Марксизм. Осы ХІХ ғасырда философия ғылымының тағы бір ағымы пайда болды. «Марксизм» деп аталатын бұл ілім тарихи процестің негізінде өндіргіш күштердің дамуы жатыр деп есептеді. 1848 жылы Германияда Карл Маркс және Фридрих Энгельстің «Коммунистік партияның манифесті» атты еңбегі жарық көрді. 1859 жылы осы кітаптың негізгі тұжырымының түйіні К.Маркстың «Саяси экономияға сын» еңбегінің кіріспесінде, ол толық түрде, ос күнге дейін маңызын жоймаған «Капитал» деп аталатын монографияда баяндалды. Ф.Энгельс К.Маркс жазған хаттарында материалистік көзқарасты одан әрі дамытты. Кеңес заманында марксизм идеясы мемлекеттік идеологияға айналып, тарих ғылымы бойынша жарияланған барлық еңбектердің теориялық негізіне айналды.
Марксистердің айтуынша, адамзат қоғамының прогресіне өндіргіш күштермен өндірістік қатынастардың эволюциясы әсер етеді. Позитившілер өндірістің дамуы қоғам дамуының бір ғана факторы деп көрсеткен болатын. Бұл жерде марксистер өндірісті дамыту тәсілдері бірнеше кезеңдерден тұратындығын дәлелдейді. Адамзат өз дамуында алғашқы-қауымдық құрылыс, антикалық, феодалдық, буржуазиялық, коммунистік даму белестерінен өтеді дей келіп оларды «қоғамдық-экономикалық формация» деген терминмен белгілейді.
Адамзат тарихы тап күресіне толы. Сонау көне заманнан бүгінге дейін қоғамда қаншама таптық қақтығыстар болды. Тарихи процестің дамуына тап күресі тікелей әсер етеді. Әлемдегі түбірлі бетбұрыстар, өзгерістер, қайта құрулар тек тап қайшылықтарының негізінде іске асады. Сондықтан тап күресі – тарихтың негізгі қозғаушы күші.
К.Маркс өте білімді, сабырлы, мәдениетті адам болған. Данышпандық идеялардың авторы бола тұра, өмірін кедейшілікте өткізген. Досы, әрі идеялас әріптесі Ф.Энгельстің материалдық көмегі арқасында өмір сүрді.
К.Маркс «тап күресі» идеясын өзі ойлап таппағандығын жасырмайды. Расында да оған дейін «тап» термині О.Тьерридің «Англияны нормандардың жаулауы» атты еңбегінде қолданылады. Ол жаулаушыларды «қанаушы тап», жеңілгендерді «қаналушы тап» деп атайды. Кейіннен Ф.Гизо өз еңбектерінде қоғамдағы теңсіздік әрбір әлеуметтік топтың мүлік иелігіне байланысты екендігіне тоқтаған болатын.
К.Маркс әрбір таптың қоғамдағы орнын, олардың өндіргіштік күштерге қатынасын айқындап берді. Түптің түбінде тап күресі пролетариат (жұмысшы табы) диктатурасына әкеліп соғады деген идея марксизм ілімінің ең шығар биігі болды. Бұл пікір қоғамның либералды ойлы зиялыларын қатты ойландырды. Ойланып қана қоймай олар марксизммен күресі жолдарын іздеді. Маркстің көзі тірісінде оған тікелей қарсы шыққандар, оның іліміне өзгеріс енгізуге тырысқандар, оған ревизия жасаушылар саны көбейді.
Тіпті марксизм ілімін қолдайтындардың өздері тарихты материалистік тұрғыдан түсіну идеясын басқаша бір тұжырымдармен толықтыруға тырысты. Кейбір тарихшылар қоғамның дамуына әсер ететін бірден-бір күш тек қана экономика деп есептеді. Бұл топқа жататындарды «тұрпайы» (вульгарный) материалистер деп атады.
Тарихшылардың екінші бір тобы марксизмді «дайын схема» ретінде пайдаланды. Зерттеу барысында жинаған барлық материалдарын кейбір тарихшылар тезге салғандай қылып осы ілімнің қалыбына салды. Мұны ғылымда «догматизм» деп атайды. Шын мәнінде, өскелең экономикалық қатынастар нәтижесінде адам рухани тұрғыдан өседі. Соның негізінде саясат, құқық, идеология, мәдениетте дамиды. Екіншіден, марксизм тек ғылыми әдіс екендігін ұмытпаған жөн.
Жоғарыда көрсеткеніміздей, Кеңес заманында жазылған көптеген шығармалар догматизм шырмауынан шыға алмай, көптеген тарихи дәйектерді негізсіз дайын схемаға икемдеп, күні бұрын дайындалған цитаталарды дәлелдеу үшін пайдаланды. Мен кеңестік тарихнаманы «тозығы жеткен позитивизм» мен «догматикалық марксизмнің» қосындысы деп есептер едім.
Дегенмен, өткен ғасырдың 90 жылдарында ғылымдағы марксизм диктаты әлсірегендей сынай танытты. Тарихшылар философия ғылымының басқа да бағыттарын негізге ала отырып, жаңа шығармаларды дүниеге әкелді. Өкінішке орай, осы кезде ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шығармалар пайда болды. Қазақ тарихына арналған Қ.Данияров, Байбатша, Ш.Т.Қуанғанов, А.Бахти, А.К. Нарымбаев сияқты ғылымнан алшақ жатқан басылымдар пайда болды.
Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінде марксизм жоқтайтын тарихшылар баршылық. Ғылым бір орында тапжылмай тұрмайды. Ол даму үстінде. Мұны осы теорияны жасаған К.Маркс және Ф.Энгельс өздері де кезінде түсінген болатын. Марксизм ілімін басқа да философиялық ой-пікірлермен толықтыра отырып жазылған тарихи шығарма оқырманның биік талғамын қанағаттандыратыны белгілі.