2. Қазақ тіліндегі жұрнақтар Жұрнақтар. Сөз тудыратын жұрнақ өзі жалғанған сөзден (түбірден) лексикалық мағынасы басқа жаңа сөз тудырады, Ондай әрбір жұрнақтың өзді-өзіне тән грамматикалық мағынасы, формасы және қызметі болуы күмәнсыз. Мысалы: Келмеп пе едің жол тосып, жолығуға аулаққа (Абай) дегенде жол және жолығуға сөздері өзара мағыналық та, формалық та айырмашылық көрінеді, жол сөзінен –ық жұрнағы арқылы жасаған жолық сөзінің лексикалық мағынасы басқа,оның үстіне жол зат есімі –ық жұрнағы арқылы етістікке айналады да, сөзді таза лексикалық жағынан ғана емес, лексика-грамматикалық тұрғыдан да өзгертетіні аңғарылады. Яғни, жұрнақтар белгілі бір сөз табына және оның ішіндегі белгілі тобына (категориясына ) телулі болады(М.: көк-көкшіл (сын есім), үй-үйшік(зат есім)).
Мағыналары мен қызметтеріне қарай жұрнақтар сөз тудыратын және форма тудыратын жұрнақтар деген екі салаға бөлінеді.
Түбірге сөз тудыратын жұрнақ жалғанғаннан кейінгі форма туынды негіз немесе туынды түбір деп аталып жүр. Жұрнақтар сол негізге де, сол негізден туған жаңа негізге де қажетіне қарай жалғана береді. Мысалы: егіншілік деген сөз ек деген етістік түбірге әуелі- -ін, одан кейін –ші -, -лік жұрнақтары қосылудан туған. Жұрнақ арқылы туған сөздер туынды сөздер деп аталады.
Форма тудыратын жұрнақтарды мағыналары мен қызметтері жағынан сөз тудыратын жұрнақтар мен сөз байланыстыратын жалғаулардың екі арасындағы, екеуінің де ерекшеліктеріне жуықтайтын категория деп қарауға болады. Дегенмен форма тудыратын жұрнақтар сөз байланыстыратын қосымшалардан гөрі сөз тудыратын қосымшаларға жақынырақ. Өйткені форма тудыратын қосымшалардың өзі жалғанған сөзге үстейтін жаңа мағынасы сол сөздің барлық формасына өзек болатын негізгі лексикалық мағынасын өзгертпейді, демек, форма тудыратын жұрнақ сөзден, өзі жалғанғаннан кейін де, сол сөздің(түбірдің я негіздің) негізгі лексикалық- семантикалық қазығынан алшақ әкетпейді(М.: кел, келме, келер, келмек т.б.).
Туынды сөздердің құрамындағы жұрнақтар белгілі бір жүйе бойынша рет-ретімен жалғанады. Әуелі сөз тудыратын жұрнақтар, олардан кейін форма тудыратын жұрнақтар жалғанады (М.: егіншілерімізге).
Жұрнақтар құрамы жағынан бір дыбысты да, көп дыбысты да бола береді. Мысалы: сұра-қ, сын-а, сөйле-м сөздері бір жұрнақтан жасалған. Екі дыбысты, көп дыбысты жұрнақтарға мына мысалдар жатады: түс-ім, сүзбе, шап-қы; үз-інді, адам-шылықт.б.
Құрылымы мен құрамы жағынан жұрнақтар жалаң жұрнақтар және құранды жұрнақтар болып екі салаға бөлінеді. Жалаң жұрнақтар деп мағына жағынан да, форма жағынан да бөлшектенбейтін бір бүтін жұрнақты айтамыз.Мысалы: білім, кеспе, малшы, әкелік. Мағына жағынан бір бүтін бола тұрса да, құрамы жағынан кемі екі я одан да көп жалаң жұрнақтардан құралып жасалған жұрнақтар құранды жұрнақ болады. М.: жайшылық, басыңқы, тұрғылықты сөздеріндегі жұрнақтар – құранды жұрнақтар. Мұндағы –шылық жұрнағы –ша және –лық формаларынан, -ғылықты жұрнағы –ғы-лық-ты морфемаларынан құралып, біріккендіктері– тұлғаларынан көрініп тұр (-нікі,-дікі, тікі жұрнағы ілік септігі мен сын есімнің -кі жұрнағының қосылуы арқылы жасалған).
Шығу төркіні жағынан бір-бірімен байланысты кейбір жұрнақтар мағыналары я бірдей, я жақын болғанымен, бірде сөз тудыру қабілетіне қарай, бірде стилистикалық реңіне қарай ерекшеленіп келеді. Мысалы: -лық және –шылық жұрнақтары өзара форма жағынан да, мағына жағынан да қаншалықты жақын болғандарымен,сөз тудыру қабілеті жөнінен де, стилистикалық ерекшелігі жөнінен де бірдей емес.
Мысалы, Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын дегендегі жоқтық, тоқтық сөздерінің орнына жоқшылық, тоқшылық сөздерін қолдануға болмайды. Сөздерде болатын синонимдік қасиет жұрнақтарда да болады. Мысалы, -қыш,-ғыш, -кіш,-гіш,-шақ,-шек, -қақ,-кек, -гек, -қыр,-ғыр,-кір,-гіржұрнақтары өзара мағыналас. Мақтаншақ- мақтанғыш, білгіш-білгір, көргіш-көреген т.б.
Негізінде бір ғана мағынаны білдіретін жұрнақтармен қатар, олардың іштерінде кемі екі не одан да көп мағынаны білдіретіндері де бар. Оларды көп мағыналы (полисемиялық) жұрнақтар деп атаймыз.Мысалы, -қақ(-ғақ,-кек,-гек)жұрнағы етістікке жалғанып,семантикалық-грамматикалық қызметтері екі басқа екі топ сөздер тудырады. Мысалы, майысқақ, жабысқақ, тайғақ сияқтылар сын есімдер болады да, кескек, іскек, ілгек тәрізділер зат есім болады.
Жұрнақтардың ішінде дыбысталуы(айтылуы) мен таңбалануы (жазылуы) бірдей болғанымен, негізгі мағыналары да бір-бірімен байланыспайтын, ұштаспайтын тіпті басқа-басқа бір алуан жұрнақтар бар, олар омоним жұрнақтар деп аталады. Малшы, тігінші,тергеуші-негізгі және туынды есімдер, байқашы, аяшысөздеріндегі, сондай-ақ келші, келсінші формаларындағы –шы,-ші қосымшасы етістіктерге жалыну, тілену мағынасын жамап тұрса, бармақшы, келмекші дегенде –шы,-ші жұрнағы мақсаттың тиянақты түрде жүзеге асырылу мағынасын үстейді.
Омоним жұрнаққа тағы бір мысал, бұл –қ(-ық,-ік,-ақ,-ек) жұрнағы.