Бұйрық беру - дене тәрбие жүйесіндегі сөзді пайдаланып, оқушыларға берілген тапсырма, міндеттерді орындату әдісінің барынша таралған және ерекше (спецификалық) түрі. Ол орындалатын қимыл әрекеті түрінің жедел орындалуына немесе аяқталуына, яғни қозғалыс екпіні мен ырғағының өзгеруіне байланысты бұйрық беру түрінде болады. Саптық бұйрықтар (командалар) әскерде қолданылатын ("сапқа тұр", "тік тұр" "оңға бұрыл", "солға бұрыл" және т.б.) және арнайы төрешілік реплика, сөредегі бұйрық белгілері және т.б. Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істегенде бұл бұйрық берулер орындалмайды, ал бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істегенде шектелген түрде қолданылады. Бұйрықтың әсерлілігіне сөзді дұрыс және қажетті екпінмен айта білу, сөздің ырғақ әуезін дамыту және оқушылардың дауыс ырғағы күші мен сарынын өзгерте білу қабілеті, қозғалысы, сұлу сымбаты және қалыпты қимылдары, олардың жоғары деңгейдегі тәртіптілігі жатады.
Санау - (подсчет) оқушыларға қажетті қозғалыс ырғағын орындатуға мүмкіндік береді. Ол мынадай бірнеше әдістермен, яғни сандарды қолдану дауысымен ("Бір-екі-үш-төрт"), санды бір күрделі нұсқаумен үйлестіріп ("Бір-екі-дем шығарамыз!"), тек бір күрделі нұсқаумен ("Дем ал, Дем ал, Дем ал!"), сонымен бірге әр түрлі санақты үйлестіріп шапалақпен, затты тықылдатып және т.б. іске асырылады. Санауды қолдану барынша күрделі әдіс. Санауды барлық уақытта және барлық жерде пайдалану қажет деп санау дұрыс болмас еді. Өйткені оқушыларды тек тапсырма бойынша ырғақпен жұмыс істету, тапсырманы орындату оларға уақытты және тапсырылған ырғақты өз беттерінше бағдарлауларына мүмкіндік бермейді. Санау оқушыларға бір ырғақты екіншісінен ажыратуда, жұмыс барысында ырғақтың түр өзгертуінде пайдаланылады.
Көрнекілікті түйсікпен қабылдау әдістері.Бұл топтың әдістері оқушылардың оқытып, үйретілетін қозғалыс әрекетін көруін және естуін қамтамасыз етеді. Орындалып жатқан қозғалыс әрекетін көру, ал кейде оның қозғалыс қарқынын, ырғағын тыңдау шұғылданушыларға қозғалыс әрекеті туралы барынша жан-жақгы мағлұмат беріп, олардың келесі жолы көз алдында елестетуі үшін бағдарлау негізін кеңейтеді. Көрнекілікті түйсікпен қабылдау оқытылып, үйретілуге тиісті қозғалыс әрекетіне оқушылардың барынша жылдам және берік меңгеруге қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасайды. Әсіресе, бұл әдістің балаларды қозғалыс әрекетіне үйреткенде үлкен маңызы бар. Бұл балалардың еліктеу қабілетінің өте күшті дамуымен, жанды мысалдарды орындауға ынталануымен түсіндіріледі. Көрнекілікті қабылдау әдісі, кернекілік дүниесі оқушыларға ұғынықты, жете түсінікті болуы тиіс. Әйтпесе мұғалім оның мәтінінің мазмұнын суреттеп, түсіндіруді қызықтауға, ал оқушылар терең түсіне алмай, қызықтап сырттай қараушыға айналады. Нәтижесінде үйренушілер өз әрекеттерін талдауды үйрене алмайды және тек оның сыртқы жағына ғана назар аударады. Ал бұл психикалық кезеңдердің белсенділігін төмендетеді, әрі бір жақты пайымдауға келтіреді.
Қозғалыс әрекетін мұғалімнің көрсетуі (немесе оқушы мұғалімнің тапсырмасы бойынша) кең тараған оқытып үйрету әдісі болып табылады. Шын мәнісінде бұл оқытып үйрету әдісі еліктеу арқылы іске асады. Кез келген еліктеу сапалы әрекет болып саналады. Алайда саналылықтың деңгейі мен еліктеудің себебі әр түрлі болуы мүмкін. Еліктеу кезіндегі оқушының саналылығының деңгейі көрнекілікті қабылдауды талдау қабілетіне тәуелді болады. Егер оқушылар көрген қозғалыс әрекетін талдауды үйренген болса, онда еліктеп істеу әдісі оқушыны дамытудың жеткілікті дәрежедегі пайдалы әдістерінің бірі болып табылады. Дегенмен, мұғалімнің айтуынеыз еліктеп істеу әдісі, яғни "қара да, істе" принципі бойынша еліктеу, көрген үлгісін мағынасыз қайталауға айналдырады. Нәтижесінде оқушылар қозғалыс әрекеттерінің негізгі заңдылықтарынан мағлұмат алмайды және көзін жұмып мұғалімнің қимылын айнытпай қайталайды.
Ең алдымен еліктеп орындау әдісі оқушылардың жасына және дайындық деңгейіне тәуелді болады. Бастауыш сыныптағы мектеп оқушыларында еліктеп орындау олардың үлкендерге үқсағысы келіп талаптануынан, әуестігінен пайда болса, жоғары сынып оқушыларында қозғалыс әрекетіне саналы түрде қызығушылығы негізінде, орындау әдісін тез меңгерудің жолдарын жете түсінуге деген ұмтылыс басым.
Еліктеп орындау әдісінің тиімділігі мына төрт қозғаушы күштерінің әсеріне байланысты:
1) Оқушылардың еліктеп орындауға дайындығы, яғни еліктеу объектісінің күрделілігіне дайындық деңгейінің сәйкестігі, сонымен бірге дене шынықтыру жаттығуларын орындаудың күрделілігі, оны тиянақты үйрену үшін олар жеткілікті дәрежеде күш салуы, тырысуы керек;
2) Еліктеу объектісі туралы толық мағлұмат, яғни еліктейтін қозғалыс әрекеті туралы білу деңгейі болуы тиіс;
Оқушылардың ықылас-ынтасы түрткі болған себебі еліктеуді оқытып үйретудің елеулі сылтауына айналдырады.
Оқушылардың еліктеп орындауға ынтасы, яғни байқалғанды белсенді түрде көз алдыңа елестетуге ынталану.
Дене шынықтыру жаттығуларын көрсетудіц кейбір әдістемелік талаптары: Көрсету барлық уақытта сөздің пайдаланылуы мен үйлестірілуі тиіс. Өйткені орындалатын қозғалыс әрекеті шығармашылықпен еске түсіруді қамтамасыз етеді. Көрсету мен сөзбен түсіндіріп айтудың (мазмұны жағынан) қолданылу жиілігі мен уақытқа бөлуінің арақатынасы тек оқытып үйретудің міндеттеріне және нақтылы жинақталған жағдайымен анықталады. Көрсету кезінде мұғалімнің сезімге бой алдырғыштық қалпына, оқушылардың еліктеуге үмтылуына назарды баса аудару керек. Бұл үйретілетін қозғалыс әрекетінің оқытып үйрету жүйесіне қатынасына елеулі әсер етеді.
Көрсетудін нақтылы мазмұны оқытып үйретудің мына міндеттеріне сәйкес келуі тиіс: а) бірінші көрсету ереже бойынша үйренетін дене шынықтыру жаттығуының стандартқа сай орындалу әдісі туралы тұтастай мағлұмат беруі тиіс, сонымен бірге бұл көрсету оқушыларға көз алдына елестетуге, орындауға қолайлы, оңай деңгейде іске асырылуы тиіс; ә) егер қозғалыс әрекетін қалай меңгеруге болатынын көрсету талап етілсе, онда көрсетуде орындау әдісін жекелеу, яғни спорттық шеберліктің жоғары дәрежесі айтылатындай етіп көрсету керек; б) оқушылардың назарын жекелеген қозғалысқа аудару және екпінді күш салу қажет болса, көрсетуде дәл осы кезеңдер атап өтіледі, кейде үлкенірек көрнекілік үшін үйретілетін қозғалыс әрекетінін, тек бір бөлігін ғана көрсетіп, қозғалыс шапшаңдығын азайтады, үзіліс жасайды. Немқұрайды, дәл емес етіп көрсетуге болмайды, өйткені оқушылардың оны үлгі ретінде қабылдап қалуы мүмкін.