Суда жүзу спорты Жүзу дегеніміз судың бетімен немесе ішімен белгілі тереңдікте қолмен және аяқпен есу қимылдары арқылы адамның ілгері жылжуы. Жүзе білетін адам судағы неше түрлі кедергілерді жеңеді, біреу-міреу суға батып бара жатса, оны құтқаруды да біледі.
Жүзумен шұғылданудың спорттық жетістіктерге жетуде маңызы зор. Мысалы: суға секіру, су шаңғы спорты, есу желкен спорты және т.б. мұндай спорт түрлерімен айналысу үшін алдымен жүзіп үйрену қажет. Суда жүзудің мынадай спорттық әдіс тәсілдері бар. Кроль – еркін жүзу (етпеттеп және шалқалап), брасс және баттерфляй (баттерфляй кейде дельфин деп те аталады). Спорттық жүзудің осы түрлерімен шұғылданатын адамдар жүзу әдістерін тыңғылықты орындауға дағдыланады.
Шомылу және жүзу дене мүшелерінің сыртқы температура өзгерістерінен, салқыннан пайда болатын ауруларға шалдықпай, төзімді болуын тәрбиелейді. Өзен-көлдерде жүзу болса, күннің шуағы мен таза ауа адам денесіне күшті әсерін тигізеді.
Судың ішінде адам салмақсыз болатындықтан, денеге көп күш түспейді де омыртқа жотасы созылады, бұлшық ет талшықтары ұзарады. Соның әсерінен адам тұлғасы сымбаттанып, қимыл-қозғалысы еркін де әсем көрінеді.
Суда жүзудің пайдасы: Суда жүзу кезінде сіздің барлық бұлшық етіңіз жұмыс жасайды. Суда біресе аяқпен, біресе қолмен жүзе алмайсыз. Бәрі бір уақытта сіздің жүзуіңіз үшін қызмет етуі тиіс. Әр бұлшық ет түрліше күш алады. Сол себепті, денеңіздің бұлшық еті өз формасына қарай қалыптасып, сымбаттылығыңыз арта түседі.
Суда жүзу омыртқа ауруларының алдын алады. Қозғалыс дене мүшелерінің қызметін арттырып, омыртқа сүйектерінің жанындағы кішкентай бұлшық еттерді «тынықтырады». Омыртқа бағанасына түскен ауырлықты тежейді. Сонымен қатар, остеохондроз ауруының алдын алып, дене бітіміңізді қалыпқа келтіреді.
Жүрек қан тамырларының жүйесі де сізге «алғыс» білдіреді. Себебі, жүзу жүрек соғысына игі әсер етіп, қан айналымын жүйеге келтіреді.
Бұл спорт түрімен машықтанған адамның тыныс алу мүшесі де жақсы қызмет атқаратын болады. Әсіресе, көкірек қуысы кеңейіп, тынысы ашылады.
Дене температурасы қалыпты жағдайдан шықпай, иммунитетіңіз суық тиюге, тұмауға қарсы тұра алады.
Сонымен қатар, артық салмақтан арылуға көмектесетіні де бар. Көп қозғалыс пен энергияның жұмсалуының әсерінен ағзадағы калория мөлшері азая түседі. Оған қоса, жүзу кезінде омыртқаға травмотологиялық қауіп төнбейтінін ескеру керек.
Және де жүзу спорты жүйкені жұқартып, ойды мың бөлген күйзелістен арылтуға сеп болады. Суық су адам денесіндегі жағымсыз эмоция мен негативті көңіл-күйді шайып әкетеді. Бойыңызға қуат беріп, сергітеді.
Жүзу , спорттық жүзу – спорт түрлерінің бірі. Спорттық жүзу жарыстары еркін (кроль), брасс, баттерфляй, шалқалап жүзу, тағы да басқа тәсілдерімен 50 метрден 1500 метр қашықтық аралығында өткізіледі. Сондай-ақ жүзудің қолданбалы, су астында жүзу, синхронды (көркемдік) жүзу т.б. түрлері болады. жүзудің тұрмыстық, емдік, ойын түрлері де бар.
Халықаралық жүзу федерациясы (ФИНА) 1908 жылы құрылған. 1991 жылы оның құрамына 128 ел кірді. Олимпиялық ойындар 1896 жылдан, дүниежүз. чемпионаттар 1973 жылдан, еуропалық чемпионаттар 1926 жылдан өткізіледі. Дене шынықтырудың бір түрі ретінде жүзумен адамдар ежелгі дәуірден бастап айналыса бастаған. Біздің жыл санауымыздың басында Римде суы жылытылатын 50x20, 100x50 метрлік үй ішіндегі бассейндер салынған. 16 ғасырдың басында жүзу спорттық сипат алды. Алғашқы жарыс 1515 жылы Венецияда өткізілді. КСРО-ның 1947 жылы Халықаралық жүзу федерациясына мүше болуы, 1952 жылдан бастап Олимпия ойындарына қатысуы жүзу спортының Кеңес Одағында, оның ішінде Қазақстанда да жедел дамуына ықпал етті.
Қазақстанда жүзу спортының дамуы Алматыда Дене тәрбиесі институтының (қазіргі Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясы) ашылуымен тікелей байланысты болды. Оның түлектері 1946 жылы Бүкілодақтық жоғары оқу орындары арасындағы жарысқа қатысты. 1947 жылы алғаш рет жүзуден республикалық біріншілік ұйымдастырылып (Тастақ тоғанында), оған Алматы, Атырау, Орал қалалары жүзгіштері қатысты. Сол жылы Қазақстан тұңғыш рет КСРО біріншілігінде бәсекеге түсті. 1948 жылы Алматыдағы Мәдениет және демалыс саябағында студенттердің күшімен 27 метрлік ашық бассейн жасалды, онда екінші республикалық біріншілік өтті. Ю.Кабин, В.Минаев, Б.Елқондиевтер бірнеше рет Қазақстанның чемпионы атанды. Құрамына қазақстандық Г.Николаев енген КСРО жүзгіштері 16-Олимпия ойындарында (Мельбурн, 1956) 4x200 метрлік эстафетада Кеңес Одағына алғашқы қола медальді әкелді. 1957 жылы Қарағандыда тұңғыш жабық бассейн іске қосылды. Тәуелсіз Қазақстан дербес қатысқан Барселонада өткен 25-Олимпия ойындарына (1992) 7 жүзгіш, ал Сиднейде өткен 27-Олимпияға (2000) 8 жүзгіш қосты. Олардың бәрі дерлік Азия құрлығының үздіктері аталды. Жүзу адам ағзасына тигізетін пайдалы әсері жағынан басқа спортқа қарағанда ерекше орын алады. Жүзумен тұрақты шұғылданған адамның бұлшық еті үйлесімді жетіледі, жүйке тамыры нығаяды, денедегі зат алмасу, тыныс алу мен қан айналу жүйесінің қызметі жақсарады.