Гистология – ұлпалар туралы ілім. Клеткалық материалдардың алғашқы эмбриондық кезеңдерінде олардың морфологиялық құрылысы біркелкі болып келеді. Алғашқы өзгерістер гаструляция процесі кезіндегі ұрықтық жапырақшалардың ерекшеленуінен басталады. Клеткалық материалдардан пайда болған әртекті органдар бастамасы келешекте организмде белгілі бір қызмет атқаруына байланысты барған сайын ерекшелене түседі. Клетканың орналасу орнының, түрінің өзгеруімен қатар гистологиялық өзгерістер пайда болып жатады.
Организмде арнаулы қызметті атқаруға қабілетті болуды көрсететін белгілі морфологиялық ерекшеліктерді гистология мен эмбриология ілімдерінде ерекшелену деп айтады.
Ерекшелену процесінде пайда болатын клеткалық және клеткасыз түзілістер бір жүйеге келіп организмдерде ұлпа деп аталады. Ерекшелену нәтижесінде клеткалық және клеткасыз заттарға қоса кутикулалар, кірпікшелер, фибриллярлы құрылымдар пайда болады. Гистологиялық элементтердің комплекстері ретінде ұлпалар ерекше жаңа белгілерге ие болады. Өйткені олардың түзілісі органикалық дамуымен тығыз байланыста болып, атқаратын қызметі арқылы белгіленеді. Ұлпаларды сипаттау үшін оның құрылысын, қызметін, пайда болу себептерін жете білу керек.
Гистологияның мақсаты мен міндеттері. Гистология – организмде болатын ұлпалардың негізгі топтарын (эпителий, дәнекер, бұлшықет, нерв), олардың құрылысын, қасиеттерін, қызметтерін, яғни тіршілік қалыптасуының ұлпалық деңгейін зерттейтін ғылым.
Гистология алдындағы басты мақсат – тіршілік әрекеттерін (зат алмасу, тітіркенгіштік, қимыл, көбею, даму, өсу т.б.) қамтамасыз ететін процестердің ұлпалық құрылымдық негіздерін анықтау.
Гистологияның нақты зерттеу міндеттері:
1). Ұлпалардың нәзік құрылысы, олардың онтогенезде және филогенезде пайда болуы, дамуы.
2).Ұлпалардың әр түрлі ішкі және сыртқы жағдайлардағы регенерациялық қабілетінің заңдылықтары.
3). Ұлпалардың жас мөлшеріне байланысты өзгеруі.
4). Ұлпалардың әр түрлі қолайсыз жағдайларға бейімделуі.
Ұлпалардың қайсыбірі болса да эмбриондық (туылғанға дейінгі) даму кезінде қалыптасатын клеткалар мен олардың туындыларының күрделі жүйесі болып табылады. Ұлпаларды сипаттау үшін оның құрылысын, қызметін, пайда болу себептерін жете білу керек.