14 ЛЕКЦИЯ
Фольклор және әдебиет. Қазақ фольклорының түркі халықтары фольклорымен генетикалық байланысы.
Фольклор мен әдебиеттің өзара ықпалдастығы
Көне түркі жазба ескерткіштері және қазақ фольклоры.
Жыраулар поэиясы мен қазақ фольклоры.
Жазба әдебиеті және қазақ фольклоры.
Қазақ фольклоры түркі фольклоры құрамында
Қазақ халқының бағзы заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, әдебиеті, философиясы, даналығы – ауыз әдебиеті болғандығы мәлім. Фольклор – жазба әдебиеттің іргетасы. Онсыз ешбір елдің әдебиеті кемел болмақ емес. Бүгінгі күні фольклор мәселесінің өзектілігі күннен күнге артып, барған сайын оған деген жан-жақты қызығушылық артуда. Этнография, тарих, тіл білімі, тіпті әдебиет тарихы сияқты гуманитарлық ғылымдардың ешқайсысы фольклорсыз өмір сүре алмайды. Яғни, ол – халықтың сан ғасырлық көркемдік ақыл-ойының жемісі, жазу білмеген тұстағы халықтың көркем тарихы. Фольклор қай замандардың көшінен өтсе де, әрбір кезеңнің жанды эстетикалық құралы ретінде талай уақыт сынынан да, талай ғасырлар асуынан да мүдірмей, шашырамай осы күнге жетіп отыр. Жалпы, фольклор халықты біріктіретін мәдени-интегралды жүйе ғана емес, этностық, тұтас халықтың дүниетаным ерекшеліктерін айқындайтын философиялық-адами феномен. Әрбір есейген, кемеліне келген жазба әдебиеттің өткен тарихы оның ауыз әдебиеті дәстүрінен тыс емес.
Жалпы, фольклор мен жазба әдебиет байланысы мәселесі орыс әдебиетінде тереңде жан-жақты, әрі ертерек зерттелді. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымында бұл проблема кешеуілдетіп қолға алынды десе де болады. Бұған ең бірінші себеп – тоталитарлық жүйенің көп жылдар бойы фольклорға ескінің қалдығы деп қарап, зерттеуді екінші орынға қойып келуі. Осы көзқарастың салдарынан қазақ әдебиетінің көрнекті классиктерінің шығармаларында тұнып тұрған фольклорлық дәстүрлер күні бүгінге дейін зерттеуден тыс қалып келді. Фольклорлық сюжеттерге шығарма жазу дәстүрін немесе көркем туындыларында фольклорлық дәстүрлерді молынан пайдаланған қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған жазушылар творчествосының осы қыры, яғни фольклорлық айшығын айқындау – бүгінгі әдебиеттану мен фольклортану ғылымының ең өзекті мәселесінің бірі боп отыр. Осы проблема аясында бүгінгі әдебиеттану ғылымында соңғы кезде жүйелі зерттеулер жасалуда, сөйтіп өз алдына бір дербес ғылым тармағының өзекті мәселесі ретінде күн тәртібінен маңыздылығы бір де бәсеңдемейтін зерттеу объектісі боп қалыптасуда. Жалпы, фольклор мен әдебиеттің арасындағы байланыс, ең алдымен, олардың біртұтас даму заңдылықтарымен айқындалады. Ол заңдылық – дәстүр мен жалғастықтың сабақтасуымен тығыз байланысты. Дәстүрді, әдетте, халықтың рухани көркемдік-эстетикалық өмірі жағдайындағы асыл мұраттары, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дамытып жалғастырудың тарихи қажеттілігі деп түсінеміз.
Қазіргі таңда қазақ әдебиеттану ғылымы жаңа, тың да соны бағытта зерттеулерді қолға алып, бірталай рухани серпіліс дарытып отыр дедік. Сол бағытта профессор Ә. Молдахановтың М. Әуезов көркем шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлерді зерттеген ғылыми еңбегі жарық көрді. С. Мұқановтың шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлерді Қ. Байтанасова арнайы зерттеді. Б. Қанарбаева Мағжан шығармашылығының фольклорлық қырларын зерттеп, ғылыми жұмыс қорғады. І. Жансүгіровтің халық ауыз әдебиетін пайдалану әдістері жөнінде Е. Естаев зерттеді. Ж. Ахметова ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі фольклорлық дәстүрлерді Шәкәрім, Сұлтанмахмұт шығармаларының негізінде зерттеп шықты. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Яғни, бұдан шығатын қорытынды сонау қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған классиктерімізден бастап бүгінгі күнге дейінгі ақын-жазушыларымыздың шығармашылығындағы халықтық негізді айқындау, ғылыми айналымға енгізу ғылымдағы кезек күттірмейтін мәселе екендігі.
Әдебиеттегі фольклорлық дәстүр мәселесін белгілі бір жазушының көркемдік әдіс-тәсілдерінің жүйесі деп қана емес, сонымен қатар философиялық, этикалық, дүниетанымдық категорияда қарастыру қажет. Фольклорлық шығармалар мен әдебиет туындыларының құрылымы әр түрлі екендігі ғылымда дәлелденген, яғни фольклордың тек қана өзіне тән құрылымдық заңдары болады. Ал осы өзіндік заңдылықты түсіндіруге әдебиеттану ғылымының күші келмейді, бірақ оны тек қана әдеби талдау тәсілдерімен анықтауға болатынын айтады. Осылайша фольклор мен әдебиеттің өзара байланысы мен ерекшелігі мәселесі бүгінгі күнге дейін өзек тартып келеді. Әдебиет пен фольклордың байланысының тамыры тым тереңде жатыр. Екеуі де сөз өнері болғандықтан бір-бірімен тығыз байланыста дамитыны сөзсіз. Қазіргі заман әдебиетінде фольклорлық элементтер рөлі шығарманың көркемдік идеялық концепциясының мазмұнын байытып қана қоймайды, халықты адамгершілік рухта тәрбиелеуде де үлкен маңызға ие. Көркем әдебиеттің фольклормен байланысын тек этно-генетикалық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи-әлеуметтік тұрғыдан да біртұтас қарастырған дұрыс. Сонда ғана оның көркем әдебиетпен біте араласып кеткен қасиеттерін, оның көркемдік ерекшеліктерін тереңірек ұғамыз. Сондай-ақ фольклор мен қазіргі әдебиеттің бірінен-бірі туындап, дамып жататын жанрлық принциптерін де ескерген дұрыс. Сонымен, фольклордың өзіндік табиғаты оның теориясына да айрықша түр береді. Фольклордың теориясы, ең алдымен, оның әр кезде атқаратын әр түрлі қоғамдық-тұрмыстық міндеті мен танымдық, тәрбиелік және эстетикалық функцияларынан, мақсаттарынан туындайтын мәселелерді қарастырады. Осылардың ішіндегі ең бастылары, әрине, фольклорлық дәстүрлермен тығыз байланысты. Фольклорлық дәстүр дегеніміз – қалыптасқан шығармашылық әдістің жалғастығы, ал, әдебиеттегі дәстүр дегеніміз – бұрынғы тәжірибені жаңғырту болып табылады. Әлде де нақтылы айтар болсақ, фольклордағы дәстүр – қалыптасқан шығармашылық әдістің жалғастығы, ал, әдебиеттегі дәстүр – ескіні өзгертпей қолдану емес, керісінше соны өзгерте дамыту, жалғастыру. Сондықтан да әдебиетте даралық сипат басым болады да, автор өзіне дейінгіні қайталамайды, бұрынғыны бойына сіңіре отырып, өзі қабылдаған шындықты халыққа қайтадан, жаңарған күйінде ұсынады. Дәстүр нағыз халықтық рухта сусындаған суреткердің қанымен келіп, еріксіз көрінетін құбылыс. Мінекей, осынау «фольклорлық дәстүр» ұғымы (немесе ғылымда оны «фольклоризм» деп те атайды) қазақ әдебиеттану ғылымының да басты арналарының бірі болып қалыптасуының өзіндік даму жолы да бар. Ұлттық әдебиетімізде әр суреткер өзгеше көркемдік форма табуымен ерекшеленеді, өзгелерге ұқсамайтын соны сүрлеуімен дараланады. Сөйтіп әдебиет тарихынан орын алады. Әйтпесе, оны зорлықпен оқырманға таныту мүмкін емес. Көзге көрінбейтін өзгеше тін – фольклор. Осы тін арқылы жазушы оқырманмен біте қайнасып, оның жүрегіне жол таба біледі. Себебі әр қазақы оқырманның бойында ана сүтімен бірге дарыған, ұлттық сана, ұлттық діл бар. Соны дамытатын, жарыққа шығаратын бір жол – сөз өнері десек, сол өнердің шектеусіз мүмкіншілігін дұрыс пайдалана білген суреткер ғана классикалық дәрежеге жете алмақ.
Жалпы фольклордың тектеріне сараласақ, онда халық прозасы, халық поэзиясы, халық драмасы бойынша қарау қисынды. Түркі тілдес халықтардың фольклорында, халық прозасының түрлері: миф, әпсана, хикаят, ертегілері бәрінде де бар. Көпшілігінің сюжеттері бір-бірімен сәйкестік танытады. Аспан мен жер, табиғат пен жаратылыс, адам мен қоғам, махаббат пен достық туралы таным-түсініктері ортақ екендігі көзге бірден шалынады. Керек болса, белгілі бір сюжеттер қаз-қалпында, жолма-жол қайталанылады. Оның басты себебі ерте дәуірдегі тыныс-тіршілігіміз, салт-дәстүріміз бір екендігін білдіретін түркі бірлестігі, түркілік дүниетанымымызда жатыр. Араға ғасырлар мен жылдар салған айырмашылықтар Адам аттары мен Кеңістік атауларында тұр. Қиыр Шығыс, Сібірдегі және Орал, Волга, Солтүстік Кавказ аймағындағы түркі халықтарының ертегі, аңыздарында кейіпкерлер орыс есімдері мен жер атаулары соншалықты өзгеріске түсіп үлгерген. Ертегі мен аңыздардағы Иван, Владимир, Павел, Белое озеро, Красная поляна т.б. бұған дәлел. Ертегі есте жоқ, өткен ескі өмірдің ескерткіші екені талас тудырмайды. Ендеше ондағы есімдер өзгерісі тағы да өктем саясаттың салқыны, бодандықтың күшті қарқыны жүзеге асқандығы дегеннен басқа жауап таппайсың. Ендігі бір мәселе ауызша сөз өнеріндегі ертегілердің өзінен-ақ, әр халықтың мекендеп отырған жерінің қадір-қасиетін, ондағы өсетін өсімдіктер, мекендейтін аңдар мен құстар жөнінде мол мағлұматтар алуға болады. Мәселен, Алтай, Тува, Долган, Хакас, Якут, Башқұрт, Чуваш халықтарының хайуанаттар жайындағы ертегілерінде – аю, арыстан, жолбарыс, бұғы, т.б. жөнінде көп айтылып, ертегілерде аю тотемі қалыптасқан. Осындай ерекшелік құстар, балықтар және өсімдіктерге де байланысты айтылады. Ал, Орталық Азиядағы түркі халықтары фольклорындағы хайуанаттар ертегілерінде қасқыр тотемі ерекшеленеді екен. Аңдардан көбіне түлкі, қоян, қасқыр, жолбарыс, арқар, киік, барыс ертегі кейіпкерлеріне айналған. Киелі құстар ішінде қарлығаш, аққу, сарыала қаз, ұлар ерекшеленеді.
Түркі халықтарының көпшілігінде Қожанасыр (Насредин) аңыз, анекдотқа айналған. Орталық Азиядағы түркі халықтарында Қорқыт, Алдар Көсе, Жиренше шешен, Асан Қайғы бейнелері аңыздың прозаның ортақ кейіпкері ретінде көрінеді. Бұның себеп-салдарын бүгінгі тарих, философия ғылымдары түсіндіруге көмекке келді.
Халық поэзиясындағы отбасы – ғұрып фольклоры поэзиялары барлық түркі тектес халықтарда бар және идеялық жағынан ортақтаса алатындығын аңғартады. Мәселен, жар-жар, тойбастар, сыңсу, жұбату өлеңдері пішіні жағынан басқаша болса да, мазмұны жағынан үндестік танытады. Көлемді халық поэзиясының шырқау биігі эпостық мұралар. Түркі тектес халықтар мұрасында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лиро-эпосы, «Алпамыс батыр», «Қобланды батыр», «Көрұғлы», «Едіге батыр», «Ер Көкше», «Ер Тарғын», «Шора батыр» жырлары жиі ұшырасады. Бұның мән-мағынасы қоғамдық бірлестіктер мен тарихи оқиғаларға қатысты екендігін көпшілік қауым жақсы түйсінеді.
Түрік қағанаты дәуіріндегі ерлікке тұрғызылған ғажап ескерткіштердің бірі «Қорқыт ата кітабы» екендігі ғылымда бағасын алған. Қазақ эпосын зерттеуші ғалымдар ондағы бірнеше жырлармен «Алпамыс», «Қобланды», «Орақ-Мамай» т.б. жырлармен үндестігіне байланысты байыпты пікірлер айтқан. Батырлықты дәріптейтін жырлардың сюжеттік ұқсастығынан басқа, назар аударарлық жағдайдың бірі – көне таным түсінікте тұр. Эпостың ең көне варианттарында Көк Тәңірге және Жер анаға сыйыну қалыс қалмаған, Шындығында, бүкіл түркі жұртында Тәңір – көктегі ер ролінде, ал Ұмай – Жер-Ана болып қабылданады. Сондай-ақ, Қорқыт жырларындағы айтылатын Яншкент, Жент, Үзкент, Баршыкент, Сүткент, Отырар т.б. болса, осындағы қыпшақ тайпаларының басты қалалары делінетін Сығанақ, Түркістан, Созақ т.б. қалалар тарихи жырлары (Есім хан, Абылай хан, «Шақшақ ер Жәнібек», «Қара Керей Қабанбай батыр», «Кенесары-Наурызбай») жырларында да айрықша аталып отырады. Керек десеңіз қазақ халқының түп негізі түркі екендігін анық түсіндіретін – тарихи жырлар.
Мысалы:
Қазақ деген – түріктің руы еді,
Алтын Орда қарауында тұрып еді.
Шыңғыс хан немересі Береке хан,
Еділде зор мемлекет құрып еді.
Тоқай – Темір, Береке – бір туысқан,
Орыс халқын қаратып, жерін қосқан.
Әмір-Темір билеген жері еді,
Түркістан, Үндістан мен Билужстан.
Сұлтан Биязит – Түріктің сұлтаны еді,
Бүкіл Балқан патшалығын ол биледі.
Тоқтамыс Алтын Ордаға хан болғанда,
Түріктің дәуірлеген мезгілі еді.
Баязит, Әмір-Темір, Тоқтамыс хан –
Біртұтас Түрік руға болған сұлтан.
Он төртінші ғасырдың мезгілінде
Түрік жұрты дәуірлеп өсіп тұрған.
Бұл үзінді ҚР Білім және ғылым министрлігі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының қолжазба қорында сақталып келе жатқан «Сабалақ-Абылай хан» жырынан үзінді ретінде алынды. Бір кездегі түркі елінің шежіресін беретін мұндай үзінділер тарихи жырларда молынан ұшырасады. Тұрақты тіркес болып берілетін «Түрік жұрты», «Түрік дәуірі», «қаны түрік», «Түрік ері», «Түрік сұлтаны» т.б. эпикалық жырлардың кіріспесінде еске салу дәстүрге айналған. Әйгілі «Есім хан», «Еңсегей бойлы Ер Есім», «Олжаш батыр» жырларынан бұған дәлелді көптеп табамыз.
Тарихи жырлардағы назар аударарлық ендігі бір мәселе – тарихи жырлардың тілі мен ондағы әскери терминдер.
Мысалы:
Бір жерге кеп тұр ем, үйме-жүйме,
Сар жарғақ, сары шалбар алтын түйме.
Бір жалғыз қара атты тұра салды,
Зәңгі екен қызылтасты тұтқан күйде.
(Абылай хан)
Мұндағы зәңгі сөзі тасқа қатысты айтылған. Анығында зәңгі сөзі «жергілікті әкімдердің ең кішісі, старшина» деп түсіндіріледі. Қырғыздарда «ауыл ақсақалы» мағынасында, ұйғырларда зианги – үнтер офицер, моңғолша дзанги – лауазымды кіші офицер мағынасында жұмсалады. Тарихи жырлардағы сардар сөзі қазақ тіліне иран тілінен енген. Бұл жырда көп кездеседі. Жырдағы оның мағынасы қол басшы, сарбаздар басшысы, жасақ басшысы болып табылады. Ендігі бір назарға ұстайтын жәйт тарихи жырлардағы қару-жараққа қатысты қолданылатын атаулар. Айталық, батырдың кигені «кіреуке» екені бірнеше жырда баяндалады. Мұндағыкіреуке шар айналы сауыт болып сипатталады. Бұл түрік тілі арқылы кереке болып осетин тіліне ауысқан. Олардың ұлттық батырлары соғысқа киетін сауыты «кереке» деп аталады екен. Тарихи жырлардағы батырлардың садағы «саржа» делінеді. Бұл сөз қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, татар тілдерінде «атыс құралы, садақ ұғымында» ұшырасады. Түрік тіліне қатысты сүңгі, дүрбі, сауыт, жарақ т.б. бірнеше сөздерді жиі ұшыратамыз. Бұның бәрі дәстүрге бай, рухы терең түркіден тараған елдің тарихына берік екендігін көрсете алады.
Түркі халықтарында айрықша ортақтықты дәлелдейтін халықтың нақыл сөздері деуге әбден болады. Бұл істе мақал-мәтел, жұмбақтар, шешендік сөз үлгілері түркі халықтарының бәріне ортақ мұра болатын Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегіндегі ұлағатты сөздер, мақал-мәтел, жұмбақтардың түркі тілдес халықтардың ортақ игілігі тұрғысынан жаңаша пайымдаулар жасау бүгінгі ғылыми қауымға қажетті іс болмақ. Мұндағы: «Кісі аласы ішінде, Жылқы аласы сыртында», «Ұлық болсаң, кішік бол», «Іңген ыңыраса, бота боздайды», «Құс қанатымен, Ер атымен» атты мақал-мәтелдер түркі тілдес халықтардың өмірінде күні бүгінге дейін қолданылып келеді. Халықтың асыл сөз үлгісін жинақтаудағы «Кодекс-куманикус» қыпшақ сөздігінің де айтарлықтай үлес-салмағы барлығы мәлім. Рухани байланыстар мен қарым-қатынастардың сырын бұдан бір аңғарсақ, мейілінше қанықтыра түсетін «шежірелер» деуге болады. Шежіре жазу түркі тілдес халықтардың көбінде орын алған. Ежелгі түркі тілдес халықтардың естелігі «Оғызнама» одан кейінгі Рашид-ад Диннің «Жамиғат ат тауарих», Әбілғазының «Түркі шежіресі», «Түркімен шежіресі» және т.б. әрбір рудың, халықтың шығу тарихымен қоса, онда әпсана, миф, аңыз, нақыл сөздер араласып жүреді. Бұның бәрі де түркі әлемін танытуға қосатын мол мағлұматтар мен дәлелді деректер болатындығы белгілі.
Достарыңызбен бөлісу: |