14 тақырып
Ахмет Ясауи кесенесі
Ерте заманнан қалған көне архитектуралық ескерткіштің бірі - Ахмет Ясауи кесенесі. Ясылық Ахмет қайтыс болғаннан кейін Қарахан дәуірінде оның басына шағын бейіт тұрғызылған болатын (ХІІ ғ.). Алайда, осы ескерткiшке жалғастырып ХІ‡ ғасырдың аяқ шені (1396/98) мен Х‡ ғасырдың басында Темірдің бұйрығымен жаңа сәулетті күмбез көтере бастады. Бірақ құрылысшылардың Самарқандтағы Бибі Ханым мешітін (1399-1404) салуға жіберілуіне байланысты кіре берісі мен сыртқы қабырғаларын көк таспен көмкеру жұмысы бітпей қалған. Бұл ескерткішке сәулет өнерінің барлық мүмкіншілігі пайдаланылған. Күмбездің диаметрі 41 кез, айналасы 130 кез мөлшерінде.
Қожа Ахмет кесенесіндей үлкен туынды, Темір мен оның әулетінің билеген елдердің ешбірінде кездескен емес. Осы ескерткіш комплексіне кіретіндер: мешіт, көрхана, үлкен және кіші ақсарай, кітапхана, құдықхана, халимхана (ас үй), қоймалар және орталығы – Қазандық. Қазандық деп аталатын бөлме - ежелгі тайпалар өміріндегі қазанды қасиет тұту дәстүрі бейнелесе, мешіт – ислам идеологиясының негізгі символы, ал үлкен ақсарай мен кіші ақсарай – мемлекеттік мәселелерді шешетін ақсақалдар алқасы мен қазылық, билік айтатын орын, кітапхана исламды уағыздау және діни ағарту ортылығы. Ахмет Ясауидің сүйегі жатқан бөлме көрхана деп аталады, жоғарыда баяндағанымыздай ол Қарахан дәуірінде тұрғызылған, кейін Темір Ахмет Ясауиге рухани байланғандығына байланысты ескі бейітке жалғастырып, үлкен зәулім сағана салдыртты.
Ахмет Ясауи ескерткішінің ені 46,5 метр, ұзындығы 62,5 метр. Осы құрылыстың бір өзіне әр түрлі мақсатта пайдаланылатын 35 бөлме сыйып тұр. Қазандық осы бөлмелердің бәріне өзекті есепті (оның жобасының аумағы 18,2 Х 18,2 м.) төбесі жалаң қабат күмбезбен көмкерілген, күмбездің диаметрі 30 кез. Осы бөлмеге 60 шелек су құятын (2,5 м.) салмағы 2 тонна үлкен қазан орнатылған. Жұма мен дүйсенбі сайын халимханада 2,5 батпан бидай, 2 батпан ет пісірілген. Қазандық бөлмесіндегі бос орын ас, тамақ алыстан келген зиярат етушілерге, сопылар мен мүридтерге, мүсәпірлерге, зікір салатын дәруіштерге үлестіріп берілген. Ал қазан суын зияратқа келгендер торсықтарына кұйып алып кететін болған.
Көрхана табаны төрт бұрышты, қабырғаның ұзындығы 7, 15 метр болып, кесенеге кірген кезде нақ төрге орналасқан. Оның да төбесі күмбезбен көмкерілген. Күмбездің сыртқы қабаты көк таспен қапталған. Көрхананың дәл ортасында Ахмет Ясауидің құлпытасы орнатылған.
Ақсарай (үлкен ақсарай, кіші ақсарай) - өзара жалғасқан екі қабат екі бөлме. Кеңес, билік, төрелік мәжілістерін өткізу үшін қызмет еткен. Түркістан Қазақ хандарының астанасы болған кезде, Ақсарай 200 жылдан астам (Х‡І-Х‡ІІІ ғ.ғ.) хан сарайы қызметін атқарған. Кітапхана дәл Кіші Ақсарай тәрізді екі қабатты, оған кітап қорын сақтайтын қойма да енеді.
Құдықхана 1732 жылы қалмақтар, 1846 жылы Қоқан қолы, 1864 жылы орыс патшасының әскері қоршаған кезде мұнда бекінгендерді сумен қамтамасыз еткен. Тарихи деректерге қарағанда құдық Х‡ІІІ ғасырда қазылған.
Мешіттің іші өте сәнді әшекейленген. Қабырғаларына көк және жасыл көк жылан көз жалатқан алты қырлы күйген қыштан панель тартылған. Күлгін көк түсті құбыла жақ қабырғасына қашап әшекейленген михраб орнатылған. Мешітке ерекше көрік беріп тұрған да сол. Михраб әшекейлерінен Темір заманында кейбір архитектура элементтерінен ерекше әсемдеу үшін жалатылған алтынның әр жерде жалт-жұлт еткен қалдығы көзге түседі. Михрабқа өрнектеп Құрандағы «Аяту-л-Курси» аяты жазылған.
Кесене қабырғаларының негізгі бөлігі кілем тәрізді күйдірген құмыра сазбен қапталып, қыш сияқты құймалы көзе шыршалармен безендірілген. Мавзалейдің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде: «Көместің кіліттері оның жанында. Оны ол, өзі ғана біледі. Және құрылықтағы, теңіздегі нәрселерді біледі. Бір жапырақ түссе де Аллаћ оны біледі. Және жердің қараңғылықтарындағы құрғақ және жас ұрыққа дейін ашық кітапта бар. Ол сондай түнде сендерді өлідей ұйықтатады. Және күндіз не істегендеріңді біледі. Сонан соң сендерді белгілі бір мерзім толтыру үшін күндіз оятады. Соңыра қайта барар жерлерің сол жақ. Одан кейін істеген істеріңді түсіндіреді. Және ол, құлдарының үстіне өктем, сендерге қорушылар (періште) жібереді. Біреулеріңе өлім келген сәтте, періштелеріміз жанын алады, әрі еш кемістік етпейді. Одан кейін хақ иесі Аллаћқа ұсынылады. Сақ болыңдар, билік оған тән. Әрі ол есепшілердің ең жүйрігі. (Мұхаммед ғ.с.): «құрылықта, теңіздің қараңғылықтарынан сендерді кім құтқарады? Осыдан бізді құтқарсаң әлбетте шүкір етушілерден болар едік деп, Оған жасырын жалынып, тілейсіңдер» де. (Әнғам, 59-63) деген Құран аяттары жазылған. Бұл жазулар көгілдір, шымқай көк, қара көк түстермен безендіріліп, үйлесімді өрнектелген. Жоғарыда баяндаған кесененің сыртқы тарапы жел, күн, жауын-шашынға төзімді күйдірген құйма қышпен қапталуы ескерткіштің ғасырлар бойы қаз-қалпында сақталып келуін қамтамасыз еткен.
Ясауи кесенесі халық өнерінің лағыл маржанын біздің заманымызға дейін жеткізген ғажайып асыл туындысы. Олардың ішінде, әсіресе алып қазанды, күміспен қапталған құйма шырағданды, бас қақпа мен көрхананың ғажайып әсем тұтқалары бар оюлы-өрнекті есіктерін айтуға болады.
Мавзалейдің оңтүстік-батыс жағында дәруіштердің зікір салып, құдайға құлшылық етуіне арналған жер асты мінәжәтханалары Қожа Ахмет Ясауидің тірі кезінде жасалып, қайта жаңғыртылған.
Х‡І ғасырда мешітке іргелес қосалқы бөлмелер тұрғызыла бастады. Бұлар: батыс беткейдегі дәретхана т.б. Х‡І ғасырдан бастап кесененің жекелеген бөлмелеріне әйгілі адамдардың сүйектері қойыла бастады. Мұнда қазір Жолбарыс хан, Әбілхайыр хан, Қазыбек би, Абылай хан т.б.-лардың мүрделері бар.
1864 жылы генерал Черняев бастаған патша әскерлері Түркістан қаласын алған кезде полковник Веревкин қорғанушылар бас сауғалаған Ахмет Ясауи кесенесін зеңбірекпен атқылады. Оның снарядтары кесенені он бір жерден опырып кетті. Ал 1898 жылы Рабиа Сұлтан Бегім кесенесі бұзылып, оның кірпіштері қазыналық құрылыстарға пайдаланылды.
Кесенені жөндеу жұмысы Бұхар билеушісі Аблулла хан (1583-1598) бұйрығымен жүргізіліп, кесененің бітпей қалған бас порталының екі жағындағы биік мұнараны салдыртты. Сондықтан Абдуллаһ хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге шейін сақталған.
ХІХ ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр қорғану орындары салынып, қам кесекпен қоршала, кесене қамалға айналдырылған.
Достарыңызбен бөлісу: |