Байланысты: Лекция та ырыбы Кіріспе. Фольклор ж не фольклортану ылымы тура
Ырымдармен байланысты өлеңдер:тұсау кесу, майлау-сылау, бесікке салу, қарын шашын, тырнағын алу кезінде, киім кигізгенде, алғаш атқа мінгізгенде айтылатын өлеңдер. Ол өлеңдердің құрамында құдіретті күшке сиыну сарыны орын алған. Бұл сиынуда халықтың ізгі тілегі көрініс тапқан. Магиялық құдіретке сену байқалады. Қазақ халқында тұсау кесуге байланысты жырлар кең таралған. Халықтың түсінігі бойынша жүрер жолда баланың аяғын ұстап, кедергі жасайтын зұлым күштер болады. Егер тұсауын кессе, бала жақсы жүреді деп санаған. Тұсау кесу рәсіміне жиналғандар балаға арнап:
Тәй, тәй, балам, тәй, балам,
Жүре қойшы жәй, балам.
Қарыс сүйем қаз бастың,
Қадамыңнан айналдым, – деген сияқты өлеңдер айтқан. Сол сияқты баланың жауырынын сипап, қолын уқалап, денесін маймен сылап, шомылдырып тұрып, осы сияқты өлеңдерді айтқан. Мысалы, маймен сылау кезінде: “Сыламақ менен, қатып қалмақ сенен, менің қолым емес, Бибі Бәтима, Бибі Зухра қолы, тастай қыл, темірдей қыл, сүттей ақ қыл” - деген. Бұл өлеңдердің басты тақырыбы – балаға денсаулық тілеу. Олар әрдайым белгілі бір ырымдық әрекетпен бірге орындалатын болған. Оның ырғағы да өзгеше болып келеді. Өзге бала өсіру салтына қатысты өлеңдерден ең басты айырмашылығы – мұнда құдіретті күшке сенудің, ритуалдық әрекеттің басты орын алатындығы.
Үйлену салт жырлары халықтың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алады. Оның танымдық мәні күшті. Үйлену салт жырының шығу тегі көне дәуірде жатқаны анық, жұбайлы неке пайда болғаннан бергі уақытта өмір сүріп келген. Үйлену салт өлеңдерінің бір түрі – тойбастар.
Тойбастар - өлеңнің айтушысы елге сыйлы адамдар болып келеді. Ол қыз ұзатылу немесе келін түсіру тойында айтылады. Той бастау өлеңінде қара өлеңдегі сияқты тіл шеберлігі молынан қолданылады:
Айшық мүйіз ақ серке қой бастаған,
Жануар қой алдында ойқастаған.
Арғы ата-бабамыз кезінде қол бастаған,
Бізге қиын болып па той бастаған, -
деген сияқты юмор, жеңіл әзіл жиі араласып отырады. Тойбастар той иесін құттықтауға арналады, сондықтан “той аяғы тойға ұлассын” деген сияқты ізгі-ниет басым.
Той тарқар - тойбастарға қарсы мәндес. Оның да көркемдігі тойбастарға ұқсас. Айырмашылығы: мақсаты мен мезгілінде, яғни той аяқталған кезде, тойға жиналған көпшілікпен қоштасу мақсатында айтылады.
Жар-жар - қыз үйінде, ол ұзатылатын кезде айтылатын салт өлеңі. Халықтың тұрмыс-тіршілігінің, арман-ниетінің бұл өлеңдерде танымдық мәні үлкен. Салт жырларының бұл түрі жұбайлы неке шыққан кезде пайда болған болса керек. Жар-жар өлеңін екі топ – қыздар және жігіттер тобы кезектесіп, хормен айтады. Жырды күйеу жақтың жігіттері бастайды. Әр жырдың соңында “жар-жар” деген сөзді қайталап отырады. Жігіттер жағы көңілдерін көтеруге тырысып әзіл-қалжың араластыра жырласа, қыздар жағы оларға қарсы дау айтып, өтіп бара жатқан өмірді және өзінің туған жерін қимай, мұңды әуенмен жырлайды. Жар-жардың белгілі әуені, қалыптасқан мәтіні болады. Өйткені ол жеке адамның емес, ұжымның айтуында орындалады. Жар-жардың әр шумағы образдық, синтаксистік параллелизмге құрылады. Әр шумақтың алғашқы екі жолындағы айтылатын жайлардың соңғы айтылатын жолдардағы мәселелерге тікелей қатысы жоқ болғанымен, олар бір-бірімен мағыналары жағынан астасып жатады.
Сыңсу. Қазақтың ескі ғұрпы бойынша ұзатылатын қыз ән-жырымен туған-туыстарын аралап шығады, олармен қоштасады. Сыңсуда еріксіз ұзатылған қыз өзінің мүшкіл халін, өз ойын бүкпесіз ашық айта алған. Мұндай сәтте қызға ешкім тиым салмаған. Сыңсу өлеңінің психологиялық әсері басым. Бұрын қазақ қыздары теңіне бара бермеген. Мұндай кездегі сыңсуда қыздың еріксіздігі сөз болып, ол әлеуметтік сынға айналады. Бұл - ескі қазақ қоғамындағы жарияылықтың бір көрінісі. Мәселен:
Күн бола ма қыз байғұс жыламайтын,
Көздің жасын еріксіз бұламайтын.
Әке-шешең жалтақтап би-болыстан,
Қыз теңіне рұқсат сұрамайтын.
Сыңсу айту ұзатылатын барлық қыздарға міндетті болған. Сүйгеніне барған қыздың өзі жаңа босаға, табалдырықты аттағанда көңілі қобалжып отырады. Бұл кезде қолданылатыны – дәстүрлі сыңсу деп айтылады. Онда жеке бастың мұңы емес, жалпы қыздың басына түсетін мұң-шер айтылады.
Жұбату – сыңсуға жауап ретінде айтылатын жыр тобы. Оны сыңсу арналған адам тобы айтады:
Жылама, бикеш, жылама,
Көздің жасын бұлама.
Ұл боп тусаң әуелден,
Сені мұндай қыла ма?
Біз бермейік десек те,
Мал бергенің қоя ма?
Жұбату соңы үгітке айналып отырады. Тойбастар, жар-жар, сыңсу (қоштасу), жұбатулар – қалыңдық үйінде орындалатын салт өлеңдері.
Ал қалыңдықтың түскен елінде беташар, құттықтау, неке қияр сияқты салт түріндегі өлең-жырлар айтылады. Құттықтау той кезінде айтылады. Тойға келушілер ішінде тек қана қара сөз түрінде емес, өлеңмен құттықтаушылар да кездеседі. Құттықтау өлеңдері той иесіне немесе күйеу жігітке айтылады.