Лекция №1 Тақырып: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде


Саясаттанудың негізгі парадигмалары



бет4/11
Дата10.04.2023
өлшемі51,59 Kb.
#81269
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
4. Саясаттанудың негізгі парадигмалары. 
Парадигма (гректің paradeiqma-теория, үлгі деген сөзінен)-зерттелетін мәселені шешу үшін үлгі ретінде алынған теория. Саясаттануда парадигма деп саяси өмірді бейнелеуде білімді ұйымдастырудың қисынын білдіретін, әлеуметтік құбылыстардың бір тобын теориялық пайымдау үлгісі деп мойындаған негізгі тұғырнама желісін айтады. Парадигма жасау арқылы зерттеушіде белгілі бір саяси құбылысты зерделеудің негізгі өлшемі, қалпы қалыптасады. Соған орай ол деректерді жинап, талдайды, түсіндіреді, мағлұматтарды жинақтайды, жүйелейді.
“Парадигма” ұғымын XX ғ. 20 жылдарында ғылыми әдебиетке алғаш енгізген америка философы және қоғам тарихын зерттеушісі-Г.Кун. Кунның ойынша, парадигма саясатты зерттеуге бағыт береді. Сол бағыт бойынша зерттеуші белгілі бір дәстүрлерге, саяси идеялар мен теорияларға сүйене отырып нақтылы мәселені шешеді. Ол саясаттың барлық тарихын бір парадигманың екінші парадигманы үнемі ауыстырып отыруымен түсіндіреді. Ол үшін қоғамда қалыптасқан парадигмаларға өмірдің даму барысында қайшылықтар шығады, олар ұлғая келіп жаңа жүйелі парадигманы тудырады. Ол біртіндеп ықпалын кеңітіп, негізделеді және алдыңғы парадигманы ығыстырып, ауыстырады. Кейін оның өзі де осындай күн кешеді, яғни басқа парадигмамен ауыстырылады.
Саясаттану парадигмаларын жинақтай келе оларды теологиялық, натуралистік, әлеуметтік және тиімді-сыни деп жүйелеуге болады. Енді қысқаша соларға тоқталалық.
Теологиялық парадигма. Ол саясатты, билікті құдайдың құдіретімен түсіндіреді. Бұл парадигма саяси ғылымның алғашқы дами бастаған кезеңінде пайда болған. Ол кезде барлық әлеуметтік-саяси құрылыс, мемлекет құдайдың құдіретімен жасалады және дамиды делінді.
Натуралистік парадигма. Ол саясатты әлеуметтік сипаты жоқ табиғи себептермен, атап айтқанда географиялық ортамен, биологиялық және психологиялық ерекшеліктерімен түсіндіреді. Географиялық ортаның саясатқа ықпал етуі туралы ертедегі ойшылдар Гиппократ, Платон, Аристотельдер атап айтқан болатын.алайда оны теориялық түрде негіздеген француз ойшылы Ж.Боден (1529-1596) болды. Оның идеясын одан әрі дамытқан сол елдің философы Ш.Монтескье (1689-1755). Оның ойынша, географиялық орта, әсіресе климат халықтың рухын, мемлекеттің құрылыс түрін, қоғамдық құрылыстың сыр-сипатын айқындап, саясатында шешуші рөл атқарады. Ал Оксфорд университетінің профессоры Маккиндер XX ғ. басында теңізге шығар жолы жоқ мемлекеттер даму жағынан артта қалады деді. Ол дүниені құрлықтық және теңіздік күштер деп екіге бөлді. Қалай болса да, бүгінгі таңда елдің географиялық жағдайы оның сыртқы саясатын қалыптастыруға әсер ететіндігі даусыз. Саясатты биологиялық себептермен түсіндірушілер (неміс ғалымы П.Майер, австриялық К.Лоренц) саяси процесті адамның туа біткен физиологиялық қасиеттерімен байланыстырады. Бұларға адамдардың саяси саладағы іс-әрекеттерін зерттеуді алға тартатын бихевиористерді де жатқызуға болады (американдық ғалымдар Ч.Мерриам, Г.Лассуэлл) Натуралистік парадигмаға психологиялық бағыт та жатады. Ол саяси даму процесін адамның психологиялық қасиеттерімен түсіндіреді. Бұл бағыттың негізін қалағандар Г.Тард, Г.Лебон, Э.Дюркгейм, Б.Рассел және т.б.Мысалы, Б.Рассел биліктің мәні білу үшін адам өміріндегі қорқыныш, үрей, торығу, қамығу, ұжымдық долылық сияқты психологиялық құбылыстарды зерттеп білу қажет дейді. Өйткені, оның ойынша, саяси лидерлерге өздерін диктатор еткізетін осы қасиеттер, олар өктемдіктерін жүргізу үшін халықтың осы қасиеттерін ұтымды пайдаланады. Сондықтан, дейді ол, диктаторлық тәртіпті болдырмаудың әдісі-ел ішінде жоғарыда аталған құбылыстарды тудырмайтындай жағдай жасау.
Әлеуметтік парадигма. Бұл саясатты табиғаты мен пайда болуын әлеуметтік факторлар арқылы түсіндіреді. Мысалы, марксизм саясаттың мәнін экономикалық қатынастардан шығарды. Ол қоғамның әрбір экономикалық базисі (құрылысы) қажетті түрде өзіне сәйкес қондырма тудырады деді. Яғни белгілі бір экономикалық базис негізінде саяси, құқықтық, философиялық, діни, этикалық, эстетикалық, т.с.с көзқарастар мен идеялар пайда болып, дамиды. Батыс саясаттануында кең тараған тағы бір тұжырымдамаға “құқық үстемдігі” теориясын жатқызуға болады. Оның негізін салушылар Р.Мор, Дж.Гудмен және т.б.саясатты құқық тудырады деп санайды. Олардың ойынша бір заңның орнына жаңа өмір талабына сай келетін екінші заң келеді. Сөйтіп, заңдардың бірін-бірі алмастыруы қоғамды жетілдіреді, алға жылжытады. Яғни, заңдардың алмасуы қоғамның қозғаушы күшіне жатады дейді. Сондықтан саяси өмірді сараптап, талдау үшін, олардың пайымдауынша, зерттеуші құқықтық нормаларды зерделеуі керек. Әлеуметтік парадигманың бір түрі ретінде мәдениеттанулық көзқарасты қарауға болады. Ол саясаттың мәнін, саяси процестердің мазмұнын адамдардың мәдени даму деңгейімен, ұстанатын, басшылыққа алатын құндылықтарымен түсіндіреді. Адам соған байланысты саяси өмірде іс-әрекет жасайды деп қарайды.
Тиімді (рационалды)-сыни парадигма. Ол саясаттың табиғатын оның өз ішіндегі себептермен, қасиеттермен, элементтермен түсіндіреді. Оның жанжалдық және мәмілеге келу парадигмалары деп екіге бөлуге болады. Жанжалдық парадигма XIX ғасырда пайда болды. Оның негізін қалағандар К.Маркс, А.Бентли, Земмель, Козер және т.б. Олар саяси өмірге дау-жанжал, шиеленістер шешуші рөл атқарады дейді. Қазір бұл теорияны қолдаушыларға Р.Дарендорф, Дж.Бертон, К.Ледерер және т.б. жатады. Бірақ олар К.Маркс сияқты саяси дау-жанжалды тап күресіне, қоғамдық құрылыстың түбегейлі өзгеруіне апармайды, қоғамдық билік қорлары үшін бәсекелестікті, әлеуметтік тапшылықтан туатын мәселелерді шешу саяси организмнің өзін-өзі жетілдіріп, дамытуына әкеледі дейді. Мәмілеге келу (консенсус) парадигмасының өкілдеріне М.Вебер, Дьюи, Э.Дюркгейм, Т.Парсонстар жатады. Олар саяси өмірдегі дау-жанжал, қайшылықтарды жоққа шығармайды. Алайда оларды мәмілеге келуден кейінгі екінші орынға қояды. Халықтың арман-аңсарының, негізгі әлеуметтік және мәдени құндылықтарының, бағдарларының бірлігі адамдар арасында туатын қайшылықтарды саналы түрде реттеп, шешуге, қоғамда тұрақтылық пен ынтымақтастық орнатуға көмектеседі. Олар саяси мәселелерді шешуге күш қолдануға, қоғамның революциялық жолмен дамуына қарсы. Бұл бағытты ұстанушылар орта тап санының көбеюі арқасында Батыс елдерінде таптық қарсыласу жойылды дей келіп, оның қоғамдағы рөліне үлкен үміт артады. Саясаттанудың негізгі парадигмалары мен олардың түрлері осындай.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет