3. Абылай сұлтанның дипломатиялық өнері. Абылай төре тұқымынан, өз аты Әбiлмансұр. Ол 1711 жылы дүниеге келедi. Жас кезiнде көп қиыншылық, жоқшылық көрген. Төле бидiң малын баққан. Абылайдың қазақ халқының тәуелсiздiгi үшiн қажырлы күрескерлiк қасиетi, ерлiгi 1729 жылы Аңырақайда жоңғарларға қарсы соғыста айқын көрiнедi. Жоңғарлармен шешушi шайқас жүрiлiп жатқан кезде “Абылайлап” жауға шауып ерлiк жасайды. Осыдан былай ол “Абылай” деп аталып кетедi.
Абылай ханның бүкіл ішкі және сыртқы саяси қызметі бір орталықтан басқарылатын әрі тәуелсіз мемлекет құруға бағытталды. Ол шексіз билікке ие болды, оны халық қолдады. Ш.Уәлиханов былай деп жазады: «Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Ешбір ханның Абылайдай шексіз билікке қолы жеткен жоқ».
1771 жылы аға хан Әбілмәмбет өлгеннен кейін, Абылай Қазақ хандығының бас ханы болды. Осы қадаммен ол, әрине Ресей империясының мүддесіне мүлдем сәйкес келмейтін Тәуке хан дәуіріндегі біртұтас Қазақ хандығының қалпына келуін жариялады. Сондықтан Абылай ұлы Тоғым сұлтан арқылы Ресей патшасына арнайы хат жолдайды: «Менің аталас туыстарым Әбілқайыр мен Әбілмәмбет хандар өмірден өтті. Олардың ізін басқан маған хандық кез келді. Олар қайтыс болғаннан кейін қазақтың үш жүзі – Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүздің хандары мен сұтандары, Ташкент пен Түркістан аймағының үлкен-кішісі тілек қосып»,деп әрі қарай ол Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан іргесінде хан сайлауының рәсімін өтіп, бас ханы лауазымына заңды түрде бекітілуін өткендігін хабарлайды: «Мені қазақтың үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді». Абылай үлкен саясатта ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды. Ұлы Абылайдың салиқалы және көреген сыртқы саясаты Қазақ хандығының аумағына бөтен елдің қол сұғылмауын қамтамасыз етуге бағытталған. Ол ең алдымен Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат жүргізді. Абылай өз иеліктерінде екі алып мемлекеттің ықпалы күшеюіне жол бермей, олармен барынша ымырашылдықта болуға тырысты. Қазақ мемлекетін шығыстағы және солтүстіктегі көршілерден оқшау ұстаудың амалы өте қажет еді. Бұл туралы Абылайдың шөбересі, танымал ғалым, ағартушы Шоқан Уәлиханов былай жазады: «Абылай өз балаларына ақыл айтқанда Қытаймен жақындаса түсуге кеңес беріп, Ресеймен келісімді сақтау керек деп тапсырды. Оның ойынша, қытайлар хан билігі үшін ешқашан қатерлі емес, ал орыс үкіметі болса жергілікті билікке ең күшті бәсекелес».
Абылай хан екі алып империяның арасында билік құрғандықтан Ресеймен байланысқа көп көңіл бөлуді дұрыс көрді. Алайда патшалы Ресейдің отарлау саясатының тереңдей түсуі оған шығыс көршісімен жақындасуды таңдатып отырды. Шынында да, Қытай Қазақ хандығына қатысты хан билігін жою немесе әлсірету үшін белсенді әрекеттер жасаған жоқ. Тіпті 1767 жылы Қытай өкімет билігі қазақтарға бұрыңғы Жоңғар аумағының бір бөлігіне көшіп-қонып жүруіне рұқсат берді. Қазақтар ол жайылымдарды пайданғаны үшін ақы төлеуге тиісті болды.
Абылай өзінің билігі кезінде Орынборға аманаттарды жіберуді ашық елеген де жоқ және солтүстік көршісінің өкілдерімен Орынборға барып кездесуден де бас тартты. Реті келгенде түрлі сылтаулар тауып орыс елшілерін дұрыс қабылдамай қайтарып жіберген. Абылайды аманатқа балаларын алу үшін Орынборға талай рет шақырып келтіре алмаған соң, патша үкіметі билеп-төстеуші қуатты ханымен байланысын жоғалтып алғысы келмей санасатын болады.
Қазақ хандығының билігін нығайту үшін ол өзінің серіктерістеріне сүйенді, оның ішінде Ертіс өңіріндегі қазақтардың билеушісі Сұлтанмәмет Сұлтанның орны ерекше болды. Сұлтан Абылайдың бұйрығымен жоңғар шапқыншылығы кезеңінде қыпшақ ұлысынан 7 мың және Солтүстік-Шығыс Қазақстан өңірінен 50 мың қол жинап, шайқасқа аттандырған. Абылаймен бірге Сұлтанмәмет сұлтан және оның ұлдары жоңғар, қалмақ, қырғыз соғыстарына қатысты. Ғасырға созылған соғыста Абылай басшылығымен қазақ қолдары жоңғарларды ойсырата жеңеді.
1771 жылғы 29 мамырда Сұлтанмәмет өзі 50 мың қолдан тұратын әскер жасақтап, Абылаймен бірлесіп еділ қалмақтарына қарсы аттанатыны туралы Сібір корпусының командирі, генерал-майор С.К.Станиславскийге хат жіберді.
Абылай мен Сұлтанмәмет ұзақ келіссөздер мен дипломатиялық шеберліктер арқылы Ертістің оң жағалауын қазақ халқына қайтара алды. Абылай өзінің әрі туысы әрі ертістік одақтасы қарамағындағы бүлік шығарған қыпшақтарымен бірнеше рет барып татуластырып келген болатын. Осы туралы 1772 жылы 29 қарашада Петропавл бекінісінің генерал-майор С.Станиславский Сібір корпусының генерал-поручигі И.Деконлонгке былай хабарлайды: «Абылай сұлтан Сұлтанмәмет сұлтанға кетті... Сұлтанмәметтің кыпшақтармен ұрыстарын тоқтатып, оларды жарастыру үшін».
Абылай жас кезiнде Орта жүздiң ханы Әбiлмамбеттiң жанында кеңесшi сұлтан ретiнде Орта жүз хандығының iшкi, сыртқы саясатын айқындауға, оны жүзеге асыруда үлкен рөл атқарады. Ол өзiнiң қабiлеттiлiгiнiң арқасында ханмен бiрдей дәрежеде болады. Сондықтан да жекелеген тарихшылар Абылайды орта жүзге 40 жыл хан болды деп есептейдi. 1771 жылы Әбiлмамбет хан қайтыс болған соң Орта жүздiң игi жақсылары Абылайды Әзiрет Сұлтан мешiтiнде ақ киiзге көтерiп хан сайлайды. Орта жүз бен Ұлы жүздегі жағдай аз уақыт тұрақтанғаннан кейін ХVІІІ ғасырдың 40 жылдардың аяғына қарай тағыда шиеленісе бастады. Қонтайшы Галдан Церен қайтыс болған соң Жоңғарияда орын алған өзара қырқыс құдыретті державаның әлсіреуіне және бүкіл аумақтағы саяси жағдайды өзгертті. Осы жағдайды пайдаланған қазақ даласының билеушілері Жоңғар мемлекетінің ісіне араласа бастады. Орта жүз бен Орта жүздің ханы Әбілмәмбет болғанымен, нақты билік сұлтан Абылайдың қолына жинақтала берді. Ол жоңғар қазақ соғысы кезінде батырлар мен билердің үлкен қолдауына сүйенетін.
Үмбетей жырау Богенбай батырдың қайтыс болғанда оны жоқтауға арналған толғауында Шарышты жеңгеннен кейін Абылай хан болды дейді.
Абылайдың замандасы Тәтіқара жырау да оның Орта жүзге хан болғанын растайды.
Бұқар жырау «Құбылып шыққан бәйшешек» деген толғауында Абылай жиырма бес жасында таққа отырды дейді.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Абылай ханның дәуірі» деген туындысында Абылайдың Көкшетауда 48 жыл хан болғанын айтады.
Міржақып Дулатов өзінің «Абылай» деген еңбегінде де осылай жазылған.
Шәкәрім өзінің «Уәлибақының ұрпағы» деген еңбегінде Шарышпен жекпе жектен кейін Абылайдың Әбілмәмбет ханның үйіне шақырылғанын жазады. Әбілмәмбет ханның ұсынуымен Абылай Шақшақ Жәнібектің батасын алып, хан деп жарияланады. Оның жорамалдауы бойынша, бұл шамамен 1735 ж болған.
Қазақ деректемелерінде Абылайдың билікке келуі осылай баяндалады. Қалай дегенде де Абылай 30 жылдардың аяғынан бастап елдің саяси өмірінде тағдырлы соғыс және бейбітшілік проблемаларын шешкен көрнекті тұлғаға айналды. Сол арқылы Абылай бүкіл күш қайратын жоғарғы билікті нығайтуға және Қазақ хандығын ұзаққа созылған саяси дағдарыстан шығаруға бағыттады.
Жоңғар мемлекетінің құлауы аймақтағы саяси жағдайды түбірінен өзгертті.
Цин императоры 1756 ж көктемінде Абылайға Әмірсананы (жоңғ. Давацидің жиені) ұстап беруді талап етіп хат жолдайды. «Өздеріңе келешекте төнетін қасірет туралы мықтап ойланыңыздар, сонан соң өкінесіңдер, бірақ кеш болады», деп қорқытты император қазақтарды.
1756 ж. Дардана генерал басқарған Цин армиясы басып кіріп Шаған Оба ауданында үлкен шайқас болады. Бұл шайқаста қазақтар батысқа шегінеді.
Келесі шайқас Қарқаралы тауларында өтеді. Бұл шайқаста қытайлардың жеңісімен аяқталды. 500 адам өлтіріліп, 11 адам тұтқынға түседі.
1756 жылдың қазан айында Баян ауылды батысында Бөгенбай басқарған әскер цин армиясына үлкен соққы береді. Бұл жерді қазақтар «Шүршіт қырылған» деп атап кеткен.
Осы жылы қыс ерте түскендіктен әбден әбіржіген қытай әскерлері шегінеді. «Қысты бұл арада өткізу мүмкін емес...»деп баяндады Дардана императорға.
1757 ж. Абылай Жоңғарияны қалпына келтіру үшін күрестің келешегі жоқ екенін түсінді. 1757 жылдың қыркүйегінде Цин империясына Ханжігер мен Өміртай батаған елшілік жіберіп кешірім сұрады. Сонымен бірге Тарбағатайды өздерінің заңды қоныстары деп жариялап, оны қазақтарға беруді талап етті.
Біздің құжаттардан көріп отырғанымыздай Абылай өзінің қытайға бодандығын іс жүзінде мойындаған жоқ, ал бітім жасалды. Сонымен қазақ елшіліктері 1757 ж ─Тарбағатайға, 1759ж─ Ертістің жоғарғы ағысындағы жерлерге, 1760 ж─ Іленің жоғарғы ағысына өз құқықтарының танылуына қол жеткізді.
Цин агрессиясына тойтарыс беру және Қазақстанның Шығысындағы жерлерді қайтарылуы Орта жүзде ғана емес, барлық қазақ халқының алдында Абылай сұлтанның билігін нығайтты.
1752 жылы Барақ сұлтан қайтыс болғаннан кейін ол іс жүзінде қазақ жерлеріндегі бірден бір толық құқылы билеушіге айналды.
Әбілмәмбет Абылайсыз бірде бір елеулі шешім қабылдамайтын, тіпті оларды ықпалды сұлтанға тапсыра салатын. Мәселен, 1763 ж. Орталық Азия елдерінің циндерге қарсы одағына қосылуға шақырып, өзіне жолдаған хатты ол Абылайға жіберген.
Жоңғария құлағаннан кейін қазақтар да, қырғыздар да көз тіккен Жетісу жайылымдары дауға айналды. Елуінші жылдың аяғында бұл жерлерге Ұлы жүздің қауымдары берік орнығып алған еді, алайда алпысыншы жылдың басында жер дауы соғысқа айналды. 1760 жылы қырғыздар дулат пен қоңырат руларының қоныстарына шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде Абылай әскер жинап сол жылы талас қырғыздарын жеңіліске ұшыратты. 1765 жылы қырғыздар найман ауылдарын күйзелтті. Осы жылы Абылай отыз мың әскермен қырғыздарды тағы да талқандады. Бұл жорық Ш.Уәлиханов жазып алған атақты «Абылай туралы жырда» жырланған. Қазақтардың жеңіске жеткеніне қарамастан, 60 жыл жанжал шешілген жоқ. Бұған Қазақстанның халықаралық аренадағы күрделі жағдайын, қытайлардың басып кіру қаупінің сақталуы, сондай ақ күшейіп келе жатқан Қоқан мемлекеті тарапынан қауіп тууы себеп болған еді.
60 ж. аяғына қарай Абылай сұлтан Қазақстанның көпшілік бөлігінде жоғарғы билікті нығайтып алды. Батыр хан мен Ералы сұлтан оның одақтастары еді, тіпті Нұралы хан да онымен санасуға мәжбүр болды. Әбден қартайған Әбілмәмбет ресми түрде жоғарғы билеушісі болып қалғанымен, сол кезеңнің өзінде ақ Абылай ресми хат алысқанда хан деп атала бастайды. Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін ғана Абылай 1771 жылы жалпы қазақ ханы болып жарияланады. Бұл біртұтас тәуелсіз Қазақ хандығын сақтауға жасалған соңғы әрекет еді.
ХҮІІІ ғ. 60 ж. аяғына қарай Қазақ мемлекеті Абылайдың белсенді сыртқы және ішкі саяси қызметі арасында біршама мықты әрі біртұтас мемлекетке айналды.
1771 жылы Абылайды жалпы қазақ ханы етіп сайлау үшін жағдай жасалды. 1771 ж. күзінде ұзақ уақыт бойы ақылдасқаннан кейін барлық үш жүз өкілдері жаңа ханды сайлау үшін хандықтың ежелгі астанасы Түркістан қаласына келді. Абылайға ықпалды жырау Бұқар Қалқаманұлы, Әбілпейіз және Болат сұлтандар, Нұралы ханды қоспағанда, Кіші жүз қазақтарының билеушілері, Орта жүз бен Ұлы жүздің өкілдері сөзсіз қолдау көрсетті. Халық көп жиналған кезде қазақ дәстүрі бойынша Абылай ақ киізге көтеріп, үш жүздің ханы болып жарияланды. А.И.Левшиннің айтқанындай, ол «оған торғауыттарды жеңуі арқылы және Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін, барлық қырғыз қазақ ордалардың ғана емес, түркістандықтар мен ташкенттіктердің де сайлауы арқылы ие болды. Сөйтіп Абылай Қазақ хандығының бірлігін қалпына келтіре алды».
Абылайдың сыртқы саясаты икемділігімен және ымырашылдығымен сипатталады. Оның Ресей мен Қытай сияқты күшті мемлекеттермен қатынастарының Орта Азия мемлекеттерімен қатынастарынан едәуір айырмашылығы болды. Отаршыл империялардың күш қуатын өте жақсы ұғынған хан, бір жағынан, Ресей протекторатын танудан бас тартпай, екінші жағынан, өз иеліктерінде екі державаның да ықпалы күшеюіне жол бермей, олармен қатынастарда барынша икемділдік көрсетуге тырысты.
«Қазақтар әуел бастан ақ екі жақтлықты ұстанды, ─ деді Цин императоры өзінің 1779 ж жарлығында, ─...Абылай бізге бағынған кезде Ресей Абылайдың өз боданы екенін, сондықтан біздің оны өз бодандығымызға қабылдамауымыз керек екенін мәлімдеп, наразылық жіберді.Біз сонда былай деп жауап қайтардық: «Сіздер Абылайды өз адамымыз дейсіздер. Егер сіздер оны жақсылап басқарсаңыздар, ол ешбір жағдайда бізге бағынуға өтпеген болар еді. Ал сіздер, орыстар, бұған қалай кедергі жасай аласыздар?» Абылай қытайдың өкімет орындарын өзінің адалдығына үнемі иландырып отырды.
Хан өз иеліктерін агрессияшыл көршілерін осылайша қауіпсіздендіріп қана қоймай, жекелеген пайда келтіруге де тырысты.
Ресейдің өкімет орындары Абылай ханды өзінің ықпал өрісінде ұстауға ұмтылды, сондықтан да 1777 жылы жазбаша өтініш жасаған жағдайда оның хан атағын тануға әзір екенін ресми түрде хабарлады. Мұндай дипломатиялық қадам өзінің сыртқы саяси аренадағы беделін нығайта түсетінін түсінген Абылай Петербургке өзінің баласы Тоғым бастаған елшілік жібереді.
1778 жылы ғана ІІ Екатерина оны хан деп және Орта жүздің ғана ханы деп бекіту туралы грамотаға қол қойды, оның Кіші жүз бен Ұлы жүзге билігін танығысы келмеді. Бұған ызаланған Абылай Орынборда, Тройцкіде, тіпті Петропавлда да ант беруден бас тартты. Отаршылдық өкімет орындары хан ордасына шенеунік жіберуге де келісті, алайда хан «мен өз дәрежемде халықтың сайлауымен әлдеқашан ақ бекітілгенмін» деп мәлімдеп, ант беруден үзілді─кесілді бас тартты. Ханға ықпалын мүлдем жоғалтудан қорқып, Ресейдің өкімет орындары 1779 жылы оған 300 сом және 200 пұт ұн мөлшерінде жыл сайынғы жалақы тағайындады.
Абылайдың оңтүстігіндегі көршілермен қатнастары басқаша болды. Абылайдың күш салуы арқасында қайтадан қазақ аймағына айналған Жетісуда қырғыздармен қақтығыстары жалғаса берді және Абылай оларға қарсы жорықтар жасап тұрды. 1774 және 1779 ж сондай ақ жорықтар жасалды. Соңғысы қырғыз руларының бір бөлігінің Қазақ хандығына бағынуына жеткізді. Ташкент пен Ходжентпен соғыста Сайрам, Шымкент, Созақ және Ташкент қазақтарға қайтарылды. Сонымен Абылай ханның ХҮІІІ ғ. жетпісінші жылдарындағы сыртқы саяси қызметі Қазақ мемлекетінің бірлігін уақытша қалпына келтіруге, оның халықаралық аренадағы жағдайының нығаюына жеткізді.
Абылай көреген саясатшы және шебер дипломат өзіне ергендердің сүйіспеншілігіне және қарсыластарының құрметіне лайық бола білді. Текті әулеттен шыққанына қарамастан, балалық шағында оның бақташы да, түйеші де болуына жоңғарларға қарсы соғысқа қатардағы жасақ ретінде қатысуына және шайқаста батыр атағын алуға тура келді. Абылай мұсылманша жақсы сауатты болды, оқып, жаза білді. Ол сирек кездесетін саясатшы, тамаша қолбасшы және дипломат болды. 1781жылы шамамен 70 жасында Абылай Ташкенттен Түркістанға келе жатқанда дүние салып, Қожа Ахмет Иасуаи кесенесіне жерленді.
Абылайдың бүкiл қазақтың ханы ретiнде ұстанған iшкi саясаты шетел басқыншыларына қарсы бүкiл қазақ халқының басын бiрiктiруге байланысты болды. Ол Тәуке хан бастаған сұлтандардан, ру басшыларының жеке даралығына қарсы күрес жүргiзiп едәуiр нәтижелерге қол жеткiзедi.
Абылай ханның сыртқы саясаты Ресей, Жоңғар, Öин империясының Қазақстандағы саясатына сай жүрiлдi. Абылайхан Ресей тағына хан ретiнде ант бермегенiмен онан алыстап кетпедi де, бодандыққа байланысты Ресейдiң жүргiзген саясатын жүзеге асырмады. Абылай хан Öин империясының да бодандығын мойындады. Ол Ресей мен Қытайға бодандықты қазақ халқының мүддесi үшiн пайдаланды, қазақ халқының мүддесiне қайшы қадамға бармады. Бұл саясат нәтиже бердi.
Абылай ханның сырт саясатындағы маңызды бағыты жоңғарларға байланысты болды. Абылай елуiншi жылдары қазақ жерлерiне қоныс тепкен жоңғарларды оңтүстiк өлкеден қуу соғысын ұйымдастырды. Қытай армиясының шапқыншылығынан жоңғар мемлекетi әлсiреген кезде Абылай хан жоңғар хунтайшыларының азаттық қозғалысын қолдап жоңғар iсiне араласты.
Достарыңызбен бөлісу: |