Лекция №1 Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы


Жоңғар хандығының күшеюі: жоңғарлардың басқыншылық стратегиясы



бет23/47
Дата27.02.2023
өлшемі460,42 Kb.
#70402
түріЛекция
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   47
2. Жоңғар хандығының күшеюі: жоңғарлардың басқыншылық стратегиясы.
XIV ғ. екінші жартысында Моңғолия территориясы екі иелікке бөлінеді. Олар: ойраттар белсенді рөл атқарған Батыс Моңғолия және бұрынғы Қытай императорының бақылауындағы Шығыс бөлік. “Жоңғар” деген аттың шығуы – Шыңғысханның шапқыншылығы кезеңінде ойраттар қашанда армиясының “сол қанатын” құраған, моңғолша ол “зюнгор” деген мағынаны білдіреді. Содан “зюнгор” – жоңғар деп аталып кеткен. Жоңғарлардың Қазақстан жеріне енуі сонау XV ғасырдан, яғни Әбілхайырдың көшпенді өзбек хандығына ойраттардың күйрете соққы берген 1456 жылынан басталған болатын. Кейіннен ойраттардың бірігіп, 1635 жылы мемлекет құруынан бастап, олардың қазақ хандығына қан-төгіс шапқыншылықтары күшейе түсті.
Басшысы Батур хунтайшы болды (1635-1653). Қазақ жеріне Жоңғар шапқыншылығының күшеюі Цэван Рабдан (1697-1727) тұсында болды. Цэван Рабданның жаулап алу саясатының ең шырқау шыңы – 1723 жылы болған шабуылдан көрінді.
1723 жыл тарихта есте қаларлық жұт жылы болды. Осы жылдың көктемгі төл алу кезеңі мен жазғы көш-қону жұмыстарымен айналысып жатқан қазақ еліне қалмақтар тосыннан, күтпеген жерден шабуыл жасады. Осы жолы шапқыншы жоңғарлардың саны 70 мыңнан асып түсіп, жеті бағытпен қазақ еліне басып кірді. Осы ауыр жылдарда шыққан қазақтың қаралы да қайғылы, ән ұраны «Елім-ай» , сол кездегі ауыр күндердің өшпес ескерткіші болып табылады. Қазақ халқы үлкен қырғынға ұшырап, ол тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталды.. Сақталған мәліметтерге қарағанда, Ұлы жүз бен Орта жүз Самарқанд пен Бұқараға, Кіші жүздің халқы Хиуаға қарай босқан екен. Босқындардың біразы Алакөл маңына барып паналаған.
Ақтабан шұбырындыда ауа көшкен жұрт Орта Азиядағы көптеген қалалар мен елді мекендердегі отырықшы халықтарды жұтқа ұшыратты. Оның нәтижесінде Самарқанд, Бұқар, Хиуа, Ферғана сияқты қалалар қаңырап қалды. Сол жылдарда Хиуа маңындағы мекендер мен егіндік жерлер иесізденіп, қаланың өзінде қырық шақты ғана отбасы қалған.
1726 жылы Қаратаудың оңтүстік беткейіндегі Ордабасы деген жерде үш жүз өкілдерінің біріккен жиналысы болды. Бұл жиынға үш жүздің хандары – Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сұлтандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған билер, батырлар қатысты. Жиналыс барысында үш жүздің басын біріктіріп, жауды Қазақ жерінен қуу мәселесі талқыланды. Жиналысқа келгендер жауға қарсы біріккен майдан құру керек деп шешті. Сонымен қатар қаралған маңызды мәселенің бірі – бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе болды. Ордабасына Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып сайланды. Қазақ қолының сардарбегі болып атақты батырлардың ішінен Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Жиналыста елімізді жоңғар басқыншыларынан азат ету жолында қазақ халқы бас біріктіріп, бар күшті жоңғарларға қарсы жұмылдыруға шешім қабылдады. А.И.Левшиннің айтуынша дұшпанға қарсы бірігу басталды.
Осындай ауыр кезде еңсесі түскен елдің есін жиғызып, зар жылаған халықтың көз жасын тиғызған атақты билеріміз болды. Халықты алқалы жиынға шақырған да сол бабаларымыз болды.
Сөйтіп біріккен қазақ халқының қолы 1727 жылы Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға күйрете соққы береді. Қалмақ әскерлері қиян-кескі соғыста ондаған мың адамынан айрылды. Қазақтар жағы өздерінің талайдан қаны қайнап ыза мен кекке суарылған қайрат-жігерінің жемісін көріп қуанды. Жеңіс туралы хабар қазақ арасына ілезде тарап кетті. Алты алаштың рухын көтеріп, оларды күреске шабыттандырған бұл жеңіске жеткен жер «Қалмақ қырылған» деп аталды.
Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі – Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды.
1730 жылдың көктемінде қазақ қолдары Мойынқұм мен Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайты, Шу өзендерінен Хантау, Аңырақай тауларына қарай жылжыды. Осы кезеңде қазақ әскерінің жалпы саны 29 мың болды. Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырында мыңдық басында тұрған 29 батырдың есімдері, рулары толық берілген. Олар: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Көкжал Барақ, Керей Жәнібек, Шанышқылы Бердіқожа, Керей Жанатай ер, Тоғас Қосай, Тума Шағалақ, Мұрын Боранбай және т.б. Мыңдықтар құрамындағы жүздіктердің басында да батырлар тұрды. Қазақ әскерінің сол қанатын Әбілмәмбет хан, Сәмеке сұлтан, Қазыбек би, Қабанбай батыр басқарды. Әскердің оң қанатын Төле би, Саңырық, Қойгелді, Қосын Шінет, Мәмбет, Сәңкібай, Шойбек батырлар басқарды. Әскердің орталық тобын Әбілқайыр, Әйтеке би, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар басқарды. Шайқас барысында жалпы қолбасшылықты Әбілқайыр жүргізді. Жоңғарлар да бұл шайқасқа жан-жақты дайындалған болатын. Олардың әскерінің саны да 28-30 мың болған. Шайқас жекпе-жектен басталады. Жоңғар жағынан талантты әскери қолбасшы, атақты күрескер Шарыш батыр шыққан. Қазақтар жағынан Сабалақ батыр шығады. Жекпе-жек қарсаңында Сабалақ Абылай атасының аруағына сиынып, атын ұран еткен. Жекпе-жекте Сабалақ батыр жеңіске жетеді. Сабалақтың жеңісі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп, жеңіске жетеледі. Осы тарихи оқиға-дан кейін Сабалақ батыр (шын аты Әбілмансұр) Абылай есіміне ие болды.
Аңырақай шайқасына қатысқан қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаракерей Қабанбай, Саңырық, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай, Райымбек, Құдайменді Жібекбай, Сенгірбай, Шүйкебай тағы басқа батырлар қанды шайқастардың алдыңғы шептерінде болып, талай рет суырылып шығып, ерлік үлгісін танытты. Батырлар өзіндік шешім қабылдай алатын, соғыс ісін жан-жақты білетін, әскери стратегия, тактикамен таныс тәжірибелі ерлер еді. Қазыбек, Әйтеке, Төле билер бастаған қазақ билерінің жалынды ұлағаттары халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайтты. Жырларының негізгі тақырыбын қазақ батырларының жоңғарлармен соғыстағы ерлігіне арнаған Бұқар, Ақтамберді, Үмбетай жыраулар өздері де бұл соғысқа қатысқан. Бұл жыраулардың еңбектерінде соғыс барысындағы көптеген іс-қимылдар жан-жақты сипатталған. Жыраулардың Отан қорғау тақырыбына арналған жырлары қазақ сарбаздарын жігерлендіріп, жеңіс күнін жақындата түсті. Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тәукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр хан аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен хандықтан құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап, кетіп қалды. Нәтижесінде Әбілмәмбет сұлтан Түркістанға көшсе, Әбілқайыр кіші жүз территориясына қайтады. Сөйтіп, қазақ жерлерін жоңғарлардан толық азат ету ісіне оңалмас нұқсан келді.
Аңырақайдағы жеңіліске ұшырағанына қарамастан Жоңғар мемлекетінің қазақтардың жеріне қайта шабуыл жасау қауіпі жойылмады. 1734 жылы жоңғарлар Қазақ хандығының жеріне тағы бір үлкен жорығын ұйымдастырды. Жауға қарсы тұра алмайтын болғандықтан Орта жүз ханы сол жылы Ресейдің қол астына өтуге тілек білдірді. Қалмақтардың жойқын шабулы өте-мөте Жетісу жеріне ауыр тиді. Өйткені Ұлы жүз қазақтары қаһарлы жауға жалғыз өзі тойтарыс беруге күштері жетпеді.
1740 жылы Ресеймен жақындасу көзқарасын ұстанған Жолбарыс ханның өлтірілуі және өзінің саяси бағдарын жиі өзгеркен Сәмеке ханның қайтыс болуы қазақ хандықтарының сыртқы саяси жағдайларының осалдығын айғақтай түсті. Ойраттар оңтүстік-шығыс шептегі, сондай-ақ Қазақстанның өз ішіндегі оқиғалар туралы да жақсы хабардар болып отырды. Осы жағдайларды пайдаланып, 1739-1740 жылдардың қысында ойрат әскерлері оңтүстіктен, Сырдария өзенінің жоғарғы ағысынан және солтүстіктен Ертіс өзені жақтан шапқыншылық жасап, Орта жүздің Тобыл мен Есіл бойындағы қоныстарын едәуір шығынға ұшыратты.
1755 жылы Қытай империясы жоңғар жеріне басып кірді. Нәтижесінде жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кеткен болатын. Осыдан кейін көп кешікпей Жоңғар мемлекеті 1758 жылы біржола құлады
1758 жылы Цинь империясы Шығыс Түркістандағы қазіргі Синь-Цзянь жерін басып алды. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесіп жатты. Қытайлар көрші жатқан қазақ елдеріне тынымсыз шабуыл жасады. Абылай басқарған қазақ жасақтары қытай әскерлеріне бірнеше рет соққы беріп, олардың ішке қарай жылжуына мүмкіндік бермеді. Қытай әскерінің басып алу қаупінен сескенген Әбілмәмбет Үлкен Орданы Іле өзенінің бойынан Түркістан жаққа көшіруге мәжбүр болды.
Бір айтып кететін жай, Ресей патшалығы өзінің қол астындағы қазақтарға қытайлар шабуыл жасап жатқанда елшілік жолмен наразылық білдіруден басқа көмек көрсетпеді. Ол наразылыққа құлақ асқан Цинь империясы болған жоқ.
Абылай ақсақалдардың алқа кеңесін шақырып, қытаймен соғысты соза беруге болмайтынын, халықтың азып-тозып кеткенін айтып, Цинь әкімдерімен елшілік қатынас орнату мақсатында Пекинге адамдар жіберді. Сөйтіп, ол Цинь империясымен сауда, экономикалық байланыс орнатудың амалын істеді. Ол Ресеймен қарым-қатынасты да ұлғайтты. Абылай хан қазақ жерін, қазақ халқын көршілес күшті елдердің (Ресейдің, жонғарлардың, қытайдың ) қаупінен қорғап қалуға үлкен еңбек сіңірді. Батырлығы, ұйымдастыру шеберлігі, саясатшылығы арқасында қазақ халқының елдігін сақтау үшін көп жұмыс тындырды.
1771 жылы Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидың мешітінде хандар мен сұлтандар бас қосып, Абылайды ақ жылқы сойып, ақ киізге орап, Орта жүздің ханы етіп көтерді. Бірақ Абылай өзін қазақтардың үш жүзінің ханымын деп есептеді.
Бір жылдан кейін 1772 жылы вице-канцлер М.Л.Воронцовтың жарлығымен Абылайға арналып Есіл өзеніне таяу жердегі Жаңғызтауда ағаш үй салынды. Абылай 1781 жылы мамыр айында Ташкентке жақын жерде 69 жасында қайтыс болды. Абылайдан кейін Орта жүздің ханы болып оның баласы Уәли сайланды. Үш жүздің басын біріктіріп, жоңғар басқыншыларын қазақ жерінен қуып, қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалуда үлкен еңбек сіңірген Абылай атақты мемлекеттік қайраткер ретінде тарихта өшпес із қалдырды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет