6-лекция
СҮЛЕЙМЕН БАҚЫРҒАНИ
Лекция жоспары:
1. Ақын өмірі;
2. «Бақырған» кітабының тақырыптық-идеялық өзегі;
3. Жанры, тілі.
ХІІ ғасырдағы түркі мәдениетінің көрнекті өкілі, қазақ арасына Хакім-ата (Дана-ата) деген атпен ертеден белгілі сүлеймен софылық, дәуіріштік поэзияның жолын ұстаған. Осы ретте ол өзіне әйгілі Қожа Ахмет Йассауиді ұстаз тұтқан, соның идеяларын жалғастырып, толықтырып отырған. Сондықтан Сүлеймен шығармалары да өз ұстазынікі сияқты орта Азия мен Қазақстан жеріндегі медреселерде, діни оқу орындарында ұзақ мерзім оқытылып келген.
Сүлеймен қазіргі Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Түркістан қаласында дүниеге келген. Алғаш сонда оқып, сауатын ашқанымен, кейін көп жерде болып, Самархан, Бұқарадағы ғұламалармен кездесіп, олардан мол білім алып, толысқан. Хорезм елінде қызмет етіп, Бақырған деп аталатын қыстақта тұрған. Сонда 1186 жылы дүние салған. Қыстақтың атына байланысты ол Сүлеймен Бақырғани атанған. Ақынның шыққан руы Қаратау бойын жайлаған Қоңырат елі.
Сүлеймен көзқарасы діндарлық болғанымен, бізге поэтик тіл, жазба әдебиет, орта ғасырлық мәдениет үлгілерін танытарлық сипаты зор. Ақынның «Ақыр заман», «Бақырған», «Жұбан ана», «Әулие Мария» атты шығарма кітаптары мәлім. Өткен ғасырда олардың кейбірі Ташкент, Қазан қалаларында қайта басылып шықты.
Дегенмен, бізге толық жеткен көрнекті дүние ақынның «Бақырған» атты жинағы. Бұл жинағына Сүлеймен кіріспе беріп, онда өзінің сүйікті ұстазы Йассауиге арнау айтады. Оны ғаділ, кішіпейіл, білімді, дана шайх, бабалардың бабасы – деп ардақ тұтады.
Шайхылардың сарасы-
Шайхы Ахмет Йассауи!
Қаршығаны баптаған,
Сұңқар, лашын ұстаған,
Сансыз мүрит бастаған,
Шайхы Ахмет Йассауи.
Шариғатты сөйлеген,
Хахиқатты іздеген,
Шындық үшін сайысқан
Бабалардың бабасы-Баба Арыстан-
Шайхым Ахмет Йассауи!
Ақын бұдан басқа «Жасаған неге» сиыну, жалбарыну жайын, өзінің дінге деген шын ниетін, қажылық құрып, әулиелік жолға түсуін білдіреді:
Қазылар санатына кірсем,
Ғинаят шәрәбін ішсем,
Жауыздар сөзінен қашсам,
Шүкіршілік етсем, таңсәріден тәубә етіп.
Кешпен кедейлер үйіне қонсам,
Халықтан үйреніп, жиһанкез болсам,
Сүлеймен Бағырғани деп танылсам.
Бұл жолдарда айтылған ойлар Сүлеймен творчестволық өмірінің арқауы сияқты.
Құрылысы жағынан «Бақырған» жинағы екі бөлімнен тұрады
1) шағын лирикалық өлеңдер.
2) көлемді қисса-толғаулар.
Дегенмен, екеуіне тән ортақ идея бар. Ол: адамгершілікті, әділеттікті, ақылдылықты, даналықты, достықты, мейірімділікті, қайырымдылықты, махаббатты, адалдықты, құдайға құлшылық етуді уағыздау. Соған қоса, зұлымдыққа, надандыққа, дүниеқорлыққа қарсы шығады. Ел, жұрт мақсатына қызмет ету көзделеді. Кейбір пайғамбарлар туралы аңыздар бар.
Бақырғанидың лирикалық өлеңдері көңіл-күйді білдіретін сырлы дүниелер. Құдайға сене отырумен қатар, ақын өмір мәселелерін, әлеуметтік жайларды жырлайды, қоғамға сын айтады. Ақын дүние құбылыстарын таныта отыра, бұл дүние өткінші, пайдасыз деп, пессимизмге ұрынады, ол дүниенің жәннәтін айтады.
Солай болғанмен, Сүлеймен «еркін ойдың» ақыны. Ол да өз ұстазы Йассауи сияқты жастық, бозбалалық шақты қызыға жырлаған. Осы ретте оның көп жырлағаны - махаббат тақырыбы. Ақын адал достық, сүйікті жарға деген сезімін нәзік сезіммен білдіреді. Махаббат діннен, Меккеден де жоғары:
Жарсыз, бақсыз мекені мен не қылам,
Болмаса жарым қасымда дүниені не қылам?..
Сенің дертің жанымды менің өртейді.
Жүз жыл бейнет көрсемдағы сен үшін,
Есімнен сенің ай нұрлы жүзің кетпейді.
Сендей сүйіктім үшін өлсем рухым өшпейді.
Ақын махаббатты түсіне білу, сыйлау Алла алдында кінәлі болмайды, ал дөрекі адамдар ғана оны түсінбейді дейді. Белгілі ғашықтық геройлар: Ләйлі-Мәжнүн, Фархат-Шырындар адал махаббаттары үшін пейішке барған. Оларды Мұстафа пайғамбар қорғайды. Сондықтан, махаббат дерті ешбір дауа қонбайтын дерт: (5 - өлең).
Өмірдің қызығы махаббат, онсыз дүниеде де, хияметте де рахат жоқ. Бұл пікірді Абай да айтқан: Махаббатсыз дүние бос, Хайуанға оны қосындар.
Сүлеймен махаббат тақырыбын аса жоғары адамдық қасиет етіп жырлайды: махаббат дертіне шалдыққан адамға қарсы тұрар күш жоқ. Оның жалын атқан демінен мешіт ішіндегі бұйымдар да, шәкірт қолындағы дәптер – кітаптары да жанып кетеді; бұлбұл сайраудың орнына жылайды. Мені адам қылып жаратқан екенсің хақ-тағала, мен махаббат дертіне шалындым, діннен безді деп кінәләма: (6-өлең).
Дүниенің бәрін, тіпті дінді де ұмытып, тек махаббат қызығына елтіген ақын ғашықтықты жан-тәнімен беріле жырлайды. Осы жолда мен жанып-күйіп жүрген жанмын, күні-түні ойлайтыным сүйікті жарым, сонымен сауық-сайран құрған шақтарым пейіштен еш кем емес. Сондықтан, менде ес жоқ, мейлі маған күліңдер, өсек етіңдер, бәрібір маған әсер етпейді: (7-өлең).
Ақын сүйген жарға деген жан сезімін шын беріле, ақтарыла жырлайды: (8-өлең).
Дегенмен, Сүлеймен де ескі қатал заманның, зорлықшыл билеушілердің рақымсыздығын көріп, махаббат рахатын көре алмай, сүйгеніне қосыла алмағанын білдіреді: (9-өлең).
Ал сүйген жары сол ескі салттың қасіретке ұшырап, Сүлейменге қосыла алмай, ақын күйінішіне ұшырайды. (10-өлең).
Ақын жастық шағында осындай трагедиялы жай кешкендіктен, өмірден түңіліп сопылық жолға түсті деп ойлауға болады. Бірақ, ол сол махаббатты үлкен адамгершілік тақырыппен, құдайға адал құлшылық ету жайымен тығыз байланыстырады. Яғни махаббат тақырыбы да сопылық поэзияның өзіндік дәстүрі ретінде қарастырылған.
Сопылық әдебиет өнер-білімге өте жақын тұрды. Сүлеймен де бұл тақырыпты баса жырлады. Өнер-білімді ол тағы да адамгершіліктің, құдайға берілгендіктің белгісі ретінде түсіндіреді. Адамның адамгершілігі: оқу, үйрену, өмір тәжірибесін қорыту арқылы болады, шариғат шарттарын білу міндет. Ал жұмыссыздық - надандыққа әкеп соқтырады дейді. (11-өлең)- (12-өлең).
Адамның бір-бірінен артықшылығы олардың білімділігінде, дүние-байлық түк те емес. Білімсіз-соқыр, тәубәсіз, қалағанша ішіп-жейді, өзгені ойламайды, парықсыз.
Ал білімді адам дүниенің парығына түсінеді, көңіл көзі ашық, дарқан, қайырымды, алланың сүйген құлы да солар. Сондай адамның үлгісі етіп, үлкен ғұлама А.Йассауиды атайды.
Сүлейменнің ойынша адам білімді жас шағынан бастап үйренуі керек. Әйтпесе дөрекі, топас болып кетеді. Яғни қиянат жасауға барады. Аллаға да адал құлшылық етпейді. Сондықтан, ақын кімге болса жақсы білімді адам болудың үлгісін айтады (13-өлең).
Оқыған адамда әділдік бар, ол әлсізге көмектеседі, мейірім етеді. Сонда оның өмірі өрге басады. Мұхамбет пайғамбар да солай болған-мыс. Сондықтан ұлы адам, ғұламаларға тәубә қыл, бас ій дейді (14-өлең).
Дегенмен, Сүлеймен өнер-білімге жастай талпынып, оны біраз игергенімен, оның қызығын рахатпен көре алмаған. Дүниені ғылыммен, ақылмен құлпыртамын деген тілегі орындалмаған. Себебі қоғамда зұлымдық пен әділетсіздік иесі хан-сұлтандардың қиянатын көп көрді «Зұлымдықты әділдікке жеңгізбек болдым. Оны кім тыңдады». –«Бақ», «Бастан» деп едім, ол «Зындан» боп алдымнан шықты. Не таптым?-дейді. Дүниенің барлығы, қызығы алданыш, өткінші екен деп қайғырады ақын: (15-өлең).
Ақыры ол аллаға тәжім етіп жалбарынады. Бұл дүниеден дәм еткеніне, оның қызығына алданғандығына, оның фани екенін білмегендігіне алла алдында кешірім сұрайды. Ендігі жерде бұл дүниеден үміт үзіп, о дүниеге сенім артады. Бәрі де алланың ісі екен ғой, ол хақ, соған шүкіршілік ету керек дейді (16-өлең).
Бірақ Сүлеймен дінге құр соқыр сеніммен қарамайды, оның өзіндік талғамы бар. Бұл ретте ол діннің атын бүркеніп елді алдап мал тауып жүрген арамза шайқыларды қатты сынға алады. Олар дінге шын берілмеген ақыр заман шайқылары делінеді (17-өлең).
Сүлеймен дінге сенген адамдарды мейірбандыққа шақырады. Ақырет азабын шеккің келмесе, ешкімге қиянат жасама, адал өмір сүр, дүниең болса, кем-кетікке қарас, деп өз ұстазы Қ.Йассауидің негізгі гуманистік қағидаларына қол қояды.
С.Бақырғани көне дәуір әдебиетінде жанрлық жаңашыл ақын ретінде белгілі. Оның жоғарыда әңгімеленген әр алуан лирикасымен қатар сюжетті шығармалары да бар. Бұлар әрине, көлемді дастан емес. Белгілі діни аңыздардың негізінде жасалынған сюжетті толғау-жырлар деуге болады. Олар: «Мұстафа әулиенің толғауы», «Смағұл қиссасы», «Жарым алма хикаясы», «Ибраһим пайғамбар және оның Шаһит ұлы», «Ғалиарыстан (Ғазіретғали) батыр және Ақтым». Бұлар аталған аңыздар қазақ арасында діни кітаптар арқылы мәлім дүниелер. Шығарма қаһармандары дінге байланысты келеді: Құдай, Мұхамбет пайғамбар, оның сақабалары, батыры Ғазіретғали, бала-шағалары, әулие және күнәсіз адал жандар, пәк сәбилер, ең ақырында әзіретәли т.б.
Шығарма сюжеттері осы қаһармандардың қарым-қатынасына құрылған. Бәрі де әділет үшін, хақ жолы үшін күреседі. Басты идея – адамгершілік. Олардың барлығы зұлымдыққа қарсы. Бәрі де алланың ашық жолында әділдік, мейірбандық табады, әулиешілдікке көтеріледі. Яғни әділдікті негіз еткен алла жолына сендіреді.
Құдайдың ең сенімді адамдары әулиелері. Олар болашақта болжағыш, көреген, сезімтал болады. Бірақ жай адамдар сияқты оларға да өлім хақ, тағдыр бір.
Мәселен, «Мұстафа» туралы толғау. Бұл екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Мұхамбет пайғамбардың өлімі туралы әңгімеленеді. Мұхамбет өзінің әулиелігінің арқасында өзіне өлім күнінің келгенін алдын ала сезіп біледі. Содан барлық жақындарын, бала-шағасын, сақабаларын, үмбеттерін жинап бақылдаспақ болады. Олардың ішінде Абубәкір, Набидей ғұламалар, Ғалиарыстан батыр (күйеу баласы), Расул және Мұхамбет пайғамбардың балалары: Қасен мен Құсайын, қыздары Ғайша, Фатима болады. Олар да әулиелігімен түс көріп, әкелерінің жағдайын сезінеді. Бәрі қайғырады. Халық күңіренеді. Ал Мұхамбет пайғамбардың өзі барлық үмбеттерін мешітке жинап, халық алдына жүгініп, кешірім өтінеді, өсиеттерін айтады. Онда үмбеттеріне адал болуды, кем-кетік жетімдер мен әлсіздерге қарасуды, мейірімді, рахымды, қайырымды, қағатты болуды, бес уақыт намазды қаза етпеуді тілек етеді.
Осыдан кейін ғана алланың тапсырмасы бойынша әзірейіл келеді. Бірақ алланың өзі әзірейілді жұмсарда: «Мұхамбетті әділдік, жақсылық жасау үшін жаратқанмын, дегенмен оның өмірінің сызығы жетті. Енді алдыма әкел, бірақ қаталдық көрсетпей, силы адам етіп жеткіз» деген.
Сөйтіп бүкіл халық болып, сүйікті пайғамбарын жылап-сықтап шығарып салады.
Мұның бәрі адамгершілік, ізгілік жолын көксеген гумманист ақын, сопылық идеяның көрнекті өкілі Сүлейменнің Мұқамбеттің образы арқылы әділдік бейнесін жасауы еді. Осы ретте шығармада Мұқамбеттің мейірімділігін көрсететін эпизодтар кездеседі. Мысалы: айт күні Мұқамбет көше аралап келе жатса, алдынан аш-жалаңаш бір жетім бала кездеседі, ол жүдеу, әлсіз, кішкене қолын тосып, бір үзім нан тілейді. Мейірімі күшті пайғамбар баланы қатты аяп кетеді. Оған нан емес, үйіне апарып үлкен бір түйе сыйлайды. Сондағы пайғамбардың ойы: бала тойынып, ел қатарына қосылып кетуіне бұл түйенің пұлы жетеді,- деген.
Дегенмен өмірде жақсылықтың өкшесін жамандық та баса жүреді. Пайғамбар кетісімен-ақ баланың жанына қу саудагер жетіп келіп, сәбиді жаңғаққа қызықтырады. Етегі жаңғаққа толған бала, түйені саудагерге бере салады. Саудагер баланы алдап түйені жетектеп кете береді.
Бұл эпизодтың басты идеясы пайғамбар өсиеттерінен туындайды. Онда жетімге қарас, ақысын жеме, қайырымды бол деген. Бұл діни қағида тұрғысынан айтылса да өткен қара түнек залымдар билеген заманда өзіндік моральдық тәрбие мәні бар шығарма болды. Бұл идеяны алғаш әулие Қ.Йассауи айтса, кейін оның сенімді мүриді С.Бақырғани толықтыра, жаңғырта түсті.
Шығарманың ІІ бөлімінде Мұқамбеттің михражға ұшу сапары баяндалады. Әзірейіл келіп есігін қаққанда Мұқамбет пайғамбар жайбарақат жатқан-ды. Содан аттану сәті болды. Мұқамбет алдында біраз періштелер бәйек болды. Көктен неше түрлі пырақ келеді (дүлділ аттар). Періштелер ең жүйрік пыраққа пайғамбарды отырғызып аттандырады. Жолшыбай жеті қат аспанда бұрынғы пайғамбарлар мұны қарсы алып отырады. Ақыры Ләмкенге – құдайдың қабыл алатын орнына жеткенде әлгі шығарып салушылар: періште, әулиелер, пырақтар кейін қайтады. Мұқамбет алла-тағаланың алдына барып бас иеді.
Сұрақ: «Дүние пәниде не бітіріп, немен келдің?» Жауап: «Рахым, әділет, ораза, намаз болды қылғаным. Бір қолымда садақам, бір қолымда керегім – үмбеттерімнің күнәсі, рақымы күшті ием, кешірерсіз»-дейді.
Құдай: «Адамдар арасында достықты, татулықты дамытып, әділет жүргізгенің үшін кешірдім»-дейді. Содан соң ол Мұқамбетке ол дүниені аралауға, жұмақ пен тамұқты көруге ұрықсат етеді. Бірінде кінәсіздер алланың рақымына кенелген, екіншісінде күнәһарлар жазасын тартуда.
Бұл эпизод арқылы ақын өзінің әділеттілік, мейірімділік, жақсылық пен жамандық туралы өзінің қорытынды пікірін білдіреді. Яғни, жамандықтан жирен, жақсылыққа ұмтыл дейді.
С.Бақырғанидың келесі бір сюжетті туындысы «Смағұл қисса» шығармасы. Мұнда негізгі тақырыптық арқау дін төңірегінде болғанмен халыққа қамқор болу идеясы шығармаға негізгі арқау болды. Халқың үшін қасықтай қаныңды қи, өзіңді оның аман-саулығы үшін құрбан ет дейді. Сүлеймен пайғамбардың Ибрахим атты жалғыз сүйікті ұлы болады. Ол әрі ақылды, әрі көрікті еді, мектепте Оспан молдадан оқып жүретін. Бір күні алла–тағаладан Сүлейменге хабар жетеді: Жалғыз балаң Ибрахимді құрбандыққа шалуың керек, әйтпесе бүкіл халық апатқа ұшырайды,-деген.
Сүлеймен пайғамбар қатты қайғырады, бірақ амал қанша, елді апаттан сақтап қалу керек. Баласын шақырып алып, зарлап отырып болар жайды айтады. Ақылды Ибраһим ел үшін басын құрбандыққа байлайды. Сөйтіп баланы құрбандыққа шала бергенде, пышақ кеспей қалады. Бұл да алланың әмірі еді. Алла әкелі-балалы екі пайғамбардың өз үмбеттері, халқы үшін жандарын қиюға бар екендіктеріне көзі жетіп, әбден риза болып, пышақты өткізбей тастаған екен. Ибраһим аман қалады.
Жырдың сюжеті өте тартымды, адамды елтіріп отырады. Оқиғаны бейнелі түрде көркем етіп, үйлестіре өрбітіп отырады ақын. Бірден шығарманың басты кейіпкері жас пайғамбар Ибраһимнің жүзімен танысамыз. (18 өлең).
Осындай сүйкімді жасты, бауыр еті баласын қалайша қиып, құрбандыққа берер еді. Әке қайғысында шек жоқ. Көзінен қанды жас аққан Сүлеймен: (19-өлең).
Әрі қарай ақын әке мен баланың басына түскен қиыншылықты терең психологиялық сезім-толғаныстарды сипаттау үстінде береді. (20-өлең)
Ибраһим баланың ақылдылығы, даналығы оның өсиет сөздерінен де аңғарылады: «Анама қаны тиген киімімді беріңдер, әке, сен қанымды үстіңе тигізбей бауызда, содан соң аң аулап жерлерсің»-дейді.
Шығармада әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік, дінге, аллаға, ең ақырында елге, халыққа деген сүйіспеншілікпен ұласып кетеді. Ақын мұның бәрін аллаға, дін-исламға шын берілген жандардың ғана қолынан келеді деген софылық шешім айтады.
С.Бақырғанидың келесі бір шығармасы «Жарты алма» хикаясы қарапайым адамдардың даналық, әділеттілік ісін үлгі етуге арналған. Жырдың басында адам, әлем жаратылысы жайлы ақындық толғауы бар. Әлемдегі барлық нәрсенің келісімді болып жаратылуы толғандырады. Әсіресе адамның бітім-тұлғасы, жеті мүшесі бәрі келісті біткен: көрсін деп көз, естісін деп құлақ, жүрсін деп аяқ, ұстасын деп қол, жұмыс қылсын деп күш-қуат берген деп, алла шеберлігіне таңырқайды.
Бұдан кейін сюжетті негізгі бөлім басталады. Қарапайым бір адам жаздың жайдары күнінде мөлдіреп ағып жатқан бұлақ суына кездеседі. Бетін жуып рақаттанып отырады. Бір кезде жоғарғы жақтан сумен бір үлкен қызыл алма ағып келеді. Әлгі адам оны бас салып ұстап алып, қызыққаннан жартысын қауып жеп қояды. Сөйтеді де ойға қалады. Мен неге асығыстық жасадым. Бұл біреудің бағынан үзіліп түскен шығар. Оны иесінен сұрамай, неге мен жеймін, біреу хақысын жеген күнә ғой деп өкінеді. Сөйтіп арықты бойлап жоғары жүріп, баққа кездеседі. Оның иесі келісті бір батыр адам екен. Қарапайым адам болған жайды айтып, одан кешірім сұрайды. Тіпті кешірмесең аузы жоқ, көзі жоқ, қолы жоқ, аяғы жоқ үйімде мүгедек қызым бар, соны қалыңдыққа ал дейді. Өз ойынша келбетті батыр ондай қызды алмаймын дер деп ойлайды. Бірақ батыр жігіт: «айтқаныңызға көнейін, қызыңызды беріңіз, мүгедек болса, құдай ісі, мен сау боп тұрып мүгедекке көмектесуім керек, алмаймын десем күнәһар болармын»-дейді.
Содан әлгі бейтаныс кісі қызын әкеп көрсетеді. Жігіт таң қалады, қыз әкесі айтқандай мүгедек емес, ай десе аузы, күн десе көзі бар тамаша сұлудың өзі. Жігіт шалдан: «Жоқ ақсақал, бұның жарамайды, мені аямаңыз, мүгедек болса да өз қалыңдығымды беріңіз»-дейді. Содан кейін қыз әкесі жағдайды баяндайды. (21-өлең)
Осыдан соң тойын жасап бір-бірін шексіз ұнатқан жастар қосылып, бақытты өмір сүреді. Кейін бір ұл бала дүниеге келеді, өте ақылды, дана болып, он алты жаста үлкен білімпаз болып танылады. Бірде хан өз әйелімен жанжалдасып, жүгініске шыдар би таба алмайды. Сонда әлгі үлкен дауды алты жасар бала шешкен екен дейді. Содан оның мерейі үстем боп, хан сайланыпты.
Артынша ел билейді: «бұл кішкене бала қалайша көсем боп кетті» деп. Сонда нағашы атасы айтыпты: «баяғыда алманың жартысын жемей, бүтіндей иесіне қайтарсам, балам үш жасында-ақ ағзам болар еді, әттең қайтейін-ай!-деп күрсінген екен дейді.
Бұл шығарманың да үлкен моральдық идеяға құрылғандығы сезіледі. Біреудің мүлкін біліп алмай иемденбе, біреудің кемтарлығын кемсінбе қор боласың, адамгершілікті түсіне біл, сабыр ет, ақылды, өнерлі, білімді болған озар дейді ақын Сүлеймен.
Ақынның тартымды шығармасының бірі «Ғалиарыстан» және «Ақтым жыры» бұл шығарманың басты идеясы ел үшін, қарапайым халық үшін үлкен ерлік жасау. Бұл да құдай жолы ретінде бағаланады.
Шығарманың басты ойы Ғалиарыстан батыр сондай адам. Ол Мұқамбет пайғамбардың күйеу баласы, әрі әскери қолбасшы, сүйікті сақабаларының бірі. Ғалиарыстан ел қорғаны, ол бар жерде ешбір жау батып келе алмаған.
Сондағы араб жұртына көрші еврейлер жаулық ойлап, Ғалиарыстанның ебін тауып, басын әкел деп Қабыл атты зымиянды жұмсайды. Ол жасырын жүріп батырды іздейді, бір кезде Ақым деген қарапайым адамға жолығады. Ақтым әлгі зимиянның ойын сезіп қалып, өзін Ғалимын деп таныстырады. Қабыл абайсызда Ақтымның басын кесіп алып патшасына апарып береді. Содан еврейлер енді Ғали жоқ деп шабуылға шығады. Ғалиарыстан жағдайды енді түсініп, тұлпарына мініп жауды қырып тастайды. Сөйтіп қадірлі азамат кегін қайтарады.
Сонымен шығармада Ақтым да елдің ері Ғалиарыстанды сақтаймын деп жанын пида етті, өзі де ерлік жасады. Шығарма идеясы аталған істері арқылы елге деген сүйіспеншілік пен ерлікті паш етеді.
Қорыта келе айтарымыз Сүлеймен Бақырғанидың сюжетті шығармалары белгілі дәрежеде көркемдік мәні бар, идеясы өнегелі дүниелер. Кезінде адамгершілік, әділеттілік, парасаттылық, өнер-білімге құштарлық, досқа, ел-жұртқа, жетім-жесір, кемтарға қамқорлық идеясын көтерген туынды болды. Оның осы жағынан тәрбиелік мәні күшті болғандықтан, ол еңбектер ғасырлар бойы халықтың сүйікті шығармалары ретінде, шариғат түрінде айтылып жүрді. Медреселерде негізгі оқу құралы болып саналды. Діни қауым Сүлейменнің «Бақырған» жырын Қ.Йасауидің «Хиқмет» жырымен қатар әуенді сазға салып айтып жүретін.
Сүлейменнің әдеби жаңашылдығы Орта Азия мен Қазақстан әдебиетіне дәстүр боп орнықты. Мысалы: Сүлеймен алғаш рет «Ләйлі-Мәжүнін», «Фархат-Шырын», бейнелерін жазба әдебиетіне кіргізсе, кейін бұл дәстүрде көлемді шығарма ыңғайында Низами мен Науан жалғастырды.
Ал Сүлеймен творчествосынан басталатын діни сюжеттер, құдай, пайғамбар, әулие жайлы жыр-толғаулар кейін осы сарындас көлемді дастандар жасалуына әкелді: Рудаки «Әбжаппар», Рабғузи «Хиссауи анбия», орта ғасырлық «Жұм-жұма», XIX-XX ғасырларда қазақта Жүсіпбек Шайхыисламов, Ақылбек би Сабал, Шәді Жәңгіров сияқты діни сарындағы қиссалар өсіп- өрбіді.
Сүлеймен жасаған әулие, пайғамбар, батырлардың, қарапайым адамдардың көркем бейнелері, сомдалған характерлері, түр-түсі кейінгі көркем классикалық әдебиетке көркем образдар жасауға үлкен әсер етті.
Егер Европа әдебиетіне ескі грек әдебиетінде жасалған мифтік, құдайлар образдары қаншалық әсер етсе, Қ.Йассауи, С.Бақырғани, Н.Рабғузи шығармаларындағы діни негіздегі көркем бейнелер де Шығыс әдебиетінде сондай әсер етіп, классикалық дәстүрдің реалистік сипатын өрістете түсті.
Дегенмен, бұл көне заман ақындарының мистикалық идеяның кең аңғарылатындығын да білеміз. Олар жаңа туып келе жатқан феодаолдық идеоллогияның өкілдері. Сонда да олардың шығармалары халқымыздың сол ерте дәуірдегі жағдайы, қоғамдық-әлеуметтік жайы, көзқарасы туралы елеулі мәлімет береді. Сондықтан олар сол дәуірдің көрнекті өкілдері ретінде танылған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. Оқулық. – Алматы, 1986.
2. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. – Алматы, 1986.
3. Ахмет Йүгінеки. «Ақиқат сыйы» /аударған Ә.Құрышжанов/. – Алматы, 1985.
4. Боровков А.К. Лексика среднеазиатского .......ХІІ-ХІІІ в. 1963.
5. Бартольд В.В. Двеннадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии. Соч. Ү-Т. – Москва, 1968.
6. Бертельс Е.Э. История персидско-таджикской литературы. Соч. ТІ. – Москва, 1980.
7. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. – Алматы, 1973.
8. Сүйіншалиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. – Алматы, 1967.
9. Степанянь М.Т. Философские аспекты суфизма. – Москва, 1987.
Достарыңызбен бөлісу: |