Лекция ХІХ ғасырдың І жартысындағЫ Қазақ Әдеби тілінің структуралық ҚҰрылымы қарастырылатын мәселелер: ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің сөзжасамы



бет1/4
Дата15.06.2023
өлшемі23,72 Kb.
#101619
түріЛекция
  1   2   3   4
Байланысты:
ХІХ ҒАСЫРДЫҢ І ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ СТРУКТУРАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ


6-ЛЕКЦИЯ

ХІХ ҒАСЫРДЫҢ І ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ СТРУКТУРАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ




Қарастырылатын мәселелер:

  1. ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің сөзжасамы.

  2. ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің грамматикасы.

1.ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің сөзжасамы

Бұл кездегі де сөзді тудыру тәсілінің бірі – аффиксация тәсілі. Өткен ғасырлармен салыстырғанда жұрнақтың көбейгенін көреміз.


Ең актив қолданылатын жұрнақ -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік. Басты қызметі – заттық ұғым атауларын жасау. Мысалы, жалғыздық, жақсылық, хандық сөздері бұрыннан келсе, жаңадан ептілік, даналық, тыныштық, шешендік, сұраулық сөздері пайда болған.
Аталған сөзжасамдық жұрнақ арқылы сындық ұғым атауларының да жасалғандығы байқалады: жылдық, тиындық, күндік т.б.
Жаңа сөз жасауда -қор, -паз, -шыл, -гіш жұрнақтарының да активтене түскендігі байқалады. Бұл кездерде мынадай сөздер жасалған: жемқор, пайдақор, бүлдіргіш, жетекшіл. Сөзжасамдық жұрнақтардың қатарында
-сыз, -сіз, -лы,-лі, -ды, -ді, -ты, -ті, -дайын,- дейін, -ым, -ім жұрнақтарын атауға болады. Мысалы,ағым, келім, сусыз, балалы.
Жаңа заман, жаңа қоғамдық өмір әкелген жаңалықтар – жаңа ұғым атауларын қажет етуі заңдылық. Осыған орай, туынды ұғым атауларын жасаудың екінші түрі қолданыла бастады. Ол – сөз мағынасын жаңарту тәсілі, немесе семантикалық тәсіл. Семантикалық тәсіл арқылы пайда болған туынды ұғым атаулары: пысық, ұлық, аға сұлтан, елу басы, төре, мәселе кітап, насихат, несие, өсім, жол сауда т.б. Пысық, атқамінер сөздері терминдік мағынаға ие болса, ұлық, төре сөздері бұрынғы жалпы ұғымнан ауысып, белгілі бір әкімдерді атауға бейімделе түскен.


2.ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің грамматикасы

Хатқа түскен әдебиет үлгілері аз болғандықтан бұл кездегі де әдеби тілдің фонетикалық, грамматикалық құрылысын тұтасынан дәл сипаттау қиын. Дегенмен әдеби тілді танытатын көркем әдебиет өлең түрінде болғандықтан, ондағы грамматикалық тұлға-тәсілдердің көп өзгермей жететіндігін ескеріп және алдыңғы дәуірдегі үлгілер тілімен салыстыра отырып, бұл тұстағы қазақ әдеби тілінің грамматикалық құрылысын біршама зерттеп, талдауға болады.


Әдеби тілді танытатын үлгілердегі басты морфологиялық тәсілдердің көрінісі қазіргідегідей, мәселен, сөзді септеу, жіктеу, тәуелдеу,көпше түрде өзгерту парадиагмасы, сөздердің қиысу, жанасу, меңгеру тәсілдері, етістіктің рай, етіс категориялары, сын есімнің шырай түрлері осы күнгі әдеби тіл нормасына сай келеді.
Алайда мынадай ерекшеліктер де кездеседі, ол тілдің нормалану процесінен, екінші белгілі стильдік белгілерінен танылады.
Ең алдымен, грамматикада варианттылық құбылысы бар екенін атауға болады. Жарыспалылық екі-үш салада көрінеді: бірі – морфологиялық тұлғалардың қызметінде, екіншісі – сыртқы формасында, үшіншісі – қиысу, меңгеру амалдарында. Мысалы, белгілі грамматикалық категорияның қызметін екі тұлғаның жарыса атқару фактісі бар. Есімшенің -ар, -ер, -р жұрнақты түрімен ауыспалы шақтың -ады түрі қатар жүреді.
Мысалы, Махамбетте:
– Екі кісі тең барса,
Оңды төре береді,
Ақылы жетік би адам.

Немесе, Шортанбайда:


Алғаның жақсы жолықса,
Қадіріңді біледі.

Жарыспалылық -арға,уға тұлғаларының қолданылуынан да байқалады.


Мысалы, Махамбетте:

  • Өлеңді айтып толғандым,

Көкірегімді басарға.
Немесе, Шерниязда:
– Бармайды ауыз шіркін жамандарға.
Немесе, Алмажанда:

  • Әкекемді мен бейбақ,

Диуана болып іздерге.
Байқаймыз, қазіргі қазақ әдеби тілінің грамматикасында баруға, келуге түрінде берілетін амал ХІХ ғасырдың І жартысында -арға вариантында жиі кездеседі.
Талдау барысында байқағанымыз бұл грамматикалық форманың -ма, -ме жұрнақты синонимі кездеседі. Ол етістікке барыс жалғауы жалғанғаннан кейін жалғанатын форма.
Мысалы:
– Шығып едік елімнен хан Жәңгірді көрмеге.
Ішке толған мұңды зар, арызымды айтып бермеге.
Дегенмен бұл тұлға өте сирек кездеседі, қазіргі қазақ әдеби тіліне тән емес. Мұндағы -ма, -ме жұрнағы қазіргі қазақ әдеби тілінің грамматикасындағы мақсатты келер шақтың -мақ, -мек жұрнағының ықшамдалған варианты болуы да мүмкін.
Бұдан кейін етістіктердің септіктерді меңгеруінде де ерекшелік бар екендігі байқалады. Бірақ бұл жүйелі емес.
Мысалы, Махамбетте:
– Бір қазақпен тең едім. Қазаққа – деп меңгерілуі тиіс.
Немесе:
– Жәңгір ханды ниеттеніп,
Қызың да кетіп барады. Ханды сөзі – ханнан деп меңгерілуі тиіс.
Жіктеу есімдіктерінің мен жалғаулығымен ілік септікте тұрып тіркесуі кездеседі. Қазір мүлде қолданылмайтын тәсіл, ал өткен ғасырда бұлайша тіркестіру тілімізге тән болған.
Мәселен, Шерниязда:
– Біздің мен он үш деп едік.
Етістік пен есімдіктің анайы-сыпайы, жекеше-көпше жағынан қиыспай қолданылуы – ауыз әдебиеті үлгілеріне тән құбылыс. Бұндай грамматикалық ерекшелік ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тіл үлгілерінде кездесіп қалады. жағдай да өткен ғасырдың әдеби тілінен бар.
Мысалы, Алмажанда:
– Асықпай тұр тоғыз би,
Сізге де келер бір кезек.
Ол негізінде былай берілуі керек еді:
Асықпай тұрыңыз тоғыз би,
Сізге де келер бір кезек.
Ал бұл диссонанс өлең өлшеміне байланысты болуы да мүмкін.
ХІХ ғасырдың І жартысындағы әдеби тіл үлгілерінде -ған қосымшалы есімшемен соң шылауының тіркесі жиі қолданылады. Өлеңнің ұйқас ыңғайына қарай ғансын варианты Махамбетте бірер жерде кездеседі. Сондай-ақ есімдік пен етістіктің жақтың қиысуы да әрдайым сақталмайды, І,ІІ жақ жіктік жалғауы түсіп, айтылады.
Мысалы,Мен тауда ойнаған қарт маралмын. Бұл да өлең өлшемінен туған тәсіл, осы күнгі поэзияға да жат емес.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет