№ 1 дәріс (дәріс тақырыбы) Тамыры терең қазақ тілі және қазақ тілі білімі Тамыры терең қазақ тілі және қазақ тілі білімі Қазақ тілі шығу тегі мен құрылымы жағынан түркі тілдері семьясына жатады. Түркі халықтарының өкілдері (қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, ноғай, ұйғыр, азербайжан, түрік, қарашай, балқар т.б.) бір-бірімен еркін түсінісіп, қарым-қатынас жасайды. Түркі тілдерінің жалпы типологиялық белгілері: 1. Фонетика саласында: тілдің және еріннің қатысына қарай дауысты дыбыстарға езу үндестігі мен ерін үндестігі, ал дауыссыз дыбыстарға ықпал үндестігі тән екендігі: 2. Морфология саласында: сөзжасам мен сөз түрлендіру тұлғалары сөздің түбірі мен негізіне аффикстердің қосылу арқылы жасалытындығы, сол себепті түркі тілдері жалғамалы тіл екендігі, грамматикалық род категориясының болмайтындығы, предлогтың қызметін септік жалғауларының атқаратындығы т.б. 3. Синтаксис саласында : сөз тіркесі мен сөйлемде сөздердің өзіндік орын тәртібі қалыптасқандығы, сабақтас құрмалас сөйлемдердің бағынышты сыңарларының негізінен есімшелік, көсемшілік оралымдармен берілетіндігі т.б.
Қазіргі кезде еліміздің егемендігін баянды ету, демократиялық қоғам орнатуға бетбұрыс жасау басты стратегиялық мақсаттардың бірі болып отыр десек, мұның өзі қоғамымыздың өркениеттілігімен, рухани мәдениетімен байланысты. Ал мәдениеттің өзі тілмен тығыз бірліктегі семиотикалық жүйе. Бір-бірімен ажырамас байланыстағы екі жүйені қоғам мүшелерінің игеруі, өмірде қолдана білуін психолингвистика, когнитивтік лингвистика, функционалдық–құрылымдық лингвистика бағыттарында қарастыруға зерттеушілер ерекше көңіл қойып келеді. Ана тіліміздің әлеуметтік-қоғамдық қызмет өрісін кеңейту мен жандандыру қаншалықты өзекті болса, оның тазалығын, байлығын, икемділігін сақтау, ұқыпты, барынша тиімді жұмсау мәселесі соншалықты өзекті болмақ. Өйткені мәдениеті жоғары, нормасы бекем, стильдік тармақтары сан-салалы әдеби тіл өзінің конститутциялық мәртебесіне сай болмақ. Сондықтан тілдік бірліктердің құрылымдық-функционалдық жағын сөз ете отырып, күнделікті өмірде қалай қызмет істеп жатқанын барлау, бақылау ғылыми ғана емес, әлеуметтік те қажеттілікке айналып отыр. Олай дейтініміз, қазіргі нарық заманында мамандықтың небір жаңа түрлері пайда болды: банкир, менеджмент, маркетинг, баспасөз хатшысы, жарнамашы, мемлекет қызметшісі т.б. мамандық, кәсіп, лауазым иелері тілмен, оның жазбаша және ауызша түрімен жұмыс істейді. Тіпті олардың ісінің нәтижелі, табысты болуы тілдік коммуникацияны дұрыс ұйымдастыра білуімен, тіл бірліктерін, стильдік тәсілдерді, риторикалық амалдарды орынды, тиімді, әсерлі қолдана білуімен байланысты.
Жоғары мектеп студенттерін кәсіби мамандыққа дайындауда қазақ тілі пәні оқытушысының рөлі аса жоғары болуға тиіс. Мұндай мәртебеге ие болу үшін оның байырғыша «лексиколог» болуы жеткіліксіз, яғни қазақ тілі лексика-фразеологиясы бойынша биолог, ботаник студентке омоним, синоним, антонимдерді оқытып қою мүлде жеткіліксіз, өйткені зердесі бар студент мұндай лексикалық бірліктерді мектептегі алған білімі бойынша да біледі.