Жағалы талшықтылар отряды-Choanoflagellata
Жеке (Codosiga) және колония (Sphaeroeca) түзіп тіршілік етеді. Талшығы біреу, оның түбін цитоплазмадан құралған жұқа жаға қоршап жатады. Талшықтың қозғалу әсерінен ұсақ органикалық қоректік заттар (бактериялар, көк-жасыл балдырлар т.б.) жағаға жабысып, бірте-бірте цитоплазмаға және ас қорыту вакуоліне өтеді.
Тамыраяқты талшықтылар отряды-Rhizomastigina
Бір немесе бірнеше талшықтары болады. Олар талшықтарымен қатар жалған аяқтарын да (псевдоподияларын) шығара алады, сондықтан да екі кластың Sarcodina және Mastigophora-ның аралық иесі болып саналады. Бактериялармен, көк-жасыл балдырлармен, ұсақ қарапайымдылармен қоректенеді. Жыныссыз жолмен ғана көбейеді. Тұщы суларда жиі кездесетін өкілдері: Mastigamoeba aspera, Actinomonas mirabilis және басқалары.
Көпталшықтылар отряды-Polymastigina
Өкілдерінің 4-6, одан да көп талшықтары, кейде толқын тәрізді жарғақ мембранасы және бүкіл денесін бойлап өтетін тығыз тірек таяқша-аксостильдері болады. Ядроның қасында ірілі-ұсақ түйіршіктерден құралған парабазальды денешіктер орналасқан. Көпталшықтылардың бәрі де паразиттік тіршілік етуге бейімделген. Адамда трихомонас (Trichomonas) және лямблия (Lamblia) туысының өкілдері кездеседі.
Trichomonas chominis адамның тоқ ішегінде, Tr. vaginalis жыныс жолдарында тіршілік ететін сопақша келген кішкене 5-15 мкм-ді талшықтылар. Денесінің алдыңғы жағында төрт талшығы болады, олардың үшеуі бос күйінде алға қарап шығып тұрады, ал төртінші талшығы артқа қарай бағыттылып толқын тәрізді жарғақтың шетіне бекініп, толқынды (ундуляция) мембранасын түзейді.
С урет Лямблия (Lamblia intestinalis). 1 – ядро, 2 – сорғыш, 3 – парабазальды дене, 4 – оксостиль, 5 – талшық.
Лямблия (Lamblia intestinalis) адамның ащы, он екі елі ішегінде және өт жолдарында тіршілік етеді. Денесі екі жақты симметриялы, екі ядросы, 8 талшығы және парабазальды түйіршіктері болады. Ішек эпителиіне жабысатын сорғышы болады. Лямблия ішек ауруын туғызады, кейбір жағдайларда өт жолына, бауырға өтеді. Ауру циста арқылы жұғады.
Достарыңызбен бөлісу: |