108
Вестник Карагандинского университета
ƏОЖ 82.0
С.Ысқақұлы
Қытай Халық Республикасы, Іле педагогикалық университеті
(E-mail: 554323028»qq.com)
Таңжарық ақынның табиғат лирикасы
Мақалада Таңжарық ақын табиғат лирикасындағы пейжаздық өлеңдеріне ғылыми талдау жасау басты
мақсат ретінде алынған. Ақын туындыларындағы адам жəне табиғат мəселесі тығыз сабақтастықта
қарастырылды. Автор ақынның пейзаждық лирикасын І.Жансүгіров жырларымен салыстыра отырып,
олардағы үндестік пен ерекшеліктеріне, табиғатты суреттеудегі қаламгерлік шеберліктеріне баға
береді. Іле табиғатының əсем келбетін жырлаудағы суреткерлік шеберлігі дəлелденді. Қытайдағы
қазақ əдебиетінде классик ақын саналатын Таңжарық Жолдыұлы табиғат лирикасы саласындағы
көркем туындылары арқылы мол үлес қосқандығы əдеби-теориялық тұрғыдағы талдаулар жасау
арқылы нақты сөз болады.
Кілт сөздер: Қытайдағы қазақ əдебиеті, Таңжарық Жолдыұлы шығармашылығы, қазақ поэзиясы,
табиғат лирикасы, пейжаздық өлеңдер, əдеби-теориялық талдау.
Əлем əдебиетіндегі поэзияда табиғат лирикасы — сонау ықылым замандардан бері жырланып
келе жатқан өзекті де өміршең тақырыптардың бірі. Классик ақындардың барлығы да осы тақырыпты
жырлауда небір асыл жауһар жырлар қалдырды. Əр ұлттық əдебиетте табиғат лирикасы сол
халықтың таным-түсінігі, тарихи дүниетанымы арқылы көрініс табатыны дау туғызбайтын мəселе.
Қазақ əдебиетінде ақын-жыраулар толғауларында, Ыбырай, Абай, Мағжан, Сəкен, Ілияс жəне тағы
басқа лирик-ақындар шығармашылығында табиғат лирикасы ұлттық нақышпен, халықтық таным-
білікпен жырланғаны мəлім. Қытайдағы қазақ əдебиетінде де табиғат лирикасын жырлауда өзіндік
ерекшелікпен, суреткерлік шеберлікпен танылған бірталай ақындар бар. Солардың ең таңдаулысы
болып табылатыны əдебиет тарихынан ойып тұрып орын алған, өршіл де өміршең лирикасымен
бағаланатын классик ақын — Таңжарық Жолдыұлы.
Аса дарынды ақын Таңжарық Жолдыұлының қазірге дейін бізге жеткен мұра саны 25858 жол
болып, шығармаларының екі томдық толық жинағы Қытайда жəне Қазақстанда 2001, 2002 жж.
баспадан шығып, халқымен қауышты. Осы екі томнан тұратын шығармалар жинағында адам жəне
қоғам, адам жəне табиғат тақырыптары логикалық бірізділіктегі жүйеде арқау болғанын байқаймыз.
Бұл орайда шығармаларын жинап, зерттеуші О. Егеубаевтің ақын өлеңдері мен поэмаларының
отыз мың жолға жуығы сондай үрейлі, тар жол тайғақ кешу, қысылтаяң жағдайда өмірге келгендігін
айта келіп: «Ұлтымыздың тарихында арғы бет, бергі бетте қаншалаған бағлан ақындардың жарық
жұлдызы абақтыда, айдауда сөнгендігін барлығымыз да қанық білеміз. Бірақ солардан бір-екілі
шығармасы болмаса түрме құпиясын, жауыздық сырын, өзінің жан азабын Таңжарықтай түрме
түбінде кісендеулі, күлеткілі отырып, қанша мыңдаған өлең жолдарымен қағаз бетіне таңбалап
кеткен бірде-бірі болмаған. Таңжарық — бүкіл қазақ əдебиетіне түрме тақырыбын əкелген тұңғыш
ақын», — деп түйіндеуі шындыққа сай деп білеміз [1].
Таңжарықтың қай өлеңін оқысаңыз да, көркем Іленің сұлу табиғаты мен мұндалап тұрады. Ақын
халықтың көңіл-күйін, қуанышы мен жұбанышын табиғаттың ішкі иірімдеріне сіңіре отырып, оны
өзінің туған жерге, өскен елге деген терең сүйіспеншілігімен ұштастыра жырлайды.
Академик Р. Нұрғалидың Ілияс Жансүгіровтің табиғат лирикасын талдау барысында «Ілиястың
пейзаж лирикасының ішіндегі еуропалық үлгілерге ұқсамайтын, ұлттық бояуы айрықша қанық, қазақ
тілінің бейнелеу қуатының керемет қуатын көрсеткен, ерекше бітімді, стильдік-көркемдік тұрғыдан
бірегей туындысы — «Жетісу суреттері», — деп жазады [2]. Табиғат лирикасында Таңжарықтың
талғам-талантын танытарлық, шоқтығы биік шығармасы: