Лекция жинағы Пән: «Қазақстан тарихы»


Тақырыбы: Қазақстанның экономикалық дамуы



бет69/81
Дата06.01.2022
өлшемі0,64 Mb.
#12222
түріЛекция
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   81
Байланысты:
kazedu 201595

Тақырыбы: Қазақстанның экономикалық дамуы.
1. Нарықтық қатынастарға көшу: қиыншылықтар мен күрделі мәселелер

2. Республика өнеркәсібінің дамуындағы ахуал

3. Қазақстан ауыл шаруашылығының жағдайы
1. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшуді таңдап алған болатын. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда Қазақстан Ресейдің үлгісімен бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті.

Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең- 1991-1992 жылдар, екінші кезең - 1993-1995 жылдар аралығы болып, осы мерізімде жүргізілетін іс бағдараламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, Президенттің Жарлығымен бекіді. Ал үшінші кезең - 1996-1998 жылдарды қамтуға тиіс болды. Осымен байланысты көптеген жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да қүжаттар қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т. б. Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның да кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жеке меншіктік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға қарай, меншіктің түрін өзгертуде, аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды.

Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді.

Бірінші. Реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты да, мүдделері де, оларға жетер жолы да, әдіс-айласы да толық анықталмады.

Екінші. Барлық елге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, өз жолы болу керек. Оны әлемдік тәжірибе де көрсеткен. "Жапондық", "Немістік" тағы басқадай әр елдің өз даму жолы болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық Валюталық Қордың ұсынған "есеңгіретіп емдеу" деп аталатын жолына түсіп, Ресейдің соңынан ерді. Ол Ресейден бөлек дербес экономикалық саясат жүргізу қиын деген желеумен жасалды.

Үшінші. Экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанға қажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жеке меншікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай тұрып, ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру өкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты.

Төртінші. Қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмағанды. Реформаны жүзеге асыру үшін оған қажет механизмдерді жасау керек еді.

Бесінші. Инфляцияны (құнсыздандыруды) ауыздық-тамаса ешбір істе береке болмайтыны белгілі. Бірақ осыған қарамастан мемлекеттегі қаржы, несие, ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресрустарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары пайызбен сатып, пайда табумен әуестенді.

Алтыншы. Қылмыс, жемқорлық, заңды бұзушылық көбейгені соншалық, ол қоғамның қатерлі ісік сияқты ең қауіпті ауруына айналды. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапкерсіздік қосылды. Міне, бұлар реформаны жасауда, қоғамды дұрыс дамытуда өздерінің кеселдерін тигізді.

Жетінші. Мемлекет басшылары экономикалык дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның ой-қырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. Елді дағдарыстан бір-ақ жылда шығару саясаты жүргізілді. Бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді.

Сондықтан мемлекеттің алдында дағдарыстан шығудың жолдары қарастырыла бастады. Онын, ең бастысы - бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс -жекешелендіру. Ол жайында көп айтылды, көп жазылды. Мемлекеттік меншікті тезірек жойып, бәрін жеке меншікке айналдырсақ, халық жұмыла жұмыс істеп, өндіріс жанданып, ел байып, бәрі де орнына келеді деп ойланды. Тәжірибе жүзінде олай болмай шықты. Жекешелендіру барысында елімізде үш бағыттағы /шағын, жаппай және жеке жобамен/ кәсіпорындар құрылған.

Нәтижесінде мемлекеттік меншікті жекешелендіру жарияланған екі кезеңінде де /1991-92 жж және 1993-95 жж/ мүліктің үлкен талан-таражға түсуіне жол берілді. Бұл халық шаруашылығы үшін берекесіздік тудырып, экономиканың күйреген, таяу жылдарда шыға алмайтын терең, дағдарысқа ұшырауының басты себебінің біріне айнадды. Сондай-ақ, елдің экспортқа өнім шығаратын кәсіпорындары ескі әдетіне басып, өздерінің тауарларын эшелон-эшелонмен сыртқа жөнелте беруді ғана білді. Соның салдарынан республикадан 250 млрд. сомның өнімі сыртқа, негізінен алғанда Ресей Федерациясы мен ТМД елдеріне, су тегін кеткен болып шықты. Сондықтан бұл жағдай үкіметпен барлық экономикалық институттарды, Статистика мен Қолдау Комитетін қатыстыра отырып, терең талдау жасауды талап етті. Тек осындай талдаудың қортындысына сүйене отырып, үкіметке алдағы уақытта нендей істерді жүргізуді анықтау керек болды.

Осымен байланысты 1994 жылдың қаңтарында экономикалық реформаны жүргізуді жандандыру жөніндегі шаралар туралы Президент қаулы қабылдады. Онда дағдарысқа қарсы шаралар мен экономиканы тұрақтандырудың 1994-1995 жылдарға арналған бағдарламасы әзірленді. Бағдарламада Қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформалардың ерекшеліктері, елдің өндіргіш күштері, өндірістік қатынастар, өндірістік аппарат, игерілетін қазба байлық, елдегі 7 миллиондай еңбекке жарамды адам күші ескерілді. Бұдан басқа бағдарламада энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мәселесі қойылды, өндірістің құлдырауы тоқтатылып, экономиканы тұрақтандыру, инфляцияны ауыздықтау қажет екені айтылды. 1995 жылдың қараша айының 15-ші жұлдызында мемлекеттің өз ақшасы — тенге енгізілді.

1994 ж наурызда Президент Жарлығымен ауыл кәсіпорындарының өтей алмаған 2,2 млрд. сомдық несиесінің мерізімі екі жылға ұзартылды. Бірақ сол жылдың сәуірінен бастап энергияға, энергия көздеріне баға жоғарлады. Осыдан келіп инфляция тағы өсті, деңгейі 1260 пайызға жетті.

Реформаның барысында Қазақстанда 1994 жылдың күзінен үкімет макроэкономикалық реттеуді меңгере бастады. Бағаның өсуі біраз тежеліп, инфляцияның өсу қарқыны елеулі түрде төмендеді. Сол сияқты ұлттық банктің несиеге алатын пайызы да қауырт азайды. Ақша-қаражат саласында да осындай түзеліс байқалды. Өнеркәсіптің кей салаларында да оңға басушылық орын алды.

Жалпы дағдарыстан шығудың, реформаны жүргізудің пәрменді құралының бірі - экономикалық орталық болу тиіс еді. Алайда, Министрлер кабинетінде реформаны ойластырып, алға бастыратын орталық болмады. Экономика министрлігі ондай орталық бола алмады. Нәтижесінде 1994-1995 жылдары дағдарысқа қарсы шаралар мен реформаны тереңдету бағдарламасы негізінен орындалмай қалды. Макроэкономикалық тұрақтандыру және құнсыздануды тоқтатуға қол жетпеді, тиімді сыртқы сауда саясатын жасау да көңілдегідей болмай шықты, әлеуметтік саясат та халыктың басым көпшілігінің наразылығын өршіткені болмаса разы етпеді.

Нарықтық реформаға көшудегі жіберілген тағы бір қате -ол үкімет басшыларының елдің экономист ғалымдарына сенбеуі. Оның себебі бізде бұған дейін нарықтық экономика болмады, сондықтан біздің экономистер нарыққа көшудің жолдарын, түрлі тетіктерін білмейді деп есептелді.

Нарықтық қатынастарға көшу барысында бізде орын алған тағы бір үрдіс бар. Ол сонау Столыпин реформасынан, одан бері Қазан төңкерісінен кейінгі индустрияландыру, ұжымдастыру науқандары сияқты қоғам өміріндегі түбегейлі өзгерістерге революциялық сипат беру. Ал біздің халық бұл үрдіске үйренбеген және ол халықтың психологиясына келе бермеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығын жекешелендіруде үкімет асығыстық жіберді. Дағдарыс жағдайында бой көтерген жеке фермерлер басқа халықты асырамақ түгіл, олардың көпшілігі өзін-өзі әрең асырап отырды. Нәтижесінде 1993-1995 жылдарға арналған бағдарламаларда инфляцияны төмендету, өндірістің құлдырауын тоқтату және өндірістің ұлғаюы үшін жағдайлар жасау жоспарынан ешнәрсе шықпады.

Қазақстан үкіметі осыдан кейін 1996-1998 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қабылдады. Онда реформаның ең күрделі деген мәселелерін шешу маңызды орын алды. Алайда, бағдарламада көзделген жекешелендіруді аяқтау, бірыңғай холдингтік, шағын және орта кәсіпкерліктерді қолдау, ауыл шаруашылығында қосымша 30 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарды құру айтарлықтай нәтижелер берген жоқ.

1997 жылдың қазан айында Президент Н. Ә. Назарбаев республика халқына "Қазақстан-2030"-деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе "Қазақстан барысын" қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және стратегиялық ұзақ мерізімдегі даму жолдары мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді.

Тек осы аса маңызды шараларды іске асырғанда ғана Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-аукатының артуы мүмкін екендігіне сенім білдірілді.

"Қазақстан-2030" Бағдарламасының талаптарына орай соңғы жылдары еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, әлемдік стандарттарға сай түзілген заңнамалық-құқықтық базаны жетілдіру жөнінде орасан зор жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, биліктің, сот және құқық қорғау органдарын қоса алғанда, оның барлық тармақтарының құрылымы мен қызметінің қағидаттары едәуір жетілдірілді. Сондай-ақ, демократия мен азаматтық қоғам институттары даму жолына түсті.

Қазақстан геосаяси кеңістікте әлемдік қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі ретінде лайықты орын алды. Қалыптасқан әріптестік саяси және экономикалық қатынастар мемлекетімізді барлық дүние жүзі елдерімен байланыстыруға мүмкіндік берді. Қазақстан жетекші халықаралық ұйымдарда, соның ішінде, БҰҰ-да белсенді жұмыс жүргізіп, антиядролық қозғалысқа, жаппай қарусыздануға, бітімгершілік және терроризмге қарсы күрес ісіне лайықты үлесін қосып келеді.

"Қазақстан-2030" бағдарламасын жүзеге асыру барысында тәуелсіз еліміздің басты табыстары мен жетістіктері -мемлекеттің қауіпсіздігін нығайту және экономикалық өрлеу болғанын айтқан жөн. Бұл барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының артуына кең өріс ашты. Қазір біздің республикада нарықтық экономика мен демократиялық мемлекеттің іргесі қаланып қана қойған жоқ, сонымен қатар барлық қазақстандықтардың игілігі үшін кәделі, әрі әлеуеті жоғары, әрі ішкі ресурстары мол әлеуметтік-экономикалық дамудың кемел үлгісінің нақты нышандары қалыптасты. Оған дәлел ретінде бүкіл әлемдегі ең күшті мемлекет - АҚШ-тың Қазақстанға нарықтық экономикасы бар ел мәртебесін беру туралы шешімін ерекше атап көрсеткен жөн.



2. Қазақстан басқа республикаларға қарағанда нарық қатынастарын бұрын бастап кеткені жөнінде жоғарыда айтылды. Бірақ нарықтық экономикаға көшу өнеркәсіптің одан әрі дамуына жол ашпады. Қайта өнеркәсіп салалары, әсіресе, ауыр индустрия, халыққа аса қажет жеңіл өнеркәсіп орындары біртіндеп тоқтай бастады. Кәсіпорындардың көпшілігі бірқатар себептер бойынша: қажетті материалдық ресурстардың жоқтығынан немесе тұрақсыз қаржы жағдайына байланысты өз қуаттарын толық пайдалана алмады. Күрделі кұрылыстың қысқаруы экономикаға кері әсерін тигізді. Инвестициялық процестің төмендеуі қоғамдық, өндірістің тоқырауына соқтырды. Экономиканың тұрақтануына қаржы-ақша жұйесінің терең дағдарысы кесірін тигізді. Мемлекет бюджетінің тапшылығы - бір жағынан, кәсіпорындар мен мекемелер корының өсуі, халықтың бар ақшасын "шұлық ішінде" немесе банкте жинақтауы - екінші жағынан, инфляцияны одан әрі жоғарылатты. Күрделі құрылысты қаржыландыру көлемі 40%-дан астам қысқарды, нәтижесінде 1992 ж. мемлекеттік тапсырыс бойынша іске қосылуға тиісті 32 өндірістік қуаттар мен объектілердің тек екеуі ғана іске қосылды.

Өнеркәсіптің құлдырауы 1993 және 1994 жылдары да тоқтамады. 1993 жылы 1990 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 16,1% азайды. Оның ішінде электр қуатын өндіру 13%-ға, мұнай өндіру 9%-ға, көмір өндіру 17%-ға төмендеді. Ал 1994 жылы 1992жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 39%, халық тұтынатын тауарлар 41% кеміді. Дегенмен 1995 жылы республикада тұтастай алғанда, өнеркәсіп өнімінің төмендегеніне қарамастан, оның жекелеген салаларында 1994 жылмен салыстырғанда: газ өнеркәсібінде - 29,3%, қара металлургия - 17,4, химия және мұнай-химия өнеркәсібінде -3,4, түсті металлургия өнеркәсібінде - 1,9% өсім байқалды. Бірақ инвестициялық мақсаттағы өнімдер және тұтыну тауарларын шығаруға бағытталған салаларда өндірістің едәуір құлдырауына жол берілді. Өнім өндіру жеңіл өнеркәсіпте 59,8%-ға, орман, ағаш өңдеу және целлюлоза-қағаз өнеркәсібінде - 45, тамақ өнеркәсібінде - 20,7%-ға артта қалды. 1995 ж. Республика бойынша түгелдей алғанда кәсіпорындардың 44% (4743-тің 2088-і) 1994 жылғы өндіріс көлемінің денгейіне жете алмады. Өндіріс көлемін төмендеткен кәсіпорындардың басым көпшілігі Торғай, Талдықорған, Алматы, Атырау, Көкшетау және Қарағанды облыстарының үлесіне тиді. Соның нәтижесінде Қазақстан кәсіпорындары 166,5 млрд. теңгенің өнімдерін кем берді. Бұл республикада шығарылған өнеркәсіп өнімдерінің 26%-ын құрады. Бір ескертіп айтатын жайт 1995 жылы 1994 жылмен салыстырғанда электр қуатын, газ конденсатын, табиғи газ, темір және хром рудасын өндіру ұлғайды. Солай бола тұра жылу энергиясын, мұнай, мырыш өндіру төмендеді.

1996 жылы республикадағы кәсіпорындарды реформалау және жеке жобалар бойынша ірі объектілерді жекешелендіру жөніндегі жұмыс қарқын алды. Жетекші ірі кәсіпорындар өнімдерінің бағасы мен тарифтеріне бақылау жасау, сондай-ақ, оларды шағындау және бәсекелестік орта құру жөнінде салиқалы саясат жүргізілді. Бірақ осыған қарамастан 1996 жылы өндірістің құлдырауы тоқтамады. Өндірістің құлдырауы энергетика кәсіпорындарында 8,9%, қара металлургияда- 17,8%, машина жасауда-9,9%,химия және мұнай-химия өнеркәсібінде - 27,2 %, құрылыс материалдары өнеркәсібінде-31,8%, ұн тарту-жарма және құрама жем өнеркәсібінде - 9,5% болды. Дегенмен 1996 жылдың соңына қарай өнеркәсіптің құлдырауы кейбір салаларда тоқтап, аздап өскендігі байқалды. Мәселен, осы жылы 1995 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру - 16,1%, түсті металдар өндірісі -2,7% өсті. Инфляция мөлшері де ауыздықтала бастады. 1992 жылғы теңге енгізудің қарсаңында ол 3060% жетсе, 1996 жылы - 28,7% дейін, 2000 жылы - 9,8%, 2001 жылы - 6,4%, ал 2002 жылы - 5,9% төмендеді.

Өндірістің құлдырауының басты себебі - Одақ бойынша бұрыңғы қалыптасқан шаруашылық қатынастардың үзілуі. Өнеркәсіптің екінші бір кері кетуі - өз жеріміздегі өндіріс кәсіпорындарының бір-бірімен байланысын, кірігуін, тұтасуын дұрыстап ұйымдастырып, дайын өнім өндіруге бағытталған нақтылы істің болмауы. Өнеркәсіптің артта қалуының тағы бір себебі - оның шикізат өндіруге бейімделген сыңаржақтылығында, дайын тауар өндіретін, әсіресе, машина жасау салаларының жоқтығында болды. Одан басқа мемлекет экономиканы басқарудың тізгінін босатып алды, халық тұтынатын тауарларды шығаруды өз бетімен жіберді, өнеркәсіп саласындағы еңбек өнімділігінің көрсеткіші анықталып жарияланбады, еңбекке ақы төлеуде оның нәтижесі, өнімділігі, олардың, арасындағы байланыс еске алынбады, бір сөзбен айтқанда, жалақы өз алдына, еңбек өнімділігі өз алдына жүрді. Мұндай жағдай экономикасы жақсы дамыған елдерде, нарықтық экономикада болмайтын құбылыс екені белгілі.

Өнеркәсіп өнімінің құрт төмендеу себептерінің бірі -жаңа технология мен техниканы пайдалану, оны өндіріске енгізу кең өріс алмады. Бұл іс бұрыннан ақсаулы болатын. Оның себебі біздің адамдардың жаңа технологияны игеріп, қолданудағы білімі мен шеберлігінің жеткіліксіздігі еді.

Қазақстан кәсіпорындарындағы негізгі қорлардың XX ғ. 90-шы жылдары тиісті дәрежеде жаңаланып отырмауы, олардың 50%-ға дейін ескіріп кетуіне әкеп соқты. Кәсіпорындарды жөндеуге қыруар қаржы керек болса, республикада жоқ болып шықты. Экономиканы, еңбектің тиімділігін арттыруда еліміздің егемендігін, экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде энергетиканы, мұнай, темір, көмір, түсті металл өндіретін ірі кәсіпорындарды дамытудың маңызы зор екені белгілі. Бірақ осы бағытта тындырылған іс мардымсыз болды. Елдегі өнеркәсіп саласының құлдырап кетуінің тағы бір себебі, әсіресе, мемлекеттік кәсіп орындарда қатаң тәртіптің жоқтығы еді.

Жоғарыдағы айтылған қиындықтар мен кеншіліктерді жою үшін 1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асыруға күш салды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Соның нәтижесінде 1999 жылы мұнай-газ өндіру, металлургия, химия, полиграфия және тоқыма-тігін өнеркәсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жалпы өнім өндіру 1%-ға, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8%-ға өсті. Елдің алтын қоры 2 млрд. долларға жетті. 2000-шы жылы Үкімет Алматы облысындағы Текелі сілті, Степногорск подшипник, Оралдағы "Зенит" зауыттарына, Павлодардағы трактор зауыты мен "Асыл ағаш" жиһаз фабрикасына жеке-жеке бағдарламалар бекітіп, оларды тез арада сауықтыру шараларын белгіледі. Сонымен қатар дәрі-дәрмек және медициналық өнеркәсіпті өрістету көзделді.

Міне, осындай мемлекеттік маңызды шараларды жүзеге асыру барысында (2000-2002 жылдары) республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалды. Едәуір деңгейде бұл өзгерістер өнеркәсіп саласында импортты алмастыру бағдарламасын іске асыруда өзінің тиісті нәтижесін бере бастады. Тек соңғы үш жылда өнеркәсіп өндірісінің өсімі 42,9 пайызды құрады. Қазақстанның өнеркәсіп саласында мұнай-газ өндірісі елеулі орын алып, ол жалпы өнеркәсіп өнімнің 46 пайызын қамтыды.

Қара металлургияда шойын, болат, прокат, ферросплав құю артты. Түсті металлургияда глинозем, мырыш, қорғасын, мыс т.б. өндіру өсті. Бұл жылдары тек газ-мұнай шығару кәсіп салаларын дамытуға 9,5 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылды. Нәтижесінде елімізде 2002 жылы 40 млн. тоннаға жуық мұнай мен газ конденсаты өндірілді. Мұның өзі 1997 жылғы деңгейден 1,5 есе артық. Қазірде мұнай-газ секторы мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың, негізгі көздерінің біріне айналып, республиканың жалпы ішкі өнімдерінің едәуір бөлігін қамтиды.

Батыс Қазақстан аймағында Теңіз бен Қарашығанақ сияқты мұнай-газ кен орындарын игеру жөніндегі ауқымды жобаларды іске асыру жүргізіліп жатыр. Каспий аймағында өнеркәсіптік мұнай өндіруді 2005 жылдан бастап қолға алу жоспарланған. Жамбыл облысы жеріндегі Амангельді газ өндіру орнын игеру жұмысы басталды. Каспий ққрлықтық мұнай кұбырының бірінші кезегін іске қосу еліміздің экспорт жөніндегі мүмкіндігін арттыра түсті. Мұнайды әлемдік нарыққа жеткізудің баламалы нұсқалары — Атырау-Баку-Жейһан, Қазақстан-Түрікменстан-Иран, Батыс-Қазақстан-Қытай бағыттарының да үлкен болашағы күтіп тұр.

Қазақстанның біріккен энергия жүйесі 2000 жылдан бастап, Ресей мен Орталық Азия елдерінің энергия жүйесімен капталдас режимде жұмыс істеуге кірісті. Мұның өзі республикамызға Казақстанның оңтүстігіндегі энергетика проблемаларын шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, оңтүстік аймаққа Екібастұз ГРЭС-терінің артық электр қуаты жеткізіле бастады.

Сонғы жыддары Ақтау теніз портын, Достық-Алашанькоу шекаралық өткелін және Достық-Ақтоғай теміржол учаскесін қайта жаңалау жұмысы, Семейдегі Ертіс көпірі мен Ақсу-Дегелең теміржол құрылысы аякталды. Алтынсарин- Хромтау арасындағы теміржол құрылысы басталды. Белгіленген жоспарға сәйкес Алматы-Астана автожолын жаңалау жұмысы 2003 жылы аякталғалы отыр. Сонымен қатар республиканың барлық автомобиль жолдарын жанғыртуға да едәуір қаржы бөлінген. Астанада халықаралық әуежай құрылысы қолға алынды. Алматыдағы әуежайды калпына келтіру жұмысы аяқталып келеді. Жалпы 2002 жылы бұрыңғы 2001 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 9,5 пайызға артты. Инвестициялық қаржыны және т.б. түрлерін тарту күрделі құрылысты — 7,7 пайызға, жеңіл өнеркәсіп тауар өнімдерін — 8,7 пайызға, көлік пен байланысты —10,3 пайызға көтеруге мүмкіндік берді. Бұл жылдары әуе жол және автомобиль көлік қатынасы едәуір артты. 2002 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда автомобиль жол қатынасы 129,6 пайызға өсті.



3. Қазақстан экономикасында, әсіресе, ауыл шаруашылығының үлес салмағы үлкен екені белгілі. Бірақ, осыған қарамастан 1992-1993 жылдардағы елеулі дағдарыс ауыл шаруашылығында басталды. Оның басты себебі — ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдерінің арасындағы үлкен алшақтық еді. Бұл ауыл шаруашылығын қатты күйзеліске әкеп соқтырды. Мәселен, 1993 жылы 1990 жылмен салыстырғанда К-700 маркалы трактордың бағасы 1287 есе, МТЗ-82 маркалы трактордың бағасы 1667 есе, астық жинайтын "Нива" комбайнының бағасы 2050 есе, Дон-1500 комбайнының бағасы - 1236 есе қымбаттады. Ал бұған керісінше осы жылдар ішінде астықтың сатылып алу бағасы бар болғаны 148 есе, мүйізді қараның бағасы - 65 есе, қой -62, сүт - 87, жүн - 66, құс - 127, жұмыртқа - 219, ауыл шаруашылығы барлық өнімдерінің бағасы - 116 есе өсті. Бұл деректерден өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы арасындағы алшақтықты айқын көруге болады. Ауыл шаруашылығына қажетті өнімдерге бағаның бейберекеттігінен техниканы, тыңайтқыш, өсімдікті қорғайтын химиялық құралдар қолдану қауырт төмендеді.

Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына республикадағы колхоздар мен кеңшарларды жаппай және тез арада жекешелендіру науқанының үлкен зардабы тиді. Бұрын 600-ден астам астық өндіретін, 700-дей қой шаруашылығымен шұғылданатын кеңшарлар мен колхоздар, 80-дей құс фабрикасы бар еді. Шошқа өсіретін, бордақылайтын өндірістік негізде дамыған бірнеше ірі-ірі кешендер жұмыс істеді. Халық жұмыртқамен, құс етімен толық қамтамасыз етілген еді. Шошқа етімен қамтамасыз етуге жететін мезгіл да алыс еместі. Тек қолбайлау болып отырған нәрсе - ол құрама жем өндіру болатын. Республика халқы жекешелендіру барысында өздерінің осы қолда барынан айырылып қалу жағдайын бастан кешірді. Бағадағы былық, бейберекеттік, жекешелендірудегі асығыстық пен науқаншылдық, қаржыландырудағы берекесіздік, басқарудың жоғарыдан төменге дейінгі жүйесін күйрету, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді алыпсатарлыққа айналдыру және тағы басқа жағдайлар, тұтас алғанда, ауыл шаруашылығын күйретуге соқтырды. 1993 жылы кеңшарлардың басым көпшілігі жұмыскерлерге 6 айға дейін жалақы бере алмады. Көптеген кеңшарлардың адамдары 1994 жылдың қаңтарына дейін теңгенің жүзінде көрмеді.

Құрама жемнің сапасының төмендігі мен бағасының қымбаттығы құс пен шошқа шаруашылығына үлкен нұқсан келтірді. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін, ұқсататын салаларда жаңа қуаттарды қосу, жаңа технологияны өндіріске енгізу, негізгі қорларды алмастыру сияқты жұмыстардың көлемі азайып кетті. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жоғарыдағы айтылған және басқа да кемшіліктерді жоймай, салаға деген көзқарасты түбегейлі өзгертпей бүкіл реформаның жүзеге асуына күмән келтірді.

Нарық жағдайында аграрлық сектордың басты бір саласы—мал шаруашылығының халі мәз болмай, едәуір төмендеді. Малдың саны жылдан-жылға азайып отырды. Мал мен құстың кемуі негізінен осы салаға деген көзқарастың нашарлауынан болды. Малға қажетті жем-шөп аз дайындалды. Жеке шаруаларға бөлініп берілген малдар өнім берудің орнына сатылып кетті, немесе ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. Мал санының азаюының тағы бір себебі — бұрын Қазақстан бүкіл Кеңес Одағына арнап ет дайындаса, енді оны 15 миллион халыққа ғана есептеп өндіретін болды.

Мал шаруашылығын одан әрі дамыту және мал басын қайта көбейту үшін негізгі үш бағытта жұмыс істеу көзделіп отыр. Біріншіден, селекциялық — асыл тұқымдандыру жұмыстарының деңгейін көтеру арқылы қолда бар мал басының генетикалық әулетін арттыру, жоғары сапалы тұқыммен барлық аналық малды қолдан ұрықтандыруды жаппай қолға алу. Екіншіден, перспективалық мал тұқымдарын дамыту үшін жағдай туғызу. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдарымен бірлесе отырып, жоғары сапалы өнім беретін мал тұқымдары анықталып, оларға мемлекеттік қаржы көздерін қарастыру. Үшіншіден, жоғары сапалы өнім беретін мал тұқымдарын табиғи өсіммен арнайыландырылған орта және ірі тауарлы өндіріске қайта бейімдеуге қол жеткізу.

Қазақстан үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, егіс көлемін көбейтуге, өнім мөлшерін өсіруге бағытталған шараларды іске асыруда. Ауыл шаруашылығы саласындағы меншік түрлеріне қарамастан үкімет оларға әрдайым қолдау көрсетіп отыр.

Ауылда шаруашылық жүргізудің жаңа формалары қалыптасты. Мемлекет ауыл шаруашылығына салықты азайтты. Салықты тек бір патент түрімен ғана төлеу енгізілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының бұрыңғы қарыздарының барлығы жойылды. Басқа қарыздары 5-6 жылға ары қарай создырылды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы реформалар ондағы жалпы өнімнің өсуіне мүмкіндік берді. Мәселен, мұндағы жалпы өнімнің өсу қарқыны 1999 жылы 1998 жылмен салыстырғанда 28,9 пайызға артты, 2000 жылы өсім 8,2 пайыз, 2001 жылы — 16,9 пайыз, 2002 жылы 6,6 пайыз болды.

Ауыл шаруашылығы саласының қаржылық жағдайы да едәуір жақсарды. Егерде сала бойынша 1999 жылдың қорытындысында 2,6 миллиард теңге табыс түссе, 2000 жылы бұл көрсеткіш 4,8 миллиард теңгеге жетті. Ал 2002 жылдың қорытындысы бойынша табыс 10 миллиард теңгеге өсті.

Ауыл шаруашылығы одан әрі дамытудың жаңа кезеңі Қазақстанда өткен 2002 жылдан бастау алды. Бұл кезең /2005 жылға дейінгі уақытты қамтиды/ аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауыл шаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізу және ауылдың әлеуметтік бейнесін жаңғырту мәселелерімен сабақтастырыла қарастырылған.

2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығын және оған байланысты салаларды бюджеттік қаржыландыру елеулі түрде арта түспек. Осыған орай салаға қатынасты 77 бюджеттік бағдарламаны қаржыландыруға 40 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның 30 миллиарды аграрлық секторды дамытуға, 10 миллиарды ауылдың әлеуметтік мәселесіне, оның ішінде, денсаулық сақтау, білім беру салаларына, ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалады. Ал 2004 жылы ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бюджеттен - 50 миллиард, 2005 жылы — 55 миллиард теңге бөлу жоспарланған.

Қорытып айтқанда, еліміздің ауыл шаруашылығына жан-жақты көмек көрсету арқылы оның деңгейін көтеру, соның ішінде қазіргі кездегі егістік көлемін сақтау, одан алынатын өнімді өсіру, қолда бар малдың санын одан әрі кемітпей, тұрақтандыру ісін жүзеге асыру көзделген. Ол үшін Елбасының "Қазақстан-2030" Жолдауында атап көрсетілгендей, кеңшарларды жекешелендіру, мал басын тұтастай жекеменшік қолына өткізу шаралары алдағы уақытта ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.






Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   81




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет