Лекция тақырыбы: 5-блок. ТӘуелсіз қазақстан тәуелсіздігінің жариялануы және ҚР мемлекеттік құрылысы Лекцияның оқыту нәтижелері



бет5/11
Дата03.12.2023
өлшемі96,34 Kb.
#132865
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
DMLPDHVAHVEQ25112023234001

Сыртқы саясат. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан кейін, егемен мемлекет ретінде халықаралық байланыс жасауға, өзінің сыртқы саясатына айрықша көңіл бөледі. Бұрын КСРО-ның құрамында болғанда Қазақстанның ондай мүмкіндігі, жеке саясат жүргізу құқы болмаған.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында, әсіресе, басты үш мәселеге ерекше назар аударады. Біріншіден, басқа елдермен, соның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және Америка Құрама Штаттарымен халықаралық байланысты өркендету. Екіншіден, шет елдермен тек дипломатикалық байланыс қана орнатып қоймай, сонымен қатар олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты болғызбау, ядролық қаруды қолдануды болдырмау.
Міне осы бағытта 1991жылдан бастап тәуелсіз Қазақстан көптеген игі шараларды іске асыруда. Бұл уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180 нен астам мемлекеті таныды. 2008 жылдың басына дейін Қазақстан 70 тен астам елдермен диломатиялық қатынастар орнатты. Қазақстанды алғашқылардың бірі болып Түркия, АҚШ, Франция және т.б. мемлекеттер мойындады. Қазірде Қазақстан шет елдерде 60-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашты. Ал Алматыда және Астанада 80-нен аса шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстан соңғы жылдары өзінің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын одан әрі дамыту арқылы әлемнің бәсекеге қабілетті 50 өркенді мемлекетінің қатарына енуді стратегиялық мақсат етіп қойды. 2006 жылы бұл көрсеткіш бойынша есепке ілінген 117 елдің ішінде Қазақстан 61 орынды иеленді және көрсеткішке іліккен ТМД-дағы елдердің алдыңғы қатарына шықты. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ(Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйым) Төраға болып сайланды. Ол еліміздің әлемдегі орнын айшықтай түсті.
Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударып отыратын мәселе, ол – өзінің ең жақын және ірі көрші мемлекеттермен, соның ішінде солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытай Халық Республикасымен ойдағыдай қарым- қатынас орнату. Осы саясаттың нәтижесінде Қазақстан Республикасының егемен ел ретіндегі алдағы болашағы да байланысты. Қазақстан үш ғасырға жуық уақыт Ресеймен тарихи сабақтас, тағдырлас, көршілес қонып, шекаралас болып қатар өмір сүрді. Ресеймен, орыстармен қарым қатынастың қандай болуы, оны қалай құру жөнінде қазақтың ғұламалары, дана билері өз заманында –ақ айқын да анық айтып кеткен. Ал егемендік алғанға дейін жетпіс төрт жыл бойы Қазақстан мен Ресей Кеңестер Одағы құрамында өз тәуелсіздігін қойып, өз мүдделерін ұмытып, ортақ шаруа атқарып, ортақ қазанға қызмет етті. Барлық шаруашылық, бір тіршілік осыған бейімделіп, Кеңес өкіметінің талабын орындады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін екі елдің арасында тең құқықтық негізінде саяси және экономикалық қатынастар орнады.
Осы жағдайларды ескере отырып Қазақстан мен Ресей 1991 ж. КСРО тарап, тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін өздерінің сыртқы саясатында халықаралық құқық принциптері негізінде бір-бірімен стратегиялық байланыс, достық, тату-тәтті көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарды дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Оған Қазақстан мен Ресей арасында 1992 ж. 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар. Ал 1995 жылы 20-шы қаңтардағы Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын кеңейту және тереңдету туралы бірлескен декларацияда екі ел жоғарыдағы қол қойған шарттарды одан әрі бұлжытпай орындап отыратындығы жөнінде мәлімдеді.
1996 жылы 27 ші сәуірде Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцин мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыда кездесіп, Қазақстан мен Ресей бірлескен Декларациясына қол қоюының маңыны өте зор болды. Онда Қазақстан мен Ресейде жүргізіліп жатқан демократиялық қайта құрулар мен саяси –экономикалық реформалардың екі ел халықтарының болашағы үшін үлкен мәні бар екендігі атап көрсетілді. Мемлекеттің басшылары бұдан былай да екі ел арасындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу, аумақтық тұтастық пен бір бірінің ішкі істеріне араласпай принциптерін сақтау негізінде дами беретінін қуаттады.
Ресей Федерациясымен мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың одан әрі тереңдеп дамуында 1998 жылы 6 шілдеде Мәскеуде қол қойылған ХХІ ғасырға бағдарлаған мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларацияның тарихи маңызы ерекше. Оның негізінде Қазақстан мен Ресей Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі мәселесін шешуді тоқтап қалған жерінен алға жылжытты. Екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді.
2000 жылдың 25 қаңтарында Қазақстан Елбасы Н.Назарбаев пен Ресей Президенті В.Путинмен кездесуі болды. Онда екі жақты қарым қатынасты одан әрі жетілдіре түсуге жете мән берілді. Ал 2002 жылы желтоқсан айында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Мәскеуге ресми сапар барысында Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан достық байланыстарды барынша тереңдетуге күш салынатыны баса айтылды. Олардың ішінде Байқоңыр ғарыш кешенін одан әрі бірлесіп пайдалану мәселесі тағыда сөз болды. Сондай-ақ, аймақтық және халықаралық көкейкесті проблемалар төңірегінде жан-жақты пікір алмасылды. Екі жақты деңгейлегі, ТМД ЕурАзЭҚ, Ұжымдық қауіпсіздік, ШЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық қарым қатынастар аймақтағы елдер қауіпсіздігінің, интеграциялауының басты кепілі болып табылатыны атап көрсетілді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси байланыстар 2003-2004 жылдары одан әрі дами түсті. Оған 2003жылы Ресейде Қазақстан жылының жариялануы үлкен әсерін 2003 жылы Ресей орталығы мен облыстарында 150-ден астам түрлі деңгейдегі іскерлік кездесулер, мәдени шаралар мен отандық өнімдер көрмелері өткізіліп, екі жақты тиімді келісім шарттарға қол қойылды. Қазіргі кездерде екі жақты тиімді қарым-қатынастардың шартты құқықтық негізі 350 ден астам келісімдер мен шарттардан тұрады. Солардың ішінде екі ел, әсіресе Евразия кеңістігіндегі тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге ерекше назар аударады.
Қазақстан мен Ресей Еуразия аймағының, Каспий теңізінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне де аса зор мән береді. Екі мемлекетте Каспийді бейбітшілік, достық және ынтымақтастық аймағы деп таниды және бұл аймақта соғыс жанжалына, ланкестік көріністеріне, ұйымдасқан қылмысқа орын жоқ деп санайды.
Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау жөніндегі бес жылдан астам уақытқа созылған келіссөздер 7591 шақырымды қамтитын мемлекеттік шекараларын айқындайтын тарихи құжатқа 2005 жылы қаңтарда екі жақты қол қоюмен аяқталды.
2006 жылы екі елдің Президенттері 13 мәрте кездесті. Соның нәтижесінде 20-дан астам мемлекетаралық, үкіметаралық және салааралық қазақстандық ресейлік маңызды келісімдер бекітілді. Ал 2007 жылдың мамыр айында Астанада жүргізілген келіссөздер қорытындысында үш құжатқа қол қойылды. Оның біріншісі – Қазақстан мен Ресейдің 2007-2008 жылдарға арналған стратегиялық бірлескен іс-қимыл жоспары. Оған - ғарышты игеру, жаңа үлгідегі әскери-техникалық ынтымақтастық, отын-энергетика кешені, мен атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану және т.б. мәселелер жатады. Бұл құжатқа Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей Президенті В.В.Путин қол қойды. Екіншісі – ҚР үкіметі мен РФ Үкімет арасында сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы келісім. Үшіншісі – ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында 2008 жылдан бастап уран байыту халықаралық орталық құру туралы келісім. Ал 2007 жылғы желтоқсанда Мәскеуде өткен кездесуде Каспий бойында газ құбырын салу туралы уағдаласты. Қорыта айтқанда, Қазақстан мен Ресейдің достық қарым-қатынасы, әсіресе, соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтерілді.
Қазақстан үшін Оңтүстік Шығыстағы үлкен көрші – Қытайсыз әлдебір үлкен саясат жүргізу қиын екенін ерекше атап айту керек. Сондықтан тәуелсіздік тізгіні қолға тигеннен бері Республиканың сыртқы саясатында темірқазыққа айналған бағдарлама – Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасты айқындау. Міне, осы бағытта Қазақстан бірқатар шараларды іске асырып, Қытаймен достық байланысты орнатуда едәуір табыстарға қол жетті. Алғашқы кездегі басты міндет жан жақты экономикалық байланыстарды дамытып, шекарадағы шиеленістерді тоқтату еді. Оның үстіне, Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Қытай арқылы дүние жүзіне шығудың және бір жаңа жолын ашу. Өйткені Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғанға дейін, шет елдермен экономикалық және саяси байланыстарды тек Орталық, яғни Ресей, арқылы жасап келген болатын. Енді Қытаймен қарым-қатынасты қалыпты жағдайға келтірумен байланысты елімізге сыртқы рыноққа шығудың баламалы қосымша жолдарына түсу мүмкіндігі туды.
Атап айтқанда, 1990 ж. Қазақстан мен Қытай темір жол арқылы өзара байланысы іске асты, сөйтіп біздің республика Тынық мұхит жағалауына ең қысқа жолмен шығу мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан-Қытай қарым-қатнасының дамуы өте жоғары қарқын ала бастады. Қазақстан Республикасы Президентінің Қытай Халық Республикасына 1992 ж. тамызда барған алғаш сапарынан бастап, барлық байланыс жолдарын ашудың сәті түсті. Сөйтіп, екі елдің арасында сауда- саттық соңғы жылдары ондаған есе өсті. Темір жолдың жүк тасу қабілеті артты. 1997 ж. қыркүйектің 25 күні Алматыда өткен Қазақстан және Қытай делегациялары арасындағы келіссөз барысында Батыс Қазақстан мен Батыс Қытайды жалғастыратын мұнай құбырына шығыстағы көршіміз тарапынан 9,5 миллиард доллар жұмсау жөнінде шартқа қол қойылды. Мұның өзі саяси-экономикалық байланысты нығайтуға, шекара маңында тыныштық пен бейбіт өмірды сақтауға кепілдік береді. Сондай-ақ, бұл Азия-Тынық мұхит аймағындағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті және дамуды қамтамасыз ету ісіне екі елдің бірлесе қосқан маңызды үлесі болып табылады.
1998-1999 жылдары белсенді дипломатиялық әрекеттер арқылы Қытай мен Қазақстан арасында тағыда жаңа маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Ең алдымен шекараны нақтылау негізінен аяқталды. Қытаймен арадағы шекараны айқындап белгілеу Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қосымша кепілдіктер берілгенін білдіреді. Бұл осы қуатты мемлекетпен достық және өзара тиімді ынтымақтастық саясатын жалғастырудың негізі болып саналады.
Жалпы Қазақстанның егемендік алған кезінен бастап ҚХР басшыларымен өзара кездесу, келіссөздер жүргізу біздің елдің сыртқы саясат тіршілігінің тұрақты құбылысына айналды. Осы уақыт ішінде екі мемлекеттің арасында құқықтық негізді қалайтын жүзден астам екіжақты шарт пен келісім құжат қабылданыпты. Мұның өте зор маңызы бар екендігін айтқан жөн.
2003 жылдың маусымында Қытай Халық Республикасы басшылығының Қазақстанға сапары барысында мемлекет басшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы Бірлескен Декларацияға қол қойды. Соның нәтижесінде екі елдің өзара қарым-қатынасын ары қарай дамыту жолдары айқындалды. Қазақстан-Қытай Ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылданды. Бұл құжатта екіжақты ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру көзделді. Осының нәтижесінде Қытайдаың Гонконг және Шанхай қалаларында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ашылды. Ал Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының орталығы Үрімші қаласында 1995 жылдан бастап паспорт визалық орны қызмет етеді.
2004 жылдың мамыр айында Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнайгаз ынтымақтастығы, оның ішінде Атасу-Алашанькоу мұнай құбырының құрылысы туралы келісімге қол қойылды. Ол 2004 жылдың тамызында басталды, 2005 жылдың желтоқсан айында аяқталды. Салынған құбырдың ұзындығы – 990 шақырым. Оған 1 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Жасалған келісімдер бойынша Қазақстан-Қытай арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссия құрылып, ойдағыдай жұмыс істеуде. Нәтижесінде Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 2002 жылы 1 миллиард 336 миллион АҚШ долларын құраған болса, 2003 жылы бұл көрсеткіш 2 миллиард 152 миллион долларға өсті. Ал 2007 жылы екі елдің тауар айналымы 14 млрд. доллардан асты.
Қазақстанның сыртқы саясатында АҚШ-пен қарым-қатынасының маңызы өте зор. Бұл қарым-қатынас АҚШ Қазақстан Республикасын мемлекет ретінде таныған 1991 ж. 25 желтоқсанынан мемлекеттер арасында елші дәрежесіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнады. Осылайша, ұлы мемлекеттердің ішінде Қазақстанды алғашқылардың бірі болып таныған АҚШ оның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына өзінің мүдделі екенін көрсетті. Екі мемлекет арасында қарым-қатынастық байланыстар орнатылған алғашқы күндерден бастап, ол жоғары деңгейлерде үнемі қолдау тауып келеді. 1991 жылдың желтоқсанында Мемлекеттік хатшы Дж. Бейкер Алматыға келіп, Н.Ә. Назарбаев және басқа да ресми адамдармен келіссөздер жүргізді. 1992 жылы Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және қарым-қатынастар жөніндегі АҚШ Конгресі комиссиясының делегациясы келді. Сол жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы сапармен барды. Осы сапардың барысында: «Сауда қатнастары жөніндегі келісім», «Қаржы салымдарын өзара қорғау жөніндегі шарт», «Қазақстан Республикасы және АҚШ үкіметтері арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандум», «Қос қабат салық салуды болдырмау жөніндегі конвенция келісімі туралы»бірлескен мәлімдемелерге қол қойылды. Сөйтіп, екі жақты қарым қатынастардың шарттық-құқылық негіздері қаланды.
Осыдан кейінгі жылдары Қазақстан мен Америка қарым қатынастары серпінді түрде дамып келеді. Соның нәтижесінде Қазақстан АҚШ тың өзара демократиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Қазіргі кезде АҚШ Қазақстан экономикасының аса ірі инвесторы болып отыр. Оның толық дәлелі ретінде 1997 жылы қол қойылған экономикалық әріптестік бағдарламасын, сондай-ақ, Қарашығанақ кеніші жөніндегі және Каспий қайранын бөлісу жөніндегі келісімдерді айтуға болады. Вашингтон Қазақстанға Орталық Азиядғы тұрақтылық пен қауіпсіздік тұғыры, өзінің осы аймақтағы басты серіктесі ретінде қарайды.
АҚШ мемлекеті Қазақстанның әлеуетін қорғай отырып, оған демократиялық, экономикалық өркендеу барысында өзінің қолдауын көрсету; Қазақстан мен АҚШ жаңа ғасырда аймақтық, сондай- ақ, ғалымдық негізде тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастық үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылады.
«Мызғымас азаттық» опперациясының шеңберінде халықаралық коалиция ұшақтарының ұшып өтуі үшін Қазақстан өзінің дәлізін ұсынды. Американдық ұшақтардың төтенше жағдайда Қазақстанға қонуы туралы Меморандум әзірленді.
Қазірде бұл саладағы екі ел күш-жігерінің жұмылдырылуы –халықаралық ланкестікке қарсы (антитеррористік) коалиция табысының міндетті шарттарының бірі болып табылатыны сөзсіз. Біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігіне он жыл толуына орай жіберген құттықтау хаттында АҚШ Президенті Дж.Буш Қазақстан Халықаралық қоғамдастық үшін аймақтағы тұрақсыздық пен жанжалдарға қарсы шешуші рөл атқаратынын қуаттады.
Қазақстан мен АҚШ тың түрлі салаларда қол жеткізген байланыстары одан ары дами түсті. Оған әр түрлі деңгейдегі екі жағты кездесулердің, делегациялар алмасулардың үлкен әсери тиді. Тек 2005-2006 жылдары АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райстың, Энергетика министрі – Сэмуил Болманның, Ауыл шаруашылық минсистрі Майк Иоханнстың, бұрынғы Президент Билл Клинтонның келуі барысында энергетика саласында, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.
АҚШ тың халықаралық ланкестікке, діни экстремизмге қарсы күрестегі Ирак пен Ауғаныстандағы қайта жаңғырту саясатында Қазақстанның сенімді одақтасы екендігі ерекше атап көрсетілді.
Қазақстан үшін Түркия, Пәкістан, Үндістан, Иран мемлекеттерімен, сондай-ақ Азияның Жапония, Оңтүстік Корея сияқты және басқа елдерімен ынтымақтастықтың дамуының да мәні өте зор. Қазақстанға ортақ шекарасымен, қалыптасқан шаруашылық байланыстарымен, экономикасының өзара бірін бірі толықтырумен және өзара тәуелділігімен қоян қолтық араласа отырған, тарихи және мәдени-этникалық игіліктері ортақ Орта Азиядағы –Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас жасау өте маңызды. Осы бағытта 1994 жылы Орталық Азия экономикалық қауымдастығы құрылды. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, кейіннен 1998 жылы төртінші мемлекет Тәжікстан қосылды.
Осы елдер арасындағы жасалған Шартқа сәйкес Мемлекетаралық кеңес пен оның негізгі институттары – Премьер-министрлер кеңесі және олардың тұрақты органы –Атқару комитеті құрылды. 1994 жылғы шілдеде қаржы қоры оған қатысушы елдердің жарналарынан құралған Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкін құру туралы келісімге қол қойылды.
Ортақ экономикалық кеңістік туралы шартқа қол қойылғаннан кейінгі жылдар ішінде көпжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары, көкейкесті халықаралық күрделі мәселелері және республикалардың экономикалық интеграциясы бойынша 200-ден астам құжаттарға қол қойылды. Солардың ішінде ең маңыздысы – Орталық Азия экономикалық қауымдастығының 2005 жылға дейінгі интеграциялық даму стратегиясының қабылдануы еді.
ОАЭҚ мемлекет басшыларының 2000 жылғы сәуір және маусым айларындағы Ташкент және Душанбе кездесулері олардың интеграцияға ұмтылысын тағы да растап берді. 2001 жылғы қаңтар айында Орталық Азия экономикалық қауымдастығына мүше елдер басшыларының Алматыда өткен кездесуінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан республикалары бірігіп, Орталық Азияны еркін сауда аймағына айналдыруды көздейтіні туралы әңгіме болды. Оған қоса кедендік, төлемдік және валюталық одақ құру мәселесі де қаралды. Сөйтіп, түпкі мақсат тауар, қызмет көрсету, капитал рыногының ортақтығына қол жеткізу болып отырғаны атап көрсетілді. Ал 2002 жылдың ақпан айынан бастап Орталық Азия экономикалық қауымдастығы жаңа келісілген құжат негізінде «Орталық Азия ынтымақтастығы» болып қайта құрылды. Оған қатысушы мемлекет басшыларының кезекті төртінші саммиті 2002 жылы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының орталығы –Астанада болып өтті. Саммиттің күн тәртібінде қаралған мәселелер: 2002 жылдың 5-6 қазанында Душанбеде өткен кездесуде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзіне асыру; аймақтағы қауіпсіздік проблемалары мен экономикалық ынтымақтастық және халықаралық саясаттың көкейкесті мәселелерінде «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымына мүше елдердің өзара ықпалдастығы және т.б.
2003 жылғы шілде айында Алматыда «Орталық Азия Ынтымақтастығы» ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының тағыда бір жоғары дәрежелі кездесуі болып өтті. Кездесуде бірнеше құжатқа қол қойылды. Оның ең маңыздысы өзара қарым- қатынаста туыс елдердің мүдделеріне сәйкес келетін саясат жүргізуді жалғастыру және осыған жауап беретін қағидаларды жақындастыратын бірлескен мәлімдеме еді. Онда ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары ланкестікпен, экстремизммен және есірткіні заңсыз айналымымен күресуге ерекше назар аударылды. Бұдан басқа саммит мәжілісінде Орталық Азия аймағында су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, төрт мемлекеттің де мүддесі көзделген коммуникациялық жобаларды жүзеге асыру және аймақтағы мемлекеттерді азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде жан-жақты сөз болды. Ал 2004 жылы 18 қазанда Тәжікстан астанасы - Душанбеде Орталық Азия Ынтымақтастығы Ұйымына (ОАЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда төрт мәселе қаралды. Біріншісі – Орталық Азия Ынтымақтастығы Ұйымының құрамына Ресей Федерациясын қабылдау; екіншісі – 2004 жылдың мамырында Астанада өткен Орталық Азия Ынтымақтастығына мүше мемлекеттер басшыларының қол жеткізген келісімдерін жүзеге асыру барысы; үшіншісі – Орталық Азия Ынтымақтастығының мүше мемлекеттердің Ауғанстанмен аймақтық қауіпсіздік және ынтымақтастықтың негізгі бағыттары; төртіншісі – Орталық Азия Ынтымақтастығына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті төрағасы туралы.
Саммит отырысындағы басты жаңалық Ресей Федерациясының Орталық Азия Ынтымақтастығы Ұйымына толық құқылы мүше болып қабылдануы еді. Бұл ұйымның халықаралық аясында беделін көтере түсуде үлкен маңызы бар жағдай болып табылады. Кездесуде Ұйымға мүше мемлекеттер су-энергетикалық, көлік-коммуникациялық және азық-түліктік концорсиумның тұжырымдамасын дайындауға қол жеткізгені атап көрсетілді. Бұл тұжырымдаманы Дүние жүзілік банк, Ислам Даму Банкі қолдайтындығы айтылды. Отырыс барысында белгілі болғандай, ынтымақтастыққа мүше елдердің басшылары Ауғаныстанды қалпына келтіруге қолдау көрсетіп, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын сауықтыруға арналған бағдарламаларды жүзеге асыруына көмектесетіндерін де ашық мәлімдеді.
2005 жылғы 27 қыркүйекте Душанбеде Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына мүше Мемлекеттер премьер-министрлер кеңесінің алғашқы отырысы болып өтті. Онда тараптар Ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының 2004 жылдың қазанында осында, яғни Душанбеде, өткен саммиттің қорытындылары бойынша президенттер берген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Кеңес Орталық Азия өңіріндегі сауда-экономикалық, өңірлік және гуманитарлық қызметтестікті тереңдетуге жағдай жасайтын бірқатар шешімдерге қолдау білдірді. Олардың қатарында Ұйымның қызметін одан ары жандандыруға бағытталған аса маңызды құжаттар бар. Сонымен бірге, бұл кездесуде ОАЫ-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысын өткізу туралы мәселе де күн тәртібінде арнайы қойылды.
Осыдан кейін 2005 жылы қазан айында Петербург қаласында «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті болып, онда маңызды ұйымдастыру мәселесі қаралды. Атап айтқанда, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы мен Еуроазиялық экономикалық қоғамдастықты біріктіріп, біртұтас интеграциялық бірлестікке айналдыру туралы шешім қабылданды. Өйткені бұл екі халықаралық ұйым қатар өмір сүрген кезде, олардың бір-бірін қайталағанын, ал олар өзара біріккен кезде жұмсалатын шығындардың белгілі мөлшерде қысқаратынын және ең бастысы, бұл бірігудің «ОАҰ» ұйымының да ЕурАзЭҚ-тыңда мүдделеріне толық сәйкес келетіні белгілі болды. Сондықтан үш жарым жылдан астам уақыт өмір сүрген «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымы өз жұмысын тоқтатты. Бұдан былай оның шеңберінде қарастырылып және шешімін тауып келген мәселелер толықтай ЕурАзЭқ-тың құзырына көшетін болады.
Еліміз тарихи өлшем бойынша өте қыс­қа мерзімде, халықаралық қа­ты­настардың жауапты субъек­тісі ретін­де­гі беделін бекітті. Бү­гін­де біз өзекті әлемдік мәселелерді шешу және жаңа әлемдік тәртіпті құру ісіне белсенді қа­тысып қана қоймай, сол бағыттарда бір­қатар бастамалар көтеріп, оның оң ше­­шілуі жолында нәтижелі шаруалар ат­қарудамыз. Осындай белсен­ді­лік­ пен нәтижелі іс-әрекеттің арқасында Қа­зақстан халықа­ралық аренада тұрақ­тылықтың, мемлекет дамуының қар­қынды және өркендеген моделінің бас­тау­шысы ретінде лайықты бағасын алып отыр.
Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлем­дегі ең ұзақ құрлық шекараларын ал­ғаш рет әлемдік тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынас­тарын құрды. Бүгін еліміз 140-тан астам мемлекетпен дипломатия­лық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нә­ти­жесінде мемлекетаралық, үкі­мета­ралық және ведомствоара­лық деңгейде 3 мыңнан астам әр түрлі салалардағы халықаралық шарттар жасалды.
Қазақстанның аймақтағы жә­не әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өр­кениеттік, экономикалық, эко­л­о­гиялық мәселелерге қатысты бастама көтеріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табыс­ты саясаты мен бастамалары әлем елдері тарапынан оң қабылданып, жаһанның жетекші елдерімен с­тра­тегиялық әріптестігі жарасып,
Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сырт­қы әлеммен сауда-эконо­ми­калық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарының дамуына негіз болуда. Осы жылдар ішінде Елба­сы­ның жүздеген жұмыс және ре­с­ми сапарлары, сондай-ақ шетел­дердің мемлекеттер, үкімет­тер, халықаралық ұйымдар мен сырт­қы саясат ведомстволары басшы­ла­рының Қазақстанға сапарлары өткізілді.
1992 жылы ерікті түрде ядро­лық қарудан бас тартып және жа­һан­дық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елбасының халықаралық бастамаларының арқасында қарусыздану үдерісінің және жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың белсенді жақтау­шысы бола отырып, Қазақстан әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіп­сіздік ке­пілдіктерін алды.
Қазақстанның әлемдегі қуаты жағынан 4-ші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқанына екпін түсіре келіп, өзге елдерді осы үдерістен үлгі-өнеге алуға ша­қыр­ды. Осындай жағдайда, яғни бүгінгідей дағдарысты кезеңде ядролық қарудың лаңкестердің қолына түспеуінің маңызы зор. Қазақстан ядролық терроризм ак­тілерімен күрес жөніндегі жа­һан­­дық бастамаға белсенді қа­тысу­шы болып табылады. Бұған елімізде соңғы жылдары өтіп келе жатқан «Атом-антитеррор» жат­тығу­лары мен ядролық материалдарды физикалық қорғау жөнін­дегі халықаралық конференция ұйым­дастырылғаны дәлел бола алады.
2010 жылғы сәуірде Вашин­гтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит бары­сында АҚШ президенті Б.Обама Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты «халықаралық ядролық қаруды таратпау үдерісінің көшбасшысы» деп атады.
Атомды бейбіт мақсатта пайда­ла­нуға қатысты, Қазақстан әлем­дік қауымдастық алдында бір­қатар маңызды бастамалар кө­те­ріп, олардың орындалуы жолында нақ­ты іс-әрекеттер жасауда.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық табыстары сыртқы экономикалық байланыстардың негіздерін – экономикалық дип­ломатияны бекітті, елдің индус­-
т­рия­лық-инновациялық бағдар­ла­масын іске асыру мақсатында тікелей шетел инвестицияларын және жаңа технологияларын тартылып, жағымды сыртқы байла­ныс­тардың ауқымы артуда.
Алғашқы күннен басымдық беріліп, дұрыс таңдалған көпқыр­лы сыртқы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақ­­с­тан экономикасына 130-дан астам млрд. доллар тартылды, жан басына шаққандағы табыс 10 мың доллардан асты.
Қазақстан – Орталық Азияға келген барлық сыртқы инвестициялардың
80 %-дан астамының қабыл­дау­шысы. Әрбір іске асырылған ин­вес­ти­циялық жоба – ұлтымыздың және Қазақстанның әрбір жеке азама­тының әл-ауқатының кепілі. Инвес­­тициялар мен инновациялар жаңа мыңжылдықтағы жаңа Қазақстанның қозғалтқыш күш­тері болып табылады. Халқымыз­дың әл-ауқатының өсімі үшін, ел экономикасына инвестицияларды, инновацияларды және жаңа технологияларды тарту ісі бойынша отандық дипломатия айтулы нәтижелерге қол жеткізіп, табыс­ты жұмысты жалғастыруда.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет