15, 16 - лекция тақырыбы: Әдеби процесс. Көркем әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық мәселесі Лекция жоспары: Әдеби процесс – әдеби даму.
Көркемдік даму заңдылықтары. Адамзат мәдениетіндегі сабақтастық.
Әдеби даму және дәстүр жалғастығы.
Лекция тезисі: Әдеби процесс – бұл белгілі бір дәуірде, сонымен қатар, ұлттар мен елдердің, аймақтардың, әлемнің күллі тарихи кезеңдерінде өмір сүріп келе жатқан әдебиеттің тарихи-заңды қозғалысы. Әдеби процесс әрбір тарихи кезеңде әлеуметтік, идеалогиялық және эстетикалық тұрғыдан жазылған әр алуан сапардағы кесек образдар мен қарапайым бейнелер кескінделген қарадүрсін шығармалардан, көпшілікке арналған әдебиеттерген дейін өз бойына үздіксіз сіңіріп отырады. Мұның қатарына олардың жиі жарық көретін жариялымдар мен басылымдар, әдеби сын, естеліктер, әдеби эпистолярлық жанрларда жазылған оқырмандардың үн қатысуы да жатады. Әдеби процесс термині ХХ ғасырдың 20-30 ж. пайда болы, 60 жылдары кеңінен қолданыла бастады.
Әдеби процесс - әдебиет тарихын тарихи-әдеби тұрғыдан қарастыру барысында маңызды проблеманың бірінен саналады. Әдеби процесс - адамзаттың эстетикалық, рухани құндылықтарының толығуының тарихы. Әдеби процесте - жеке тұлғалар өзінің әкелген айрықша көркемдік ашылымдарымен, өзіне дейінгі құндылықтарымен қайшылыққа түсе отырып, оны қозғалысқа келтіре отырып, әдеби процестің құрамында кезеңдік, жалғастырушы, өзгертуші қызмет атқарады. Алайда, техниканың даму заңдылықтарындағыдай әдебиет пен өнерде жаңа көркемдік ашылымдар өзіне дейінгі бар көркемдік құндылықтарды жою арқылы дамиды. Қайта ондағы қайсыбір элементтер келесі дәуір, кезеңдердегі көркемдік ашылымдарға нәр беріп, үндесіп отырады. (Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолындағы» фольклор, этнография дәстүрлері, Ш.Айтматов шығармаларындағы «мифтік» бастаулар)
Әдеби процесс - эстетика мен әдебиеттанудың өнердің теориясы мен тарихының, сондай-ақ поэтикасының ортақ көркемдік категорясы. Ғылымда бәрі өзгереді, қозғалысқа түседі. Әдеби процесс - көркемдік дүниенің қозғалысы мен дамуын зерттейтін методологиялық әдіс.
Әдеби үрдіс, әсіресе, әдеби жанрлар тарихынан айрықша байқалады. Мәселен, роман дамуын қарастыратын болсақ, сол арқылы көркемдік әдістер мен бағыттардың (ағымдардың) алмасуын да байқай алар едік. Мысалы, М.Сервантестің «Дон Кихоты» қайта өрлеу дәуіріне, Даниэл Дефоның «Робинзон Крузосы» ағарту кезеңіне, В.Гюгоның «Париж Тәңіриясының соборы» (Парижской собор богоматерей) романтизм дәуіріне, О.Де Бальзак, Ч.Диккенс, И.С.Тургенов, Ф.М.Достаевский романдары сыншыл реализм кезеңіне тән. Социализм дәуірі М.Шолоховтың «Тынық Донын», М.Әуезовтің «Абай жолын» тудырады. Бұл тұста болса баса назар аударатын мәселенің бірі - әдеби үрдістің түрлі елдерде ұқсас кезеңдерді бастан өткеріп жанр, стильдер дамуы сол кезеңдерді бейнелейтіндігі.
60 жылдардан бастап кеңінен қолданысқа енген «әдеби үрдіс» термині өткен ХІХ-ХХ ғасырлар бойында әдебиетті түсіну дәрежесіне қарай өзгермелі тарихи тұтастық ретінде қалыптаса бастайды. Мәселен, ХІХ ғасырда «әдеби даму», «дәуірдің әдеби өмірі» деген үлгіде терминдік сипат алды. Біздің дәуірімізде әдеби үрдіс термині алғашында сында, әсіресе әдеби шолуларда көрініс тапты. ХХ ғасырда ағымдағы әдеби үрдісті сараптау, сонымен қатар оған ықпал ету мәселелері баспасөздегі пікірталастардың, жазушылар жиындығының өзегіне айналды.
Қазіргі таңдағы әдеби үрдіс - әдебиеттің әлемдік, аймақтық, ұлттық көлемдегі белгілі бір кезеңін, сондай-ақ тұтастай тарихын қамтитын туу, қалыптасу және дамуынан тұратын тарихи қозғалыстағы ағымы. Әдеби үрдіс өз бойына әрбір тарихи кезеңге тән әлеуметтік, идеологиялық, эстетикалық тұрғыдан түрлі деңгейдегі (яғни көркемдік құндылығы өте жоғары туындылардан бастап, қарабайыр әдеби шығармаларға дейін) көркем туындыларды, соған орай олардың қоғамдық өмірде тіршілік сөз түрлерін де, яғни жарияланымдар, басылымдар, әдеби сын, оқырмандар хаты, т.с.с. тоғыстырады.
Әдеби үрдіс эстетикалық, рухани-адамгершілік құндылықтардың жиынтығы болып табылады. Әдеби үрдіс кейде белгілі бір кезең аралығында өзімен-өзі тұйықталған ұлттық немесе аймақтық сипатта болуы мүмкін. Мысалы, социалистік реализм.
Әдеби үрдістің маңызды жақтарының бірі - көркем әдебиеттің өзге салаларымен, сондай-ақ мәдени, тілдік, идеологиялық, қоғамдық құбылыстармен өзара тығыз байланыстылығы.
Әдеби үрдіс - тарихи-әдеби талдаудың, яғни әдебиет тарихының аса маңызды нысанасы. Егер классицтік және романтикалық эстетиканың ізін ала өрістеген биографиялық әдіс жақтаушылары тек қана іріктеліп алынған ұлы туындыларға, жауҺар дүниелерге бағыт ұстанса, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ғылыми әдебиеттану әдебиетті сұрыптап қана қарастыру қалыбынан шығып, әдеби туындыларды көркемдік деңгейі, идеологиялық бағыты, әлеуметтік өмір сүру ортасына қарамастан, бәрін тұтастай зерттеуге бет бұрды.
Сонымен қатар әдебиеттің дамуында әдеби дәстүрді де маңызды роль атқарады. Бұл тұрғыда әдеби үрдістің өзіне ғана тән бір-бірімен жалғасып жататын даму жолы бар екенін де байқаймыз.
Көркемдік идея. Түр, тақырыпты жалғастыру дәстүрі қаламгердің көзқарасынан туындап, қаншалықты иеленеді. Өмірге қарым –қатынастың әр кезде кездесетін тарихи идеялық-эмоционалдық түрлері (трагедиялық пен комедиялық, сатиралық пен патетиналық), жалпы адамзаттық адамгершілік және философиялық проблемалар (ізгілік, ақиқат, сұлулық) өнердің «мәңгілік тақырыптары», сондай-ақ ғасырлар бойына екшелеп жинақталған көркемдік түрлер (бірінші кезекте, жанрлық түрлер) әдеби үрдістің тіршілік етуіне қажетті «сабақтастық қорын» құрайды.
Әлеуметтік-тарихи өзгерістермен ұштасып жататын әдеби үрдіс өзара тығыз байланысты екі факторға бағытталады:
1) Ұлттық-мәдени дәстүр
2).Басқа ұлт мәдениетінің әсері.
Яғни әдеби үрдіс өз бойында өзіндік және сырттан «өзгешелік» сипаттарды тоғыстырады. Демек әр ұлт әдебиетінің жарасымдылығымен байлығының бұлжымас шарт - басқаның жақсы жақтарын бойына сіңіру мен өз дәстүріне адалдық болып табылады.
Көркем әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық - әдебиет пен өнердің даму барысында сабақтастық пен жаңғыруды, мұрагерлік пен қайта жасауды, бұрынғыны мен соңғының байланысын білдіретін әдет-ғұрыптар, жол-жобалар, көзқарас-түсініктер жатады. Жаңашылдық - өткен өмірдің кешегі күннің тәжірибесі мен жемістерінің ішінде мән-мағынасы бай, дәрежесі жоғары заман талабына жауап беретін, бұрынғы-соңғының тар шеңберінен шығып, болашаққа кең жол ашатын аса маңызды ізденіс-әрекеттер. Ол жалпы өркениеттің дамуына әсер етеді, осы жолда туып, орнығады. Оның белгісі ең алдымен еңбек пен ой сананың дамуынан, әлеуметтік қатынастар мен қоғамдық құрылыстан көрінеді. Даму барысында жаңашылдықтың өзі біраз уақыттан кейін дәстүрге айналады, келесі сатыда басқа жаңашылдық туып өрбиді.
Дәстүр мен жаңашылдық диалектикалық бірлестікте болып, ескі мен жаңаны жалғастырады, тарихпен бірге дамиды. Дәстүр мен жаңашылдықтың арасындағы заңды байланыс - материалдық және рухани мәдениеттің, өндіріс пен техниканың, философия мен әдебиеттің, өнердің барлығына тән. Дәстүр көркем өнердің тақырып ауқымы, өмірге қатынасы идеялық бағыты, халықтығы жатады. Көркем өнердің жеке түрлерінде суреттеу амалы мен тәсілдері, кңомпозициялық құрылымы, шығарманың тұтастық принциптері - дәстүр болып саналады.
Жаңашылдық – әрқашан асқан еңбекпен зор таланттың нәтижесі, ол әдебиет пен өнердің өрісін кеңейте түседі.
Мазмұн мен түр бірлікті айқындай, бекіте түседі. Ұлттық дәстүр - тез өзгеріп немесе жоғалып кете қоймайтын құбылыс. Тұрмыстық, қоғамдық тіршілікті өзгеруіне байланысты әдебиетте мазмұн мен түр жағынан жаңашыл шығармалар туады. Бұл тұрғыда кейбір дәстүрлік әдіс-тәсілдер сақталумен қатар жаңаша суреттеу, беунелеу, сөз қолдану амалдары пайда болады. Әсіресе, жаңа өзгерістер мен құбылыстарды аңғартатын соны бейнелеу құралдары жасаладыБұл әдебиеттегі жаңашылдық белгісі.
Дәстүрдің мезгілдік, мекендік айырмасы болады. Дәстүр белгілі бір дәуір ішінде өзгермесе немесе өзгеріске аз ұшыраған жағдайда мазмұн көркем шығармада айтылмақ ойдың мән-мағынасына, идеясына қарай өзгеріп отырады. Мезгіл өлшемімен алғанда, дәстүр - ұзақ дәуірдің жемісі. Сондай-ақ белгілі бір мекенде бір ұлттың немесе тілдес, шекаралас бірнеше ұлттардың халық тайпалардың өмір сүрген жеріне байланысты туған тұрақты танымал ұғымды, түсінікті аңғартады. Демек, дәстүр мен салт адам мінез-құлқына байланысты қалыптасатын тұрақты құбылыс.
Дәстүр мен жаңашылдық тек түрді, сыртқы өзгерістерді білдірумен қатар, ішкі мазмұнды мағынаны білдіреді, түр мен мазмұнды бірдей қамтып, шығарманың идеялық-көркемдік немесе ұлттық сипатын жаңа сатыда елестетеді. Енген жаңалық әдебиетке сіңіп, дәстүрге, айналып кетуі мүмкін.
Қазақ поэзиясына Абай Құнанбаев енгізген жаңалық үлкен дәстүр болып қалыптасты. Реалистіге халықтың дәстүр Абайдан кейінгі қазақ поэзиясын әсіре шешендіктен, әсіресе бояудан арылтып, терең ойлықты арттырады. Ол ақын орнын, оның қоғамдық әлеуметтік мәні танып, көркем сөзді жоғары сатыға көтерді, ауыз әдебиетінің дәстүрінде келе жатқан поэзияны түрлендіріп, жаңа арнаға салады. Мысалы, «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінде «Адасқан күшік секілді; ұлып жұртқа қайтқан ой» дегенде, тынымсыз, мазасыз ойды, жабырқау көңілдің суретін «адасқан күшікке» балайды. Абай қалдырған басты дәстүр - әр нәрсені көркем бейнелеп жеткізу. С.Сейфуллин қазақ әдебиетіне, оның ішінде поэзияға жаңа леп, жаңа серпін әкелді. Қоғамдағы тың өзгерістерді экспресс түрінде суреттеді. С.Мұқанов поэзиясы («Бостандық») өлең түрі жағынан ескіше болғанымен, идеялық мазмұны, тілек-мақсаты жағынан жаңа. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов өз шығармаларында шешендік дәстүрді шебер пайдалана отырып, үлкен жаңалық әкелді.