Байланысты: Қазақстан тарихы пәнінен лекциялар 2022-2023жж docx
3. XVII ғ. және XVIIIғ. басындағы Қазақ хандығы. XVII ғасырда Қазақстан саяси жағынан бытыраңқы ел болды. Қазақ жүздері арасында тұрақты экономикалық және саяси байланыстар қалыптаспаған еді.
Жекелеген ірі қазақ сұлтандары іс жүзінде Есімханнан тәуелсіз болды. Бұлардың ішінен әсіресе Тұрсын Мұхаммед айрықша ерекшеленді. Есім хан Түркістанда билік жүргізіп тұрған кезде ол Ташкентте отырып өзін хан деп жариялады. Қазақ хандығының шығыс және солтүстік шығыс шептерінде ойрат феодалдарының агрессиясын тойтарудан қолы босамаған Есім хан біраз уақыт бойы Тұрсын ханның әрекеттеріне көнуге мәжбүр болды. Бұл кезде қазақтардың екі ханының арасындағы қатынастар бірте-бірте шиеленісіп, әскери қақтығыстарға дейін барып жүрді.
Есімханнан кейін Қазақ хандығының жағдайы одан сайын нашарлай түсті, феодалдық қырқысулар ұлғайып, жоңғарлар Жетісудің бір бөлегін уақытша басып алып, бұл өңірде көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұхара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра тұрса да, қазақ хандарының бірі Жәңгір Бұхара әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасау қажеттігіне оның көзін жеткізді. Жәңгір өз өмірін жоңғарларға қарсы күреспен өткізіп, оларға қарсы жорықта қаза тапты.
1680 жылы хандықтың тағы Жәңгірдің баласы Тәуке ханға (1680-1718) көшті. Ол феодалдар табының айтарлықтай тобын құрайтын билер сияқты әлеуметтік тіректің көмегі арқалы өз билігін нығайтуға тырысты. Хан билігін күшейтуде, қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан құқықтық дәстүрлер мен нормаларды регламенттеуде, ішінара жаңартып, бір ізге түсіруде, Тәуке хан үлкен рол атқарды. Бұл жұмыстың нәтижесі «Жеті жарғы» болды.
Бұл кезде руаралық және жүз аралық дауларды шешуге қабілеті бар билер қарсы күресуші тараптардың ымыраға келуіне қол жеткізе отырып, әдетте көшпелілер арасында біршама бедел алып, қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси өмірінде едәуір ықпалға ие болды. Мұның бәрі Қазыбек, Төле, Әйтеке, Есет және тағы басқалары сияқты билердің жоғарғы билікке зор ықпал жасауына мүмкіндік берді; олардың көңіл-күйімен, пікірлерімен және шешімдерімен тіпті ең беделді қазақ хандары (Тәуке, Әбілқайыр, Абылай) санасып отырды.