ХХІ ғасырдағы Қазақстан театрлары Заманауи Қазақстан театры өнері туралы айтқан кезде көз алдыңызға кішігірім "мемлекет-патшалықты" елестетуіңізге болады. Барлығы әртүрлі болғандықтан, бәрі де жақсы. Мұнда бірнеше тілде әртүрлі жастағы көрерменге арналған дәстүрлі мемлекеттік драма, әртістердің тәуелсіз қозғалысы мен театр зертханасы көрсетілген.
Форма даму үстінде: көлемді драмалық, камералық, балаган көше қойылымдары және пьесаны құры оқып таныстыру. Қазақстан театр өнерінде бәсеке бар, яғни бұл сапалы даму бар деген сөз. Әр театрдың өзіндік көрермені бар. Өздеріңіз сезіп отырғандай, мұның барлығы Алматы туралы айтылып жатыр. Қазақстанның басқа өңірлеріне қатысты айтар болсақ – бұл үлкен бос кеңістік қана. Кейбір жарқылдарды ескермегенде, қалғаны бір орында қатып тұр
ХХІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та «артист – театр өзегі» ұғымы өз мән-маңызын жойған жоқ. Әлемдік театр постмодернистік бағытқа ойысып, сахналық-бейнелік тіл инновациялық технологиялардың арқасында жаңа сапалық деңгейге жоғарылады. Дәл осынау өзгерістер қарсаңында қазақ актерлік өнерінің ең басты көңіл аударар тұсы – сахнагерлердің интеллектуалдық деңгейінің төмендеуі. Себебі, өнерпаздардың көпшілігі өз бетінше ізденбейді. Екіншіден, актерлер шетелдік мамандармен өткізілетін шеберлік сыныптарына қатыспайды және өзінің кәсіби білім-білігін көтеруге құлықсыз. Осының салдарынан көрермен сахнадан құр эмоция, пафосқа негізделген ойын үлгісін көруге тиіс. Заман өзгерді, жаңа формадағы спектакльдер қойылып жатыр. Бірақ жасанды ойын, жаттанды сөз, жалпы иллюстративті ойнау мәнерінен қазақ артистері арылмады. Абсурдистік қойылымдардың өзінде психологиялық театр элементтері басымдау екенін көз көріп жүр. Өкінішке қарай, интеллектуалдық ойынның жоқтығынан актер актер болудан қалып барады. Тағы бір басты мәселе – қазақ сахнасында әйелдер образын өз деңгейінде ойнайтын актрисалар көрінбеуде.
Қазіргі қазақ театрына кәсіби сын керек. Сын болмаса, өнер ешқашан өспейді. Бізде халықаралық деңгейдегі театр тарландарымен иық теңестіре алатын Ә.Мәмбетов, Р.Сейтметов, М.Байсерке мен Б.Атабаев секілді режиссерлер бар. Қазақ театрында да заманға сай психологиялық-физиологиялық театрлар қызмет ететінін дәлелдеу үшін үлкен білім мен кәсіби шеберлік қажет. Ол үшін өнерпаздар жаңа формалармен, жаңа ағымдармен, жаңа әдіс-тәсілдермен танысуы керек. Қазақта заманауи драматургия жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бар, бірақ оны архивтен аршып алып, көпшілікке ұсынатын батыл режиссерлер аздау.
Сондықтан театр өнері барша өнердің ұйысқан жері деп сеніммен айта аламыз. Театр қойылымдары пьесаның мəтіні бойынша, режиссердің, əртістің, суретшінің, композитордың жұмысынан құралады. Жалпы қойылымның негізі драматургиядан басталады. Тіпті қойылымда мүлдем сөз болмағанның өзінде мəтін өте қажет деталь. Ал сол драматургияны сахналау – кəдімгі бір тілден екінші тілге аударғандай процесс. Ал оның көрерменге жетуі мүлдем басқа жағдай.