3. Діннің пайдаболуы туралы конценциялар Ислам сенімі бойынша діннің құрушысы – Аллаћ. Алғашқы адам адамзаттың атасы, әрі алғашқы пайғамбар – Хазіреті* Адам. Оған білдірілген дін - бір Аллаћқа мойын ұсынатын тәухид (бір Аллаћ сеніміне негізделген) діні. Аллаћтың барлығы, бірлігі, заты мен сипаттары тұрғысынан оның кемелдігі мен пайғамбарлық, ахирет сенімі тәрізді негізгі итиқади (сенім) шарттары бүкіл илаћи (құдайдан келген) діндерде өзгермейтін принциптер ретінде орын алады. Осыған байланысты ислам сенімі бойынша Хазіреті Адамнан Хазіреті Мұхаммедке дейінгі бүкіл пайғамбарлардың уағыздаған хақ (шын) діндердің ортақ аты – ислам. Бірақ, тарих бойындағы заманның түрлі ағымынан адамдар хақ діннен алыстап, өз ақыл-ойларынан жаңа бір сенім қалыптастыра бастаған. Аллаћ та оларға Адам пайғамбардан қалған негізгі сенімге сендіру немесе жаңа бір шариғат түсіру үшін пайғамбарлар жіберіп отырған.
Дегенмен батыстық дін зерттеушілері Х‡І ғасырдан бастап алғашқы қауымдық құрылыстың өмірі мен діндеріне назар аудара бастады. Ал Х‡ІІІ ғасырдан бастап діннің пайда болуы турасында жоғарыда баяндалған қасиетті кітаптардағы мәліметтерден тыс археологиялық, антропологиялық және палеонтологиялық зерттеулердегі қол жеткізген мәліметтердің нәтижесінде біршама теориялар пайда болған. ХІХ ғасырдың орталарында О.Конт пен Л.Бачнер негізін қалаған позитивистік-материалистік тұжырыммен қатар, Ч.Дарвиннің 1859 жылы жарыққа шыққан «табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің пайда болуы» атты еңбегіндегі «адамның тегі маймыл тектес» деген көзқарасы, діннің пайда болуы жайындағы қасиетті кітаптардағы “адамды құдай жаратты” деген пікірге қарсы жаңа ой туғызды.
Э.Б.Тайлор 1861 жылы «алғашқы мәдениет» атты еңбегінде дін анимизмнен (рухқа табыну) шыққан деген пікірді жақтады. Оның көзқарасы бойынша алғашқы адамдар әрбір дененің рухы болғанына сенген. Алғашқы қауымдағы адамдар арасында өлген адамның рухы – түс, елес сияқты жағдайларда адамның көзіне көрініп, адамның жаны өлгеннен кейін де араларында жүре береді деген сенімді туғызған. Осының нәтижесінде рухтар тірі адамды қорғап-қолдайды деген сенім қалыптасып, ата-баба рухына табыну культіне, яғни “анимизм” сенімінің тууына жол ашқан. Кейінгі замандарда осы рухтар адам түсінігінде жаңбыр, от, бұлақ жел т.б. табиғат күштерін басқаратын құдайларға айналып, политеистік (көп құдайшылдық) сенім пайда болған. Бұл да қоғамдағы адам сенімі дамуының нәтижесінде бір құдай сенімінің (монотеистік) тууына жол ашқан, - дейді.
Х.Спенсер де алғашқы адамдар ата рухтарына табынды деген көзқарасты қолдаса, Ж.Фрэзер дінді сиқырдан шыққан деген пікірді ортаға тастады. Фрэзердің пікірі бойынша алғашқы адамдар сиқыр арқылы басқа нәрселерді өз пайдасына асыруға тырысып, осының нәтижесінде дін пайда болған.
Тотемшілдік теорияның белсенді қорғаушысы В.Р.Смиттің көзқарасы бойынша алғашқы қауымдағы тайпалар өздерін белгілі бір жануар не өсімдікпен туыс санаған (тотем) және тотемдеріне құрмет ретінде туындаған табыну немесе құрбан шалу сияқты діни рәсімдер осы түсініктен пайда болған.
Діннің пайда болуын тотемизмге негіздеушілердің көрнекті өкілдерінің бірі З.Фрейд «Тотем және табу» атты кітабында дінге тотемизм тұрғысынан психоаналитикалық түсінік беруге тырысты.
Социолог Э.Дюркгеймнің «Діни өмірдің қарапайым формалары (1912ж.)» атты кітабындағы діннің пайда болуы жайлы көзқарасына қарағанда діннің негізі - бір нәрсені қасиетті санау, бұл да қоғамдық ортаға байланысты. Қасиеттілік – қоғамдағы адамдардың қасиетті санағанында жатыр. Бұл пікір қазіргі кездегі қоғамдағы діни өмірдің рөліне байланысты дін социологтарының көпшілігі қолдайтын көзқарас болып табылады.
М.Мюллердің пікірі бойынша дін адамның табиғат құбылыстарынан қорқуынан шыққан. Бұл көзқарас «натуризм» деп аталады. Натуризм - адамның қоршаған ортаға табынуы немесе табиғат құбылыстарын құдай ретінде санауы деген сөз. Осы көзқарасты қолдаған М.Мюллер индуизмнің қасиетті кітаптары Ведаларды дәлел ретінде келтіреді. Ведалардағы құдай есімдері «агни» - от, «диаус» - аспан табиғат құбылыстарының аттарына ұқсас келеді. Демек, М.Мюллердің пікірі бойынша алғашқы қауымдық құрылыста адамдар табиғат құбылыстарынан қорыққан, сосын оған табына бастаған.
Діннің пайда болуы жайында жоғарыда баяндалған көзқарастарға қарсы алғашқы қауымдық монотеизм (прамонотеизм) теориясы да бар. Бұл теорияға қарағанда адамзаттың ең ескі діні - тек тәңіршілік сенімге негiзделген дін.
Тайлордың анимизм теориясына алғаш қарсы шыққан шәкірті - А.Ланг оңтүстік-шығыс Австралияның алғашқы қауымдары діндері жайындағы соңғы мәліметтерге сүйеніп, оларда ешқандай анимизм сенімі кездеспейтіндігін, керісінше бір құдай сенімі екендiгiн дәлел ретінде келтіреді.
4. Дінтану ғылымы Қазіргі кездегі ғылымдар өздерінің зерттеу объектісіне байланысты бөлінеді. Дінтану ғылымы да діндер дарихы, дін феноменологиясы, дін социологиясы, дін психологиясы сияқты ғылым салаларын қамти, жеке бір ғылым саласы ретінде қалыптасқан. Кейбір ғылым иелері бұған дін философиясын да қосады, тіпті дін этнологиясын да дінтану ғылымының бір саласы ретінде қарастырады.
Дінтану ғылымы Х‡ІІ ғасырдан бастап Англия, Франция және Алманияда діндерді ғылыми тұрғыдан зерттеудің нәтижесінде жеке бір ғылым ретінде қалыптасты. Әсіресе, ХІХ ғасырда діннің мәнін рационалды түрде түсіндірудің нәтижесінде дінтану ғылымы ерекше даму жолына түсті.
Діндердің принциптерін, олардың пайда болуы мен дамуын, дұға оқу, құрбандық шалу, құдай түсінігі, ғибадат, діни рәсімдер сияқты діннің құрылысын, діннің қоғамдағы рөлін, маңызын, жеке адамның психикасына әсерін, діннің дәстүрмен, мәдениетпен байланысын т.б. зерттеу - дінтану ғылымының үлесінде.
Дінтану ғылымы жоғарыдағы мәліметтерді зерттегенде психология, социология, мифология, этнология немесе этнография, археология, өнер тарихы, фольклор, философия, мәдениеттану, филология, лингвистика ғылымдарымен тығыз байланысты.
Дін - жеке адамның әрекетімен, қоғаммен, мәдениетпен т.б. байланысты ауқымды бір құбылыс. Сондықтан оны ғылыми тұрғыдан зерттейтін дінтану ғылымы өз ішінен бірнеше ғылым салаларына бөлінеді: