Қазақ тіліндегі есім баяндауыштар. Баяндауыш қызметінде етістіктер жиі жұмсалады. Одан кейінгі қатарда есімдер тұрады. Есімдердің баяндауыш қызметінде көп жұмсалатыны – зат есімдер. Есімдер де етістік сияқты баяндауыш қызметінде жіктік жалғаулары арқылы байланысады. Мысалы: Мен студентпін.
Есімдердің баяндауыш қызметінде жұмсалуында тек жіктік жалғауы емес, көптік, септік, тәуелдік жалғауларының да өзіндік мәні бар. Мысалы: Алпамыс биыл алтыда.
Есім баяндауыштың жасалу жолдары:
Зат есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалып, әр түрлі тұлғада қолданылады.
Көптік тұлғада: Осының барлығын ұйымдастыратын – студенттер.
Тәуелдік тұлғада – Бәріміздің тамашалайтынымыз – осы сәбидің сүйкімді қылығы.
Септік тұлғада – Біздің ауылымыз қаланың маңында.
Есімдіктердің барлық түрі баяндауыш қызметінде жұмсала алады. Мысалы: Оның кітапханадан алған кітабы әлденеше. Ауылды басқаратын осылар.
Үстеулер де баяндауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы: Күн әлі ерте. Мұғалімнің сыныпқа кіргені жаңа еді. Жарыста ол менен әжептеуір кейін. Мұндай шешім қабылдау ертерек.
Еліктеуіш сөздер де баяндауыш қызметінде жұмсалып, есім баяндауыш жасайды. Мысалы: Айналаның бәрі салдыр – гүлдір.
Баяндауыштар сапалық есімдерден де жасалады. Сапалық есімдер \сын есім, сан есім\ әдетте бастауыштан кейін тұрып, зат есімдердің әр алуан сындық, сандық сапасын білдіріп, баяндауыштық қызметте жиі жұмсалады. Мысалы: Аспан ашық. Қар қалың. Білгенің - бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз.
Етістік баяндауыштар.Кез келген сөйлем мүшесінің жасалуына негіз болатын сөз табы болады. Етістіктер түрлі тұлғада жіктік жалғаулы не жалғаусыз күйде баяндауыш қызметінде жұмсалады. Соған қарай баяндауыштың тұлғасы тиянақты және тиянақсыз болады. Жіктік жалғауы – ең негізгі баяндауыштық тұлға. Жіктік жалғаулы сөздер баяндауыш қызметінде көбінесе сөйлем соңында келеді. Баяндауыштың басым көпшілігі сөйлемдерді тиянақтауда жұмсалғанымен, енді бір тобы сабақтас құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарының тиянақсыз тұлғадағы баяндауышы болады. Тиянақты тұлғадағы баяндауыштар жіктік жалғаулы етістіктер, есімше тұлғасындағы баяндауыштар, қимыл есімді баяндауыштар болып жұмсалады. Тиянақсыз баяндауышқа шартты рай тұлғалы, көсемше тұлғалы, есімше тұлғалы кей жағдайда қимыл есім сөздері жатады.
Етістіктер рай, шақ тұлғаларында да баяндауыш болады. Мысалы: Ол вокзалға қарай кеткен. Рахмет біраз отырды. Арада жеті – сегіз күн өтті т.б. Етістіктер етіс тұлғасында да баяндауыштық қызметте жұмсалады. Өнер – білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (Ы.Алтынсарин).
Көсемше тұлғалы етістіктер құрмалас сөйлем құрамына тиянақсыз тұлғалы баяндауыштың қызметін атқарады.
Есімшелер баяндауыштық қызметте екі түрлі жағдайда, біріншіден, есімдердей жіктік жалғауда айтылып, тиянақтылық мәнде жұмсалса, екіншіден, есімшелер септік жалғаулар, кейбір дәнекерлер тіркесуі арқылы құрмалас сөйлемнің тиянақсыз баяндауышы қызметінде жұмсалады.
Етістіктер дара күйінде де, күрделі күйінде де баяндауыш болады.