Шоқан еңбектері төңірегінде өрбіген пікір-таластар жөнінде ой қорытып, дәлелдеп, сыни көзқараспенсаналы бағалай алады.
Шоқан туындылары туралы жалпы білімі мен дағдысын қалыптастырады, әдебиетші ретінде кәсіби шеберліктерін көрсетеді.
Лекцияның мазмұны:
Ағартушылық, демократтық мазмұндағы реалистік жаңа жазба әдебиет.
ХІХ ғасырдың екінші жартысының басында Қазақстан Ресейге түгелдей қосылып болды. Ресейдегі қоғамдық құбылыстардың бәрі де белгілі дәрежеде Қазақстанға өзінің тікелей де, жанама да әсерін тигізіп жатты. Қазақ мәдениетіне мықты әсер еткен күш – орыстың ХІХ ғасырдағы реалистік әдебиеті болды. Орыс мәдениетінің алтын ғасыры атанған ХІХ ғасыр әдебиетінде қалыптасқан жаңа бағытпен бұқарашыл озық идея халық көңіліне қонып, бойына күш, ойына қанат бітіріп жатты. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А.Крылов, Н.В.Гоголь, М.Е.Салтыков-Щедрин, А.П.Чехов, Н.Л.Толстой еңбектері өз оқушысын тауып, ізгі идеясын езілген елдің бойына тартып жатты. Сол секілді орыс оқымыстылары қазақ халқының тарихын, мәдениетін, тілін үздіксіз зерттеп отырды. Мысалы, И.Березин, В.В.Радлов, Г.Потанин т.б. қазақ әдебиетінің көптеген үлгілерін жинап бастырып отырды. Қазақ оқығандары да ауыз әдебиеттерін жинастырып, баспасөз бетінде жариялап отырды. Осы кезеңде қазақ балалары үшін оқу құралдары даярланды. Мысалы, Ы.Алтынсарин, Я.Лютш хрестоматиялары. Түрлі жинақтар мен кітаптар қазақ тілінде басылды. Олар қиссалар қазақ ақындарының түрлі өлеңдері болды. Қазақ кітаптары Петербург, Орынбор, Қазан баспаларында басылды. Дулат, Шортанбай шығармалары жеке кітап болып басылды.
1870-1880 жылдары ресми баспасөз пайда болды. Қазақ тіліндегі алғашқы газеттер
«Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттері шықты.
ХІХ ғасырдағы орыс прогресшіл мәдениетінің әсерімен қазақ әдебиетінде ағартушылық идея дамып, қазақ әдебиетінде реалистік жаңа әдебиет қалыптасты. Бұл қазақ поэзиясына жаңа бетбұрыс әкелді. Сонымен бірге романтизм сарынының де көрінісі әдебиеттен жалғасын тауып жатты. Романтикалық сипаты бар әдебиет өкілдеріне Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір секілді ақындарды жатқызуға болады. Сонымен бірге осы кезеңде Бұқра, Асан, Дулат бастаған дәстүрлі әдебиет те одан ары дамыды. Осы арада ескерте кететін мәселе, кеңес дәуірінде осы дәстүрлі реалистік және романтикалық сарындағы ақындар легі кертарпашыл, ескішіл ақындар ретінде бағаланып келді. Бұл сарын өкілдері негізінен сауатты, оқыған адамдар болды, жазба әдебиет өкілдері болды, шығыстың классикалық фольклоры мен әдебиеті және философиясынан нәр алған ақындар болды.
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде шығыс халықтары фольклоры мен әдебиетінің ықпалы ежелгі түркі әдебиет ықпалы айқын аңғарылып, қазақ тілінде «Мың бір түн», «Тотынама» ертегілері «Калила мен Димна» мысалдары «Шаһнама» дастандары жеке тақырып болып жырланып жатты. Тікелей нәзирашылдық дәстүрле шығармашылық еткен бір топ діни ағартушы, қиссашыл, кітаби ақындар ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың басында мол шығармашылық етті. Қазақ әдебиетін тың тақырыптармен, шығармалармен байытты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында реалистік жаңа әдебиет өрістей түсті. Оның басты өкілдері – қазақтың ойшыл ағартушылары, ақын-жазушылары, прогресшіл қоғам қайраткерлері – Шоқан, Ыбырай, Абай болды. Олар қазақтың реалистік жаңа әдебиетінің негізін қалады. Оны мазмұн жағынан да, түр жағынан да байытты. Қазақ поэзиясы бұрынғы толғау, жыр, айтыс, қара өлең түрлерін онан ары дамыта жырлады. Азаматтық сипаттағы саяси-әлеуметтік лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы пайда болды. Поэзияда толғау, насихат, нақыл айтумен қатар суреттеу, бейнелеу артты. Сюжеттік шығармалар жасалып,
қиссалар, дастандар, поэмалар жазылды. Проза жанрының шағын түрлері көріне бастады. Бұл салада Абай мен Ыбырай алғаш қадам жасады.
Осы кез әдебиетінде жаңа жанр көсемсөз дүниеге келді. Баспасөз бетінде мақалалар, очерктер басыла бастады. Қазақтың ірі әдебиетші-публицисі Шоқан Уәлиханов болды.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – заманының жан-жақты білгір ғалымы, батыл саяхатшысы. Ол қазақтың тарихын, этнографиясын және әдебиетін тұңғыш зерттеуші. Шоқан қазақ пен қырғыздың әдебиет теориясы мен фольклоры туралы алғаш рет ғылыми пікір айтып, зерттеу еңбектер жазған әдебиетші. Сондықтан Шоқан қазақтың демократиялық сынын бастаушы, Н.Г.Чернышевский дәстүрімен әдебиеттану ғылымын негіздеуші, публицист жазушы. Қазақтың әдебиеті мен мәдениетін орыс жұртшылығына алғаш танытушы. Шоқанға тұстас кейбір орыс ғалымдары да қазақ әдебиеті мен мәдениеті туралы пікірлер айтып, қазақ ауыз әдебиетінің кейбір үлгілерін баспаға да шығарушылар болды. Олардың ішінде Потанин, Березин, Радлов, Алекторов т.б. еңбектері ерекше ескерерлік.
Шоқан 1835 ж. қазіргі Қостанай облысы Құсмұрын бекінісінде туған. Шоқанның жастық шағы атамекені Сырымбеттің сұлу табиғатының қойнауында биік қарағайлы, қалың қайыңды, көлі мен көгі мол жерлерде өткен. Бұл жердің табиғат байлығы, сұлу суреті Шоқанға ерекше әсерлі болған. Ол бұл жердің табиғатын өскеннен кейін де қызыға әңгіме етіп жүрген. Шоқанның шыққан ортасы – қазақтың ірі феодалдары, хан-сұлтан тобы. Әкесі Шыңғыс Омск әскери училищесін бітірген, орысша сауатты, офицерлік чині бар адам. Ол патшаның сенімді адамы, жергілікті әкімі. Арғы аталары – Абылай хан. Белді семьядан шыққан Шоқанға жасынан оқуға мүмкіндік болды. Ол әуелі аулында ескіше хат таниды, он жасқа толғанда әкесі оны Омскідегі кадет корпусына береді. Шоқан талапты, зерек болып өседі, корпус оқушыларының алды болады. Шоқан талабын оқытушылары ерекше ескереді. Ждан-Пушкин, Костылевский, Гонцевский, т.б. Шоқанға ақылшы болып, оған керекті кітап-әдебиет тауып беріп, бақылап жүреді. Костылецкий арқылы орыстың ұлы жазушылары: Пушкин, Лермонтов, Гоголь. Крылов, т.б. шығармаларымен алғаш танысады. Тарих сабағының оқытушысы да, география сабағын жүргізетін оқытушысы да көңілі сергек, әсерлі болады.Кадет корпусы оқытушыларының Шоқанға әсері мықты болған. Оған оқытушылары ен замандастары болашақ ғалым, зерттеуші деп қараған. Оның өмірді болжағыштығы, айналасын байқағыштығы ерекше көзге түскен. Ол қала өмірін, орыс, татар халықтарының шаћарлық тұрмысын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, наным-сенімдерін қазақ халқымен салыстыра қарап, халқының тұрмысындағы қиыншылықты, мәдениетіндегі кейін қалушылықты көре біледі, оған жаны ашиды. Осы себептен оның қазақ даласы мен Орта Азияға бару ниеті, ол туралы пікір айту талабы ерте оянады. Шоқанды кадет корпусын бітірісімен, 1853 ж. генерел- губернатор өзіне жәрдемші етіп алады. Бұл әкімшіл ортасының барлық сыр-сипатын тануға жәрдемдеседі Әр түрлі жоғарыдан келіп жататын бұйрықтар, құпия хаттар Шоқанның да қолына түседі, отаршыл үкіметтің жүргізіп отырған саясатын жан-жақты түсіну үшін Шоқанға пайдалы еді. Бұрата халықтарға деген патшаның ниетін, миссионерлік шараларын, т.б. жабық саясаттарын Шоқан әбден түсінеді. Генерал-губернатор кеңсесінде болу арқылы ол орыстың дворяндық ортасын, офицерлер мен чиновниктерін көп көріп, олардың мақсаты мен істеп отырған істерін байқайды. Губернатормен бірге талай өлкенә, қалаларды аралайды. Ресейлік ірі қалаларды көреді. Көптеген білімді адамдармен кездеседі. Рпта Азияны, Қырғыз өлкесін зерттеу жұмысымен әуестінепі, 1856 ж. полковник Хоментовский экспедициясына қатысады. Қырғыз-қазақ жерінің географиялық картасын жасайды. Оның этнографиясы мен жер байлықтарын, салттарын, мәдениетін, әдебиетін зерттейді. Кейін осы сапардағы жазған материалдары негізінде мақалалар, зерттеулер жазады. Шоқан 1856 жылдан өзі бастаған ұзақ саяхат сапарына шығады. Тек 1858 ж. бұл ұзақ та ауыр сапардан аман кері оралады. Қашқар, Құлжа өлкелері туралы ғылымға көп жаңалық қосады.
Шоқанның еңбектерінің ішінде мәдениетімізге тікелей қатысы бар ең көлемділері: “Абылай”, “Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары”, “Елдегі мұсылманшылдық туралы”, “Қырғыздар туралы жазбалар”, “Қазақтың ертедегі қару-жарақтары”, “Жоңғария очерктері”, “Қазақ шежірелері”, “Жамиға-ат-тауарихтан”, “Алты шаћардың хал-жайы”, “Сібір тарихынан хаттар”, “Көкетай ханның өлімі”, “Сібірге қарайтын қазақтардың сот құрылысын өзгерту туралы”, “Құлжа күнделіктері”. Бұл еңбектердің ғылым, тарих үшін маңызы зор. Ал
кейбір еңбектері түгелдей дерлік әдеби зерттеу еңбектер: “Қырғыз-қайсақтардың үлкен ордасына қарасты едердің аңыз-әңгімелері”, “Бұхардың Абылайды жоқтауы”, “Абылай туралы жырлар”, “ХVІІ ғасыр батырлары туралы тарихи әңгімелер”. Ал “Қазақ халық поэзиясының түрі туралы” атты еңбегі – поэзиямыздық теориясы туралы тұңғыш зерттеу. “Жоңғария очерктері”, “Қырғыздар туралы жазбалар” сияқты зерттеулердің көп беттері қазақ әдебиеті мәселелерін егжей-тегжейлі сөз етеді.
Шоқанның қазақ әдебиеті тарихында белгілі орны бар. Ол қазақ әдебиетіне демократиялық, ағартушылық, әлеуметтік озық идея енгізуші, оның дамуы үшін көп еңбек еткен білімді әдебиетші. Сонымен бірге ол – публицист жазушы. Оның мақалалары мен хаттары – қазақ әдебиеті туралы алғаш пікір көтерген маңызды еңбектер.
Оқытудың техникалыққұралдары: интерактивті тақта, ноутбук
Лекция оқудыңтәртібі, оқыту әдістері мен түрлері: баяндау, проблемалық, сұрақ – жауап, түсіндіру, сабақ жоспарына сәйкес оқу пәнiнiң нақты сұрақтарын талқылау