отырған. Оның нақты көрінісін жоғарыда аталған жазба мұралардан тыс, сол дәуірге жататын тарихи жазба құжаттар мен хат-хабарлық (эпистолярлық) жазбалар, әсіресе ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырда Санкт-Петербург, Қазан, Уфа қалаларынан басылып шыққан түрлі мазмұндағы эпостық және лиро-эпостық жырлар мен қиссалар тілінен, солардағы сөз саптау үлгілерінен көреміз.
Шағатай жазба тілі кең қолданыста болған кезеңдегі түрлі жазбалар мен әдеби шығармалардың тілі мен көркемдігіне және мазмұнына тереңірек бойлап қарасақ, дін-ислам ұстанымының басым күйде болғанын байқаймыз. Ол оның, ең бірінші кезекте, араб-парсы тілі элементтерінің аса молдығынан аңғарылса, екіншіден, ұзақ жылдық араб-парсылық жазбаша әдеби дәстүрдің үстемдігінен байқалады.
Шағатай тілі өз кезінде түркітілдес халықтардың, соның ішінде қазақ жазба әдеби тілі мен жалпыхалықтық тілінің дамуына айтарлықтай ықпал етті. Ол – көне дәуірден бері келе жатқан түркілік ауыз әдебиеті үлгілерін, алуан түрлі сөз өрнектерін, сөз қолданыстарын хатқа түсіруге жағдай жасай отырып, олардан қол үзбеуімізге септігін тигізді. Сонымен қатар тілімізге кері әсер еткен де еді.
Мәселен, шағатай жазуымен жазылған түрлі жазбаларда араб-парсы сөздері ретсіз көп қолданылатын еді. Соның зардабы күні бүгінге дейін сақталып келе жатқаны да шындық. Бұның ең негізгі себебін араб жазуының қазақшаға бейімделмей алынып, ұзақ жылдар (сан ғасырлар) бойы қолданылуынан, яғни араб жазуына негізделген төл әліпбиіміздің дер кезеңде қалыптаспауынан деп түсінуге болады.
«Қазақтың жазба әдеби тілінің қалыптасуына орта түркілік жазба әдебиеттермен қатар татар тілінің де тигізген теріс әсері аз болмаған. Қазақ еліндегі сауатты адамдардың бәрі дерлік татар молдалары мен сол молдадан оқыған адамдардан сабақ алғандығы және сол кездегі баспа орындарында татар интеллигенттерінің болуы, шығарылған кітаптардың бәрі дерлік татар редакторларының қолынан өтуі себепті кітаптардың тексінде татар тіліне тән неше түрлі сөз қолданыстары мен сөз формалары мол кездеседі. Бұл жөнінде И.И. Ильминскийдің айтқан мына бір сөзі өте орынды болу керек: «Өкінішке орай, далалы аймаққа татарлар алып келген, кейіннен қырғыздар арасына кең тараған мұсыл-манша сауаттылық татарша бағыт алып отыр. Сондықтан қырғыздар жазған қағаздар мен хаттардың ішінен таза қырғыз тілінде жазылған нұсқасын табу қиын. Бұған қосымша, араб алфавиті қырғыз тілінің дауысты дыбыстарын дәл бере алмайды. Тіпті кейбір таза қырғызша жазылған ескерткіштің өзі де татар тілінің әсеріне ұрынған» [6, 5 б.].
Ал, осы ой Мүрсейіттің жоғарыда аталған қолжазбасынан мынадай бір сөйлем арқылы дәлелденеді: «Мусаннап Ибраһим Мархум Қунанбай ұғлынын қазақның мінезлері туғралы айтқан сөзі уа насихаты йедгер үяүн тийишлидүр Михаил Ибраһим ұғлына (Мүрсейіттің қолжазба дәптері. 1905, 129-6.). Осы сөйлемді татариланбаған деп кім айта алады? Осындағы тийшилидүр мен қазақның деген сөздердің өзі-ақ бұл сөйлемнің татариланып кеткенін көрсете алады.
Ал, «йазғучы молла Мүрсейіт Бікі мархум ұғлы» дегенде арабизм мен орта түркілік жазу дәстүрінен басқа қазақ тілінде айтылған ештеңе де жоқ.
Дегенмен, бұл сияқты ықпалдар қазақтың өзінің халықтық тілінің негізінде жасалған жазбаша әдеби тілінің жүйесінде тұрақты орын ала алмаса да, атадан балаға, баладан келешек ұрпаққа ауысып, жетегін үзбей келе жатқан ондай дәстүрлі үлгілер ойлылық пен даналықты, шешендік пен тапқырлықты көркем бейнелеудің амал-тәсілдері болып орнығып қалған.
Орта түркі әдеби тілі мен қазақтың әдеби тілінің сабақтастығындағы осындай бір дәстүрлі үлгі фразалық тіркестердің құрылымы мен қолданылуынан анық көрінеді. Мысалы, орта түркі жазба әдеби тілінде «сұлу» сөзінің баламасы ретінде ай йүзім, йүзі күн, толун ай, пісте ағыз (оймақ ауыз) сияқты фразалар; «көріксіз» сөзінің баламасы ретінде булт йүзлүг, сынык көңүл сияқты фразалық тіркестер айтылса, «ұшқыр» сөзінің синонимі болып көңіл құшы, көңіл сұңқуры тәрізді тіркестер қолда-нылған. Ал, Абай өлеңдерінде: Көңіл құсы құйқылжыр шар тарапқа, Адам ойы түрленіп ауған шақта (Абай, 1-т., 202-6.) немесе Сынық көңілім көп кешер, Майда қолмен ұстасаң (Абай, 1-т., 249-6.) деп, көңіл құсы, сынық көңіл түрінде айтылады.
Бұл әрине, орта түркі жазба әдеби тілінен ауысқан көптеген игі әсерлердің бір ғана көрінісі. Орта түркі әдеби тілінен осы сияқты көр-кемдеуіш құралдармен бірге әлеуметтік, философиялық, жалпы ғылыми және мәдени атау терминдермен молығу қазақ әдеби тілінің қорын байытып қана қойған жоқ, оның цивилизациялы халықтар әдеби тілдері дәрежесіне көтерілуіне мүмкіндік жасады. Яғни, әдеби тіл сөздік қорының толығып, икемділігінің артуы жазуды, жазба тілді қабылдап қалыптастыруға жағдай жасады» [7, 65-67 б.].
VІІІ ғасырдан ХХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейін жеткен арабша түркілік жазу дәуірі шартты түрде Қараханид (Х-ХІІ ғғ.) және Алтын Орда (ХІІ-ХV ғғ.) кезеңі деп екіге бөлініп қарастырылады. Осы кезеңдердің жазуын «қадим» (ескі) жазуы деп те атайды. Ал арабша түркілік жазудың ХV ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі кезеңін жаңа дәуір дейді. «Жадид» (жаңаша) жазуы осы дәуірдің соңғы онжылдықтарында қалыптасып дами бастады.
Қадим жазу үлгісі, зерттеушілердің көрсетуі бойынша, қазақ жерінде «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Айқап» сияқты қазақтың алғашқы газет-журналдары шыға бастаған кезеңге дейінгі уақытта кең қолданыста болған. Бұл жазудың бір ерекшелігі дауысты дыбыстарды арнайы таңбаламай, харакаттар арқылы белгілейтін. Ал жадид жазуы харакаттардың орнына арнайы дауысты дыбыстардың таңбаларын пайдаланды.
Сөйтіп, жадид жазуының қолданысқа енуі – қазақтың төл сөздерін барынша дұрыс таңбалап жазуға жасалған алғашқы қадам болды. Алайда жадидше жазуда да араб әліппесіндегі қазақ тілі дыбыстық жүйесіне еш қатысы жоқ әріп-таңбалардың барлығы – түгелге дерлік пайдаланылды. Бұл болса, қазақ сөздерінің табиғи бітім-болмысына нұқсан келтіріп, олардың емлесі (орфографиясы) мен айтылымы (орфоэфиясы) арасындағы үйлесімді тым алшақтатып жіберетін еді. Сол себептен ХХ ғасырдың басында араб әліпбиінің осы бір кемшілігін жойып, қазақ сөздерін дәл таңбалай алатындай етіп, ұлттық әліпби жасау қажеттілігі туындады.
Осы ретте ескере кететін бір жәйт – қазақ ұлтының Ресей империя-сының құрамында болған жылдардың соңына таман, яғни ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында қазақ сөздерін дұрыс таңбалап жазуға қатысты орыс (кирилл) жазуын қазақшаға икемдеу бағытында да жұмыстар жүргізілді. Бұл миссонерлерлік, орыстандыру саясатының мақсаты еді. Осы мақсат-мүддені көздеген орыс оқымысты-миссионерлері сан ғасырлар бойы қазақ қоғамына белгілі бір дәрежеде қызмет етіп келген араб жазуын барынша жоққа шығаруға тырысып, оның кемшін тұстарын баса көрсетіп дәлелдеп бақты. Олардың сол миссионерлік түпкі ойын ашып көрсеткен еңбектер кеңестік жүйе күйрегеннен бері айтарлықтай дәрежеде жазылып келеді. Солардың ішіндегі ең іргелісі де мазмұндысы деп танымал ғалым, ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметовтің «Қазақ қалай орыстандырылды» [8] деген маңызды еңбегін атап көрсетуге болады. Басқа ғалымдар да бұл саясаттың түпкі мақсатын терең түсініп, өз еңбектерінде мәнін ашуда. Мәселен, ф.ғ.д., профессор Айтмұхамет Тұрышев «Сарыарқа самалы» газетінде жарияланған «Жазба тілдің қысқаша тарихы» деген мақаласында: «Миссионер ғалымдар араб таңбаларының қазақ тілінің дыбыстық жүйесін нақпа-нақ бейнелеудегі кемшіліктерін көрсетіп, кириллицаға тезірек көшіруге әрекеттенді. Олар өз ойларын «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ» сынды басылымдарда жариялап отырды.
«Дала уәлаяты» газетін шығарушылардың бірі – Д.Сұлтанғазин араб жазуының орнына орыс әрпін қолдануға қарсылық білдіреді. Ол қазақ білмейтін бөтен әліпбиді қолданғанша, араб қаріптерін жетілдіру керек деген ойын айтады. И.Ильминскийдің орыс әріптерін пайдалану керек деген пікірін қатты сынға алады. Тоқетері, Сұлтанғазин араб әліппесін қазақ тіліне лайықтап өзгерту туралы ұсыныс жасайды.
1912 жылы «Қазақ» газетінде басылған Ахмет Байтұрсынұлының «Бастауыш мектеп» деген мақаласында: «... қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб қарпін тастатып, орыс қарпін алдырамыз дейді. Сол үшін балалар ана тілін оқымай, орыс тілін оқысын, ана тілін оқыса да, орыс қарпімен оқысын дейді. Өкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі өз діні, тілі, жазуының сақталуы» деп қазақтың дініне, тіліне, жазуына төніп келе жатқан қатерді ескертеді» [9], деп жазады.
Сөйтіп, Н.И. Ильминский, А.В. Васильев, А.Е. Алекторов, В.В. Ката-ринский, Н.Ф. Катанов сияқты т.б. адамдар қазақтарды біртіндеп орыс-тандыру, шоқындыру мақсатында орыс әліпбиіне негізделген қазақша әліппелер дайындады. Бұны Н.И. Ильминскийдің: «Орыс мектептерінде тәрбиеленуші қазақ жастары арасында, сөз жоқ, мұсылман дініне салқын қарайтын, өз ана тілдерін жанын сала сүйетіндер бар. Соларға орыс альфавиті қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін сақтаудың негізгі амалы деп ұғындыра алсақ, олар қырғыз тіліне орыс альфавитін енгізуде көп нәрсеге көмектесе алар еді» [10, 20], деген сөзінен нақты аңғаруға болады.
Православие дінін уағыздап, бүкіл қазақ жұртын шоқындыруды, орыстандыруды көздеген миссионерлер тіпті қазақ топырағынан шыққан алғашқы ағартушы ғалым-педагогтардың бірі – атақты Ы.Алтынсариннің өзін де осы мақсатқа пайдаланды. Алайда олардың орыс жазуына негіздеп құрастырған әліпбилері қазақ тілі дыбыстық жүйесін дәл таңбалап бере алмағандықтан, өміршең бола алмады.
Арабша түркілік жазуды өңдеп-жетілдіріп, қазақтың төл әліпбиіне айналдыру мақсатындағы талпыныстар, іс-әрекеттер жалғаса берді.
1907-1914 жылдар аралығында М.Нұрбаев («Әліппе». Уфа, 1910 ж.), З.Ерғалиұлы («Қазақ әліппесі». Қазан, 1910 ж.), М.Малдыбаев («Қазақша әліппе». Қазан, 1912 ж.), Х.Сәрсекеев, И.Арабаев ( «Әліппе». Уфа, 1913 ж.), К.Сырғалин («Қазақша ең жаңа әліппе» Қазан, 1914 ж.) сияқты т.б. қазақ авторларының әліпби нұсқалары баспадан шықты. Олардың қайсыбірі қысқа мерзімдік қолданыста да болды.
ХХ ғасырдың басы мен 1930 жылдар аралығында қазақ әліпбиі, жазуы, емлесі, қазақ тілін оқыту-үйрету әдістемесі жөнінде көптеген ғылыми-көпшілік мақалалар, пікірлер мен көзқарастар сол кезеңдегі «Айқап», «Қазақ», «Серке», «Абай», «Қазақ тілі», «Мұғалім», «Шора», «Таң», «Шолпан», «Сана», «Жаңа мектеп», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» сияқты т.б. басылымдарда көптеп жарияланды. Мысалы: Ахмет Байтұрсынұлы: «Дыбыстарды жіктеу туралы» («Жаңа мектеп», 1927, №5), «Емле туралы» («Еңбекші қазақ, 1929, 27-март), «Жоқшыға дерек» («Еңбекші қазақ», 1925, 14 дек.) т.б.; Міржақып Дулатов: «Үлгілі іс», «Қазақ мектебінде оқу үлгілері, («Қазақ», 1914, 9 июль), «Жаңа жазу ережелері» («Қызыл Қазақстан», 1923, №23, №17-18), «Шәкірттер жайынан» («Қазақ», 1913, 16 июль) т.б.; Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілін қалай оқыту керек» («Жаңа мектеп», 1925, №2), «Емле, әріп жайынан» («Еңбекші қазақ», 1927,27-апр.), «Емлені өзгертуге жоба» («Қазақ тілі», 1924, 6-февр.) т.б.; Мағжан Жұмабаев: «Жазылшақ оқу құралдары һәм мектебіміз» («Бостандық туы», 1921, 11-ноябрь), «Қазақстандағы оқу жұмысының құрылысы» («Еңбекші қазақ», 1929, 12-дек.) т.б.; Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Бір мәселе», «Қазақ тілі іске ассын деген қаулы туралы», («Еңбекші қазақ», 1929, 19 март); Мұхтар Әуезов: «Қайсысын қолданамыз» («Абай» журналының №2, 1917), «Ғылым тілі» («Абай» журналының №7, 1918) секілді т.б. қазақ зиялылары түрлі басылымдарға өз ой-пікірлерін білдіріп, мақалаларын жариялаған еді.
Қазақ ұлтында жазба мәдениеттің қалыптасу маңыздылығын «Біздің заман – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп ерекше атап көрсеткен А.Байтұрсынұлы арабшаға негізделген қазақ жазуын төл әліпбиге айналдырудың нағыз реформаторы болды. Ол, ең әуелі, қазақ тілі дыбыстық жүйесін ретке келтіріп, содан соң араб әліпбиін қазақ сөзін дәл таңбалауға бейімдеп, ұлттық тілдің төл дыбыстарының таңбаларымен толықтырады. Оқытудың көне әдісін жаңа оқыту әдістерімен алмастырды. Оның жаңа әліпбиі – қазақ даласында «төте оқу» немесе «төте жазу» деген атпен кең тарады.
А.Байтұрсынұлының әліпбиі сол уақыттағы түркі, тіпті орыс ғалымдары тарапынан да жоғары бағаланып, жалпы қолданыста болғанымен, ресми түрде 1924 жылы ғана қабылданды. 1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезінен кейін 6 наурызда қазақ жазуын латын жазуына көшіру қолға алына бастады [11,170 б.]. Содан кейін латынша қазақ жазуы 1928 жылы қабылданып, 1929 жылы оның емле ережесі қолданысқа толық енді. Сөйтіп, қазақ жазуының латынша түрі өмірге келді.
А.Байтұрсынұлының әліпбиін латыншаға ауыстырудың мынадай да саяси негізі болды. 1917 жылғы оқиғадан кейін осыған байланысты жергілікті басқару құрылымдары құрылды, алайда орталық биліктің оларды толығымен бақылау мүмкіндігі болмады. Кеңестік билік орнағанға дейін Қазақстанда да ұлттық мемлекетті дамыту мәселесінде шектеулер болған жоқ. Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамын дамытудағы басты ұсганымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – мемлекетгік тіл саясаты басты назарда болды. Алаш қайраткерлері ана тілінің тәуелсіз мемлекет құруда маңызды рөл атқаратынын түсінді. Осыған байланысты Ғ. Қараш: «Тіл болмаса, үлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өліп, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, он да әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», - деп жазды.
Сол кездегі билік басына большевиктердің келуі қоғамдық жағдайды толығымен өзгерткені тарихтан белгілі. Кеңес өкіметінің алғашқы қабыдаған құжаттарының бірі – «Ресей халықтарының құқықтарының декларациясы» болды. Онда аз ұлттар мен этникалық топтардың еркін дамуы, жеке мемлекет құру еркіндігіне дейінгі Ресей халықтарының өзін-өзі анықтау құқығы насихатталды. Барлық ұлттық және діни артықшылықтар мен шектеулер алынып тасталды. 1918 жылдың қаңтарындағы жиында III Жалпыресейлік съезінде жұмысшылар, шаруа депутаттары кеңестерінің федеративті республикасының, жаңа социалистік мемлекеттің құрылғандығын жарияланды. Съезде қабылданған «Еңбекшілер мен қаналушы халықтардың құқығының декларациясы» ұлтаралық өзара қарым-қатынастардың субъектісі ретінде жалпы ұлттық топтарды емес, пролетариат пен шаруаны таныды.
Ұлттық мәселеге байланысты бағдарламалық мәлімдемелері анық болғанымен, большевиктер партиясы оны жүзеге асыратын ортақ адіс- тәсілдерді көрсете алмады. Бірақ шынайы ұлттық автономиялардың пайда болуына көптеген большевизм өкілдерінің сақтықпен қарағандықтары белгілі. Ұлттық - мадени даму мәселелері партия ішілік ортада да даулы мәселелеріне айналды.
1917 жылдан кейін ұлттық өмірге қарай ұмтылған Рөсейдің көптеген халықтары үшін ағарту мен мәдениет ұлттық дамудың басым міндеттері болды. Кеңестер билігінің алғашқы жылдарында партияның алдына қойған ең басты міндеттерінің бірі – халықты жұмылдыра отырып елдегі сауатсыздықты жою, ашылып жатқан білім беру мекемелеріне қажетті оқулықтар жазу, жазуы жоқ ұсақ халықтардың тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйке жазуларының болуына, емлесінің, жазу тілінің қалыптасуына жәрдемдесу болып белгіленді. Кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда ұлттардың тіліне мемлекегтік және саяси тұрғыда тең мән беріліп, ұлт тілі мен мадениегіне оң көзқараспен қараушылық байқалады
Бұл тұрғыда В.И. Лениннің ұлттық тіл, бірнеше ұлттардан тұратын мемлекетте ұлт тілін дамыту мәселесіне қатысты пікірлері белгілі. 1921 жылы РК(б)П X съезінің қаулысында партияның алдында тұрған бірнеше міндеттер белгіленеді. Орыс емес хапықтардың ұлттық тұрмыс жағдайларына сай келетін түрде кеңестік мемлекетті өздерінде дамытып, нығайту; жергілікті халықтардың тұрмысы мен психологиясын білетін жергілікті адамдардан құралған, ана тілінде іс жүргізегін сотты, әкімшілік орындарын, шаруашылық органдарын, өкімет органдарын өздерінде дамытып, нығайтуға; ана тілінде баспасөз, мектеп, театр, клуб жұмысын және жалпы мадени-ағарту мекемелерін өздерінде дамытуға; маман жұмысшылардың және барлық басқару саласы жөніндегі, ең алдымен ағарту сапасы жөніндегі, партия кеңес қызметкерлерінің жергілікті кадрларын тез даярлау үшін ана тілінде жалпы білім беру сипатындағы, сол сияқты мамандық- техникалық сипаттағы курстар мен мектептерді кеңінен ашу ісін жолға қойды.
1922 жылға қарай кеңес үкіметінің ұлттық саясатының негізі жасалды. 1923 жылдың сәуірінде РК(б)П XII сьезінде И.В. Сталин ұлттық тіл мәселелерін шешудің маңыздылығына тоқталды. Осы сьезде орыс емес тұрғындарға қызмет көрсететін барлық мекемелерде ана тілін қолдауды қамтамасыз егегін арнайы заңдарды шығару туралы шешім қабылданды.. Аталған съездің нәтижесі бойынша қаулы қабыданып, кеңестік партияның ұлттық мәселедегі жаңа саяси бағыты тұжырымдалды.
Онда төмеңдегідей міндегтерді жүзеге асыруды көздеді: ұлттық республикалар мен облыстық мекемелерде негізінен жергілікті тілді, дәстүрді білетін мамандар қызмет етулері қажет; жергілікті ұлттың тілін мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің түгелінде қолдануға қажет және аз ұлттардың құқығын ескермегендердің барлығы қатаң түрде жазалануы тиіс. Ал қазақ тілінің мемлекеттік, саяси ауқымы патша әкімшілігінің отарлау кезеңінде ерекше назарға алынғаны белгілі.
1917 жылғы оқиғадан кейін, жоғарыда аталған большевиктердің ұстанымына байланысты қазақ тілінің дамуы ерекшеленді. Кеңес өкіметінің тіл саясатына байланысты алғашқы шаралары елдің автономиялы республика болып құрылған уақытынан бастап қолға алынды. Осы аталған кезеңде қоғамда үкімет билігі орныға түскен сайын қос тілде іс жүргізу ерекше назарға алынды. Соған қарамастан, мемлекеттік қызметте қазақ және орыс тілдерін қолдану туралы қаулылар 1920 жыдан кейін бірнеше рет қабыданды.
Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің Төралқасы мен Халық Комиссарлары Кеңесі конституциялық нормаларға сәйкес қазақ тілінде іс жүргізудің қалыптасуы мен дамуына жәрдемдесетін мына мазмұндағы қаулыларды шығарды: Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1921 жылғы 2 ақпандағы «Қазақ және орыс тілдерін республикалық мемлекеттік мекемелерінде қодану туралы» декреті, 1923 жылғы 22 қарашадағы «Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» декреті қазақ тілінде іс жүргізудің алғашқы заңдық құжаттары болды.
Онда ҚазАКСР территориясында қазақ және орыс тілдерін мемлекеттік тіл ретінде жариялау; мемлекеттік, қоғамдық мекемелер мен ұйымдардың іс-жүргізу жұмыстарында орыс тілімен қатар қазақ тілін енгізу, барлық қаулылар, заңнамалық және үкіметтік актілерді екі тілде қабыдап, жариялауды жүзеге асыру қарастырды. 1924 жылы 10 сәуіріндегі Қазақ Орталық Атқару Комитегінің жанындағы Орталық комиссияның іс жүргізуде қазақ тілін енгізу бойынша ұсынысында басқару аппаратындағы қызметкерлерді қазақ тілі мен жазуын білетіндермен алмастыруды бастаудың қажеттілігін мәлімдеді. Осы мағынадағы алмастыру шараларын губерниялық, уездік деңгейге дейін жеткізу талап етілді.
Осы 1924 жылы 26 маусымында Бүкілодақтық ОАК РКФСР-дің құрамындағы барлық автономиялық республикалардың Орталық Атқару Комитеттеріне арналған өкімін жариялайды. Онда іс жүргізуді жергілікті тілдерге көшіруге дайындық пен мемлекептік аппаратты халыққа жақындату мақсақындағы жоспарға мынадай шараларды енгізу талап етілді: кеңестік аппараттың әкімшілік-кеңсетік құрамына білікті қызметкерлерді дайындайтын курстар ашу; жергілікті тілде іс жүргізуге қажетті техникалық құралдармен мекемелерді қамтамасыз ету; жергілікті тілде іс жүргізуде басшылыққа алатгын кітапшалар түріндегі нұсқаулықтар шығару; уақытша шара регінде, кейбір мекемелерге тұрғылықты халықтан штаттық бірліктің 10 пайызынан аспайтын қызметкерлер aлy.
Осы құжатта орталық биліктің шығарған декреттерін, қаулылары мен кодекстерін, сонымен қатар жергілікті басқару орындарының қаулылары мен өкімдерін жергілікті халықтың арасында түсіндіру мақсатында оларды біртіндеп жергілікті тілдерге аударудың күнтізбепік жоспарын дайындау мәселесі де қамтылды. Осындай мазмұндағы өкім, қаулылар қарастырылып отырған кезеңде үздіксіз қабылданып, жарияланды.
Ол құжаттардың мазмұны арқылы басқару орындары талап еткенімен, аз уақыттың ішінде сапалы түрде қазақ тілді мамандарды дайындап шығудың мүмкін болмағандығын байқауға болады. Соған қарамастан, қағаз жүзіндегі ресми есептерде қазақ тілін іс жүргізуде қолдану, қазақ тілді мамандардың санын жоғарлатуға байланысты оң мағынадағы мәліметтер берді. Мысалы, 1925 жылдың басындағы республикалық Әділет Халкомының есебінде прокуратура мекемелерінде іс жүргізудің екі тілде жүргізілетіндігі айтылды. Қазақ тілін насихаттау шараларын ұйымдастырудағы тежірибесіздік, бақылаудың әлсіздігі қазақ тілінің ресми тіл дәрежесінде дамуына өз әсерін тигізді.
Қоғамдағы қазақ тілінің алатын орнына, оның болашағына алаңдаушылық білдірген М. Дулатов 1926 жылы «Қазақ тілінің мұңы» деген мақаласын жариялайды. Бұл мақала қазақ тілінің монологы регінде жазылып, соның негізінде қоғамда орын алған қазақ тілін дамытудағы кемшіліктер мен қателіктері жөнінде сөз қозғаған.
Онда тек кеңестік деуір ғана емес, сол уақытқа дейінгі қазақ тілінің даму кезеңдері айтылған: «Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, тілмар бабаларымның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескен өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім? Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүдірлетіп ноғайды, былықтырып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендер де болды......»
Сонымен қатар Б. Майлиннің «Мұсадан хат кеңді», «Олай емес, казахский язык!», Қ. Кемеңгерулының «Қотыр сөздер» атты мақаласында қазақ қоғамында орын алған тіл тазалығын сақтамау құбылысын тоқтату мақсатында өз пікірлерін білдірді.
А.Байтұрсынұлының әліпбиі сол уақыттағы түркі, тіпті орыс ғалым-дары тарапынан да жоғары бағаланып, жалпы қолданыста болғанымен, ресми түрде 1924 жылы ғана қабылданды. 1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Бакуде өткен түркітанушылардың съезінен кейін 6 наурызда қазақ жазуын латын жазуына көшіру қолға алына бастады [,170 б.]. Содан кейін латынша қазақ жазуы 1928 жылы қабылданып, 1929 жылы оның емле ережесі қолданысқа толық енді. Сөйтіп, қазақ жазуының латынша түрі өмірге келді.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, арабшадан латын жазуына көшу мәселесі оп-оңай шешіле қоймаған. 1926-1928 жылдары бұл мәселе қызу талқыланып, сол уақыттағы Алаш зиялыларының көпшілігі оған қарсы болса да, ақыр аяғында үлкен дау-дамай, пікірталастан кейін еліміз 1929 жылы латын жазуына өтіп, содан соң 1937-1940 жылдары толығымен латыннан кирилл әліпбиіне ауысты. Осы өзгерістер қазақтың жазу мәдениетіне ғана емес, оның жандүниесіне де, ұлтық ой-санасына да үлкен із қалдырды. Ал тіліміздің өзіндік ерекшелігін бүлдіріп, табиғи заңдылықтарын бұзған кирилшеге негізделген қазақ жазуы бүгінге дейін кең қолданыста болып келе жатыр.
1990 жылдары кирилл жазуынан қайтадан латын жазуына көшіру мәселесі өзекті тақырыпқа айналып, талқыланған еді. Осы кезеңде түркітілдес Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан латын жазуын қабылдап, оған толықтай көшкен болатын.
2006 жылдың 24 қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында Президентіміз: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мәселені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» [12],– деген сөзінен кейін бұл мәселе қазақ қоғамын біраз дүрліктіріп барып басылды.
Араға біраз уақыт салып, бұл мәселе тағы да көтерілді. Бүгін де қазақ қоғамының өзекті де маңызды мәселелерінің бірі – осы, латынға көшу мәселесі болып отыр. Оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2012 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» [13], – деп латын графикасына көшудің нақты мерзімін белгілеп берген сөзі себеп болды.
Содан бері еліміздің қазақтілді қоғамы арасында латынға көшу жөніндегі қоғамдық пікір аса жандана түсті. Небір ғылыми, ғылыми-көпшілік баяндамалар жасалып, мақалалар жарияланды. Латыншаға негізделген қазақ әліпбиінің жобалары қалың қауымға ұсынылып, талқыланды. Оның күрделі де маңызды мәселелерін қарастырып талқылаған ірілі-ұсақты талай жиындар, арнайы конференциялар мен семинарлар, симпозиумдар өтті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет