Ежелгі Шығыстың кұлиеленуші мемлекеттердегі саяси ілімдер: брахманизм және буддизм идеологиясы. Конфуциандық, даосизм, легизм. Саяси iлiмдер алғашқы кезеңде адамдардың мифтiк көзқарастары негiзiнде Ежелгi Шығыста пайда болды. Ежелгi Шығыста саяси ойлар дiни сипатта қалыптасқанымен, онда белгiлi бiр таптың мүддесi мен билiгiн қорғайтын белгiлер мен заң қаталдығы анық сезiлдi.
Ежелгi Үндiстандағы саяси iлiмдерде мифтiк, дiни және брахманизм идеялары үстемдiк жасады. Брахманизм идеясы б.з.д. ІІ мыңжылдықта ВЕДА ескерткiштерiнде кездестi. Веда – бiлiм, кiрiспе деген мағынаны бiлдiредi. Бұл ведаларда адамдар төрт варнаға бөлiндi: брахмандар – Пуруши құдайының аузынан, кшатрийлер – құдай қолынан, вайшийлер – құдай санынан, шудралар – құдай табанынан жаралған деп санады.
Ману заңдарында адамдардың варналарға бөлiнуi және олардың қоғамдағы орны мен әлеуметтiк теңсiздiгi қорғалады. Мұнда брахмандардың жоғары дәрежелi жағдайы мен үстемдiгi, артықшылығы туралы айтылады. Тiптi патшаның өзi брахмандарды құрметтеуi, олардың ақыл-кеңестерiн, талаптарын орындауы тиiс. Заң бойынша патшаның басты мiндетi варна жүйесiн қорғау және оған қарсы келгендердi жазалау. Ману заңы бойынша патша өкiлдiгi шектеулi.
Б.з.д. VI ғасырда Будда (данышпан деген мағынаны бiлдiредi) деген атпен белгiлi болған С. Гаутама Веда iлiмiн сынға алады. Будда дiнi бойынша брахмандардың жоғары дәрежесi мен артықшылығы жоққа шығарылады. Б.з.д. ІІІ ғасырдан бастап буддизмнiң көптеген идеялары әлеуметтiк-саяси маңызға ие болып, мемлекеттiк саясат пен заңдылыққа ықпал ете бастайды. Үндiстанды бiр орталыққа бiрiктiрген Ашока патшаның билiгi тұсында (б.з.д. 268-232жж.) буддизм мемлекеттiк дiнге айналады. Буддизм ықпалы кейiнен Қытай, Жапония, Бирма, Цейлон елдерiне де тарады.
Будда «ең бастысы – адамның атағы мен шыққан тегі емес, адамгершілігі» – деп үйретті. Сонымен бірге, адам өмірінің мәні байлық пен атақ емес, әрқашан шындықты айтып, мейірімділік пен қайырымдылыққа ұмтылуда екенін дәріптеді.
Ежелгi Қытайқоғамдық-саяси ойында ықпалды ағымның бiрi болған даосизм iлiмi, оның негiзiн салған б.з.д. VI ғасырда өмiр сүрген оқымысты Лао-цзы. Еңбегi «Дао және дэ» деп аталады. Даосизм iлiмi «дао» ұғымына негiзделедi, ол «алғашқы түпкi негiз» деген мағынаны бiлдiредi. Даосизм iлiмi аспан, табиғат, қоғам заңдылықтарын анықтады. Бұл заңдылық жоғары қайырымдылық пен табиғи әдiлдiктi жақтады. Дао iлiмi бойынша барлық адамдар тең. Ол теңсiздiктi, әдiлетсiздiктi, қайыршылықты даодан ауытқу деп санады.
Қытайдың саяси iлiмi тарихында конфуцизм iлiмi маңызды рөл атқарған. Оның негiзiн қалаған б.з.д. 551-479ж. өмiр сүрген қытайлық ойшыл Конфуций болды. Оның көзқарастары шәкiрттерi құрастырған «Лунь юй» (Әңгiмелер мен пiкiрлер) кiтабында жинақталған. Бұл кiтаптағы даналық туралы ойлар өз мәнiн осы уақытқа дейiн жойған жоқ. Ол даналыққа үш түрлi жолмен жетемiз, ең iзгi жол – санамен саралау, ең оңай жол – елiктеу, ең қиын жол – тәжiрибеден тәлiм алу, – деп жазады. Оның негiзгi идеялары:
мемлекеттiң патриархалды-патерналистiк концепциясы;
аристократиялық билiк концепциясы;
қайырымды билiк концепциясы.
Конфуций барлық нәрсе үнемі өзгерісте болады, уақыт тоқтамайды, әрбір нәрсенің басталуы мен аяқталуы болады дейді. «Адамның ісі де солай, бас-аяғынсыз бірде-бір іс жоқ. Оның басталуы мен аяқталуын анық білген адам ақиқатқа жақын тұрады» – деп жазады.