1. Осы Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 161-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында жер мониторингін жүргізу және оның деректерін пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
1) жердің тозуы - жердің табиғи ортаның элементі ретіндегі функциясының өзгеруіне, оның сандық және сапалық жай-күйінің нашарлауына, табиғи-шаруашылық мәнінің төмендеуіне әкеп соқтыратын процестер жиынтығы;
2) жер мониторингі - жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау, болып жатқан өзгерістерді уақтылы анықтау, оларды бағалау, одан әрі дамуын болжау және теріс процестер салдарларының алдын алу және жою жөнінде ұсынымдар әзірлеу мақсатында жер қорының сапалық және сандық жай-күйіне базалық (бастапқы), жедел, кезеңдік байқаулар, оның ішінде жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау деректерін пайдалана отырып жүргізілетін байқаулар жүйесі;
3) негізгі учаске - өсімдіктер мен топырақтың құрамын және сипатын, олардың белгілі бір ландшафттың табиғи жағдайларымен байланысын қажетті нақтылықпен көрсететін жергілікті жердегі типтік учаске;
4) полигон - ландшафтардың белгілі бір түрлерін (құмдар, тау етегі жазықтықтары, таулар) сипаттайтын әр түрлі конфигурациялы аумақ;
5) стационарлық пункт - әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарда, провинцияларда, биіктік белдеулерінде өсімдіктер мен топырақ жамылғысының жай-күйін ұзақ уақыт (10 (оң) жылдан астам мерзімге) тұрақты байқау мақсатында ұйымдастырылатын жер учаскесі.
4. Жер мониторингінің құрылымы жердің негізгі нысаналы мақсатымен және аумақтық ауқымымен айқындалады.
5. Мониторинг жердің нысаналы мақсатының ерекшелігі ескеріле отырып жүргізіледі және жердің санаттарына сәйкес келетін мынадай кіші жүйелерге бөлінеді:
ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мониторингі;
елді мекендер (қалалар, кенттер мен ауылдық елдi мекендер) жерлері мониторингі;
өнеркәсіп, көлік, байланыс жерлері, ғарыш қызметі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждықтарына арналған жерлер және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлер мониторингі;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер мониторингі;
орман қоры жерлері мониторингі;
су қоры жерлері мониторингі;
босалқы жерлері мониторингі.
6. Аумақтық ауқымына қарай жердің республикалық, өңірлік және жергілікті мониторингі жүзеге асырылады:
республикалық - Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтиды;
өңірлік - физикалық-географиялық, әкімшілік, экономикалық және өзге де шекаралармен шектелген аумақтарды қамтиды;
жергілікті - жекелеген жер учаскелері мен ландшафтық-экологиялық кешендердің қарапайым құрылымдарына дейінгі өңірлік деңгейден төмен аумақтық объектілерде жүргізіледі.
Жер мониторингін жүргізудің мерзімдері мен кезеңділігіне қарай жердің жай-күйін бақылаудың мынадай:
базалық (бастапқы жер мониторингін жүргізуді бастау сәтіндегі бақылау объектілерінің жай-күйін тіркейтін);
жедел (ағымдағы өзгерістерді тіркейтін);
кезеңдік (бір және одан көп жылдан кейін) түрлері жүзеге асырылады.
7. Жер мониторингі:
жүйелі байқауларды, іздестірулерді, суретке түсірулерді, тексерулерді (қайта тексерулерді және түзетулерді) орындау;
жердің жай-күйін талдау мен бағалауды жүргізу;
жердің құнарлылығына антропогенді әсер етуді реттеу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
белгілі бір уақыт кезеңінде жердің сапалық жай-күйін болжауды әзірлеу;
жер туралы деректер банкін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды қамтиды.
8. Жердің жай-күйін бағалау жүргізілетін байқауларды (кезеңдік, маусымдық, тәуліктік) талдау, алынған көрсеткіштерді нормативтермен салыстырғандағы өзгерістердің бағыттылығы мен қарқындылығын зерделеу арқылы орындалады.
9. Жердің жай-күйін бағалаудың нәтижелері бойынша оларға өзгерістердің дамуының, ерекше жағдайда жағымсыз сипаты бар серпінін, бағытталуын және қарқындылығын сипаттайтын тақырыптық карталар, диаграммалар және кестелер қоса беріле отырып, жедел мәліметтер, баяндамалар, ұсынымдар және ғылыми болжамдар жасалады.
10. Жер мониторингін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының барлық аумағында бірыңғай жүйе бойынша жүргізеді.
Жер мониторингі:
1) топырақ құнарлылығының өзгеруіне (шөлейттену, су және жел эрозиясының дамуы, топырақтың қарашіріксізденуі, қоректендіру элементтерінің төмендеуі, тұздану, батпақтану, артық ылғалдану және су басу);
2) табиғи азықтық алқаптардың өсімдік қабаты жай-күйінің өзгеруіне байланысты процестер байқалған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде басым тәртіппен жүзеге асырылады.
Жер мониторингін жүргізуді ұйымдастыруды жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ведомствосы жүзеге асырады.
11. Жер мониторингін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мамандандырылған мемлекеттік кәсіпорындар бірыңғай жүйе бойынша жүргізеді, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган оларға қатысты мемлекеттік басқару органы болып табылады.
12. Жер мониторингін жүргізу республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
13. Жер мониторингін жүргізу үшін жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жердің жай-күйін бақылау пункттерінің аумақтық-аймақтық желісін анықтайды.
14. Мониторингтің аумақтық-аймақтық желісі жердің жай-күйін бақылаудың стационарлық және жартылай стационарлық пункттерін қамтиды.
Стационарлық бақылау пункттері берілген толықтық пен дәлдік арқылы жердің жай-күйі туралы ақпаратты-жүйелі алып тұру үшін құрылады. Стационарлық алаңдар, түйінді учаскелер және полигондар осындай пункттерге жатады.
Жартылай стационарлық бақылау пункттері (жартылай стационарлық алаң, бейін) жұмыстың нақты шарттары мен мақсаттарына қарай ұйымдастырылады. Оларды бақылау жүйелі түрде 3, 5, 10 және одан көп жыл аралықпен жүргізіледі.
15. Мониторингтің деңгейі бақылау пункттерінде жүргізілетін жердің жай-күйін бақылау бағдарламасымен айқындалады.
16. Жерді жүйелі түрде байқаулардың, жерүсті түсірілімдерін, зерттеп-қараулардың, түгендеулердің нәтижелері, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау материалдары, мұрағат деректері, жерді қашықтықтан зондтау деректері, мемлекеттік ақпараттық жүйелерден және электрондық ақпараттық ресурстардан алынған мәліметтер, сондай-ақ жердің сапалық жай-күйі туралы басқа да мәліметтер жер мониторингі үшін ақпарат көздері болып табылады.
17. Ғарыштық жеткізгіштен суретке түсіру мен бақылау республикалық және өңірлік деңгейлерде жердің жай-күйінің сипаттамасын алу үшін орындалады.
Жер бетіндегі бақылау, зерттеу, тексеру және суретке түсіру стационарлық және жартылай стационарлық алаңдарды, түйінді учаскелерді, полигондарды және бейіндерді пайдалану арқылы жердің барлық санаттары бойынша жүргізіледі.
18. Жер мониторингінің нәтижелері қағаз жеткізгіштермен де, ақпаратты электрондық жинақтау, өңдеу және сақтау жүйелерін пайдалану арқылы да есептер, кестелер, карталар және картограммалар түрінде ресімделеді.
19. Жер мониторингі жөніндегі құжаттамалар базалық және есептік құжаттарды қамтиды.
Базалық құжаттарда өңірлік объектінің немесе жер учаскесінің бастапқы (аялық) жай-күйі тіркеледі. Базалық құжаттарға жердің жай-күйінің бастапқы тақырыптық карталары, картографиялық материалдар және жердің сапалық жай-күйі туралы жиналған мәліметтер жатады.
Бірізділендірілген нысандар, оларда жердің жай-күйінің тіркелген өзгерісі көрсетілген кестелер есептік құжаттар болып табылады.
20. Мемлекеттік құпияға жатқызылған жер учаскелерінің жоспарларында (сызбаларында) қамтылған мәліметтер "Мемлекеттік құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес пайдаланылады және сақталады.
21. Жер мониторингі жөніндегі деректерді пайдаланушылар:
аумақтардың дамуын жоспарлау, жерді аймаққа бөлу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу, қала құрылысы кадастры мәселелері, жер ресурстарын басқаруға байланысты басқа да мәселелер бойынша - мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдар;
қоршаған орта және табиғи ресурстар мониторингінің Бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу, табиғи ресурстардың пайдаланылуына және қоршаған ортаның жай-күйіне бақылау жүргізу мәселелері, мемлекеттік органдар арасында табиғат қорғау іс-шараларын әзірлеу бойынша жиынтық деректер банкін жүргізу үшін - қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық орган;
өзге де жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
22. Жер мониторингінің деректерін пайдалану қағаз немесе магниттік жеткізгіштермен стандартты ресімделген құжаттармен танысу және (немесе) оларды алу, сондай-ақ техникалық телекоммуникациялық байланыс құралдарын қолдану арқылы деректер банкіне тікелей рұқсат етілген кіру нысанында жүзеге асырылады.
23. Жер мониторингінің мемлекеттік құпияларды және өзге де шектеулерді қамтымайтын деректері жалпыға қол жетімді болып табылады және мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде беріледі.
Жер мониторингінің деректерін мемлекеттік органдарға беру осы мақсаттарға көзделген бюджет қаражаты есебінен ақысыз негізде жүзеге асырылады.