Тақырыбы: Педагогиканы оқыту ұйымдастырудың формалары.
Лекция жоспары: 1. Оқытуды ұйымдастыру формалары.
2. Сынып-сабақ жүйесі, оның жетістіктері мен кемшіліктері.
3. Педагогика пәні бойынша сабақ жоспарын дайындау ерекшеліктері.
4. Семинар сабақтары практикалық сабақтың бір түрі ретінде және оның қысқаша тарихы.
Лекция мақсаты:Педагогиканы оқыту ұйымдастырудың формалары туралы талдау жасау, білімді меңгерту, білімгерлердің білімін жетілдіру, қызығушылығын арттыру.
Лекция мазмұны:Білім берудің теориясы мен практикасында көптеген формалар жинақталған. Форма (латын сөзі «forma» – сыртқы бейнесі, сыртқы көрінісі дегенді береді) – бұл белгілі бір мазмұнның сыртқы бенеленуі. Ежелгі заманда педагог бір білім алушымен жеке айналысқан, сондықтанда оқытуды жеке ұйымдастыру – ең ежелгі форма болып табылады.
Қоғам қажеттіліктерінің өзгеруіне байланысты жекелей-топтық формасы пайда болды. Жекелей-топтық форманың дамуының көрінісі ретінде сынып-сабақ жүйесі енгізілді.
Дальтон-план формасы АҚШ-та кең таралып, сабақтар кітапханада жекеше арнайы тапсырмалар арқылы жүргізілді.
Сабақты ұйымдастырудың Бригадалық-зертханалық әдісінде білім алушылар бирагадаларға немесе топтарға бөлініп, педагог берген тапсырмалармен бірігіп жұмыстанады. Педагог алдымен кіріспе сабақ өткізіп, содан соң бригадалар өз бетімен жұмыстанады. Тапсырмаларды орындау барысында білім алушыларға кеңес алуға болады.
Жобалау әдісі – білім алушылар педагогтің басқаруымен белгілі бір жоба тақырыбын таңдап, осы жобаның айналасында танымдық қызметті жүзеге асырады.
Жоғарыда келтірілген әдістердің барлығының кемшіліктері де бар, сондықтанда олар үнемі әрі қарай жетілдіріліп дамытылмады.
Трамп жоспары – бұл оқытуды ұйымдастырудың үш формасын: жеке, топтық және бұқаралықты біріктіреді. Бұл форма негізінен жеке мектептерде кең қолданылады.
Кеңестік мектептерінде негізінен сынып-сабақ формасы кең таралған болатын.
Оқытуды ұйымдастырудың формалары – белгілі бір тәртіпте және мезгілде жүзеге асырылатын оқытушы мен білім алушылардың бірлескен іс-әрекетінің сыртқы көрінісі. Олар әлеуметтік тұрғыда шартты, дидактикалық жүйелердің дамуымен байланысты пайда болып жетілдіріліп отырылады.
Оқытудың ұйымдастыру формалары әр түрлі өлшемдер бойынша жіктеледі:
- білім алушылардың санына қарай: бұқаралық, ұжымдық, топтық, шағын топтық, жеке;
- оқу орнына қарай: аудиторияда және аудиториядан тыс формалар;
- колледждегі, ЖОО-ғы оқыту формалары: дәріс, семинар, практикалық және зертханалық сабақтар, СОӨЖ, СӨЖ, т.б. жұмыс;
- оқыту уақытының ұзақтығына қарай: кредиттік жүйеде (50 минут), сызықтық жүйеде қосарланған сабақ (80-90 минут), әр түрлі ұзақтықтағы сабақтар.
Білім берудің даму тарихында әр түрлі оқыту жүйесінде оқыту формасының біреуі басымдықта қолданылды: жекелік-топтық (орта ғасыр мектептерінде), өзара оқыту (Англиядағы белланкастер жүйесі), білім алушылардың қабілетіне қарай саралап оқыту (мангеймдік жүйе), бригадалық оқыту (совет мектебінің 20-шы жылдары), американдық «Трамп жоспары», онда уақыттың 40% - үлкен топтарда (100-150 адам), 20% - кіші топтарда, және 40% - жеке оқуға бөлінді.
Дүние жүзінде ең көп тараған оқытудың сынып-сабақ жүйесі болды. Ол ХVІІ ғасырда пайда болып, міне үш ғасырдан астам уақыт бойы дамып келеді. Оның сұлбасын неміс педагогы И.Штурм (1537-1582жж.) жасады ал, Я.А.Коменский (1592-1670жж.) оның теориялық негізін салып, практикада жүзеге асырды.
Оқытудың сынып-сабақ формасының ерекшеліктері: шамамен бір жастағы және даярлық деңгейі бірдей білім алушылардың тұрақты құрамы; әрбір сынып өзінің жылдық жоспарына сәйкес жұмыс істейді (оқытуды жоспарлау); оқыту үрдісі жекеленген өзара байланысты, бірінен кейін бірі жүретін бөліктер (сабақтар) түрінде жүзеге асырылады; әрбір сабақ тек бір пәнге арналады (монизм); сабақтардың тұрақты түрде ауысып отыруы (сабақ кестесі); педагогтің жетекші ролі (педагогикалық басқару); білім алушылардың танымдық іс-әрекетінде әр қилы түрлерді және формаларды қолданады (іс-әрекеттің вариативтілігі).
Оқытуды ұйымдастырудың сынып-сабақ жүйесінің негізгі компоненті – сабақ болып табылады. Сабақ – бұл аяқталған мәндік, уақыттық және ұйымдастырушылық қатынастағы оқыту үрдісінің кесіндісі (кезеңі, буыны, элементі).