Бекіту сабағының құрылымы:сабақтың бастауын ұйымдастыру; сабақтың мақсатын және міндеттерін қою; бекіту; қорытындылау және үй тапсырмасы. Сабақтың басында әрбір білім алушының жұмысқа даярлығын тексеру керек. Мақсатты қою барысында педагог негізгі қағидалар мен ережелерді еске салады, себебі олар практикалық оқу іс-әрекетіне негіз болады. Үй тапсырмасын тексеруді бекітумен байланыстырған дұрыс. Сабақтың негізгі бөлімі – практикалық тапсырмалар, проблемалық жағдаяттар мен сұрақтарды шешу, жаттығуларды орындау, дербес жұмыстар. Жаттығуларды дұрыс таңдау үлкен роль атқарады, олардың қиындығы бағдарламаның, стандарттың талабына сай болғаны абзал.
Жалпылау немесе қайталау сабағының құрылымы: сабақтың басталуын ұйымдастыру; сабақтың мақсатын және міндетін қою; оқу материалын жалпылау және жүйелеу; сабақтың қорытындысы және үйге тапсырма.
Бұл сабақтың ерекшелігі және күрделілігі мынада: оқу материалының шеңберін дәл анықтау, негізгі ұғымды, ережені, идеяны, шебер бөлу, сәйкесті жаттығуларды таңдау. Қайталауда сабақтың тәрбиелеушілік жағына үлкен мән беріледі. Мұнда оқу материалы көп дәрежеде қызықты фактілермен, оқиғалармен, сезімдермен тығыз байланысты. Бұл сабақтың ерекшелігі педагог аз түсіндіреді де көбіне білім алушылардың танымдық іс-әрекетін басқарады.
Аралас сабақтың құрылымы: сабақтың басталуын ұйымдастыру; үй тапсырмасын тексеру; сабақтың мақсатын және міндеттерін қою; жаңа материалды түсіндіру, бекіту, қайталау, сабақты қорытындылау және үй тапсырмасын беру. Сабақтың бұл типі бүкіл элементтердің комбинациясын құрайды. Әрбір бөлімі басқалардың арасында тең бағалы мәні бар. Сабақтың осы типі бастауыш мектепте жиі қолданылады.
Қадағалау сабағының құрылымы: тексерудің мақсатын түсіндіру және жұмысты ұйымдастырудың нұсқауын беру; бақылау тапсырмасының мазмұнымен және оны орындаудың тәсілімен таныстыру; білім алушылардың дербес жұмысы; сабақтың нәтижесін бастапқы қорытындылау. Сабақтың басы нұсқаудан және білім алушылардың жұмысқа даярлығын тексеруден басталады. Бірден бақылау жұмысының сипатын айтып, қандай білімдер, қандай тақырыптар тексерілетіні хабарланады. Педагог білім алушыларға ойлау іс-әрекетінің жолдарын көрсетеді: теориялық талдауды қалай қолдануға болатындығын, теорияны практикалық жұмыспен байланыстыруды, өзін-өзі қадағалаудың тәсілдері т.б. Әдетте үй тапсырмалары берілмейді. Бірақ әдебиет тізімін, іздеушілік сипаттағы тапсырмаларды беруге болады.
ХХ ғасырдың 80 жылдарында түсіндірмелі-иллюстративтік оқытудың тұтқасы – сыныптық-сабақтық жүйе қоғамның жаңа талаптарына сай болу үшін жетілдіруді талап ететіні белгілі болды. Осы жүйені модернизациялау кезінде дәстүрлі емес сабақ пайда болды. Онда білім алушыларды белсенді позицияға қойып, сабақты даярлап өткізуде іс-әрекетке қосып, ойындық, жағдайды шешушілік, жарыстық функцияларды жүзеге асырады.
Дәстүрлі емес сабақты өткізуде мынадай сұрақтар пайда болды: жалпы сабақтар жүйесінде алатын орны, функциясы, оны таңдап алу шарттары, қойылатын талаптары қандай, мұндай сабақтарды талдау немен ерекшеленеді т.б.
Дәстүрлі емес сабақ – бұл орнатылмаған құрылымы бар импровизациялық оқу жұмысы.
И.П.Подласыйдың, Г.К.Селевконың т.б. еңбектерінде дәстүрлі емес сабақтардың 30 астам түрі келтірілген.
Сабақтың дәстүрлі емес технологиясына жататындар:
пәнаралық байланысқа негізделген интегралды сабақтар;
жарыс және ойын формасындағы сабақтар: байқау, турнир, іскер немесе ролдік ойындар;
қарым-қатынастың көпшілік формаларын имитациялау сабақтары: пресс-конференция, аукцион, ауызша журнал т.б.;
мемлекеттің және ұйымдардың іс-әрекетін имитациялауға негізделген сабақтар: сот, парламенттегі дебаттар;
қоғамдық-мәдени шараларды имитациялаудың сабақтары: өткенге сырттай экскурсия, жорық, әдеби серуен;
сабақтан тыс дәстүрлі формаларды сабақ шеңберіне енгізу, көңілділер, тапқыштар клубы, «Не? Қайда? Қашан?», инсценировка.
Дәстүрлі емес сабақтар қандай дидактикалық міндеттерді шешуде қолдануға болады деген сұраққа, іскерлікті және дағдыны қалыптастыруға, білімді жалпылау және жүйелеуге, қайталау және бекітуде, бақылау-тексеруде қолдануға болады деген қорытынды жасаймыз. Ал, интегралды және конференция сабақтары арқылы жаңа білім меңгеру міндетін де шешуге болады. Сонда дәстүрлі емес сабақтар оқытудың басты формасы – дәстүрлі сабақтардың функцияларын атқарып, оның көмекші формасы болады.
Дәстүрлі емес сабақтың түрін таңдап алғанда тақырыптың мазмұнын, білім алушылардың даярланғандық дәрежесін, материалдық базаны, педагогтің мүмкіншілігін, оқулықтардың, көмекші оқу құралдарын т.б. есепке алу керектігін тәжірибе көрсетті.
Көптеген қазақ оқу орынытерінде жұмыстың топтық формасы бар сабақтарды, театрландырылған, ойын сабақтарын өткізуге жағдай жоқ. Өкінішке орай, біраз білім алушылардың білім деңгейінің төмендігі іскер ойындар, шығармашылық, «сот» т.б. сабақтарды өткізуге қолбайлау болып отыр. Зерттеу, түпдеректі талдау, бинарлық (қосарланған( сабақтарды өткізейін десе оқулық, қосымша оқу құралдары жетіспейді.
Дәстүрлі емес сабақтарға дидактикалық, тәрбиелеушілік, дамытушылық, ұйымдастырушылық, психологиялық, басқарушылық, санитарлық-гигиеналық, этикалық т.б. талаптар қойылады. Кейбіреулерін көрсете кетелік:
білім алушылардың қызығушылығын, ықыласын т.б. ескере отырып дәстүрлі емес сабақты өткізуге қажетті жағдайды қамтамасыз ету;
білім алушының барлық аясын дамытуға себептендіру және белсендету жұмысын жүргізу;
дәстүрлі емес сабақта жедел кері байланысты, пәрменді қадағалауды және басқаруды қамтамасыз ету;
педагогикалық әдепті сақтау, білім алушылармен қарым-қатынасты, бірге іс-әрекет жасауды жоғары дәрежеде жүргізу;
білім алушылардың дамуында жаңа сапалы өзгерістерді жүзеге асыруды стимулдау.
Дидактикада сабақты талдаудың әдістемесі баршылық.
Дәстүрлі емес сабақтар үшін, әрине, арнайы сабақ талдаудың схемасын жасаудың қажеті жоқ. Біздің пікірімізше, бар схеманың бөлімдерін тереңдетіп, жан-жақты қолданса жеткілікті. Дәстүрлі емес сабақтарды талдағанда жалпы сұрақтармен бірге мына сұрақтарға жауап алудың қажеті бар сияқты:
қолданылатын жадығаттың қызығушылық, еліктеушілік әдеттен тыс дәрежесі;
білім алушылардың танымдық іс-әрекетін стимулдаудың тәсілдері, жолдары қандай болды;
сабақ барысында білім алушыларды толықтыруға, түзетуге, рецензиялауға т.б. қаншалықты қатыстырылғандығы.
Осы орайда төмендегі мәселелер ескерілуі тиіс:
оқу мазмұнының танымдық бағытталғандығы;
сабақтың білімділік, дамытушылық және тәрбиелік мақсаттарының дұрыс қойылуы;
сабақтың мақсатына, мазмұнына сәйкесті түрін, құрылымын, оқыту әдістерін талдау;
оқытудың педагог мен білім алушылардың диалектикалық өзара байланысы екені туралы ұғымды білдіретіндігі;
білімді меңгеру үрдісінің құрылымын, яғни қабылдау, түсіну, ұғыну, жинақтау, бекіту, қолдануды жүзеге асыру;
проблемалық оқытуды сабақта іске асыру жағдайлары;
сабақтың әртүрлі кезеңдерінде білім алушылардың фронтальды, топтық және жеке жұмысына қатынасы;
сабақта оқыту мен тәрбиелеу ұстанымдарының орындалуы.
Топтармен жұмыс істеу кезіндегі сабақ оқытушылардың әбден үйреніп кеткен дәріс түрінде жүргізілетін сабақтардан мүлде өзгеше болады. Топтармен жұмыс істеудің қалыптасқан сабақ түрінен айырмашылығы:
1. Студенттер сабаққа белсенді қатысады. Оқытушы барлық жұмысты жүргізіп жатқанда, олар енжар қалыпта қалмай, тапсырманы орындау үстінде болады.
2. Студенттер жұмысқа өздерінің жолдастарымен бірлесе кіріседі. Сол топтың мүшесі есебінде ол да басқалардың ойы мен пікірлерін талқылауға құқылы болады. Олар бір-біріне сұрақ қояды, түрлі пікірлерін айтады, біріне-бірі қол ұшын беруге үйренеді.
3. Көптеген студенттер бұл тәсілден өзіне қажетті пайда алады:
- талантты білім алушылар топтың көңілін аудармай-ақ өздерінің қабілеттерін көрсете алады;
- топтарда жұмыс істеген уақытта студенттер өздерін еркін сезінеді. Бұрын топта байқалмайтын студент тұйыққа тірелген жағдайда өзінің білімін көрсету мүмкіндігіне ие болады. Шағын топта студент өзінің ешкімнен кем емес екенін, топтағы студенттердің бұның да ой-пікіріне құлақ қойып бағалайтынын көреді;
- топтармен жұмыс істеу жүйесі ұяң студенттерге де көп пайда береді.
Топта жұмыс істей отырып, ондай жастар сенімділікке тәрбиеленеді. Олар отыз адамның көз алдында тұрғаннан гөрі 3-4 студенттен құралған топта өздерін еркінірек сезінеді.
Топтарда жұмыс істеуге дайындықты қалай бастау керек?Топтарда жұмыс істеу әдісін сабақ барысында қолданғысы келетін бір не бірнеше әріптестер тауып алудан бастаңыз. Бәріңіз жинала отырып, сабақ жоспарын, топтарға бөлуді және білім алушыларды шағын топтармен жұмыс істеуге дайындау мәселелерін талқылаңыз.