Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасының құрылымы. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасы адамдар мен сүтқоректілердің іші қуыс мүшелері мен қан және лимфа тамырларында, көздің кірпік еттерінде болады. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасы баяу жиырылады. Сонымен бірге ұзақ уақыт жиырылған қалпында қалуы мүмкін. Мұндай жиырылу түрін тонустық жиырылу деп атайды. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасы ет клеткалары - миоциттерден тұрады. Миоциттер жіп тәріздес ұзынша клеткалар. Клеткалардың ортасына таяқша тәрізді ұзынша ядро орналасқан. Ядродағы хроматин майда түйіршік тәріздес. Ядрода бірнеше ядрошықтар орналасқан. Клеткалардың ұзындығы 20 мкм-ден 500 мкм-ге дейін жетеді. Ядросының ұзындығы 10 мкм-дей. Клеткадағы пластинкалық комплекс пен митохондриялар ядроның екі ұшына орналасады. Миоциттердің цитоплазмасында эндоплазма торлары нашар дамыған. Пиноцитоздық көпіршіктері өте мол болады. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасының жиырылу қызметін қамтамасыз ететін миофибриллалар миоциттердің ішінде ұзына бойы орналасады. Миофибриллалардың орналасу тәртібін миоциттердің көлденең кесіндісінен айқын байқауға болады. Миофибриллалардың диаметрлері 1-2 мкм шамасында. Миофибриллалар диаметрлері 10-12 нм шамасында болатын өте жіңішке талшықтар - миофиломенттерден тұрады. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасының клеткалары - миоциттер бір-бірімен тығыз орналасады. Клеткалар бір-бірімен десмосомдар арқылы байланысады. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасының клеткаларының 10-12 данасы топталып клетка шоқтарын құрады. Клеткалардың мұндай клетка шоқтарына топтасуы бірыңғай салалы ет ұлпасында нерв импульстарының тура, жылдам таралуын қамтамасыз етеді. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасының клетка шоқтары бір-бірімен болбыр қалыптаспаған дәнекер ұлпасымен байланысады. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасы бір қалыпты баяу жиырыла отырып үлкен күш дамыта алады.
Электрондық микроскоп бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы клеткасының цитоплазмасында митохондриялардың, рибосомалардың, Гольджи аппаратының, гранулалық эндоплазмалқ тордың элементтерінің болатынын анықтады. Бұл органеллалар ядроның полюстерінде орналасады. Сонымен бірге цитоплазмада жуандығы 7 нм жіңішке және диаметрі 17 нм филаменттердің болатыны да байқалды. Жіңішке филаменттерді актиндік, ал жуанын – миозиндік деп атайды. Жіңішке филаменттің құрамында актиннен басқа да екі белок болады – тропомиозин мен тропонин. Бұл екі белок Са2+ иондары болмағанда актин мен миозиннің өзара әрекеттесуін бәсеңдетеді. Кейін аралық филаменттер де ашылды (жуандығы 10 нм). Бірыңғай салалы бұлшық ет ұлпасы мезенхимадан дамиды. Зақымдалған жағдайда қалпына келеді.
Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасы спланхнотомнан, ал көлденең жолақты бұлшықет ұлпасы сомиттерден пайда болып дамиды. Бірыңғай салалы бұлшықет ұлпасының регенерациясы қан тамырларының маңына орналасқан болбыр қалыптаспаған дәнекер ұлпасының жетілмеген клеткалары арқылы іске асады.
№14 Лекция тақырыбы: Көлденең жолақты бұлшық ет ұлпасы: қаңқа және жүректің жолақты бұлшық ет ұлпасы