Еркін тіркес - тіркесті туынды сөз - біріккен сөз. "Біріккен сөздердің бірігіп жазылуының мынадай факторлары бар деп есептеуге болады: болмыстағы нақты заттың не құбылыстың атауы болғандыктан бірігіп жазылады; заттың номинативтік белгісі толық айқындалып, ерекше таңба ретінде танылған атаулар бірігіп жазылады. Ал керісінше болмыстағы ұғым атаулары, абстрактылы ұғым атаулары туынды сөз ретінде кызмет етіп, жеке номинативтік мағынада жұмсалғанымен, жазу дәстүрінде дефис арқылы немесе бөлек жазылады. Мысалы: қол қату, қол қою, қол бастау, жан айқай, қырық бес, тоқсан екі, тыйым сал, т.б. Біріккен сөздер бір ұғымды таңбалайды, мағыналық құрылымы - күрделі, синтаксистік жүйесі - тұтас, морфологиялық құрамы - бүтін. Екі кейде үш сөздің бірігуі арқылы жасалған туынды сөздің мағынасы бірнеше тұлғалардын, мағынасы арқылы айқындалып уәжделеді де, бір ұғымдық мағына береді. Біріккен сөздер сөзжасамдық қалыбының өзіндік негізгі ерекше белгілері осындай. Біріккен сөздердің мағынасы құрамындағы себепші негіздердің мағыналары арқылы уәжделеді де, жеке атау ретінде танылады. Мысалы: "Сарыағаш" сөзі "сары" және "ағыс" сөздерінің мағынасы арқылы, яғни судың түсінің сары болып aғуы негізгі номинативті белгіге айналуы нәтижесінде жаңа екіншілік атаулық мағына қалыптасады. Біріккен сөздердің құрамындағы себепші негіздердің бірігуінің өзіндік ерекше белгілері бар. Ең алдымен, біріккен сөз құрамындағы себепші негіздер бір-бірімен валенттілігі жағынан байланыста тұратыны ескерілуі керек. Яғни болмыстағы зат не құбылыстың ерекше номинативті белгісі туралы ұғымның таңбалануы ұғымдық уәжділікке; семантикалық шектестікке, тектестікке; дыбыстық сәйкестілікке негізделеді. Олай болмаған күнде сөздердің бірігуі мүмкін де емес. Екіншіден, біріккен сөздердің құрамындағы себепші негіздердің біріншісі көбінесе екінші сыңарының сын-сапалық, сандық, қасиеттік белгілерін таңбалайды. Үшіншіден, біріккен сөздер құрамындағы себепші негіздер ерекшеленбей, бір интонациямен айтылады. Төртіншіден, біріккен сөздердің құрамындағы себепші негіздер жаңа сөз жасауда өзіндік сөзжасамдық парадигма құрай алады.
Қос сөздердің сөзжасамдық қалыбы. Аналитика-семантикалық тәсілдің мол тараған қалыбының бірі - қос сөздердің сөзжасамдық түрі. Дәстүрлі грамматикада морфологияның зерттеу нысаны ретінде қарастырылып келген қос сөздер жасалу жолы мен мағынасының күрделілігі тұрғысынан сөзжасамдық аспектіде сараланады. Олай болатын себебі, қос сөздер адам танымында ұсынылған болмыстың жаңа номинативтік белгілерін аналитикалық тәсіл арқылы таңбалап, ерекше мағынаны айқындайды, сондықтан туынды сөз ретінде танылады.
Қос сөздердің жасалуының өзіндік ерекшеліктері мен айырмашылыктары бар. Кез келген тұлға қосарланып келіп, туынды атау жасай алмайды. Әрі кез келген қос сөз туынды екіншілік мағына бере алмайды. Қос сөздердің туынды мағынасы болмыстың ерекше номинативтік белгісін таңбалауы арқылы айқындалуы шарт. Яғни заттар мен құбылыстардың ерекше қасиеті мен белгісін белгілеуі қажет.
Қос сөздер халық танымында қалыптасқан ұғымдардың ерекше белгілері мен қасиеттерін таңбалауда өзіндік маңызды рөл атқарады, Танылған болмыс туралы ұғымның өзіндік ерекшелігі мен сипатты белгілері бар екені аян. Қос сөздердің бірқатары ерекше номинативтік белгіні танытып, туынды сөз ретінде ерекше семаны таңбаласа, кейбіреуі зат пен құбылыстың белгілері мен қасиеттерінің кей ерекшелігін таңбалағанмен, өзіндік ерекше сема иелене қоймаған. Мұның өзі халық дүниетанымының болмыс туралы түсінігінің деңгейін танытады. Зат не құбылыс белгісінің номмнативтік сипаты толық танылғанда, ерекше сема қалыптасып, жаңа екіншілік мағына жасалады да, номинативтік белгі толық айқын болмаған жағдайда екіншілік сема деңгейіне жете қоймайды. Сондықтан мұндай тұлғаларда сөзжасамдық мағына болмайды. Бірдей сөздердің қайталануы, дыбыстық өзгеріс арқылы жасалған және күшейткіш буынды қос сөздердің мағынасы осындай тұлғажасам ретінде танылады.
Жаңа екіншілік мағына жасауда себепші негіздердің арасында мынадай басты сабақтастық сақталуы қажет:
1) мағыналары жақын, мәндес себепші негіздер қайталанып, атаудың номинативтік ерекше белгісін анықтайды (жүн-жұрқа, бала-шaғa, жетім-жесір, жата-жастана, тамыр-таныс, күл-қоқыс, қазан-ошақ, жігіт-желең, ыдыс-аяқ, аз-кем) т. б.;
2) мағыналары қарама-қарсы себепші негіздер қайталанып, ерекше мағынаны туғызады (бұрын-соңды, алды-арты, әрі-бері, үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты, жақсылы-жаманды, т.б.) ;
3) сандық және сапалық жағынан бір-бірімен ыңғайлас, мәндес себепші негіздер қайталанып, жаңа туынды мағына жасайды (бес-алты, қырық-елу, жеті-сегіз, бір-екі, әке-шеше, әкелі-бабалы, ине-жіп, есік-терезе, т.б.); 4) қимыл-қозғалыстық мәнді сөздер бір-бірімен қосарланып келіп, сөзжасамдық жаңа мағына туғызып, туынды сөз ретінде таныла алады: жата-жастана, келе-келе, бара-бара, айта-айта, көре-көре, сөйлеп-сөйлей, т.б. Мұндай атаулардың мағынасы құрамындағы себепші негіздің мағынасынан ерекше номинативті белгілерді таңбалайды. Келе-келе туынды сөзінің мағынасында келу тұлғасының семасы семантикалық шалғай өрісте қалады да, сөзжасамдық мағына -белгілі құбылыс не зат әрекеті бірте-бірте болатынын көрсетеді. Бара-бара туынды сөзінің мағынасында да бару семасы өзек семада сақталады да, негізгі сөзжасамдық мағына - белгілі бір әрекеттің созылыңкы уақытта орындалатыны туралы болады (Баланың мінезі бара-бара өзгереді т.б.).
Қос сөздердегі екіншілік мағынаны себепші негіз мағыналарындағы семалық өзгерістердің деңгейі арқылы айқындаймыз. Өзге де туынды сөздердегі мағыналық құрылым сияқты, қос сөздердің мағынасында да, себепші негіз мағынасынан ерекше, жаңа туынды мағына болады. Мысалы: бес-алты, әкелі-балалы, ыдыс-аяқ атауларының мағынасы құрамындағы себепші негіз мағыналарынан ерекше. Туынды сөз мағыналарында жинақтық топтау, саралау мағыналары бар. "Бес", "алты", "әке", "бала", "ыдыс", "аяқ" сөздерінің жеке тұрғандағы мағыналары ерекше. Ал қос сөз тұлғасында қолданылғанда, осы тұлғалар арқылы уәжделіп, жаңа мағынаға ие болады.
Аналитика-семантикалық сөзжасамдық тәсілдің бір қалыбы — атаулық тіркестің сөзжасамдық қалыбы. Атаулық тіркестің сөзжасамдық қалыбы -екі не бірнеше себепші негіздің тіркесуі арқылы жасалған екіншілік мағыналы туынды сөздердің жүйесі.
Сөздердің тіркесуі арқылы жасалған туынды сөздер тілімізде жиі қолданылады. Ең алдымен, ескерер жайт, атаулық тіркестердің жасалуы өзге туынды сөздердің қалыптасу жолымен салыстырғанда, тілдің кейінгі дамуында пайда болған. Атаулық тіркестер мен еркін тіркестердің арасындағы сырттай жақындық бар: екеуі де бөлек жазылады.
Аналитикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздердің барлығының тегі еркін тіркес болғаны ғылымда белгілі жайт. Олардың бірігіп, қосарланып жазылуы сөйлеуде атау ретінде әбден қалыптасып, даяр қалпында жұмсалуымен бірге, жазылуда жеке таңба ретінде қабылдануымен тікелей байланысты. Біріккен сөздердің бірігіп немесе тіркесті тұлғалардың бөлек жазылуы шартты нәрсе деп бағалаймыз. Бұл — белгілі ғалымдардың субъективті пікірлері арқылы қабылданып, заңға айналатын (тілдік заңдылыққа емес) жағдай. Ал сөйлеуде біріккен сөздер де, тіркесті сөздерде, қосарланған атаулар да жеке номинативтік мағына беріп, даяр қалпында жұмсалып, болмыстың белгісі мен қасиетін, ерекше танымдық белгісін таңбалап тұрады.
Бірақ, бұл аналитика-семантикалық сөзжасамдық қалыптардың шарттылығын танытпаса керек. Біріккен сөздер мен атаулық тіркестердің қалыптасуы мен жасалуының арасында өзгешелік - уақыт факторымен, себепші негіздердің санымен, сапалық сипатымен астасып жатады деп пайымдаймыз.
Біріккен сөздер негізінен екі сөзден (тек ішінара ғана үш сөзден: қарлығаш, Екібастұз) құралса, атаулық тіркестер екі, үш, төрт т.б. себепші негіздерден құралады. Біріккен сөздер құрамындағы себепші негіздер, көбінесе, денотат пен оның қасиетін, сапалық белгісін танытатын тұлғалардан құралса, атаулық тіркестердің құрамы өзінің мағыналық күрделілігімен ерекшеленеді.
Дәстүрлі грамматикада атаулық тіркестер арқылы туынды зат зат есімдер, туынды сын есімдер, туынды үстеулер, туынды етістіктер жасалатыны талданып жазылғанымен, денотаттық мағыналы күрделі туынды сөздердің мағынасы мен сигнификатты мағыналы күрделі туынды сөздердің мағынасы әртүрлі түсіндіріліп жүр.
Денотатты мағыналы атаулық тіркестерді айқындау қиынға түсе қоймайды, өйткені болмыстағы зат не құбылыс атау мен оның белгісін таңбалағандықтан, мұндай туынды сөздердің күрделі мағыналық құрылымын анықтау аса қиындық келтірмейді. Сондықтан да, абай өлеңі, басқару жүйесі, әкімшілік-басқару қызметкерлері,, таным белсенділігі, мемлекеттік өкімет актілері, мемлекеттік басқару актілері, ырғақ акценті, кітапхаиа ғимараты, кітапхана үйі, діи оқуы, боярлар думасы, Ұлы Отан соғысы, сенім грамоталары, жүзім шаруашылығы, су құбыры, соғыс ардагері, ерік тәрбиесі, отбасы тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі т.б. атаулардың сөзжасамдық мағынасы мен уәжділік деңгейін айқындау қиын болмайды. Мағыналық құрылымына қарай атаулық тіркестерді былайша саралауға болар еді: