Байланысты: Лекция. Саясаттану ылым ж не о у п ні ретінде Саясаттануды объ
Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағы. Қазақ мемлекетiнде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есiм ханның ескi жолы», Тәуке ханның «Жетi жарғысы» деп аталатын заңдар жүйесi болған. «Жетi жарғы» тек құқықтық қалыптар жинағы емес. Онда әртүрлi дiни, тәлiмдiк, әдептiлiк, қарым-қатынастық мәселелер, яғни қоғамның барлық мәдени-әлеуметтiк өмiрi қарастырылған. Оған қоса айтарымыз бұл тарихи құжатта алғашқы рет қазақтардың саяси құндылықтары стандартталынды, жүйелендi, қалыптандырылды. Бұл өркениеттiлiкке қарай жасалынған бiршама қадам болатын. Бiрнеше ғасырлар бойы хандық билiкте болған қазақ жерi «дала демократиясының» өзiндiк тәжiрибесiнен өтті, бұл өте құнды рухани-саяси мұра болып табылады.
Бірқатар зерттеуші ғалымдар «Жеті жарғы» заңдар жинағына «дала конституциясы», «бірінші қазақ конституциясы» деп баға бергені белгілі. Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Жеті жарғыға XVII ғасырдағы қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік өмір қажеттерінен туған қаулылар енді. Осынау құқықтық ескерткіштер қазақ халқының дербес мемлекеттік алып, бірлесуге құлшынған сан ғасырлық арманын айқын көрсетті» – деп жазады. Жалпы «Жеті жарғының» қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихындағы орны мен рөлі зор екендігі сөзсіз.
«Жеті жарғы» заңдар жинағы бойынша мемлекеттік билік ханның қолында болды. Ал ел басқару сұлтандар мен ру-тайпа көсемдері арқылы жүргізілді. Хандықтың маңызды мәселелері халық жиналыстары – Құрылтайда талқыланды. Бұл көшпелі қазақ қоғамындағы өкілділік биліктің бір формасы болатын. «Құрылтай» әр түрлі формада өтетін болған, мәселен тұтас халық пен ұрпаққа қатысты мәселені талдауда ол сейм формасына енген. Формасына қарап қатысатын адамдар да әр түрлі болған. Тағы бір ерекшелігі мәселеге қатысты тұрғындар пікірін сұрап, келесі күнге жаңа дәлелдер мен мәліметтер жинақталып отырылған. Яғни, көпшілік халық мәселеге қатысты өз пікірін білдіру мүмкіндігіне ие болған. Бұл шешім қабылдау процесінде ашықтық қағидасы болғандығын дәлелдей түседі.
Тәуке хан билердің көмегімен өзінің үстемдігін нығайтуға тырысты. Билер кеңесін құрып, оның мәжілісінде аса маңызды мәселелерді талқылап шешкен. Ол билер съезі өтетін жер мен уақытты белгіледі. Ханның маңызды билік жүйесі болып табылатын Билер кеңесі Тәуке ханның белгілі бір ордасында: Түркістан қаласы жанындағы Битөбеде, Сайрам қаласы маңындағы Мартөбеде және Сырдария облысының Ангрен қаласына жақын жердегі Күлтөбеде өткізілген. Зерттеуші ғалымдар билер мен билер кеңесі билігіне қатысты әртүрлі пікірлер білдірген. Мәселен, мына пікірлер: билердің сот билігі басқару жүйесіндегі биліктің жетекші формасы; билер кеңесі билікті «жекешелендіруге» ұмтылушы мұрагер ақсүйектер билігіне қарама-қарсы қою үшін құрылған; билер кеңесі биліктік қатынаста тікелей және кері байланысты жүзеге асыратын маңызды мемлекеттік ұйым.
Билер Кеңесі:
біріншіден, кеңесші ұйым болды, ханмен бірге жалпы мемлекеттік мәселелерді шешу үшін құрылтай шақырып, оның жұмысына қатысты;
екіншіден, халықтың мемлекеттік биліктегі өкілі, билік құрылымындағы қара халық арасынан шыққан, әрі оның мүддесін билікті қорғаушы ұйым;
үшіншіден, заң талқылайтын ұйым, қазақтың әдет-ғұрып құқығы жүйесінің негізін салушы.
Билер кеңесіне өкілділік билік ретінде мынандай өкілеттіліктер берілді:
- сыртқы саясатта, яғни көрші елдермен тиімді дипломатиялық қатынасты қалыптастыру, елшілік қызметті жетілдіру;
- ішкі саясатта қоғамда тұрақтылықты орнату, яғни жүздер, рулар арасындағы дау-жанжалды тоқтату, әкімшілік-шаруашылық жұмыстар мен қоғамның құқықтық жүйесін реттеу;
- ұлттық қауіпсіздігін сақтауға байланысты өкілеттіліктері болды, атап айтсақ, сұлтандар сепаратизміне жол бермеу, трайбализмге қарсы шешімдер қабылдау, қоғамның жікке бөлінуіне жол бермеу, ел қорғау жүйесін жетілдіру.
Билер шешімді қабылдау және таратудың өзіндік ұлттық негіздегі механизмін де қалыптастырған. Билердің қабылдаған шешімдері дәстүрге, көрегендікке, келісім мен сабырлыққа, ыждағаттыққа негізделген және таңдаған әрекеттерінің орындалу жауапкершілігі де жоғары. Оған негіз болған себептер:
- би шешімінің мақсатқа сай келуі. Өз мүддесінен халық мүддесін жоғары қоя білу;
- уакыт талабына сай келуі, шешімнің уақытында орындалу мүмкіндігін көре білу;
- сәйкестілік, яғни қоғамда әрекет етуші дәстүрлі құқықтың нормаларға шешімнің сай келуі;
- шешімді халықтың түсінуі, мойындауы, яғни шешімді ашық сұхбаттасу және еркін пікірталас арқылы қабылдау;
- шешім қабылдау процесінде өз шешендігін, өнері мен өнегесін, білгірлігін т.б. халық алдында паш ету.
Билер кеңесіне ең беделді қазақ билері кірді, олардың пікірімен әрбір билеуші хан санасуға мәжбүр болды. Беделді билер сөздері қазақ билеушілері үшін маңызды және өтімді болды.