Түсіндірудегі түсініктер мен категориялардың орны. Түсінік (понимание - орысшасы) танымның теориялық деңгейінде пайда болады. Тарихшылар, басқа да ғылым өкілдер сияқты, өзінің түсініктік-категориялық аппаратын әрқашан жетілдіріп отырады. Нақты ғылымдармен салыстырғанда тарихшылар пайдаланатын түсініктер тұрақты емес, өзгерістерге ұшырап тұруы мүмкін. Тарихи түсініктердің белгілері де көлемі де тарихшының біліктілігі мен ғылыми деңгейіне байланысты. Сондықтан тарихи түсінік полисемантикалық болып келіп, жиі толықтырылып, айқындалып отырады. Неміс ғалымы Готлобфрегеннің (1848-1925, математик-логика маманы) айтуынша түсінік үш біріне бірі тығыз байланысты, бірінсіз-бірі өмір сүре алмайтын белгілерден тұрады. Олар түсініктің аты, яғни объектілік маңызы (денотат) мазмұны және концептісі болады. Түсінік тарихшының таным қызметі нәтижесінде пайда болады. Сондықтан зерттеуші тудырған ғылыми шығарманың бөлінбес бөлшегіне айналып кетеді. Оны контекстен бөліп алып арнайы логикалық талдау өткізуге болмайды.
Тарихи түсінік тарихи шыңдықпен ешқашанда сәйкес келмейді. Түсінік құбылыстың түйінін көрсетеді. Түсінік объектінің барлық бірдей белгілерін түгел көрсете алмайды. Түсінік пен тарих шындықтың сәйкессіздігі әрбір құбылыстың бір-біріне ұқсамайтындығына байланысты. Құбылыстар тарихта қайталануы мүмкін. Бірақ оның формасы өзгешелеу болады. Қоғамда болатын әрқилы құбылыстарды бір ғана түсінікпен айқындау қиын. Тарихи процесс синхронды. Сондықтан түсінік құбылысқа сәйкес емес. Нақтылы-тарихи оқиға түсінікке қарағанда толығырақ, бай мағлұмат береді. Түсінік тек соның жалпы қисынын, схемасын ғана береді.
Егер түсінік жинақталған білім деңгейіне сәйкес келмесе онда түсініктің мазмұнын қайта нақтылау зерттеушінің негізгі міндеті.
Түсініктің тарихшы үшін қажеттілігін толық түсіндірдім ғой деп ойлаймын. Әрине, бір құбылыс жөнінде барлық тарихшылар үшін ортақ түсініктің қалыптасуы мүмкін емес. Өйткені, өте күрделі әрі ұсақ-түйек белгілерге толы тарихи құбылысты бір түсінікке туғызу өте қиын. Кез-келген түсінік полисемантикалы, әрқашанда түрленіп, өзгеріп, толықтырылып отырады. Егер біз түсінікті тар қалыпқа салып қоятын болсақ, онда біз оның әрі қарай дамуына тосқауыл қояр едік. Мәселен, қазақ тарихында жиі кездесетін ру, тайпа, халық, ел, ұлт, ұлыс деген түсініктер бар. Осыларға әрбір тарихшы өзінше түсінік берумен келеді. Кеңес заманында бұларға маркстік тұрғыдан түсініктер берілді. Ал бүгінде бұл түсініктер заңды түрде өзгерістерге ұшырады. Дегенмен осыларды жаңа заманның ағымына сәйкестендірген не тарихшы, не философия маманы жоқтың қасы.
Ғылымдағы түсініктер бірқалыпты, тұрақты болғандығы зерттеушілерге пайдалы, ыңғайлы болары белгілі. Бүгінде тарих ғылымында қалыптасқан түсініктер баршылық. Ал енді кейбір түсініктердің өзгеруінен, нақтылануынан қашпаған жөн. Кейбір түсініктер қоғамдық, тіпті жаратылыстану ғылымдарына да ортақ.
Түсініктің мына төмендегідей түрлері бар: жекелеген, жалпылама, түрленген, нақтылы абстрактілі. Түсінікті пайдаланудың күрделілігі олардың көп функционалдығына нақтылы анықталмағандығымен байланысты.