Байланысты: Қазақстан тарихы пәнінен лекциялар 2022-2023жж docx
4. ХҮІІІ ғасырдың соңындағы Қазақстан және Орта Азия мемлекеттері. Қазақ хандықтарының Орта Азия хандықтарымен де қатынастары шиеленіскен күйінде қала берді.
ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай күрделі болды. Мұнда Орта Азиялық үш мемлекет - Хиуа, Бұқара және Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғ. басына қарай күшейген Қоқан хандығы, енді Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі: өзінің қазынасын толықтыру, мал шаруашылығын дамыту, сонымен қатар, Ресей мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына бақылау орнату және мұсылман халықтары тұратын территорияны иелену еді.
1810 жылы Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған уақыттан бастап 1865 жылы Ресей империясының қол астына өткенге дейін қоқандықтар Ұлы жүз территориясында әкімшілік қадағалау жүргізіп Ақмешіт, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Шолақ, Созақ және т.б. бекіністерді салды. Бұл кезеңде Хиуа мен Бұхара Қоқанға қарағанда әлсіздеу болды да онымен тайталасқа түсе алмады.
Қоқан хандығының қол астына Ұлы жүздің көп рулары: Бестамғалы (35 мың үй), Сиқым (5 мың үй), Шымыр (9 мың үй), Жаныс (7 мың үй) қарады. Жоғарғы әкімшілік билік Ташкент әкімінде (наместник) болды. Оның екі көмекшісі: 1) Саркар (мырзабасшы) салық жинаумен және азаматтық істермен; 2) батыр басшы (әскери басшы) әскери іс және көшпенділер мәселесімен айналысты. Билерге артықшылықтар беріліп салықтан босатылды, олардың кейбіреулері “датқа” лауазымын алды. Бұқара халықтың негізгі бөлігі “зекет” салығын (шариғат бойынша мүліктің 1/4 бөлігі) төлеп тұрды. Қоқан бекіністерінің төңірегінде тұратын қазақтар бекіністердің жөндеу және кеңейту жұмыстарына тартылып, әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Сонымен қатар, қазақтар әскери міндеткерліктер атқарып, олар қарсылық көрсеткендерді тыныштандыру жорықтарына да қатыстырылып отырды.
Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі әлеуметтік қайшылықтарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне әкеліп соқты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: “Қазақтардың арасында "әзірейіл барда жаным бар деме, қоқандықтар барда малым бар деме" - деген мәтел пайда болды”,- деп көрсетеді. Қазақ халқы қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды.