№ 10 лекция
Тақырыбы: Су ресурстары және оны қорғау.
Мақсаты: Гидросфера, су ресурстары және олардың ластану көздері және оларды дұрыс пайдаланбау салдары, өндірістік және тұрмыстық ағынды сулардың сипаттамасы, ағынды суларды тазалау әдістері, Қазақстандағы су қорларының мәселелері туралы білімді қалыптастыру.
Қажетті құрал жабдықтар: Глобус, Қазақстан атлас картасы, Қазақстанның су ресурстары картасы, Биосферадағы су айналымы суреті
Жоспар:
1. Гидросфера, су ресурстары
2.Су рессурстарын дұрыс пайдаланбау салдары - ластану көздері мен түрлері
3. Өндірістік және тұрмыстық ағынды сулардың сипаттамасы.
4. Ағынды суларды тазалау әдістері.
5.Қазақстандағы су қорларының мәселелері
*Жер бетінің 77,5 % су алып жатыр. Су қорларын – өзен, көл, теңіз жер асты сулар, таулар мен поляр шеңберіндегі мұздар, атмосфералық ауадағы ылғал құрайды. Гидросфераның ең ірі бөлігі мұхиттар. Мұхит сулары пайдалы кендерге, биологиялық рессурстарға, энергия қуатына, химия және қажетті шикізаттар қорына өте бай. Теңіз суларында алтынның, магниттің, алмаздың т.б. минералды заттарға өте бай. Теңіз су толқындары, әсіресе көтеріліп жағадан шыққанда немесе серпіліп қайта –қайытқанда, энергия қуатын береді.
Мұхиттар мен теңіздер жер шарында өнетін биологиялық өнімдердің 43%, отегінің 50-70% береді. Гидросфераның тұщы су қорына өзендер мен көлдер кіреді, ол гидросфераның 1 %- нанда аз мөлшерін құрайды, тұтынуға қолайлысы 0,3 %-дан аспайды. Жердің су қоры теория жүзінде сарқылмайды, себебі тиімді пайдаланылған жағдайда су ресурстары әлемдік су айналымы барысында үздіксіз қалпына келіп отырады. Қазақстан су ресурстары біркелкі таралмаған. Республикада - 85 мыңнан астам өзендер ( Абай, Арыс, Александровка, Жоғарғы келес, Жіңішке, Ленгр, Төменгі тоғай, Сазтөбе, Темірлан, Шардара, Ертіс , Іле Есіл, Тобыл, Елек, Шу, Торғай, Ырғыз, Сарысу, Талас, Нұра, Ембі т.б. өзендері) мен осы заманғы артезан бассейіндер (жыл ішіндегі климат жағдайлары салдарынан мезгіл-мезгіл кұрғап қалатын өзендер), жерасты суларының көптеген коймалары және 48 мың көл бар.
* Су-тіршіліктің негізін қалаушы фактор. Су экожүйесінің ластануы барлық тірі ағзаларға, оның ішінде адамға және табиғатқа үлкен қатер төндіруде. Су табиғи күйінде қоспасыз болмайды: оның құрамында табиғи газ бен тұз болады, түйіршік қатты бөліктер кездеседі. Судың ластануы- физикалық және органолептикалық қасиеттерінің (мөлдірлігі, түсі, иісі, дәмінің бұзылуы) өзгеруінен, сульфат, хлорид, нитрат, улы ауыр металдар құрамының артуынан, суға араласқан ауа оттегінің азаюынан, радиоактивті элементтердің, ауру тудыратын бактериалардың және басқа ластауыштардың пайда болуынан көрініс табады. Судың ластануының түрлері:
1. Химиялық ластану (мұнай өнімдері, синтетикалық беттік-белсенді заттар, пестициттер, ауыр металдар, диоксиндер т.б. ластану) - өте кең тараған гидросфераның су қорына әр түрлі улы заттардың түсуі немесе сулы ортаның құрамын өзгеруі: 1. Минералдық - суаттарға құмның, саздың, шлактың, минералдық тұздардың және т.б. түсуі; 2. Органикалық, адамдар мен жануарлардың физиологиялық шығарындыларын, организмдер тканьдерінің қалдықтарын және т.б. білдіреді;
2. Биологиялық ластану (суда вирустардың немесе патогенді бактериалардың, саңырауқұлақтардың және көптеген ауру туғызатын микроорганизмдердің пайда болуынан түзіледі) – бұл уақытша сипат алады.
3. Физикалық ластану- судың электрмагниттік сәуле шығарумен, радиоактивті заттармен ластануы: 1. Радиоактивті ластану (радиоактивті заттардың қалдықтарын суға тастау, оны түбіне көму,) – радиоактивті заттардың судағы аз концепциясының өзі өте қауіпті. 2. Жылулық - суаттарға ағынды сулармен бірге жылудың келуі (негізінде жылу электр станцияларын пайдалану кезінде). Су жүйелеріне жылулық ластану айтарлықтай зиян келтіреді. Ол ыстық су төгу немесе басқа да факторлардың әсерінен температураның өзгеруі нәтижесінде орын алады;
Суға ластаушы заттар, микроорганизмдер, жылулық, сәулелену және тағы басқаны түсіретін көз ластау көзі деп аталады.
Су ластануының көп көздері бар. Оларға өнеркәсіптік кәсіпорындар, коммуналдық-тұрмыстық шаруашылық, ауыл шаруашылығы, көлік және тағы басқа жатады, олар суды пестицидтермен, беттік-активті заттармен, мұнай өнімдерімен және көптеген басқа зиянды заттармен ластайды.
Қазақстан Республикасы бойынша таза су тоғаны 19,8 млрд.м³ жуық мөлшерді құрайды. Ең көп таза су Қызылорда облысында - 3,9 млрд.м³, Алматы облысында - 3,6 млрд.м³, Оңтүстік-Қазақстан облысында - 3,1 млрд.м³ сонжай -ақ Жамбыл облысында -2,8 млрд.м³ тоғандалады.
Қазақстан Республикасындағы негізгі суды ластаушыларға, өнеркәсіптік, кен-өндіру және қайта өңдеу кәсіпорындарынан басқа, қала құрылысы, мал шаруашылығы фермалары, егіншілікті суару алқаптары, әртүрлі тұндырғыштар, қатты, сұйық қалдықтардың және мұнай өнімдерінің қоймалары жатады. Негізгі ошақтарда қорғасын, мырыш, кадмий, темір, селен, марганец бойынша ластану басымырақ болады.
Ағынды сулардың төгіндісі 4,5 астам млрд.м³ құрайды. Ағынды сулардың аса көп төгіндісі Қарағанды (1,1 млрд. м³), Павлодар (1,1 млрд.м³) және Оңтүстік-Қазақстан (1,0 млрд. м³) облыстарында жүзеге асырылады.
Сулардың ластануы ең бірінші рет су қоймаларына әр түрлі ластаушы заттардың келіп түсуіне байланысты болады. Екінші ретті ластану бірінші ретті ластаушылардың әр түрлі тізбекті реакцияларға түсуі арқылы жүреді. Су экожүйелеріне екінші ретті ластану да көп зиян келтіреді.
Қазір кең таралып отырған, суды қауіпті ластаушы заттарға мұнай мен мұнай өнімдері жатады. Белгілі мәліметтер бойынша қазір мұхиттың суына жыл сайын 30-дан 50 млн.тоннаға дейін мұнай төгіледі Ал оның әр тоннасы 12 км² суды қабықшамен жаба алады. 0,05 мг/л мұнай су құрамында болса, су ішуге жарамсыз, ал концентрациясы 0,5 мг/л болғанда көптеген су ортасымен байланысты ағзалар тіршілігін жояды. Мұнайлы қабықша су бетіні шағылыстыру қабілетін (альбедо) өзгертеді. Ол жылу балансының өзгеруіне және ғаламдық жылу мен ылғалды тасымалдау құбылыстарына әкеледі. Мұнайдың бір бөлігі грунтқа сіңе отырып, грунт суларына, одан су айналымы арқылы қайтадан қазба көзіне қайтып келеді. Қиын ыдырайтын мұнай өнімдері мұхит ағыстарына түседі де, үлкен ара қашықтыққа таралады.
Ластаушы заттарға негізінен топырақ эрозиясының өнімдері, минералдық тыңайтыштар, улы химикаттар және т.б. заттар жатады (азот, фосфор және басқа биогенді элементтер мен олардың қосылыстары, органикалық заттар, пестицидтер, тұрмыстық қалдық, жоғарыда аталған мұнай және мұнай өнімдері).
Еліміздің тамақ өнеркәсібі миллиондаған текше метр суды пайдаланып, оның 70-80 % көлемін ластанған түрде қоршаған ортаға қайта шығарады. Ақаба судың құрамында көбіне ас тұзы, жууға, дезинфекциялауға қолданылған қосылыстар, нитриттер, фосфаттар, сілтілер, шикізат пен жем қалдықтары болады.
Егіншілікпен айналысатын аудандарда ауыл шаруашылығы судың негізгі ластаушы көзі болып табылады. Су топырақтың бұзылу өнімдерімен, тыңайтқыштармен, улы химикаттармен, мал шаруашылық кешендерінен шайылған сулармен ластанады.
Мал шаруашылық кешендері кейбір аймақтарда негізгі мәселе болып табылады. Мұндай кешендердің негізгі ластауы органикалық заттармен және азоттың әр түрлі қосылыстарымен (аммиак, нитриттер, нитраттар) биологиялық агенттер мен байланысты.
* Өндірістік және тұрмыстық ағынды сулардың сипаттамасы
Ақаба су - өндірісте, тұрмыста немесе ауыл шаруашылығында пайдаланылған, сондай-ақ қандай да бір лас аймақ, оның ішінде елді мекен (өнеркәсіптік, ауыл шаруашылықтық, коммуналдық-тұрмыстық, нөсер, тағы баска ағындылар) арқылы өткен су. Ақаба су гетерогенді күрделі жүйе болып саналады, оның құрамында болатын органикалық және минералды қоспалар ерімейтін, коллоидті және еритін түрде кездеседі. Құрамы мен пайда болған түріне байланысты ақаба су үш негізгі категорияға: шаруашылық-тұрмыстық, өндірістік және атмосфералық болып бөлінеді. Ақаба су шаруашылық-тұрмыстық ластағыш түріне байланысты зәр-нәжістік (физиологиялық қоқыстармен) ластанған және шаруашылық (раковина, ванна, монша, кір жуатын жерлерден түсетін) ластанған болып ажыратылады. Негізінде минералды заттектермен қатар олардың құрамында органикалық заттектер, бактериялар, микроорганизмдер болады. Өндірістік ақаба судың құрамы технологиялық процестер мен қолданылатын материалдар түріне және шикізаттың химиялық қасиеттеріне тәуелді. Өндірістік ақаба су ластанған және нормативті таза (тазалаудан өткізіп қайта пайдалануға жататын) болып ажыратылады. Атмосфералық ақаба су нөсер (жаңбыр) және қар суы болып бөлінеді.
Тұрмыстық ағынды су - коммуналдық шаруашылықтың сұйық қалдықтары. Қала тұрғыны тұтынған (тәулік ішінде 300 - 400 л) таза су өте ластанған күйінде ортаға қайтарылады. Тұрмыстық ағынды су барлық ағынды су төгіндісінің жартысын құрайды. Жыл сайын Тұрмыстық ағынды суда тазартқыш имараттарда биологиялық жолмен оңай тазаланатын нәжіс және органиктерден басқа қауіпті химиялық ластағыштар құрамы көбеюде. Бұлардың арасында мұнай өнімдері, хлоридтер, сульфаттар, нитриттер, нитраттар, аммонийлік азот, фенолдар, темір, мыс, мырыш, никель, хром, қорғасын, кобальт, алюминий, кадмий, кір жуатын ұнтақтар бар. Тұрмыстық ағынды суды өңдеу — қала экологиясының ең бір қиын проблемасы. Қала ағындыларын ауыр металдармен және басқа да уытты заттектермен ластағанына байланысты қала тұрғындарына көкөніс және мал шаруашылығы өнімдерін беретін (көп жылдық шөптерді өсіруде) суармалы жерлерде пайдалануға болмайды. Шламды да (Тұрмыстық ағынды суды тазарту нәтижесінде пайда болатын құрғақ қалдық) тыңайтқыш ретінде қолдануға болмайды. Осының нәтижесінде ол қиын өңделетін қатты қалдықтарға айналады.
Ақаба суды жасанды тазалау - табиғатты, қоршаған ортаны ластанудан қорғау мен табиғи ресурс ретінде тиімді пайдалану мақсатында қайтарылып қолдану үшін құрамындағы ластағыш заттардың түрі мен мөлшеріне қарай арнайы технологиялық әдістермен тазалау. Бұларға механикалық (тұндыру, сүзу), физикалық-химиялық, химиялық, биологиялық және түйдектелген әдістер жатады .
Ақаба суды механикалық тазалау. Бұл әдісте ақаба судағы ірі және ұсақ түйірлі тез тұнатын бөлшектерді өздігінен тұндырып немесе оларды және қалқып шығатын заттектерді тұндырғыш, сүзгіш, құмұстағыш арқылы өткізіп, немесе әр түрлі конструкциялық техника құралдарын (торларды, електерді, гидроциклондарды, т. б.) қолданып, ал беттік ластағыштарды – мұнай ұстағыш, май мен шайыраулағыш жабдықтар мен материалдарды пайдалану арқылы жояды.
Ақаба суды физикалық-химиялық тазалау - ағындыларды ластағыштардан физикалық-химиялық әдістермен тазалау. Ағынды судағы ластағыштардан арылу үшін іс жүзінде пайдаланылатын физикалық-химиялық әдістерге каогуляция, флотация, электролиттік ірілендіру, су буымен айдау, сорбция, экстракция, гиперфильтрация, эвапорация, десорбция, дезодорация, дегазация, электрохимиялык тәсілдер (электролиз, электрокаогуляция, электрофлотация, электролиз) ультрадыбыспен суды өңдеу, т.б. жатады. Бұл әдістер физикалық және химиялық процестерге негізделген. Физикалық-химиялық әдістер ақаба суды тазалаудың алғашқы кезеңі, осыдан кейін ол биологиялық тазалауға жөнелтіледі.
Ақаба суды биологиялық тазалау - ақаба суын ластағыштарды ыдырататын, өздерінің қоректенуіне, өсуіне және көбеюіне пайдаланатын микроорганизмдер немесе оларды өз бойына сіңіретін өсімдіктер (биосүзгіш ретінде қалың өскен қамыс, қоға, т.б.) арқылы тазалау. Ақаба суды биологиялық тазалауға қатысатын организмдерге әр түрлі бактериялар, балдырлар, саңырауқұлақтар, төменгі сатыдағы жәндіктер, құрттар, т.б. жатады. Микроорганизмдердің қатысуымен екі процесс - тотығу (аэробты) және тотықсыздану (анаэробты) жүреді. Аэротенктер-ақаба суды тазалаудың биологиялық жолына жатады. Олар тімр бетоннан сұйық зат құятын ыдыс түрінде жасалады, ішінде тұнба балшық, лай салып оттекпен өмір сүретін, көзге ілінбейтін организмдер орналастырып, солар арқылы суларды ағызып тазалайды.
Қазақстан Республикасының аумағында барлығы 5400-ден астам су пайдаланушы кәсіпорындар жұмыс істейді. Ағынды сулардың негізгі көлемдері Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарынын аумағында қалыптасады. Қазақстанда су: шаруашылық-тұрмыстық. - 5,3%, өндірістік - 16,6%, жерді суландыруға - 73,3%, ауыл шаруашылығын сумен жабдықтау - 1,6% пайдаланылады.
Елімізді сумен қамтамасыз етудің ең маңызды проблемалары:
- ауыз судың төмен сапасы;
- қайта айналымдық сумен жабдықтауды жеткіліксіз пайдалану;
- жерді суландыру тармақтарының техникалық төмен жағдайы;
-трансшекаралық проблемалар.
Әдебиеттер
Негізгі
1.Бейсенова Ә.С.,Самақова А.Б.,ЕсполовТ.И.,Шілдебаев Ж.Б. Экология және табиғатты пайдалану.-А.: Ғылым,2004.-Б.111-114.
2.Оспанова Г.С.,Бозшатаева Г.Т.Экология.-А.:Экономика,2002.- Б. 231-250.
3.Сағымбаев Ғ. Экология негіздері.-А.Рбк,1995. Б.195-199.
4.Ишмұхамедова Н.Б.Экология негіздері бойынша білімді қалыптастыру мен дамытудың әдістемесі.--.:Ғылым,2006. Б.149-156.
Практикалық сабақ № 11
Тақырыбы: Гидросфера, су ресурстары және оны қорғау.
Мақсаты: Гидросфера, су ресурстары және олардың ластану көздері және оларды дұрыс пайдаланбау салдары, өндірістік және тұрмыстық ағынды сулардың сипаттамасы, ағынды суларды тазалау әдістері, Қазақстандағы су қорларының мәселелері туралы білімді қалыптастыру.
Қажетті құрал жабдықтар: Глобус, Қазақстан атлас картасы, Қазақстанның су ресурстары картасы, Биосферадағы су айналымы суреті
Жоспар:
Өткен сабақты жаңа сабақпен байланыстыра отырып дамыту
Жаңа сабақ материалдары бойынша сұратар
3. Қорытындылап, Мнематурнир пед.тех. пайдаланып, жаңа тақырыпты бекіту
Теориялық сұрақтар:
1. Гидросфера, су ресурстары
2.Су рессурстарының ластану көздері мен түрлері
3. Өндірістік және тұрмыстық ағынды сулар
4. Ағынды суларды тазалау әдістері.
5. Қазақстандағы су қорларының мәселелері
Тапсырма. 1. Гидросфера, су ресурстары туралы білімді жүйелеп бекіту.
Лекцияда берілген материалдарды оқып, Гидросфера, су ресурстары туралы білімді практикаға меңгеріп келу.
Глобус, Қазақстан атлас картасы, Қазақстанның су ресурстары картасын пайдалана отырып Қазақстанның су рессурстары мөлшерін айқындап, өзен көлдерінің санын анықтап практика дәптерге атауларын түсіру және антропогендік әсерге ұшыраған бөліктерінің қазіргі ахуалын топ пен талқылау. Сабақта.
Судың сапасын айқындайтын факторлар сұлбасын сызып, мәнін ұғыну. (Ишмұхамедова Н.Б.Экология негіздері бойынша білімді қалыптастыру мен дамытудың әдістемесі.--.:Ғылым,2006. Б.150. Сабақта)
Тапсырма. 2. Су рессурстарының ластану көздері мен түрлері
Лекцияда берілген материалдарды оқып, Су рессурстарының ластану көздері мен түрлері туралы білімді практикаға меңгеріп келу.
«Су көздерін эвтрофикациялау» деген ұғымды конспектілеп мәнін ұғыну (Ишмұхамедова Н.Б.Экология негіздері бойынша білімді қалыптастыру мен дамытудың әдістемесі.--.:Ғылым,2006. Б.152.)
Тапсырма. 3.
Су қорларын қорғау және үнемді пайдалану туралы кодексі конспектілеп, ауызша түсінік беру (Сағымбаев Ғ. Экология негіздері.-А.Рбк,1995. Б.196-208)
СОӨЖ тапсырмасы
Лекция және көрсетілген әдебиеттерді пайдалана отырып, Сіздің жергілікті жерде су көздерін ластайтын ластау көздері мен олардың ластау дәрежесін айқындаңыз.
Әдебиеттер
Негізгі
1.Бейсенова Ә.С.,Самақова А.Б.,ЕсполовТ.И.,Шілдебаев Ж.Б. Экология және табиғатты пайдалану.-А.: Ғылым,2004.-Б.111-114.
2.Оспанова Г.С.,Бозшатаева Г.Т.Экология.-А.:Экономика,2002.- Б. 231-250.
3.Сағымбаев Ғ. Экология негіздері.-А.Рбк,1995. Б.195-199.
4.Ишмұхамедова Н.Б.Экология негіздері бойынша білімді қалыптастыру мен дамытудың әдістемесі.--.:Ғылым,2006. Б.149-156.
Достарыңызбен бөлісу: |