Лекция №25 Қазақ халқының қалыптасуы Жоспары: 1.Қазақстан аумағындағы этникалық процестер.
2.Қазақ халқының қалыптасуының соңғы кезеңі. «Қазақ» этнонимі туралы пікірлер мен зерттеулер.
3.Қазақ жүздері: пайда болуы, тайпалық құрамы және аумағы
Лекция мақсаты мен міндеттері: Қазақстан территориясындағы этникалық процестің кезеңдері. Сак-үйсін дәуіріндегі этникалык процестер. Мәдениеттегі ортақ негіздердің қалыптасуы. Түркі қағанаттары дәуіріндегі этникалық процестер. Мәдениеттегі ортақ негіздердің одан әрі нығая түсуі. Өзін-өзі тану процесі. Қыпшақ дәуіріндегі этникалық процестер. Саяси-территориялық ұйым және оның этно-генетикалық процесте алар орны туралы талдау жасау
Лекция мазмұны: Әр бір халықтың этногенез процесінің жалпы схемасы төмендегідей болды: жеке рулар, тайпалар, тайпалық одақтар, халықтар, ұлттар – осылармен қатар тілдер де дамыды. Қазақ халқының қалыптасу үрдісінде бір неше кезеңдерді атап айтуға болады. Қазақстан аумағында және бүкіл Орта Азиядағы этногенетикалық процестердің түп тамыры қола дәуірінен басталады. Қазақ даласын қола дәуірінде мекендеген андронов тайпалары өздерінің нәсілдік типті жөнінен европеидтер (европотекті) болған. Ерте темір дәуірінде қазіргі Қазақстан территориясын сақ, үйсін, қаңлы тайпалары мекендеген. Сақ тайпаларын да антропологиялық жағынан европеоидтық нәсілге жатқызуға болады. Үйсіндер мен қаңлыларда да европеоидтық нәсілге тән белгілері болды, дегенмен олардың бет пішінінде монғолоидтық элементтер біршама күшейе бастады, мұның өзі ғұндардың қоныс аударуына байланысты болды. Қазақстан антропологтардың жинаған деректері бойынша, ғұндар басып кіргеннен кейін жергілікті тайпалардың арасындағы монғол антропологиялық компоненттері бір шама өседі. Келесі кезең «түрік» кезеңі деп аталады. Евразияның далалық өңірлерінде VI-XII ғғ. бір-қатар этникалық-саяси және мемлекеттік құрылымдар өмір сүреді, атап айтқанда, Түрік, Батыс-Түрік қағанаттары, түргештер, қарлұқтар, Қарахан мемлекеті, оғыздар, кимақтар, кыпшақтар. Сонымен, түрік дәуіріндегі этномәдени пішіні түрік, дүниетанымы түрік, европеоидтық-монғолоидтық белгілері бар тайпаларды қазақ халқының физикалық жағынан бірден-бір жақын тікелей алдынғы ата-бабасының түріне жатқызуға мүмкіндік берді. Осы кезде монғол элементтері 50 % өсе түсті.
Халықтың құрылуы – ұзақ процесс, оның түпкілікті құрылу мерзімін белгілі бір нақты уақыт кезеңімен дәл байланыстыру қиын. Дегенмен тарихи, археологиялық-этнографиялық, антропологиялық және лингвистикалық деректемелер жиынтығы, қазақ халқының құрылу процессі XV-XVI ғғ. негізінен аяқталды деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді.
Зерттеушілер екі жүз жылға жуық уақыт бойы «қазақ» терминінің шығуын түсіндіруге және оның семантикасын ашуға әрекет жасап келеді. Айтылған көзқарастар ауқымы өте кең, алайда, «қазақ» сөзін түсіндіретін түпкілікті пікірді, әзірше ешкім айта алған жоқ.
Қазақ атауының шығу тегі туралы мәселені шешкен кезде зерттеушілердің едәуір бөлігі тайпа атауына терминологиялық сәйкестікті іздестіру жолына түсті.
Баяндалған материал IX-X ғғ. Шығыс Дешті-Қыпшақ қыпшақтарының қоғамында «қазақ» атауымен әлеуметтік, ал XI-XII ғғ. этникалық-әлеуметтік топтардың болғаны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ал XV ғ. екінші жартысында қазақ халқы құрылғаннан соң, халықтың этногенез процесінің күрделі ерекшелігінің бірі болып табылатын «қазақ» атауы этникалық маңызға ие болды.