5.Құқық қорғау жүйесін оңтайландыру азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нығайту Қазақстан Республикасының Конституциясында жария етiлген, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, құқықтың үстемдігі, бiртұтас мемлекеттiк билiктiң тармақтарға бөлiнуi және олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы келiсе қызмет iстеуi принциптерiне негiзделген демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтiк мемлекет құру бағытының заңнамада дәйектi түрде iске асырылуын қамтамасыз ету керек.
Бұл орайда адам құқықтарының басымдығын қоғам мен мемлекеттің мүдделерiмен үйлесiмдi сәйкестендiрген жөн.
Құқықтық жүйенi бұл бағытта дамыту, оны халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей танылған принциптерi мен нормаларына, халықаралық стандарттарға дәйектi түрде сәйкес келтiру қажеттiлiгi Мыңжылдық басқосуында (2000 ж.) қабылданған БҰҰ-ның Мыңжылдық декларациясында бекiтiлген. Декларация мемлекеттердiң, әлемдiк қоғамдастықтың "демократияны қолдау және құқықтық тәртіптi нығайту" үшiн күш-жiгер жұмсау қажеттiгiн ерекше атап көрсетедi.
Бұл тұрғыда Құқықтық саясат тұжырымдамасы тек құқықтық жүйе дамуының бағытын айқындап қоймай, сонымен бiрге құқықтық саясаттың әлеуметтiк-экономикалық және саяси салалардағы реформалармен үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз етуi тиiс.
Құқықтық даму мақсаттарының бiрi саяси жүйенi жетiлдiру болып табылады.
Халықтың саяси белсендiлiгiнiң заңдық нысандарының алуан түрлiлiгi мен мәдениетiн шынайы қамтамасыз ету қажет.
Үкiмет туралы заңнама оның қызметiнiң тиiмдiлiгiн және қабылдаған шешiмдерi үшiн жауапкершілігiн арттыру мақсатында жетілдiрудi қажет етедi.
Сайлау заңдарын, сайлау процесiн ұйымдастыруды одан әрi жетiлдiру, бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау iс-шараларын әділ де толық көрсетудегi рөлiн нығайту және жауапкершілiгiн арттыру қажет.
Мемлекеттiк басқарудың тиiмдi жүйесiн құру мақсатында бiртұтастық пен басқарушылық талаптарының бұлжымай орындалуы жағдайында мемлекеттiк билiктiң түрлi деңгейлерi арасындағы қызметтер аясын, функциялары мен жауапкершіліктерiн нақты ажыратуды қамтамасыз ететiн заңдарды одан әрi жетiлдiрiп, сонымен бiрге жергiлiкті мемлекеттiк басқарудың тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн жағдайлар туғызу мақсатқа сай болмақ. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару институттарын кезең-кезеңмен қалыптастыру азаматтық қоғам институттарын нығайтуға ықпал етпек. Қазақстан Республикасында Адам құқықтары жөнiндегi уәкіл институтын (омбудсмен) құру қажеттілігі туындап отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдары нарығын дамыту, оның экономикалық дербестігін, сондай-ақ оларға қоғамдық және мемлекеттік бақылау жасау тетiгiн қамтамасыз ету саласындағы заңдарды одан әрi жетiлдiру қажет. Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттейтін заңдар жетілдіру талап етеді. Нарықтық экономикаға өту, мемлекеттiң меншiк иесi, монополист, елде шығарылатын өнiмнiң негiзгi өндiрушiсi және ұсынушысы рөлiнен бас тартуы азаматтық құқықпен реттелетiн қоғамдық қатынастар саласын сапалық тұрғыдан кеңейтті.
Азаматтық құқық еңбек, отбасылық және өзге де қоғамдық қатынастарға барған сайын дендеп ене түстi. Мұның бәрi мемлекеттiң құқықтық жүйесiнiң мемлекеттiк және қоғамдық мүдделердi қорғайтын бұқаралық құқық пен жеке мүдделерге қызмет етiп, оны қорғауды қамтамасыз ететiн жеке құқыққа ауқымды бөлiну процесi аясында жүрiп жатыр.
Осымен байланысты жеке, қоғамдық және мемлекеттiк мүдделердi байыпты үйлестiрудiң шұғыл қажеттiлiгi сақталып отыр. Бұдан келiп, заң шығарушының азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеудегi негiзгi мiндетi мұндай құқықтық қатынастарға қатысушылардың барлығының мүдделерiн қорғайтын нақты құқықтық тетiгi бар еркiн нарыққа барынша кең өрiс ашу болмақ.