Категория. Түсініктің кеңейтілген және жалпыланған түрі. Категорияның әртүрлі деңгейлері бар. Алғашқы деңгейі философиялық – бұған жататындар: қозғалыс, кеңістік, уақыт, сапа, сан, қарама-қайшылық, бөлік, тұтастық, жекелеген, жалпыланған, себеп, салдар, түр, мазмұн т.с.с. Басқа да қоғамдық ғылымдардың категориялары пайдалануға болады. Жаратылыстану ғылымдарының категорияларына өте сақтықпен қараған жөн. Әрине, тарих ғылымының да өзіне тән категориялары бар.
Ғылым дамуының қазіргі кезеңінде тарих басқа да гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарымен қоян-қолтық араласып, олардың да мүмкіншілігін тарихи процестерді зерттеуде кеңінен пайдалануда. Дегенмен кейбір түсініктердің атауы ұқсас болғанмен мазмұны мен мәнінде түбірлі айырмашылық бар екендігін еске ұстауымыз керек. Тарихшылардың кәсіби дайындық деңгейінің әртүрлі екендігін ескерсек, оңды-солды бөтен түсініктер мен категорияларды зерттеу жұмысына енгізу жақсылыққа апармайтыны белгілі. Қосымша дайындықсыз жаратылыстану ғылымдарының әдіс-тәсілдеріне барудың пайдасынан зияны көп болуы ғажап емес.
Тарихи білімнің логикалық құрылымы
Біз негізгі проблемамызға енді келдік. Кез-келген тарихи зерттеудің нәтижесі оның логикалық құрылымына тікелей байланысты. Тақырыпты талдағанда зерттеу жұмысының төрт кезеңіне көңіл аудару қажет. Бірінші кезең – аргументация таңдау, екіншісі – себеп-салдарлық байланысын талдау. Үшіншісі – ситуациялық логикалық, осы үшеуінің негізінде концепция жасалады.
Тарихи концепция
Зерттеу жұмысының нәтижесі. Жиналған материалдарды пайдалана отырып, логикалық пайымдаудың негізінде теориялық гипотезаны (болжамды) тексеру барысында зерттеуші жаңа тұжырым (концепция) жасауға қол жеткізеді. Тарихи концепция деңгейіне қарай тарихшының еңбегі бағаланады, оның ғылымға енгізген үлесі анықталады. Әрине, кез-келген концепция логикалық жағынан ұтымды, әрі барынша дәлелді болуы керек. Ғылымның дамуының белгісі жаңа концепциясының жасалуы, немесе ескі тұрымдардың нақтылануы екендігі белгілі.
Тарих концепция, математикадағы теорема сияқты көзге көрініп тұрмайды. Ол шығарма мәтінің ішінде, жинақталған түрі жұмыстың қорытындысында кездеседі. Концепция тарихи шығармада айтылған ой-пікірлерді бір ретке келтіріп, оларды түсіндіреді. Теорияға қарағанда концепция нақтылы.