Лекция ежелгі дәуір әдебиеті және оның Қамтитын тақырыптары мен ерекшеліктері (VII-XIV ғасырлар) VII-IX ғасырлардағы көне түркі әдебиет ескерткіштері лекция жоспары


-лекция Х-ХІІ ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІ. ҚАРАХАН ҚЫПШАҚ ДӘУІРІ МӘДЕНИЕТІ



бет5/8
Дата15.11.2023
өлшемі101,19 Kb.
#122641
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8
4-лекция


Х-ХІІ ҒАСЫР ӘДЕБИЕТІ. ҚАРАХАН ҚЫПШАҚ ДӘУІРІ МӘДЕНИЕТІ
ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН МҰРАСЫ
«ҚҰДАТҒУ БІЛІК»
(1020-1069)
Лекция жоспары:
1. Ж.Баласағұн өмірі;
2. «Құдатғу білік» дастанының нұсқалары, зерттелуі;
3. «Құдатғу білік» дастанының идеясы, тілі, жанры, көркемдік ерекшелігі.

Ж.Баласағұн ХІ ғасырдың ұлы мәдени өкілі. Ол ертедегі Баласағұн қаласында туған. Сондықтан Баласағуни атанған. Баласағун ертедегі түркі мемлекеті Қараханның астанасы болған. Онда көптеген өнер мен ғылым қайраткерлері топтасқан. Жүсіптің әкесі де күйші-музыкант боп, сол кездегі билеуші Бограханға қызмет еткен. Жүсіп осындай өнерлі ортаның үлгісін жастай көріп, әсер алды. Жастай өнер-білім қуған Жүсіп бірнеше қалаларда болып, әр түрлі тілдерді үйреніп алады, әсіресе, араб, парсы, қытай секілді мәдениетті елдердің ғылымын, әдебиетін сол тілдерде игерген. Ол әдебиеттен басқа, география, тарих, астрономия, геометрия ғылымдарын да меңгерген.


Дегенмен, Жүсіптің әдебиет тарихындағы орны аса ерекше. Оның мұрасы аса бай, сан-салалы болғанға ұқсайды. Олары сол дәуірдің озық мәдени мұрасы болса керек. Бірақ, Жүсіп мұраларының ішінен бізге толық жеткені «Құдатғу білік» атты дидактикалық поэмасы.
Аталмыш шығарма бүкіл түркі халықтарының ортағасырлық ортақ шығармасы. Оның жалпы көлемі 13000 жол. Дастанда Жүсіптің өзі жазған қара сөзді кіріспе-түсініктеме бар. Онда ақын дастанның қалай жазылғанын, мәнін айтады. Жүсіптің айтуынша «Құдатғу білік» ақыл, парасатқа толы шығарма. Ондағы сөздер Қытай мен Үнді ойшылдарының нақылдарымен безендірілген. Бұл кітаптың дана жолдарын оқығандар ақыл-ойға кенеледі. Әр елдің данышпандары бұл кітапты өздерінше бағалап жүр, әрине жоғары. Қытайда мұны «Мемлекет желдігінің даналық ережелері» дейді. Үндіде «Жайлы басшылық кітабы» дейді. Шығыс патшалықтарында «Хүкмәт әшекейі» дейді, Фарсыда «Бақытқа жеткізетін ғылым» дейді. Кейбір елдерде оны «Патшаларға кеңесші кітап» деп атаған. Ал біздің түркілер оны «Құдатғу білік» (яғни, «Құтты білім кітабы») деген.
Жүсіп бұл еңбегін Қашғар жерінде аяқтап, Бограханға тарту еткен. Хан оған «Хас-Хажіб» (басшы, ақылшы) деген атақ берген.
Кітапқа тақырыптық негіз болған төрт асыл қасиет: 1)-Ғаділеттік, 2)-Бақыт, 3)-Ақыл, 4)-Молшылық.
Жүсіп бұларды тамаша ер етіп көтереді, әрқайсысына арнайы ат қояды. Ғаділеттікті - Күн толды деп, елге басшы еттім дейді; Бақытты - Айтолды деп, уәзір дәрежесіне көтереді; Ақылды – Өгділміш деп, уәзірдің баласы етеді; Молшылықты – Өдгірміш деп, уәзірдің інісі қылады.
«Осы төрт ер бір-бірімен әңгімелеседі, біріне-бірі сұрау қойып, жауап береді. Осы төрт ер туралы оқып, оқушыларымның жаны жадырасын, жүздеріне жылу кірсін, дастанды жазушыны еске алсын» - дейді Жүсіп алғы сөзінде.
Бұдан шығатын қағида – ақын әділеттік пен ақылға негізделген ел билігін аңсайды. Қатал қара күшке ақыл мен парасатты қояды. Сонда ғана бақыт пен молшылық, береке арнайды дейді. Бұл - сол кездегі гуманистік идея. Ол ұлы ғалым Ә.Фараби қағидаларымен ұштасып жатады.
Сондықтан «Құдатғу Білік» ел билеуші хан-патшалар үшін ереже сияқты қабылданды. Бұл ретте ақын ел мен халық мүддесін жоғары қоя білді. Қандай да хан, патша болмасын, ол үстем тап мүддесін ғана көздеп қоймай, барлық кәсіп иелерін, өндіргіш күш саласындағы еңбек адамдарын тегіс қажет санап, көңіл аударып отырулары керек дейді. Міне, кіріспеде осы жайлар түсіндіріледі.
«Құдатғу білік» ғылым әлемінде ХІХ ғасырда мәлім болды. Оны алғаш Стамбулдағы Австрия елшісі Иозеф Хаммер деген кісі Шайхзада деген түріктен сатып алған. Шығарма ұйғыр алфавитінде жазылған қолжазба екен. Ол оны Вена сарайы кітапханасына тапсырады. Бұл қолжазбаны 1439 жылы Қасан қара Сейіл Шамс деген кісі жасапты. Бұдан кейін 1825 жылы француз ғалымы Р.Жобер осы қолжазба туралы мақала жазып, оның кейбір тарауларын өз тіліне аударған.
Өткен ғасырда бұл дастанды танытуда орыс тюркологтары Березин И.Н., Ильминский Н., Радлов В.В. елеулі еңбек еткен. Дегенмен «Құдатғу білікті» алғаш рет толық зерттеп, Европа ғылымына алғаш паш еткен ғалымдар венгер тюркологы Вамбери мен орыс тюркологы Радлов болды.
Дастанның кейінгі замандарда тағы да екі нұсқасы табылған. Бірі 1897 жылы Каир қаласынан, екіншісі 1914 жылы Орта Азиядағы Наманган қаласынан.
Совет тюркологтары осы соңғы нұсқаны негізге алып, көлемді зерттеулер жүргізді, еңбекті орыс тіліне аударып жариялады. Бұл ретте Малов, Залитова, Гребнев, Бертельс, Стеблева т.б. еңбектері зор. Осы орайда өзбек ғалымдары да көптеген ұлағатты істер атқарып, дастанды өзбек тіліне толық аударып, ғылыми-зерттеу істер жүргізді.
Сонымен, «Құдатғу білік» поэмасы талай замандардың назарын аударған асыл мұра болды. Өзінің идеясы жағынан ол жалпы адамгершілік, гуманизм рухында жазылған дидактикалық шығарма. Бірақ автордың негізі мақсаты Қараханид мемлекетін нығайту, оның даңқын зорайту болған. Дастан оқиғасы ХІ ғасырда Ыстықкөл, Жетісу және Қашғар өлкесінде болған шындыққа байланысты өркендейді.
Поэма 73 тараудан тұрады. Алғашқы тарауында дәстүр бойынша құдайға сену сипатталады. Ақыл мен білімнің маңызы, саз өнері мадақталады. Бұл ретте Күнтолды мен Айтолды үлгі етіліп, олар Бограханға ақылшы ретінде сипатталады.
Ал қалған негізгі тарауларында ақыл, өсиет, тәлім-тәрбие уағыздалады. Ол өз семьясында болсын, ел билеу ісінде болсын өзін қалай дұрыс ұстай білуі әңгімеленеді.
Ақын-жарауға беретін сипаттама да көңіл аудартады. Автор ақындық өнерді жоғары бағалайды. Ақындарды ел үшін еңбек еткен адамдардың атын мәңгі сақтаушылар, хандар оларды қошеметтеу керек деді.
«Құдатғу білік» дүние, әлем жайларын да сөз етеді. Әлемдегі 7 планетаға 12 жарық жұлдыздың бар екендігін айтады. Әр түрлі табиғи құбылыстар: ай, күн, түн, қыс, жаз, күз – бір-бірімен байланысты, заңды өзгеріс қозғалыста.
Дастанда адамның асыл қаситеттерін қадірлейтін жолдар көп. Білім мен ақыл адамның ең қымбат, ең әдемі қасиеттері. Бұл мәселеге де дастанның бір тарауы арналады. Ақыл адамды жоғары көтеріп, даңқын асырады. Егер патша табиғатынан ақылды, дана болса, ол халқының бақыты, үлкен сыйы.
Білімді адам ешкімге тәуелді болмайды. Білімге жетелейтін, білімнің қадірін білетін, білім әркімге қажет. Сонымен талап, еңбек, білім, ақыл – осы төрт игі қасиет кімге де болсын қажет.
Талапты ер жалықпас,
Талапсыз өмір жарытпас.
Еңбекпен барлық қажетің табылар,
Еңбексіздер қызықтан да жалығар.
Біліммен адам толығар,
Білімі оны зар қылар...
Ақылмен ғана адам хайуаннан ажырар,
Ақылмен ғана ер әділет үшін құрбандыққа шалынар – дейді Жүсіп.
Ақын өмір туралы үлкен философиялы қағида айтады. Адам өмірі ұзақ емес, сондықтан оны жақсы қасиеттермен, қайырымдылықпен, достықпен мазмұнды өткіз дейді. Ұлық бол, кедей бол – түбінде тағдыр ортақ – бір өлім. Күшің барда жақсылық қыл:
Өмір жолы – көрген түспен тең,
Ғажайып, бірақ ұзақ емес.
Өмір қымбат болса да өлшеулі,
Жақсылық жаса, қайырымды бол.
Бақырға қарас, мейірімді бол,
Тамағың болса аяма, ашыққанды тойдыр.
Дастанда адамның мінез-құлқын бейнелеу де ерекше. Ақылды адамға байсалдылық керек. Қызғаншақтық, ашушаңдық, өзімділікке – ақыл жат.
Ашу адамды ақылдан айырады,
Ашу үстіндегі мейірімді адамның өзі зұлым.
Зұлым адам ұзақ өмір сүре алмас,
Өзінің зұлымдығы оны жұтар.
Зұлым бақытты да, қуанышты да білмес.
Тек мейірманды адам ғана дегенге жетер.
Ж.Баласағунның адамның жас шамасы жайлы айтқан пікірлері, кейінгі ғасырларға қазақ жырауларының толғауларымен үндесіп жатады:
Жастық шақ өмірдің ең жақсы өрнегі,
Шындық пен мейірімділік болсын көргені.

Кәрілік кеп тұр есікке,


Маған жетті, сен де тұрсың есепте...

Қырық жас болды шекара


Жел боп шыққан оңыңнан.

Елу жас келді еңмеңдеп,


Әжім басты өңімді.

Алпысқа қуып тастардай,


Күн санап қайрат келіп тұр.
Ақын ақылды адамның ел билеуін өнеге етеді. Ал керісінше болса, елдің соры: «Қанағатсыз патшадан, қанағатты кедей артық!
Биік таққа отырған ақылсыз,
Таң қыдырып кетірер.
Ақылды ер есіктен орын тепсе де,
Биікке өзін көтерер.
Бақытты болу да адамның өзіне байланысты. «Өз бақытыңа өзің қарсы шыққың келмесе, ешкімге жалған сөйлеме, жамандық қылма!»
Жүсіп өз сөзін өте жоғары бағалайды. Өзі өмірден өтсе де, сөзі қалатындығын айтады:
Мен шірімес сөзді тілеймін,
Ұрпақтардан артық жасайтын,-дейді.
Жүсіп өзінің философиялық лирикасында кәрілікке қарсы пікірлер қозғайды, оған бой алдырмай, қажырлы, қайратты болуды үндейді. Поэзиядағы бұл тақырыптық дәстүр Орта Азия мен Қазақ әдебиетінде ертеден бар дәстүр.
Дастанда табиғат суретін әдемі сипаттайтын сәттер де кездеседі. Ол қазақтың «Наурыз» жырларына ұқсас келген. Көктемдегі көрікті табиғат жұмсақ жібекке әр түрлі сәнді, әшекейлі заттарға теңестіріледі. Көз алдымызда табиғаттың әдемі суреті: көгі мен көлі мол шексіз дала, аспанмен таласқан кең алқапты заңғар таулар, көктем табиғатының көз тұтар әсем суреттері өте тартымды және ол адам баласы мен жан-жануарлың шат көңіл-күйіне бөлене сипатталады.
Жалпы мұндай сурет кейінгі қазақ әдебиетіне етене жақын. Мәселен, белгілі тюрколог С.Е.Малов «Құдатғу біліктің» ішінде «Көктем сипаты» бөлімі ерекше көркем шыққан дей келіп, сондағы «қанат қақты, қайнады» деп басталатын жолдарын ХІХғасырдағы қазақ ақыны Шәңгерей Бөкеев өлеңдерімен ұқсас деп айтады. Шәңгерейдің көл басында, оның бетінде дамылсыз қаптап, қанат қаққан құстарды сипаттауы әлгі дастанды еске түсіреді.
«Құдатғу білік» қазақ әдебиетіне тән жайлар көп, олар қазақ түсінігіне ғана кетеді. Мәселен: Айтолды мен Күнтолды арасындағы кеңестер ақыл, өсиет, нақылға толы боп келген. Олар қазақ сөзінде бар жайлар:
Тумақтың өлмегі бар,
Тәңірдің қалағаны болмағы бар.
Өмір деген өткінші жолдай есер,
Оны кім тоқтатып күшін басар.
Бұл жолдар қазақтың көреген шешендік сөздерін, тұрмыс-салт әуендерін еске түсіреді. Ұлы ақын Абайдың көптеген шығармаларында осындай салихалы ойлар айтылады, өсиет етіледі.
Ж.Баласағуни сөз қадірін жоғары бағалаған адам. Сондықтан ол өз дастанында тіл маңызына байланысты, сөз мәніне қатысты мәнді пікірлер білдіреді: «Тауып айтқан сөз ақылдылық куәсі, ол ақылды сөз адамға бақыт, жұғымсыз сөз адамға қасірет әкеледі. Сондықтан адамның өз тілі өзіне бірде дос, бірде қас, тіліңе сақ бол, әр сөзді ойлап айт, сөзге мән бермесең, басың кетеді» дейді. Бүгінгі қазақ мақал-мәтелдерінде осы сыңайда көптеген ұқсастықтар бар: «жақсы сөз жарым ырыс», «Адам тілі тас жарар, тас жармаса бас жарар».
«Құдатғу біліктің», әсіресе, «Білім және шешендік сөздер» тарауында тіл туралы аса мәнді пікірлер айтылады:»Тіл адамды көкке көтереді, сол арқылы ол бақытқа жетеді. Сондай-ақ адам өз тілінен жаза да тартады, басын да жояды. Тіл – арыстан, ол босағаңда жатыр, сақ бол одан, ол алдамшы, басыңды алып түсуі де мүмкін. Мазаңды ала берсе, тіліңді кес. Сақтанып сөйлесең басың өзіңде қалар. Сақтық қылсаң тіліңе, бұзылмайды тісің де. Жақсы болғың келсе, жаман сөз айтпа. Көп сөйлеме, аз сөйле. Он мың сөздің түйінін он сөзбен шеш. Адам екі нәрседе қарымайды: бірі – ізгі ісі, екіншісі – іні сөзі. Адам өледі, сөзі қалады, сөзімен бірге өзі қалады. Өлмей өмір сүре бергің келсе, жақсы сөз бен дана іс қалдыр. Адам көркі – сөз. Адамның сәні бетінде, беттің сәні көзінде. Ой көркі – ақыл, сөз көркі – нақыл». Немесе дастанда ақылды адамдарды өнеге етіп, ақын ұлағатты, өнерлі өмірді дәріптейді: «... Ақылмен іс қылған бек елге сүйкімді болады. Міне, осындай ақылды басшы Күнтолды еді. Өзі әмір жүргізіп тұрған шақта, ол құлағын да халқы жаққа тіккен еді. Солардың мұңын шаққан-ды. Сондықтан да оны елі сүйіп еді. Ол зұлымдар мен бұзықтарды халық арасынан аластап еді. Осылайша сақтықпен іс қылып, халқына әмірін жүргізіп еді. Сондықтан да оның тұсында қой мен қасқыр бір жүретін, біріне-бірі тимейтін. Мұны естіген жаулары өздері келіп, бас иіп, оған қосылып жататын. Халық түгел бақытқа кенеліп, Ғаділділіктің мерейі үстем болды».
Шығарма халықтық мұра ретінде қабылданады. Оған дәлел оның бірнеше тарауларында адамгершілік идеяға аса мән берілген: «Қол басы батырлар бағасы», «елшілер туралы», «саудагер туралы», т.б. тараулар.
Бұларда халық тұрмысы, тап қайшылығы жайлы, күйзелген елдің ауыр халі туралы кең әңгіме қозғалады. Оған керісінше дастанда дәулетқұмарлық, дүниеқорлық, байлық, мансаптық сыналады.
«Құдатғу біліктің» тіл көркемдігіне көңіл бөлмеуге болмайды. Оны арнайы зерттеген татар ғалымы А.А.Валитова шығарма стилінің біркелкі еместігін, оның әрбір бөлімінің өзіндік көркемдік ерекшелігі барлығын айтады: «Дастан стиліне дидактикалық, философиялық поэзия мен публистикалық аңыздар тән, оның көркемдік құны да осында»-дейді.
Дастанның өлеңдік формасы көбінесе шығыс үлгісінде келетін «бәйіттен» тұрады, яғни аяқталған бір ойды білдіретін екі жолды шумақ:
Ауыздан бірде от, бірде су шығар,
Бірі жанса, бірі сөндірер.
Аққан су ол – жақсы сөз,
Қайда ақса, сонда гүл өседі.
Жанрлық жағынан қарастырғанда мұнда әртүрлі арнаулар мен мақтаулар, нақылдар жиі кездеседі. Мәселен: Бограханға арналған мақтаулар мен нақылдар аса мәнді. Онда хан әртүрлі қоғамдық топтарға қалай қарауға тиіс, сол арқылы мемлекетті қалай нығайту керектігі айтылады. Бұл ретте керуеншілер, саяхатшылар, егіншілер, малшылар, қолөнершілердің пайдасының көптігі, соларды бағалап, санасып отыруды уағыздайды:
Саяхатшы, керуенші
Алыс жерде жүрмесе,
Інжуді кім табар еді
Олардың бәрін ішке алып,
Аралассаң қажет табылар.
Солармен ғана, сенсеңіз,
Даңқыңыз жұртқа жайылар.
Ақын жалпы еңбекші қауымды қоғамның негізгі жасаушы күші ретінде бағалайды: тасшылар, ұсталар, ершілер, аңшылар, шешендер, қолбасшылар турасында да ұлағатты ой білдіреді.
Жүсіп өзінің нақылында тіпті жаулап алған елге де хан қылышпен әмір жүргізбей, ақылмен басқарғаны дұрыс дейді:
Қылыш ел тоздырар, һәм бұдан қазына азар,-деп зорлық саясатының арты жақсылыққа апармайтынын сездіреді. Сондықтан қылышпен емес «кісілігімен атын көтереді кісі» деген қағида айтады.
Нақылдар әділ билеуші болу жолындағы үлгі – өнеге іспетті: «Ақылмен іс қылу – ең ардақты қасиет, ақылсыз адам – жеміссіз ағаш, ешкімге пайда бермейді»; «Ел бірлігі нығайса, хан билігі күшеймек, ел бірлігі ең жақсы қорғаның, аш – жалаңашқа қаран» - деп автор өрелі моральдық дәрежеден көрінеді.
Осы жағдайларды еске алып «Құдатғу білікті» зерттеген белгілі ғалымдар оны XI ғасырдың аса құнды әдеби мұрасы деп пікір түйістірген. Ол бүгінгі Қазақ және Орта Азия әдебиетіне ортақ туынды, бүкіл әлемдегі мәні зор шығарма.
«Құдатғу біліктің» зерттелініп, ол туралы пікірлер айтылуына біраз уақыт болды, оның бірнеше нұсқалары белгілі. Ең ескі нұсқасы – Каирдан табылған жазбасы. Одан басқа Гераттық нұсқа Венецияда, Наманғандық нұсқа Ташкентте сақтаулы. Россияда 1890 жылы акад. В.Радлов дастанның Гераттық вариантын жариялап, пікір айтты. Ол дастанға жоғары баға берді, ертедегі тарихи оқиғалар негізінде жазылған әдеби шығарма, ғибрат сөз, шебер афоризм, бастан аяқ екі жолды, он бір буынды өлең деген.
Шығыс зерттеушісі Бартольд бұл дастанда парсының дидактикалық әдебиетінің әсері бар, сонымен бірге жергілікті түркі халықтарының нақыл сөз, ауыз әдебиеті нұсқалары кеңінен пайдаланылған делінген.
Е.Бертельс бұл дастанның жазба әдебиет пен ауыз әдебиеті негізінде жазылған шығарма дейді, және көшпенділер талабына сай туынды екендігін айтады. Онда ескі түркі эпосының әсері барын білдіреді. «Дегенмен поэманы түгелдей Қарахандықтар тілегін көрсететін шығарма деуге болмайды. Дастанда дәстүрге көп орын берілген. Автордың өзі үстемдер билігін қолдаса да адамгершілік идеясын жоғары көтеріп, әділдік, ұстамдылықты әр уақыт ханнан талап етеді»,-дейді ғалым.
Дегенмен, В.Бартольдтың да, Е.Бертельстің де бұл дастанда парсы әдебиетінің әсері бар деуі, үстірттік дейді қазақ ғалымы Х.Сүйіншіәлиев. сонымен бірге мұны тек көшпелі елдің шығармасы деуі де жаңсақ дейді.
Дұрысында бұл қала мен дала өмірін қатар сипаттаған туынды, мұнда қала билеушілері мен қолөнер шеберлерімен қатар даладағы егінші, малшы өмірі қатар сипатталады дейді қазақ ғалымы.
Дастанның тілі туралы пікірлер бар. Кейбіреулер оның тілін шартты түрде ұйғыр тілі деген. Бұл – үстірт пікір. Дұрысы, ол түркі тілдерінің шығыс тобына жатады. Яғни қазіргі өзбек, қырғыз, ұйғыр тілдеріне жақын дейді Бертельс.
А.Саматаевич «Құдатғу білікті» қарлұқ тайпасы шығарған дейді. Өзбек ғалымы Қ.Каримов – Чығыл тайпасы тілінде жазылған десе, әзербайжан ғалымы Ә.Наджиб дастан Жетісу ескерткіштері тілінде туған дейді. Осы пікірлер жиналып келіп бір арнаға түйіседі. Яғни дастан Қарахан мемлекеті дәуірі мұрасы. Ал Қарахан мемлекетінің негізі Жетісу өңірін мекендеген қарлұқтар тайпасы болған. Чығыл мен Йағыма сол қарлұқтан тараған аталар.
Қарахан мемлекеті аса мәдениетті, Жібек жолының үстінде, Қытаймен қарым-қатынаста болған мемлекет. Орталығы Баласағұн, одан басқа Екі өгіз, Алмалы, Тараз сияқты ірі қалалары болды. Қарахан ханы Сүтун Бұғрахан 960 жылы мұсылман дінін қабылдады, араб жазуына көшті. ХІІ ғасырдан бастап жеке-жеке хандықтарға бөлініп құлдырады. Ақыры ХІІІ ғасырда монголдар жекелеп басып алды.
«Құдатғу білік» сол Қарахан елінің дәуірлеп тұрған ХІ ғасыр кезі шығармасы, яғни Орта Азия мен Қазақстан жерін мекендеген көне түркілер – қарахандықтар ескерткіші, сол дәуірдің жоғарғы мәдениеті мен әдебиетінің куәсі. Ол бүкіл түркі әдеби тілінің даңқын зорайтты, негізін қалауға зор үлес қосты. Ол кейінгі дәуірлер тіліне де негіз болды: Алтын Орда, Хорезм, көне қыпшақ әдеби шығармалары одан алшақ кетпейді. Ол қазіргі түркі тілдерінің терең тамырлы туыстығына куә, бүгінгі қазақ әдебиетінің тереңнен тартылар сол атақты ескерткіште жатыр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет