Балалық жырлары (сұрамақ, тақпақтар, мазақтамалар, қызықтамалар). Балалардың арнау-тілек өлеңдері.
Ойын өлеңдері мен өлең ойындар
Ересектер мен балаларға ортақ жанрлар.
Халық мұрасының танымдық, тәрбиелік мәні шексіз, шектеусіз терең дүние. Ол тұтастай алғанда, жас ұрпақ үшін ғана емес, адам өмірінің барлық кезеңі үшін мәнді, адамзаттың рухани-эстетикалық қуатының қайнары. Оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне бағышталған, сәбидің жан дүниесінің қалыптасуына, рухани марқаюына негізгі ұйтқы болатын шығармалар өзінше арна түзеді. Мұны фольклор ілімінде “балалар фольклоры” деп атау қалыптасқан. Балалар фольклоры - балалар психологиясының көркемдік талғамын, шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы.
Балалар фольклорымен айналысқан ғалымдар оларды бірнеше жанрға жіктейді. Олар:
1. Балалық жырлары;
2. Ойын өлеңдері мен өлең-ойындар;
3. Ересектер мен балалар арасындағы ортақ жанрлар. Олар іштей бірнеше жанрлық түрлерге бөлінеді.
Балалық жырлары. Балалардың өмірінде үлкендер өмірімен сабақтастық көп. Жалпы фольклорлық жанрлардың кейбір белгілері балалар фольклорынан да көрінеді. Кейбір балалық жырдан ескі наным-сенім белгілерін, кейбір жырлардан даталық мерекелер бейнесін көреміз. Мәселен, балалар наурыз, айт мерекелерінде үлкендер орындайтын наурыз, жараназан жырларын өз ұғымына лайықтап айтатын болған. Календарлық өлеңдер балалар фольклорында да кең тараған. Әр түрлі жыл мезгілі туралы өлеңдерде балалардың сол мезгілде не істейтіндігі айтылады. Мәселен,
Балақай-ау, балақай,
Жаз келеді, алақай.
Балақты да түреміз,
Көлден балық сүземіз.
Арнау-тілек өлеңдердінде көне ныным-сенім белгілері көп, онда бақсылар сарынында көрінетін жолдар да кездеседі. Бірақ балалардың арнау-тілек өлеңдерінде психикалық сену басты орын алмайды, тек оның белгілері ғана бар. Күннің бұлтқа жасырынған кезінде айтатын:
Май беремін, құрт беремін,
Шық, шық, бұлт, шық, бұлт, –
деген жолдардан соны байқаймыз.
Балалар жырының бір түрі – тақпақтар. Ол - 4-8 жолдан тұратын шағын, мәнерлеп айтуға келетін өлеңдер. Олардың тақырыптары шектеулі, жеңіл ұйқасқа құрылады. Тақпаққа ұқсас жырдың бір түрі – сұрамақ. Оның ерекшелігі – сұрақ-жауапқа құрылатындығында. Мәселен, “бақа, бақа, балпақ” деп басталатын өлең. Қызықтама - сұрақ -жауапқа және сюжетке құрылып, өлеңмен айтылатын, әңгімеге ұқсас, юмор аралас шығарма. Қызықтама ерте дәуірден келе жатыр. Өйткені оның белгісі туысқан түркі халқында бар. Мәселен, “Түйе, түйе, түйелер” немесе “Түлкі, түлкі, түлкішек” өлеңдері.
Өтірік өлеңдер қазіргі уақытта жазба әдебиетте де кездеседі. Фольклорлық өлеңдердің олардан айырмашылығы - әлеуметтік құбылыстарды қарастырмайды, құрылысы қарапайым.
Мазақтамалар үлкендердің балаларға нашар қылықтарды әжуалауды үйретуден туындаған фольклорлық жанр. Мазақтамада негізінен баланың ішкі және сыртқы кемшіліктері сынға алынады. Сыртқы кемшіліктері: тіс кетіктігі, сақаулық, бойдың тым ұзын немесе қысқалығы т.б. Ішкі кемшіліктер: мінез-құлық, сотқарлық, әдепсіздік т.б.
Ойын өлеңдері ойын үстінде айтылып, қимыл-әрекетпен бірге орындалады. Бұл өлеңдер ойынның бір компоненті болып саналады. Ойын өлеңдерінің орындалуы да ерекше. Оны көпшілік болып орындайды. Мәселен, “Айгөлек” ойынындағы ойын өлеңі:
Айгөлек-ау, Айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Бізден сізге кім керек т.б.
Өлең-ойындарының ойын өлеңдерінен басты айырмашылығы - ол қимыл әрекетпен бірге орындалмайды. Өлең мұнда ойын ретінде ойналады. Оның орындаушылары екі адам болғандықтан бұл өлеңдердің құрылысы диалогқа құрылады.
Мұндай ойындардың қатарына жұмбақ пен жаңылтпаш айтып ойнау жатады. Өлең-ойындарының бір түрі - тәжікелесу.
Тәжікелесу екі баланың арасындағы өлеңмен (ұйқаспен) ойнау нәтижесінде пайда болады. Мәселен, сұраққа құрылған тәжікелесуде бір бала: “Ақ па, қара ма?” - деп сұрайды. Екіншісі: “Ақ” - дегенде, бірінші бала: “Бетіңе батпақ жақ”, - дейді. Бірінші бала: “Қара” десе, екінші бала “Басыңа шықсын жара”, - дейді.
Жұмбақ тәжікелесудің бір түрі. Бір бала жұмбақ жасырады: “Белі бүкір алысқа түкір, ол не?” - дейді. Балалар: “Мылтық” дегенде, ол “Аузыңа жүн тық”, - дейді. Сондай-ақ әдейі айтқызылатын жасанды диалогқа құрылған тәжікелесу және әдейі айтқызылмай, сөйлесу барысында айтылатын шынайы диалогқа құрылған тәжікелесу де кездеседі. Мәселен, жасанды диалогқа құрылған тәжікелесу:
- “Қасық”, - деші.
- Қасық.
- Аузың сасық.
Шынайы диалогқа құрылған тәжікелесу: Бір сөзді естімей қалған бала: “Немене?” - дейді. Екінші бала: “Тегене, төмен қарап дөңгеле”, - дейді.
Балаларға арналған үлкендер шығармаларын балалар фольклорының құрамында қарастырса болады. Бірақ көбі салтпен, тұрмыспен байланысты болғандықтан және орындаушылары ересектер болғандықтан оларды басқа фольклорлық жанрлардың құрамында қарастыру мүмкін. Сондай-ақ фольклорлық жанрлардың ішінде ересектер мен балаларға ортақ жанрлар да кездеседі. Соның бірі - ертегі жанры. Ертегінің барлығы бірдей балаларға арнала бермеген. Оларға көбіне жан-жануарлар туралы ертегілер, сатиралық ертегілер айтылатын болған. Балаға айтылған ертегілер құрылысы шағын оқиғалы, тілі жеңіл болуы тиіс. Мұндай ертегілердің қатарында “Қотыр торғай”, “Мақта қыз бен мысық” т.б. айтуға болады. Қиял-ғажайып ертегіде, тұрмыстық ертегіде бас кейіпкері жас бала болған жағдайда, олардың балалар ұғымына жақын болатынынын байқаймыз. “Аңдардың жыл басына таласуы” сияқты мифтік ұғыммен байланысты ертегілер, аңыздар балаларға арналып айтыла берген.
Кіші жанрлардың ішінде де балаларға қатыстылары көп. Мәселен: “Әдепті бала арлы бала, Әдепсіз бала сорлы бала”, “Сіз деген сыпайылық, сен деген тұрпайылық” деген сияқты мақалдар тікелей балаларға арналған болса, “Балалы үй базар”, “Баланы жұмса да соңынан өзің бар”, “Бала тілі - бал” деген сияқты мақалдар балалардың өзіне тән ерекше қасиеттерді бейнелейді.
Сондай-ақ жаңылтпаштарды, жұмбақтарды балалар ойын ретінде пайдаланған. Бұл жанрлармен қатар, балалар өздері тікелей орындайтын, кей жағдайда өздері шығаратын фольклорлық жанрлар да бар. Олар балалардың ұғымына лайықты, жаттап алуға оңай шығармалар. Құрылысы күрделі емес, көлемі шағын, поэзия түріндегі үлгілер бала жеке адам ретінде қалыптаса бастағанда оларды ой еңбегіне тәрбиелеу қажеттігінен туады. Балалар репертуарындағы шығармалардың көбі ересектердің арасынан келді. мәселен, жарапазан өлеңдерінің негізгі айтушылары балалар болған. Мұндай өлеңдердің негізгі шығарушылары - ересектер. Ол – халық педагогикасының бір бөлшегі болып табылады.
Балалар айтысы - инпровизациялық өнер емес. Балалар үлкендердің үйретуімен бір-бірімен айтысады. Олардың драмалық сипатының басым болуы да сондықтан. Балалар ойының бұл үлгісі Ш.Ыбыраев құрастырған “Ақ сандық, көк сандық” жинағында бар. Балалар айтысының үлкендер фольклорынан тағы бір айырмашылығы - онда ірі әлеуметтік мәселелер айтылмайды. Балалар ұғымына лайықты отбасы, адам басындағы кемшіліктер, жан-жануарлар сияқты т.б. мәселелерді қамтиды.