3. Діни шариғат үкімдерi Мұсылман хұқықшылары Құран, Сүннетке сүйене отырып, мұсылмандардың күнделікті тұрмыстарына қолданатын діни үкімдер белгілеген.
Ал Құранда, Сүннетте жоқ бір мәселе жайында мұсылман ғалымдары бас қосып шешетін болған. Мұны біз “ижма” деп атаймыз.
Мұнан басқа бір мәселе немесе амалды бір ғалым, басқа нәрсемен салыстыра отырып үкім шығарады, ол “қияс” деп аталады. Демек шариғат үкімдерінің ең маңызды қайнарлары Құран, Сүннет, Ижма және Қияс болып табылады.
Дініміз адамға немесе қоғамға пайдалы нәрселер мен амалдарға рұқсат еткен немесе мұсылмандардың істеуін міндеттеген. Ал керісінше қоғам мен адам баласына зиянды нәрселер мен амалдарға тыйым салған. Мысалыға садақа, зекет қоғамға пайдалы болғандықтан дінімізде оларға рұқсат еткен немесе міндеттеген. Ал арақ-шарап, зина, ұрлық, адам өлтіру қоғамға немесе жеке адамға зиянды болғандықтан оларға тыйым салған.
Ислам дініндегі мұсылмандарға жүктеп немесе тыйым салған үкімдерді жеке-жеке қарастыратын болсақ, олар:
Парыз. Шариғатта анық дәлелмен істелуі әмір етілген амалдарды парыз деп атаймыз. ¤зірсіз (себепсіз) парызды орындамаса, дін бойынша күнәћар болып табылады. Мысалы намаз, ораза, хаж, зекет, ғылым іздену-парыз.
Дін бойынша парыз амалды қабыл етпеген адам, күпірлікке түсіп, діннен шыққан болып есептелінеді. Екі түрлі парыз бар:
1. Әрбір мұсылманның әр уақытта мойнына жүктелген әмірлерді “парыз айн” деп атаймыз. Парыз айнға намаз оқу, ораза ұстау т.б. жатады.
2. Қоғамдағы кейбір адамдардың орындауына байланысты, орындамаған адамдардың мойнынан парыздық міндет түсетін әмірлерді “Парыз кифая” деп атаймыз. Егер де дін бойынша парыз кифая болып табылатын үкімдерді қоғамдағы барлық адамдар істемесе, онда олардың барлығы күнәћар болып табылады. Мәселен жаназа намазын оқу, ғылым іздену т.б.
Уәжіп. Ханафи ғалымдары бойынша парыздан кейінгі екінші дәрежелі үкім уәжіп болып табылады.
Амалдық жағынан уәжіптің үкімі парызбен бірдей, яғни орындағандардың мойнынан жауапкершілігі түседі де, себепсіз орындамаған адам күнәћар болып табылады.
Уәжіптің парыздан айырмашылығы, парызды мойындамаған адам діннен шықса, уәжіпті мойындамаған адам діннен шықпайды. Бірақ күнәћар болып қалады. Уәжіпке мысал келтіретін болсақ: үтір намазы, мейрам намаздары, құрбандық шалу осыларға жатады.