2. Сөзжасамның аналитикалық (синтаксистік) тәсiлі Аналитикалық немесе синтаксистік тәсіл – тілімізде көне дәуірлерден келе жатқан, тілімізді көптеген күрделі сөздермен толықтырған өнімді тәсіл. Бұл тәсіл дүние жүзі тілдерінің сөзжасамына ортақ тәсіл. Жапон, қытай тілдерінің сөзжасам жүйесінде негізгі қызмет атқарса, неміс, ағылшын, орыс тілдерінде, сондай-ақ, туыстас түркі тілдерінде сөзжасамның аналитикалық тәсілі кең түрде қолданылады.
Аналитикалық тәсілде екі я одан да көп сөз бір-бірімен тіркесіп, жаң лексикалық мағыналы сөз жасайды, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөз күрделі сөз деп аталады.Мысалы, ортан жілік, шекара, өнеркәсіп, аққу, темір жол, қызыл ала, алпыс бес, қараторғай т.б. Мұндағы атаулардың бәрі - бір ғана ұғымға тиесілі атаулар.
Сөзжасамның аналитикалық немесе синтаксистiк тәсiлiне сөздердi (әр тұлғадағы түбiрлердi) бiрiктiру, қосарлау, қайталау, тiркестiру арқылы жаңа сөз жасау процесiн жатқызып жүрмiз. Тiлдегi, тiлдiк процестегi себеп-салдарлық құбылыс, байланыстарға мән бере бермегендiктен кейде сөзжасамның бұл тәсiлiне бiрiккен, кiрiккен, қосарланған, қайталанған сөздер, тiркестi (күрделi) сөздер жатқызылады. Бұлар яғни бiрiккен, кiрiккен сөздер, қос сөздер, тiркескен сөздер сөзжасам тәсiлдерi емес, сол сөзжасам тәсiлi (аналитикалық немесе синтаксистiк) негiзiнде пайда болған нәтиже, яғни жаңа туындылар. Олар бiрiктiру процесi арқылы, қосарлау я қайталау, тiркестiру нәтижесiнде туған тiлдiк единицалар. Сондықтан бұл екi түрлi тiлдiк құбылысты бiр-бiрiмен шатастыруға болмайды. Соған қарамастан грамматикаларда бұлар күрделi сөздер және Оның түрлерi ретiнде берiледi. Сондықтан да олар грамматикаларда сөзжасам процесi ретiнде емес, күрделi сөз ретiнде, яғни белгiлi бiр тiлдiк амалдардың нәтижесiнде жасалып қойған тiлдiк единица ретiнде және оның құрамдық компоненттерiнiң семантикалық, грамматикалық жағынан ара-қатынасы мен ерекшелiктерi ретiнде қаралып отырады.
Қазақ тілінде аналитикалық тәсіл жиі қолданылатын әрі өнімді тәсіл болумен бірге, оның іштей:
1) сөзқосым,
2) қосарлау,
3) тіркестіру,
4) қысқарту сынды төрт түрі бар.