1. Құлыншақ Кемелұлы өмірі, ақындық мұрасы, толғауларының ерекшелігі.
2. Мәделі Жүсіп Қожаұлы поэзиясы
3. М.Сұлтанқожаұлының өмірі, ақындық мұрасы, толғау термелері.
3. Лекцияның мақсаты: Құлышақ Кемелұлының өмiрi, шығармашылығынан деректер бере отырып, оның шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшеліктерін айқындау, ақын шығармашылығының зерттелуін, қазақ әдебиеті тарихында алатын орнын түсіндіру, меңгерту.
4. Лекцияның мазмұны: 1. Құлыншақ Кемелұлы өмірі, ақындық мұрасы, толғауларының ерекшелігі. Құлыншақ Кемелұлы - қарт Қаратаудың теріскей өңірінен шыққан сөз шеберлерінің бірі, кезінде Сыр бойы, Қаратау өңірінен Жетісуға, Арқаға дейін танымал болған ақын.
Құлыншақтың 1831 жылы туылып, Меккеге қажылыққа барып, сол сапардан келе жатқан жолда 1901 жылы ауырып қайтыс болған делінсе де, көптеген әдебиеттерде әртүрлі жазылып, айтылып келеді. Х.Сүйіншәлиевтің “Қазақ әдебиетінің тарихы” оқулығында ақынның өмір сүрген жылдары 1831 – 1892 жылдар десе, “Бес ғасыр жырлайдының” 1989 жылы шыққан екі томдығының 2-томында 1840 – 1911 жылдар, қайтыс болған жері Созақ ауданындағы Жартытөбе деген жер деп көрсетеді. Р.Бердібаев 1840 жылы туылған деген деректерді сенімдірек дейді. Ә.Оспанұлы соңғы еңбектерінде Құлыншақ ақын 1832 жылы туып 1901 жылы қайтыс болған деп көрсетеді.
Ақынның ұзақ сапардан келе жатып елге жете алмай жолда қайтыс болғанын ақынның бізге жеткен мына өлең жолдары дәлелдей түседі.:
Адамзат келер, келер жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де, түзге көмер.
Құдая иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер, - Бұл өлең сол Шорнақбай арқылы елге жеткен ақынның соңғы сәлем өлеңі болуы мүмкін.
Құлыншақ ақын қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданындағы Жартытөбе деген жерде туып өскен. Деректерге қарағанда әкесі кедейлеу шаруа адамы болған сияқты. Он бес жасқа келген кезінде-ақ сөз өнеріне бейімділігімен жұрт назарын өзіне аудара бастайды. ХІХ ғасырдағы көптеген ақындар сияқты ақындық өнерді халық әдебиеті үлгілерін жаттап, ойын-сауықтарға араласып, оларды айтып жүреді. Сауатын өз бетінше ізденіп жүріп ашады да шығыс қиссаларын оқып үйренеді. Негізінде Құлыншақ ақын ел ақындары дәстүрінде тәрбиеленіп, өз өлеңдерін көбіне ауызша айтып таратумен бірге, жазбаша да шығарып отырған.
Қазіргі кезде ақынның қырықтан астам әртүрлі арнау, толғау, насихат, терме, бата, жоқтау, сыншыл, әлеуметтік сипаттағы өлеңдері мен Шөже, Майлықожа, Бұдабай, Шәді т.б. ақындармен сөз қағысулары мен айтыстары белгілі болып отыр. Құлыншақ ақындық өнерімен халқына қызмет етуді мақсат еткен.
Өзінің бойындағы бар өнерін халқына арнаған. Құлыншақ ақын өлеңдерінің тақырып аясы өте кең, алуан қырлы. Жеке адамдарға арналған арнау, мадақ, сыни сипаттағы, сондай-ақ мысқыл өлеңдер, өмірдің мәні, әртүрлі құбылыстары туралы толғаулар, дәуірдің әлеуметтік мәселелері, ғибрат, өсиет өлеңдер, сөз қағысулары мен айтыстары ақын шығармашылығының негізін құрайды .
Құлыншақ ақынның шәкірті болған Сұлтанбек Аққожаев өзінің естелік өлеңдерінде Құлыншақ ақынның Кемелдің кенже ұлы екендігі, алты ұл, немере, шөбере сүйіп өсіп-өнгені жөнінде айтады. Ежелгі дәстүрмен Құлыншақ ақын да Шөже ақынды арнайы іздеп барып батасын алған делінеді деректерде.
Құлыншақ ақын Арқа елін, Сыр өңірлерін, Жетісу өлкесін аралап сол кездегі белгілі ақындар Майлықожа, Мәделіқожа, Бұдабай, Молда Мұса, Шәді Жәңгірұлы, Майкөт ақындармен танысып-білісіп біразынан өлең-жыр үйреніп, енді біразымен айтысқа түсіп өнерін шыңдап отырған.
Құлыншақ ақындық өнерпаздығымен қатар домбыраға, сырнайға, қобызға қосылып ежелден келе жатқан батырлық, ғашықтық жыр-дастандарды, шығыстық сюжетке құрылған қиссаларды да жыр етіп жырлаған эпик ақын. Оның Шығыс әдебиетінің бірталай нұсқаларын жатқа біліп айтып жүргендігі жөнінде белгілі ғалымдар Ә.Оспанұлы, Р.Бердібайдың зерттеу еңбектерінде деректер беріледі.
Құлыншақтың замандасы Майлықожа айтысқанда оны “бағы қалың, аузының қыдыры бар, аты озған ақын, елдегі құдай берген екі жүйріктің бірі, өлеңнің дүрі” деп жоғары бағалаған. Ал Молда Мұса:
Көтеншіде Құлыншақ өлеңші еді,
Шүу дегенде суырылып кетуші еді,
Қарсыласып бетпе-бет айтысқанда,
Еш адамнан жеңілдім демеуші еді, - деп бағалайды.
Жамбылдың өзі де өзіне ұстаз тұтқан ақындар туралы айтқанда:
Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майлықожа, Құлыншақ,
Пірім еді бас ұрғын, -
деп өлеңіне қосқан болатын. Сұлтанбек Аққожаев та деректер бере келіп:
Ұстазым – Орта жүздің Құлыншағы,
Өлеңнен кем болған жоқ берген бағы.
Қосылып құнанында ат бәйгеге,
Тынбай шауып кеп жүрді сынбай бағы, - деп бағалайды.
Көрнекті ақын, жазушы Асқар Тоқмағамбетов те бір өлеңінде Құлыншақ ақынды Қаратау өңірінен шыққан аты әйгілі адамдармен қатар атап, бірге көрсете келіп: Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы,
Кем еді қай батырдан қазақтағы?
Құлыншақ, Бердібек пен Айтжан ақын,
Талайды сөзбен орап тұзақтады ,–
деп оның ақындық, айтыскерлік өнерін құрметтей өлеңіне қосқан екен.
Сыр өңірі жыр дүлдүлдерінің бірі Бұдабай Құлыншақты жүйрік ақындардың ішіндегі бірегейі ретінде көрсетіп:
Көтеншіде Құлыншақ,
Өлең сөздің ұстасы.
Майлықожа, Мәделі,
Бұлар оның тұстасы.
Сөздерінің бар еді,
Тістейтіндей қышқашы,
Ең озығы – Құлыншақ,
Өлең десе ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан,
Бұғалықты бұрып сап, -
деп оның ақындық өнерін жоғары бағалаған екен.
Жазушысы, әрі ақын Есіркеп Өмірбеков “Еске алу” деген толғау өлеңінде:
Келгенде сексен ақын айтысуға
Мәреге бәрінен де бұрын шашты...деп еске алып өлеңіне қосқан.
2. Құлыншақ ақын шығармаларының жариялануы, зерттелуі. Құлыншақ ақынның шығармалары көбінесе ауызша шығарылғандықтан, оның туындыларының көбісі кезінде хатқа түспегендіктен толық жетпеді.
Белгілі ғалым Әсілхан Оспанұлы ақынның бұрын жарық көрген өлеңдерін кейіннен табылған шығармаларымен толықтырып 1991 жылы жинақтап “Өсиетім...” деген атпен Шымкент қаласында кітап етіп бастырып шығарды. Онда жиырма екі өлеңі мен Майлықожамен және “Алты ақын мен Ұлбике” айтысы енгізілген. Ә.Оспанұлының құрастырып, алғы сөзін жазған “Жыр мұра” деген атпен 2001 жылы шығарған жыр жинағында Құлыншақ ақынның да өлең-жырлары мен сөз қағысулары, айтыстары жарық көрді. Мұнда “Құлыншақ пен қыздың айтысы”, тағы басқа да бұрын жарияланбаған туындылары берілген. жалпы саны, айтыс, сөз қағысуларын қосқанда - 30 шақты. Құлыншақ ақын шығармашылығының да зерттелуінің кенжелеп қолға алынуының өзідік себептері бар.
Құлыншақ ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде 1960 жылдардан бергі еңбектерде - Х.Сүйіншіәлиевтің “Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері”, Р.Бердібаевтың “Гүлстан бұлбұлдарында”, “Қазақ совет энциклопедиясында”, Ә.Оспанұлының “Қаратау атырабының ақындары” атты зерттеу еңбегінде біршама деректер беріліп, талдаулар жасалынды. Соңғы жылдары жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқу құралдары мен оқулықтардан орын алып, шығармашылығы оқытылып келеді.
Құлыншақтың кеңес дәуірінде жарық көрген жинақтарда жарияланған шығармаларының дінге қатысты айтылатын ойлар мен сөздердің көбірек өзгертулерге ұшырағанын байқауға болады. Шығармаларының әр кездердегі жинақтарға, мысалы “Айтыс”, “Бес ғасыр жырлайды”, “Өсиетім…”, “Жыр мұра” сияқты жыр жинақтарына енгізілуінде осы Ә.Оспанұлының сіңірген еңбегін айрықша. “Қаратау шайырлары” атты зерттеу еңбегінің “Ел сүйген екі жүйріктің бірі” деген тарауы осы Құлыншақ ақынның шығармашылығын зерттеуге арналған.
Жамбыл ақынның шығармашылығына әсері болған сөз шеберлері туралы айтқанда М.Жолдасбеков көрнекті ақындар қатарында Құлыншақты да атап көрсетеді “Жүз жыл жырлаған жүрек” деген еңбегінде. Н.Төреқұлов өзінің “Алатау асқарынан жыр асырған” деген кітабында Жамбылдың Қаратау өлкесіне келіп, бұл елдің белгілі сөз шеберлері Майлықожа, Құлыншақ ақындармен кездесіп бата алғандығын, Жамбылдың Құлыншақ ақыннан “Ер Шора”, “Қыз Жібек” жырларын тыңдағанын жазады. Онда: “...Жамбыл ынта қоя тыңдаған. Құлыншақтың “Қыз Жібекті” домбыра, сырнаймен кезек-кезек сүйемелдеп, әртүрлі әнге салып орындағанына қызықты. Мұндай жыршыны бұрын-соңды көрмепті” деп жазады. Ә.Оспанұлы Құлыншақтың қазақтың эпикалық туындыларын біліп, жатқа айтумен қатар бүкіл Орта Азия халықтарына кең тараған қисса, дастандарды, хикая жырларды да жатқа айтып, кейбіреулерін шығыс әдебиетінде ежелден келе жатқан Нәзира дәстүрімен халық ұғымына лайықтап қайта жырлағандығы, соның ішінде “Шырын – Шекер” деген жырды сүйіп толғағандығы” жөнінде жазады.
Ғалым Р.Бербібай: “Ақын мұрасын іздеу, жинау, алдағы кезде де таластамауы тиіс. Құлыншақ той-жиында, айтыста табанда төгіп өлең шығарумен қатар, жыршы ретінде ірі эпикалық дастандарды да айтқан. Болашақта ақын творчествосының осы қырын зерттеуге де көңіл бөлген жөн” деп жазған болатын
3. Шығармаларының тақырыптары; арнаулары мен толғаулары; ондағы заман бейнесi, әлеуметтiк, тәрбиелік мәнi.
Құлыншақ ақын шығармашылығында толғау жанры да едәуір орын алады.
Ақын тлоғауларының ерекшелігі жөнінде: “Бізге там-тұмдап жеткен шумақтарына қарағанда, оның өмір ағысын терең байлап, ойлы өсиет пен тағлымды толғау айтуға шебер екені сезіледі”, - деп көрсетеді Р.Бердібай.
Ақынның философиялық сипаттары толғау жырларына “Дүние – ол бір көздің қасқалдағы”, “Енесі жүдеп нашарлап (“Дүниеде не ғаріп”), “Адамзат келер, келер жүзге келер”, “Дария білмес иттің сарығанын” атты шығармаларын, сондай-ақ Ресей патшалығының отаршылдық саясатын бейнелейтін “Амалсыз асы – біз күмірә”, “Пенденің көпті күнәсі” толғауларын жатқызуға болады. “Дүниеде не ғаріп” деген толғауында ақын табиғи құбылыстарды адам өмірімен ұштастыра термелей ой қозғайды.
Енесі жүдеп нашарлап,
Ертелей туған жол ғаріп...
Қуаты қашса ер ғаріп... –деп бұрынғы өткен жырауларша сөз саптай жырлайды. Бұдан Асанқайғының “Бұл заманда не ғаріп?” деген толғауымен сарындастықты аңғартуға болады. Құлыншақ толғауларының тек сырт ұқсастығы ғана емес іштей мазмұн бірлігі де байқалады.
Ақын “Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы” өлең толғауында өзінің дүниетанымын, өмір құбылыстарына деген көзқарасын бейнелейді. Ақын мұнда дүние, яғни адам өмірін халқымыздың “қасқалдақтың қанындай” деген мәтел сөзіне баламалай алып, шалқар көлдің қолға оңай түспейтін қасқалдағына адам тіршілігін салыстыра терең ой қозғайды. Сөйтіп адам өмірінің кезең-кезеңді кездеріне – балалық, жігіттік, егделік, сексен, жүз жастағы қарттық шақтарға сипаттамалар береді. Адам өзінің санаулы өмір жолын бос өткізіп алмай, адал жүріп, еңбек етіп, мәнді өткізуі қажеттігін еске салады.
Біреуге “берсем дегін”, алам деме,
Біреудің адал нанын алып жеме, - дей отырып, адамның артында қалатыны жақсылық ісі деген қорытынды жасайды. Басқаға қиянат жасамай, қолдан келгенше жақсылық жасауға үндейді. Дүниені:
Дүние – ол бір көлдің қасқалдағы,
Жұлдыздай сәуле берер аспандағы.
Аққудай көлден ұшқан аспандағы.
Сұңқардай қалықтаған аспандағы.
Кеменің секілді ол баспалдағы, - деп теңейді.
Құлыншақ толғауларының ішінде “Тәніңде мейман жаныңа” өлеңінің орыны ерекше. Бұл өлеңінде ақын адамның өткінші өмірін, оның тәні мен жанының қарым-қатынасын терең толғай айтады. Адамның бұл өмірге қонақ екенін, сондықтан да өмірде мейірімділікпен, имандылық, инабаттылықпен жүрудің қажеттілігін жырлайды. Адамды дүниеге әкелген ананы, оның қадыр-құрметін түсінуді, туған-туыс, бауырларының да өзіндік орны бар екенін термелей толғайды. Соларды алла неге өлетін етіп жаратты дей отырып қимастық көңілдерін саналамай жырлайды. Әке мен ана өлімінің өте ауыр қаза екенін былайша: «Үйде отырсаң мал қорың, Дала шықсаң – қамқорың.. Алма мойын, аршын төс, Біреудің қызын сүйдірген, Әкең өлмес болсайшы?! Тас емшегін еріткен, Тар құрсаған кеңіткен... Аязды күні айналған, Бұлтты күні бұланған. Анаңнан қамқор барма еді, Шешең бір өлмес болмайшы?! – деп жырлайды ақын.
Ананың асыл қасиетін: Қашан үйден кеткенше
Бәйек болып жүретін,- дей келіп, қарындастың қамқорлығын: Шешеңнен соңғы қамқорың,
Шалғып-шаршап келгенде,
Бір күніңе жарайтын,
Анаңнан соңғы қамқордың, - деп, жан-жарыңның қымбаттылығын:
Өзің тыстан келгенде,
Астыңа төсек тастайды,
Үйіңде дәмі бар болса,
Аузыңа сенің ұстайды, - деп, ал асыл ағаны:
Алдыңда тұрса тірегің,
Әр нәрсеге керегің
Алатаудай айбаттың,
Дұшпанға қылар қайраттың, - деп,
Дұшпаныңды қор қылар,
Құрыштан соққан болатың, -деп інінің орнын айтып , осылар “өлмес болсайшы” деп қимастық сезімдерін айтады.
Ақын: Адамзаттың миуасы,
Әлдилеп сүйген баласы,
Ойлаңдар, беглер, ойлаңдар,
Перзентсіз елді не дейді, - дей келіп:
Ұясыз адам шырақсыз.
Қыз бой жетіп өскенде,....
Қыз, балаң өлмес болсайшы, - деп перзент қазасының ата-анаға аса ауыр тиетіндігі жөніндегі ойларын «осы айтқан сөзім әзілсіз» деп ойға жетелей аяқтайды.
Ақын адам өмірінің жарасымдылығы, мәні туралы толғанғанда адам өмірінің мәнділігін қоршаған орта мен табиғат құбылыстарымен, тұрмыс-тіршілімен үйлестігінен іздейді.
Арғымақ мініп не керек,
Артынан жабы кеткен соң.
Ағайын-туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң... – деп ежелгі жырауларша ағайынның ынтымақпен, татулықпен өмір сүруін аңсайды.
Ақын «Қуды мініп, құланды құрықтап жүр» толғауында ел ішін дендеп жайлаған қулық-сұмдықтарды, озбырлар мен қулардың датқалармен бірігіп елді бүлдіріп жатқан іс-әрекеттерін әшкерелейді. Билік, мансап, бедел таластырудың дауы ел ішін жайлап бара жатқанын, оған ел билеген әкімдер кінәлі екенін, оның зардаптарын:
Жетікент, Шымкент, Сайрам, Дулат та жау,
Сіргелі, Ыстыменен қалмады сау.
Жүлектен төмен қарай мөрін басып,
Жау болар бір кісіге осындай-ау, -деп отаршылдықтың әсер-ықпалынан елдегі орын алған бүліншілікті ашық айтады. Ақын “Амалсыз асы біз күмірә” атты толғауында ежелгі ақындарша:
Біссіміллә деп бастайын,
Медет тілеп пірлерден,
Амалсыз асы біз күмірә.
Шариат сөзін білмеген, -
деп бастап, өмір құбылыстарына өзіндік баға береді.
Ресей отаршылдарының үстемдік жүргізу саясатының зардаптарын толғайды.
Жайлауымды жау алып,
Ықтияр кетті-ау күллі елден! – деп күйіне келіп, елдің бірлігі, жай-күйінің кете бастаған шындығын: