Байланысты: Лекция та ырыбы Кіріспе. Фольклор ж не фольклортану ылымы тура
12 ЛЕКЦИЯ Тақырыбы: Айтыс және оның жанрлық түрлері. 1.Айтыстың жанрлық ерекшеліктері мен жанрлық түрлері.
2.Салт өлеңдерінің айтыспен байланысы
3.Айтыстың мазмұнына, шығарылу формасына, айтушысына қарай жіктелетін түрлері.
4.Ақындар айтысы және оның өміршеңдігі.
Айтыс - қазақтың халық ауыз әдебиетінің әлеуметтік түрі мол, кең өрісті үлкен бір саласы. Ол - суырып салма ақындық өнердің жемісі. Айтыс - синкретті жанр. Ол ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап кең өріс алып, күшті серпінмен дамыды. Ел өмірінің кесек көріністерін жан-жақты қамтып, көркем бейнелеген ірі айтыстарды дәуір шындығының жиынтық шежіресі деуге де болады.
Айтыс - ежелден импровизацияның нақты көрінісі. Осыған орай, ол өзімен егіз сала - эпикалық, лиро-эпостық жырлармен де тектес, сабақтас. Айтыстың шығу тегін айтқанда ірі ғалым М.Әуезов оны үйлену тойында және ғұрыппен бірге айтылатын “жар-жар”, “бәдік” жырларымен байланыстыра қарайтыны да осыдан.
Айтыс ежелден ел тұрмысында ақынның ақын аталатын бірден-бір өнер мектебі болып келген. Айтыстың бір өзгешелігі - мұнда жаттама, даяр өлең аз болады. Айтыс өлеңінің көбін айтысушы ақындар сол айтыс үстінде ойынан шығарады. Бұған себеп - айтыстың мазмұны, тақырыбы күні бұрын белгіленбейді. Қазақ даласына аты айтыспен әйгіленген Жанақ, Түбек, Сабырбай, Орынбай, Шөже, Кемпірбай, Әсет, Ырысжан, Сара, Сүйінбай, Жамбыл, Майкөт тәрізді майталман жүйріктердің өз дәуірінің білікті адамдары болғаны даусыз.
Айтыстың алғашқы көне кездері тым әріге, бағзы замандағы халық поэзиясының шағын түрлері - тұрмыс-салт жырларынан басталатынын көреміз. Екі ұдай болып хормен орындалатын үйлену салт өлеңдері (“жар-жар”) мен ескі діни-наным сенімдерге байланысты туған жырлар (“Бәдік”) немесе Наурыз мерекесіне сәйкес бата-тілек үлгісіндегі кезектесіп айтылатын өлең-жырлар, сөз жоқ, айтыс жырының бастапқы негізін қалаған. Әйтсе де бұл жырлар ақындар айтысындағыдай суырып салма сөз жарысы, өнер таласы емес, тек дәстүрлі әдет-салтты, наным-тілектерді орындауға арналған. Осылардың бірі - “бәдікті” мысалға алайық.
Ең алғаш емдік мәнде туған бәдік жырлары бертін келе “ауруды көшіру” сипатынан біртіндеп айырылып, сол сылтаумен жастардың жиылып бас қосатын ойын-сауықты кешіне айналған. Жігіттер мен қыз-келіншектер бәдіктің атын ғана қалдырып, затын өзгертіп жіберген. Ол жастардың оңашада бас қосып айтысатын дәстүріне жол салған. Сонда да бәдіктің де айтыспен үйлеспейтін тұстары бар екеніне біз жоғарыда тоқталғанбыз.
Шындық үшін өлімнен де тайсалмай қалтқысыз сөйлейтін ақындардың қатарында - алдымен, Жанақ, Түбек, Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбыл тәрізді майталман жүйріктерді айта аламыз. Айтыс ақындары да өз дәуірінің перзенті. Рушылдық қарым-қатынас тұсында жасаған ақындардың өзінінің шыққан руы мен ел-жұртының талап-мүддесінен табылып отыруы да заңды. Бұл - айтыс ақындарының бәріне тән қасиет. Онсыз айтыс біздегідей кең көлемді шырқау шыңына көтеріле алмаған болар еді. Айтыста мақтау, даттау үнемі астасып, алмасып отыратын болғандықтан, бұл оның сыншылдық сипатын әркез ұштап, шыңдап келген.
Айтыстағы тағы бір өзекті тақырыптардың бірі - әйел теңдігі, олардың бас бостандығы мәселесі болып келеді. Бұған “Молда Мұса мен Жанат қыз”, “Біржан мен Сара” т.б. айтыстардың тақырыптары дәлел бола алады.
Қыз бен жігіт айтысы. Бұл айтыс үлгілері ойын-тойдағы жастардың әзіл-қалжыңына құрылған өлеңдерінен тұрады. Мұның екінші бір аты “қайымдасу” деп аталады. Қазақ тұрмысында “қайымдасу” деген сөз ертеден “әзілдеу” мағынасында қолданылып келген. Мұның дәстүрлі өлең үлгілерінде алғашқы екі жолы қызға да, жігітке де ортақ болып, шешуші мағына үшінші, төртінші тармақтарда түсіп отырады. Қыз бен жігіт айтыстары ұзатылу тойы үстінде айтылатын болғандықтан, қыздың болашақ жарына риза не риза еместігі де сол қайымдаудың даму желісі мен бет-бағдарын белгілеп отырған. “Күйкентай қыз бен Оспантай”, “Ұлбике мен Жанкел”, “Омарқұл мен Тәбия” айтысында сол тұстағы ел өмірінің сан алуан қырлары кеңінен сөз болып, жақсы мен жаманның сыр-сипаттары біршама пайымдалып ашылады. Айтыс жеке бастың арман-мұңы мен қайғы-зарынан асып, үлкен әлеуметтік түйіндеулерге бой ұрады. Мұндай жағдайда қыз бен жігіт айтысы ақындар айтысына да айналып кетуі мүмкін.
Жұмбақ айтысы - айтыс жанрындағы кең саланың бірі. Бұл айтыс екі түрлі болады. Біреуі - екі ақын жұмбақсыз айтысып отырады да, ара-тұра жұмбақ сұрау беріп, жұмбақпен шешеді. Екіншісі - айтысты жұмбақпен бастап, жұмбақпен бітіреді. Жұмбақ айтысында да, мазмұны жағынан, бұрынғы жұмбақ айтыстарын қайталау ұшырасады, ал түр жағынан келгенде, бұрынғы жұмбақтардың түрін айтысушылар аз қолданады. Оған себеп: жұмбақпен берген сұраудың кенеттен айтылуы, оған іркілмей, табан аузында жауап берудің қажеттігі.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар айтыстарында бұрыннан келе жатқан импровизация дәстүрі бір сәт толастап, жазып айтысу салты өріс алды. Сондықтан қазақтың әдебиетшілері М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Е.Исмайловтар айтыстың көне, дәстүрлі бағытта дамуына мұрындық болып, 1961 жылы Республикалық ақындар айтысын өткізіп, суырып салма өнерге қайтадан жол ашты. Айтыс – бүгінгі күні жалғасын тауып келе жатқан жанр.
Қазіргі кезде айтысатын ақындар да бір-бірінің облысын, ауданын аралап, танысып отыратын ұнамды салт бар. Айтыстың нақтылы, қызықты өтуіне бұндай өзара таныстық жақсы жағдай тудырады. Бірақ мұның да кейбір ескерерлік жағы жоқ емес. Қайсы бір әдебиетшілер, ақындар қай облыстың өкілімен сайысатынын білсе де, әріптестің кім екенін айтысқа дейін жыға танымағаны дұрыс деп есептейді. “Бұл әріптестердің бір-бірімен алдын-ала пікір алмасып, “бітім” жасасып қоймауы үшін қажет шарт болар еді”, - дейді белгілі ғалым Рахманқұл Бердібай. Қазіргі айтысты дамытуда еңбек етіп жүрген ақын Ж.Ерманов оның жаңа сипаталуына ықпал жасады. Айтыс қазір телевизиялық сипатқа көшті.