Лекция. № Лекция тақырыбы: ХҮ- xyiiі ғасырлардағы әдебиеттің даму сипаты, ерекшелігі. Лекция жоспары


Әйтеке бидiң өмiрi мен қоғамдық қызметі. Шешендiк сөздерi: зерттелуi, жариялануы



бет46/103
Дата26.04.2023
өлшемі1,34 Mb.
#87335
түріЛекция
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   103
Байланысты:
Хандық дәуір әдебиеті Лекциялар мәтіні

2. Әйтеке бидiң өмiрi мен қоғамдық қызметі. Шешендiк сөздерi: зерттелуi, жариялануы.
Қазақ рулары мен ұлыстарының басын біріктіріп, бір орталыққа бағындырған және туысқан қазақ, қарақалпақ, қырғыз халықтарын одақтастырып, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы бірыңғай халық майданын құрған Тәуке ханның кеңесші, көмекшілерінің бірі - Әйтекенің және басқа да белгілі билердің есімдерін, еңбектерін Сәкен Сейфуллин де кезінде атап көрсеткен.
Әйтеке бидің туған жылы, өлген жылы, жатқан жері соңғы жылдарға дейін белгісіз болып келген болатын. Әйтеке би алаш ішінде алшыннан. Алшын ішінде Әлімнен. Әлім ішінде Төртқарадан. Төртқарадан Қараш. Қараштан Сейтқұл.
Қазақ Совет энциклопедиясының 1-томында: «Айтық, Әйтеке - Әбілқайыр ханға дейін Кіші жүзді басқарған би. Есім ханның тұсында Самарханды билеген атақты Жалаңтөс батырдың немересі» деп көрсетілген. Ел аузында айтылып жүрген бір шежіре-аңызда Әйтеке би Ташкент шаһарының қасындағы Келес өзені бойында туған. Ташкентті билеген Төле биден 18-19 жастай кіші еді дейді. Бұл дерекке қарасақ Әйтеке би 1681-82 жылдары туылған. Ш.Серікбаев өзінің мақаласында Әйтеке биді 1683 жылы туылған деп жазған.
Ал, Әйтеке би жөнінде белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев өзінің «Егемен Қазақстан» газетінің арнайы тапсыруы бойынша жазған «Әйтеке би» атты мақаласында Әйтеке би қақында көптеген жайларды анықтай түскен. Толыбай сыншының баласы Қожаберген:
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.
Бағыну бір көсемге дұрыс қой деп,
Боларын осы апаттың болжап кетті.
Өткен күн ойлағанмен қайта оралмас,
Ұшқан бақыт басына қайта қонбас.
Өсиетін Әйтекенің естеріне ап,
Қазыбек, Төле, Ақсуат шайқады бас, -
деп жырлапты.
Ә.Кекілбаев осы сияқты тағы бір деректерге сүйене отырып мынадай қорытындыға келеді. «Бәлкім, Қожаберген, Әйтеке «боларын осы апаттың болжап кетті» - деп, 1723 жылы «Ақтабан шұбырындыны» айтып отырған шығар. Онда Әйтеке 1666 жылы туып, 1722 жылы дүние салған болып шығады. Әйтеке бидің қай кезде, қалай дүние салып, сүйегінің қай жерге қойылғаны жөнінде де Ә.Кекілбаев дәйекті тұжырым жасаған. Ш.Серікбаев та қолдап, оны анықтай түскен: «1987-1990 жылдары Самарханд шаһарына барып жүргенде Жалаңтөс қабіріне барумен қатар Әйтеке туралы деректер іздестірген болатынмын. Ташкент шаһарының оңтүстік бетінде 75 шақырым жерде тұрған «Мыңтөбе «деген жерде «Сейіт баттал» және «Зеңгі ата» қабірлері бар. Айтушылар сөзіне қарағанда, осы жерде Әйтекенің де бейіті жатыр. Бейіт басында дұрыс белгі жоқ болғанымен, сол жердегі Қауыншы, Шыназ деген қалашықтардың отырықшы адамдары мұны біледі», - дейді.
Әйтекенің әлеуметтік қызметі тек Кіші жүзді басқарумен шектелмейді. Ол - қазақтың ежелгі әдет-ғұрып заңдарын қорытып жинақтаған «Жеті жарғы» заңын жинаушылардың бірі. Демек, Әйтеке - шешендігімен бірге кезінде ел басқарған, заң жасасқан, қазақ мемлекетін нығайтуға өзіндік үлес қосқан адам.
Әйтекенің өмірі мен шешендік өнері жөнінде жазба деректер аз, оның есесіне ел аузында айтылып жүрген әңгімелер аз емес, ұрпақтарының қолында шежіресі сақталған.
Сыр бойы шайырларының дастан-жырларында қалмақтың ханы - Қалдан-Церен сияқты басқыншыларға қарсы халық жасақтарын бастап, елдің тәуелсіздігін қорғап қалған ел ағасы, шешен билер Төле, Қазыбек, Әйтекелер мен Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай және Шақшақ Жәнібек батырлардың есімдері жиі аталады. Қарасақал Ерімбет ақынның толғауында:
Жәнібек, батыр Шақшақ бабаң сенің,
Жайықты жағалаған Қаз дауысты.
Қалмақтың қайғы салып хандарына,
Қорғаған біздер үшін бұл қонысты...—
десе, сол жырдың екінші жерінде:
Әйтеке Кіші жүздің қорғаны еді,
Шет жерге Шөрі жұмсаған зұлфыхардай!...—
деп келеді.
Әйтеке есімі ең алдымен тілмар шешендігімен, тапқыр билігімен мәлім. Атадан балаға ауысып, ауыздан ауызға көшіп келе жатқан аңыз-әңгімелер мен оның бір саласы шешендік сөздерге құлақ ассақ, Әйтекенің сөзге бейімділігі, шешендік қабілеті бала күнінен-ақ байқалған.
Әйтеке би ақыл-білімімен, тілмар шешендігімен елдің сеніміне ие болған, оның алдына мал, жер, жесір және құн дауларымен қара да, төре де, хан да жүгінген. Жер дауымен байланысты Орта жүз Орманбет биге айтқан бір сөзінде Әйтеке: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болып елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін», - дейді.
Әйтеке Байбекұлы бірде Қазыбек биге жолығысады. Сонда ел билігіне араласып, атағы жайылып қалған Қаз дауысты Қазыбек би:
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің оңы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Көшінің соңы болады,- деген, сен сол ұлдың қайсысы боласың? - депті. Сонда Әйтеке би:
Ораздының кәрісі,
Қартайғанда қазына болады.
Араздының кәрісі,
Қартайғанда қазымыр болады,- демекші, сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз? - деп, қалжыңдап қарсы сұрақ қойыпты.
Қаз дауысты Қазыбек Әйтекенің батылдығына риза бопты:
- Е, е, бауырым, халқым сөзімді тыңдаса, қазынасы болармын, - дейді. Әйтеке:
- Мен де халқым құп алса, елімнің оң сөйлер, ұлы болармын, - депті оған.
Сол сияқты:
Суалмайтын суат жоқ ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ .
Құйрығы суда тұрса да,
Уақытысы жеткенде
Қурaмайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фани бұл,
Баласы жоқта мият жоқ,
Бәрінен қиын сол екен,
Артында жанған шырақ жоқ,-
деп Әйтеке атынан айтылған нақыл сөз де оның өмірден білген-түйгені мол өз заманының ойшылы екенін аңғартады.
Әйтеке шешеннің Төле бимен, Қаз дауысты Қазыбекпен өскен ортасы, өмір сүрген дәуірі және әлеуметтік қызметі бір, сондықтан олардың сенім-ұғымдары, дүниеге көзқарастары да ұқсас. Оны біз ең алдымен олардың атынан сақталған шешендік, тапқырлық сөздерден аңғарамыз. Аталған үш қайраткердің есімдерімен байланысты сөздердің бір-бірімен тақырып, мазмұн және поэтикалық құрылысы жағынан ұқсастықтарын айтпағанда, кейбір пікірлерінің өзін ажырату қиын. Демек соғыс пен бейбітшілік, көршілес халықтармен қарым-қатынас, т.б. мәселелерге байланысты Төле би мен Қазыбекке айтылған байыптаулар мен бағалауларды Әйтекеге де айтуға болады.
Әйтеке бидің Төле би мен Қазыбек биден бір ерекшелігі - ол билікті көбінесе мақал-мәтелмен мәнерлеп, өлеңмен шешкен. Мысалы, ол бір билігін былай шешкен екен: Ұлы жүздің жігітіне атастырып қойған Орта жүздің бір қызы өз елінің бір жігітімен қашып кетеді. Соған байланысты Ұлы жүз жағының жігіттері Орта жүз ауылдарынан барымталап жылқы айдап алады. Ақыры Ұлы жүздің биі Төле мен Орта жүздің биі Қазыбек айтысады.
- Аға болып алдымен туасың,
Алдымен жылқымды неге қуасың? - дейді Қаз дауысты Қазыбек би.
- Артымнан ерген еркемсің,
Жеңгеңді неге ертесің? - дейді Төле би ашуланып. Сонда екі жағының да сөзін тыңдап отырған Әйтеке би былай депті:
- Сабыр етіңдер билер! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле сен жылқыны қайыр,
Қазыбек сен жесірін қайыр!
Сонда Әйтекенің төрелігін екі жағы да қабыл алып, ауысқан адамын, малдарын біріне – бірі қайтарып, ел арасы тыныш болыпты-мыс.
Қазанғап Байболұлының Төле биге арнаған дастанында Төле биге, Қаз дауысты Қазыбекке мінездеме береді де, Әйтеке биге келгенде былай термелейді:
Онан да өткен Әйтеке,
Қудан ұшқыр, құланнан,
Мұндай шешен болмайды,
Бір сөзін жүз мақалдап,
Сипаттап қандай тіркейді,
Түршіктіріп денеңді,
Барған сайын өрлейді.
Ерегіссе біреумен,
Қара жерге теңейді,
Қанша ділмар дегендер
Ширегіне келмейді.
Әйтеке бидің көптеген нақыл, қанатты сөздері ел аузында айтылып жүр. Мысалы:
Асқар тау, сенде бір мін бар -асу бермейсің,
Тасқын су, сенде бір мін бар - өткел бермейсің,
Билер, сендерде бір мін бар - басқаға сөз бермейсің.
Жігіттің жақсысы,
Дұрыс сөзге тоқтай білген,
Басқаны да сөзге тоқтата білген.
Екі адам керіссе,
Оның арты қызыл шоқ.
Шешен билердің атынан айтылатын аңыздар мен сөздерді жинап зерттегендегі бір олқылық бар - шешендердің саяси-әлеуметтік тақырыпқа арналған бірде-бір сөзінің бізге жетпегені. Жеткендері тұрмыс-салтқа байланысты даулар (жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы, ар даулары) үстінде айтылған шешендік, тапқырлық сөздер, бұлардың өзі де бүтін емес – жұрнағы деуге болады. Әлбетте, ол - шешен билер саяси-әлеуметтік тақырыпқа көңіл бөлмегендігінен емес, әдеби мұрамызды жаттап, жадында, не жазып сақтаушы халық жәдігерлерінің саяси сөздерге лайықты мән бермегендігінен, дәлірек айтқанда, бағалай білмегендігінен кеткен кемшілік.
Айтулы шешеннің сөздері мазмұны мен мәніне, көркемдік ерекшеліктеріне терең үңіліп, ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етеді.
Әйтеке Бәйбекұлының халыққа қызметтерін жинақтап айтсақ, ол өзінің үзеңгілес достары Төле, Қазыбек билермен және жауынгер серіктері Қабанбай, Бөгембай, Жәнібек батырлармен бірге қазақ елінің, халық жасақтарының басында болып, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда ел басына түскен ауыртпалықтарды бірге көтереді, қатерлі жорықтар мен қанды шайқастардың жеңілісте қайғысын, жеңгенде қуанышын бірге көреді, елінің еркіндігін, жерінің бүтіндігін бірге қорғасады. Демек, дүниеден өткеніне екі ғасырдан астам мезгіл болған Әйтеке бидің есімі мен сөздері елімен, қайта туған халқымен бірге жасап, бүгінгі ұрпаққа жетуінің сыры осында.
Халқымыздың елдігін, ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын сақтап қалу жолында ғасырлар бойы азаматтық күрес жүргізіп, «елім» деп еңіреген ел басшылары - хандар мен қамал бұзған қас батырлар, аталы сөз айтып, заманының сыншысы, кемеңгер ойшылы болған аузы дуалы билерге деген көзқарас өзгеріп, тарихымыздағы талай ақтаңдақтардың сыр-сипаты ашыла бастады.
1995 жылдың мамыр айының аяғында Төле биге, Қазыбек биге, Әйтеке биге арналған Орта Азия Республикалары қатысуымен өткен тойда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев сөз сөйлеп, болашақта үш биге орнатылған тас белгіні ашты. Сөйтіп, үш ғасыр бойы есімдері ескерусіз қалған, бірақ халқымыздың жадында терең сақталып келген би-бабамыздың тойын бүкіл ел болып тойлап, атап өту ақтаңдақ беттерін қайта әділетті түрде жазуға үлкен бетбұрыс жасаған, тәлім-тәрбиелік, тағылымдық маңызы өте жоғары шара болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет