Лекция №7 Жаңа дәуірдегі Қазақстан (XVIII-ХХ ғ.басы) 1.XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ жүздерінің сыртқы саяси жағдайы.
2. Жоңғар хандығының күшеюі: жоңғарлардың басқыншылық стратегиясы.
3. Қазақстандағы отарлық дәуірінің басы
4. ХҮІІІ ғасырдың соңындағы Қазақстан және Орта Азия мемлекеттері
5. Қазақстанның Ресей империясы құрамына кіруі.
1.XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ жүздерінің сыртқы саяси жағдайы. XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығы ішкі-сыртқы аса ауыр жағдайға душар болды. Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы алып жатқан қазақ халқы жерінің географиялық ерекшелігіне қарай үш жүзге бөлініп өмір сүрді. Қазақ хандығында үстемдік еткен әскери-федалдық шонжарлар арасында ішкі тартыс күшейе түсті. Сонымен қатар бұл мезгілде қазақ-жоңғар қатынасы мейлінше шиеленісіп, қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасады.
1718 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін, оның тұсында бір орталыққа бағынған Қазақ хандығы саяси бытыраңқылыққа ұшырады. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты құбылыстар етек алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Белгілі орыс тарихшысы – ғалым А.И.Левшин өзінің “Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей” деген еңбегінде Қазақ хандығын Тәуке хан билеген кезеңді былай сипаттайды: «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді. Қазақ ордасының Ликургы, Драконты – сол адам. Тәуке ала ауыз болып, қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әулетті дұшпанға қарсы қоя алды, күштілерді тізеге салып, тәубәсіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты».
Тәукеден кейін Қазақ хандығы іс жүзінде жеке-жеке хандықтарға бөлінді. Жүздердің әрқайсысы жеке хан сайлауға көшті, ал ұлыстарды басқарып отырған сұлтандар сол хандарға тікелей бағынды. Жолбарыс Ұлы жүздің (1720-1740 жж.), Қайып (1716-1719 жж.), сосын Сәмеке (1719-1734 жж.) Орта жүздің, Әбілхайыр (1718-1748 жж.) Кіші жүздің хандары болды. Бұларға қарасты ұлыстарды билеген сұлтандар дербестікке қол жеткізе бастады. Тәукенің тағына отырған оның баласы Болаттың (1718-1726 жж.) Ұлы хан деген атағы ғана болды. Саяси тұтастығынан айырылған мемлекеттің экономикасы да әлсірей бастады. Жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар және сыртқы сауда-саттық үзіліп қалды. Қолөнер мен сауданың орталығы болған Оңтүстік Қазақстандағы қалалар құлдырады. Көшпелі және жартылай көшпелі аймақтармен отырықшы халықтың арасындағы байланыстың әлсіреуі халықтың әлеуметтік, мәдени, психологиялық, демографиялық жағдайын төмендетті.
Осы кезеңде Қазақ хандығының сыртқы жағдайы да шиеленісе түсті. Жоңғар шапқыншылығы күшейді. 1690-1697 жж. болған Қытай – Жоңғар соғысы кезінде ойраттар (жоңғарлар) біраз жерінен, адамынан (50 мың), малынан айырылды. Қытайға қарсы күресуге күші жетпеген Жоңғар мемлекеті соғыста айырылған байлықтарын (адам, жер, мал) Қазақ хандығының есебінен қайтаруға тырысты. Ал орыс мемлекеті болса Кіші жүз қазақтарының көші-қоныс жерлеріне жақындады. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының жеріне Орта Азия хандықтары, Еділ бойындағы қалмақтар, башқұрттар мен Сібір казактары да үздіксіз шабуыл жасап отырды.
Ш. Уалиханов сол кездегі жағдай туралы: “XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ халқының өмірінде қасіретті кезең болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан қазақ ұлыстарын ойрандады» - дейді.
Солардың ішінде ең қауіптісі шығыстағы Жоңғар мемлекеті болды.