Салыстырмалы сабақтас сөйлем
Салыстырмалы сабақтастың өзіндік ерекшеліктері
Салыстырмалы сабақтастың жасалу жолдары
А.Байтұрсынов өз еңбегінде құрмалас сөйлемдерге: «Ішкі жақындық - мағына жүзіндегі жақындық. Мағына жақындығынан басқа қисын жақындығы бар сөйлемдер құрмалас деп аталады»,- деп анықтама бере келе, құрмалас сейлемдер түрін сыйыса құрмаласу және қиыса құрмапасу деп 2-ге бөледі .
С.Жиенбаев құрмалас сөйлемді салалас, сабақтас деп екіге бөледі /2/. 1935 жылғы «Сөйлемнің үйірлі мүшелері туралы» деген мақаласында үйірлі мүше құрмалас сөйлемнің үшінші түрін жасайды деген пікір білдіреді.
1939 жылы орталау және орта мектеп оқушыларына арналған қазақ тілі грамматикасы мен синтаксис бөлімі жарық көрді. Оқулық мектеп программасына негізделіп жазылғандықтан, құрмалас сөйлем жайындағы деректер кеңірек қамтылған.
Профессор Қ.Жұбанов «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» деген еңбегінде құрмалас сөйлемдерді салалас және сабақтас сөйлем деп екіге бөледі. Мұнда сапалас сөйлем компоненттерінің бір-бірімен құрмаласуының 10 түрлі жолы көрсетіледі.
Қазақ тіл ғылымында қүрмалас сөйлем синтаксисін ғылыми тұрғыда зерттеген профессор С.Аманжолов болды. Оның «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы» атты зерттеу еңбегінде сабақтас қүрмалас сөйлемдердің өзіндік ерекшеліктерін атап көрсетті. «Құрмалас сөйлем дегеніміз- екі я бірнеше сөйлемдердің, яғни бірнеше субъектінің керінісі болған сөздің, я сөздер тобының жиынтығы»,-деп автор анықгамасын береді (3).
Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем синтаксисіне ғылыми тұрғыдан зор үлес қосқан ғалымның бірі - Н.Сауранбаев. Ол қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдерді үлкен үш топқа бөледі: іргелес, салалас және сабақтас құрмаластар. Іргелес құрмаласты автор жайылыңқы, қойылыңқы деп екіге бөледі. «Негізгі ойды сипаттау үшін бірнеше жай сөйлемдердің тең мағынада іргелескен тобы жайылыңқы іргелес болады. Жайылыңқы іргелеске енген жай сөйлемдер қысқартылмай толық күйінде айтылады». Ал қойылыңқы түріне мынадай іргелесті жатқызады: «Бір жерде күш, бір жерде өнер, бір жерде мінез көрсетіледі», - дейді.. Қойылыңқы іргелестің өзіндік белгісіне оның құрамына кірген жай сөйлемдердің ортақ баяндауышты болып келетіндігін айтқан. Бірақ автордың бұл пікірі қазақтіл мамандарының тарапынан қолдау таппады. Қазақ тіл ғылымы Н.Сауранбаевтың «жайылыңқы іргелесін» жалғаулықсыз салалас деп, «қойылыңқы іргелесін» бірыңғай мүшелі жай сөйлем ретінде қарайды /4/.
Құрмалас сөйлемді зерттеуде құнды пікір айтушы Т.Қордабаев. Ол құрмалас сөйлем, оның түрлерін, құрылымына қарай жіктелуін, ішінара бөлінуін жан-жақты зерттеген. Ғалымның еңбегі бүгінгі күнде іргелі еңбектің бірі болып саналады /5/.
Құрмалас сөйлем синтаксисі жайлы өз көзқарасын толық білдіріп, зерттеген ғалым Қ.Есенов болды. Автор өзінің «Құрмалас сөйлем синтаксисі», «Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрылысы» атты еңбектерінде құрмалас сөйлемдердің жасалу табиғатына, жеке жай сөйлемдердің өзара бірігу заңдылықтарын ғылыми жағынан терең қарастырып, тіл білімінің синтаксис саласына зор үлес қосты /6/.
Достарыңызбен бөлісу: |