Төл сөз.Төлеу сөз Бұл екеуінің арасында бірсыпыра өзгешеліктер болады:
1. Төл сөз сөйлеуші, я жазушы бөгде біреудің сөзін ешқандай өзгіріссіз, қоспасыз, бұлжытпай келтіретін болса, төлеу сөзде олай болмайды: оның бірер сөзін болса да өзгертуі, өз тарапынан кейбір сөздер қосады, бірер сөздің бастапқы морфологиялық
формасын, соған байланысты синтаксистік қызметін өзгертеді.
2. Төл сөздің айналасында міндетті түрде автор сөзі жүреді және ол екеуінің жігі айқын байқалып, бір-бірінен бөлектеніп тұрады. Төл сөзді автор сөзімен байланыстыру үшін оған тұлғалық өзгерістер енгізу қажет болмайды, тек дәнекер ретінде де көмекші қолданылады. Төлеу сөзде олай емес. Мұнда ол автор сөзімен араласып, тұлғалық өзгеріске ұшырауы арқылы онымен тығыз байланыста тұрады. Автор сөзінсіз өз алдына сөйлем бола алмайды, өйткені төлеу сөзде төл сөздегідей өзіне меншікті баяндауышы болмайды. Сондықтан төлеу сөз автордың қоспасымен бірігіп, бір-ақ сөйлем болады да, де етістігін қажет етпейді. Мысалы:
Төл сөз. « Әлі бұл өңірде көк шабан тебіндеп келе жатыр, қыс ызғары әлі түгел айығып болған жоқ»,-деп әңгіме қып отырды. Төлеу сөз. Әлі бұл өңірде көктің шабан тебіндеп келе жатқанын, қыс ызғарының әлі түгел айығып болмағанын әңгіме қып отырды ( Әуезов). 3. Төл сөзде сөйлемнің әр алуан мағыналық түрлері болады: хабарлы, сұраулы, лепті болып келеді. Соған қарай оның әр сөйлемінде өзіне лайықты сазы, интонациясы, ритмика-мелодиялық ерекшеліктері болып отырады. Төлеу сөзде мұның бірде-бірі болмайды, яғни сақталмайды. Өйткені төлеу сөз өзінің бастапқы түрінің қандай екендігіне қарамастан тек хабарлау түрінде ғана беріледі.
Төл сөз. Бұл кім?- деді Ушаков. Төлеу сөз. Ушаков мұның кім екенін сұрады( Мүсірепов). 4. Төл сөз бен төлеу сөз жақтық жағынан, жіктеу есімдіктерін қолдану жағынан да біркелкі болмайды. Төз сөзде іс-әрекеттің иесі өзі болған жағдайда автор жіктеу есімдігінің бірінші жағын қолданып сөйлей береді. Ал, төлеу сөзде олай етуге болмайды. Егер төл сөзде тәуелдік, я жіктік жалғауы жалғанған сөз бірінші не екінші жақта тұрса, төлеу сөзге айналдырғанда олар автор тарапынан үшінші жақпен айтылуы мүмкін.